Зергерлік шеберлік, суретшілік талғам
23.06.2017
2725
0

Зергерлік – қазақтың өзімен бірге жаратылған жұлын тұтасы іспетті. Ғасырлар бойы жер үстінде жинаған рухани нәрін бойына тынбай сіңірумен бүгінге жеткен жанды клеткасы, жұмбағын аша қоймайтын генетикалық коды сияқты. Ұсақ жасалып, жіңішке болып созылса да шаштай берік, нәзік те нерв талшықтарындай аса сезімтал, өзіміз де өзгелер де жалықпай көретін, түйсікпен танылуға тиіс бекзат та құдіретті өнер.

Біз ғұмыр кешкен екі ғасыр то­ғы­сының ар жақ-бер жағындағы өнер кеңістігінде күн салып қара­ғанда, зергер-ұста ауылынан әуелі Дәркембай Шоқпаров, Қалқаман Тілеуханов көрінер-ді. Артынша Сержан Баширов, Надырбек Жиреншиев, Үсен Сейдалиев, Естай Дәубаев бой көрсетіп, зергер Берік Әділбай менмұндалар енді. Олар­дың шығармашылығы ғасырлар ғана емес, екі заманның алмасу кезіне дөп келіп, нәтижесінде қат-қабат өзгерістерді бастан кешті. Қазақтың қолданбалы сәндік өнеріне жаңа сипат беріп, сурет­шілер секілді зергерлер де көрме ашып, көпшіліктің алдына өзге бір қырларымен шығатын болды.
Әдетте, зергердің ашқан көр­ме­сі­не келген елдің көз алдынан «сәу­келе, сырға, алқа, өңіржиек, бойтұмар, білезік, жүзік, қапсырма, шолпы» аталып, «кездік, қанжар, қылыш, гүрзі, айбалта, қамшы» болып тізіліп өтетін халқымыздың әшекей бұйымы мен бес қаруының жанында сараң ғана «күміс, ақық, жақұт, сіркелеу, қалыптау» дейтін жазулар болады. Бұйымның күр­де­лілігіне қарай «агат, перуза, зү­бәр­жат, маржан, халцедон» деп жалғасуы мүмкін. «Құйма, соғу, оймыш, ширатпа, қаралау» тәрізді сипат алуы кәдік. Көрермен оқып тұруға ерінетін осы бір тырнақ­ша­ның ішіне қамалған сөздердің жаратылысын ашып-жарып, ақта­рып көрсеңіз – сұрапыл еңбек, көз майын тауысқан бейнет, жанған от, гүрілдей басылған көрік, жіп­тіктей жалыны ауаны жара жанған горелка жанарғы, төске соғылған балға үні бұйығып жатар еді.
Зейінімізді сала түссек, байыр­ғы тәсіл түкпірлей таныла ма? Ісмер шіркін қолындағысын қалай баспалады, қалай қалып­тады? Металл мен тасты қандай жағдайда туыстырыпты, алмас пен ақықты қайтіп табыстырыпты? Былғары­сын болатына, сүйегін сүңгісіне сіңіс­тірген екен. Жез бен жақұт, мыс пен маржан, мүйіз бен мельхиор бір ғана бұйымның маңдайына топтастырылыпты. Қандай жағ­дай­да? «Тотықтады», «алтындады» деп жазған екен, «жону», «бүршік­теу», «лажылау», «бағдарлау» деген екен, мәнісі не? Заман өзгерді. Алыс-беріс, барыс-келіс ұлғайған екен, өзге жұртпен тәжірибе алмасып жатқан тұста көркем келісімнің мәні неде? Егеуі жеткен, өңделіп біткен, қылыш пен қындай бірігіп-кірігіп кеткен бүтін бір әлемнің қалай дүниеге келгені пәруайымыз­ға келмейтіні несі? Әйтпесе, сурет­ші-зергер Берік Әділбайдың болмысы – ең әуелі осы бір білгенін іші­не бүгіп жатқан сөздердің ма­ғына­сымен, сұрақтардың жауабымен, зергердің ұста-дүкенінде жабулы қалған қарекетпен ашылуы керек еді ғой? Бұл күндері жал­пы­ның сөйлеу мәнерінде жоқ, жалқы ұста-зергерлердің ғана тіл кө­мейін­дегі қазақы атаулар мен теңеулер, іс-қимылдың мән-мағынасын то­лық та шүбәсіз ашатын оралым­дар­дың сақталып қалғанымен, қасиетті сөз өнерімен ажырағасыз шырмалып жатқанымен бағаланса керек. Күрделі зергер болмысының әрбір кезеңі, кезекті бір күміс бұ­йы­мының жасалып бітуі, ашқан көрмесінің нәтижесі – атақ-даңқ, ақша-мансап, алтынның буынан бұрын рухани қуаныш, өн бойды жайлап-бунап қалатын Тәңір да­рыт­қан дарын, шығармашылық шаттығы анық.
Күміс демекші, қазақ – күмістің нарқы алтыннан арзан бола тұра тіршілігіне айнымас серік етіп, қас­тер тұтқан халық. Үйдегі қыз бала­сының өн бойын күмістелген әшекеймен әдіптегені өз алдына, түздегі жылқы баласының ба­сындағы жүгеннен тартып, құйыс­қанға дейінгі ер-тұрманындағы қайыс біткенді күміспен көмкеріп-ақ бақты.
«Қақтаған ақ күмістей кең маң­дайлы» деп ғазалына қосып, сүй­геніне ән қылып арнады. Күмістің тазалық қасиеті, емдік сипатына қарап сәбиін күміс теңгелі суға шомылдырды. Саусағына жүзігі, білегінде білезігі бардан қымыз ішкенді қош көрді. Көзінің көруі нашарлай бастаған қариялар ұста-зергердің дүкеніне барып қайнаған күмістің жарқылымен сан алуан сәулесімен жанарын емдеді. Тіпті, күлкісін де сол бір ақ түсті металға апарып шенеді емес пе?
Күміс – мың градусқа таяу қызу­да балқып, екі мың градустан өте қайнар еді. Қайнаған соң алдын ала дайындалған қалыпқа құйыла, қайта суитын. Содан қа­лып­талып, тиесілі қалыңдыққа жеткізіле тапталып, иіле-бүктеліп, созыла дөңестеп, һәм шұңғыл­да­нып, сімсіруден сым болып суырылып, біресе оң ширатылып, біресе қарсы ширатылып, «құстаңдай» өрнекке айналып, керегіне бұйым­ның сипатына қарай, болашақ әшекейдің бейіміне орай шығарма­шы­лық сиқырына еніп, түрлі кө­лем табатын. Одан соң, бетіне кешеден жеткен іскенже, қайшы, түртпе, тістеуік, ара, бастырғы, бе­зеуіш, қысқаш, шымшуыр, жон­ғы, қуыстұмсық, егеу, қалып, шар қалып деп келетін саймандармен һәм бүгінгі электр қуатымен жұмыс істейтін алуан түрлі құралдармен сызу, сығымдау, бедер түсіру, жону, су жүргізу, нақыш салу, жапсыру, кесу (күмісті шапқанда, егелгенде түскен ұнтағына дейін жаратып, жанарғымен балқытып, үлкенді кішілі, домалақ-түйіршік, ұсақ бүршіктерге айналдырып, кейде өз туысы, кейде өзге металл пласти­на­ға «сіркелеп-бүршіктеп»), дәне­керлеу үдерісі жүрер еді. Қышқыл­мен оймышталып, майда қышырлы егеумен егеліп, науысқымен ыс­қы­ланып, киізбен тазаланып, шүбе­рек­пен сүртіліп, керегінше жалтырап, шебердің қолынан ұзап шы­ғарды.
Берік зергердің де ұста дүке­нінен өрген бұйымдары да кілең күміспен тұтасып, астасып жатыр. Оның күмістен жылдап отырып, сарылып жүріп жасаған, азаптан сауылған аса күрделі, бірыңғай нақышта жасалған шығармасының бірі – «Қуаныш» атты топтама. Бітімі бөлек композицияны құрай­тын бұл еңбек – өңіржиек, қос сырға және екі білезіктен тұрар еді. Білезіктің бірі – бес білезік деп аталады. Яғни білезіктен екі шынжыр арқылы байланысқан ортаңғы жүзік, сол жүзіктен үш шынжырмен жалғаса барып саусақтарға киілетін жүзіктер. Бірі – құс тұм­сық, екіншісі – дөңгелек, соңғысы – сопақ­ша. Білезіктің жүзіндегідей, ер­неулі ұяларға да томпақ-рельеф етіп, қызыл қоңыр ақық тас қон­дырылып, бетіне сіркеленіп әшекей үшбұрыштар көмкеріледі. Сыр­ға­лар­дың бетіндегі өрнектер де осы жүзіктің бірімен үйлес. Салпын­шағы да кіші болғанымен, өңір­жиек­тің етегіндегі салпыншақ­пен туыс. Өңіржиек – өзара бір-біріне үзбелеп бекітілген бірнеше үлкенді-кішілі өрнекті таспа-пластиналар­дан құралған. Төменгі таспаның көлемі бесбұрышты. Бірін-бірі қай­талайтын жұп, төртбұрышты қосарынан бөлек. Төмен қарай сәл созыла түсіп, дулығаның ұшындай болып, сүйірлене біткен. Одан бес шығырмен тиісінше бес салпын­шақ тарайды. Олар әуелі дөңгелек жүз­ді, артынша ромб текті бөлек-бөлек детальдардан құралған.
Жіңішке жіптей қылып созыл­ған зерді ширатып, тастың төңіре­гін орай металдың екі бөлігін жап­­сарлап бір-біріне тиістіре қиюлас­тырып, балқу температурасын үйлестіре бекітіп, біріктіре дәнекерлепті. Пластиналардың жиегіне де жағалай бітпес ою се­кілденіп, осы сымнан әсем өрнек те түсіпті.
Әжептәуір салмағы бар салтанатты өңіржиекті қалыңдық мойын­ға асқанында үзіліп шаншылып кетпесі үшін нәзік шын­жырдың да атқарып тұрған қызметі ерекше. Қазақ зергерлері – «шідер», «сырға», «шығыршық», «бұрама», «шұбыртпа», «керітолғау» атты шынжырды істеу әдістерін, жасалу жолдарын мейлінше меңгере білген. (Беріктің тәжірибе қорында бұдан бөлек шынжыр әзірлеу әдістерінің барына да шүбә жоқ).
Берік бүгіннің заманауи мүм­кін­шіліктерін шығармашылы­ғына молынан пайдалана отырып, зер­герліктің айдынын мейлінше те­рең­детіп, жағасын ересен кеңіткен мехнаткеш. Ол – өнер табиғатын кермелеп қазып, тапқанын жұқарт­пай, сұйылтпай жанына сіңірді. Тыныс-ырғақ, бояу-әр дарытты. Оның шеберханасынан шығатын­ның бәрі таңсық. Плакетка дейсіз бе, асыл тастармен астасқан, металмен жымдасқан кәдесый дейсіз бе, алқаның небір түрлері дейсіз бе, әйтеуір, жаңасы жасалған сайын сұқтандырып бітеді. Олардың тираждап көбейтілмей, дара, бір ғана дана болып жасалатыны да зергер тұл­ғасын биіктете, айбындата түседі.
Плакетка жасау Беріктің жаңа дәуірде зергерлік әлемге қосқан жаңалығы, жаңа тармағы. Плакетка – әдетте картина іспетті қабыр­ға­ға ілінеді. Ол – көлемі шағын, шаршы пластинаны былғары тектес, түсі қою қаракөк, қарақоңыр, қымбат материалмен қаптап, зерлі, қалың багетпен көмкерген соң тап ортасына орналастырылатын, айтатын ой шоғырланатын айшық, ашық композиция. Кенепке бояумен жазылған емес, жезден соғып, күмістен созып, оюластырып, керіктіріп, термелеп, өріп, бұрап, тоқымалап, қақтап, әшекейлеп, құлпырма тас, лағыл тас қондырып, бірде төртбұрыш, бірде дөңгелек қалыпта жасаған, һәм Беріктің қолтаңбасына ғана бағынған, бөлек тұрпатты «сурет». «Ғарыш», «Әжелер», «Өмір ағашы», «Бақыт құсы», «Самғау», «Наурыз», «Отау» деп келетін плакетка-әшекей бұйым­дар абстракт картина сынды, сырын ә дегенде аша қоймайды. Тек тақырыбы ғана шиыр лабиринттен көрерменді жіптік сәуле­мен жөн сілтеп, жетелеп, алып шығатындай.
Зергерге бітер шеберлік пен суретшіге тиесілі талғам шіркін Беріктің бойынан жымдаса өріліп шығып, майысқақ епті-икемділік­пен барып шикізат табиғатымен тандемге түседі. Ой тереңдігі әсем­дік принципімен астаса, біріге тұтасып кетеді. Бірде дөңгелек жүзді, бірде шаршы бетті жүзік­теріне де космологиялық сарын дарытып, жүгірген аң, жақ тартқан аңшы, созыла қарғыған ілбісін силуэтін молынан келтіріп, бірде сопақ, бірде дөңгелектей қырнап-жона, тазалай өңделген ең қымбат тастармен әдіптегенін кездестіресіз. Классикалық үлгідегідей, мұнда да ширатпа, сіркелеу әдістері бұйым­ның өн бойынан өзінің аса нәзік қалпын, дәлдігін бір мысқал да жоғалтпаған күйі табылады да оты­рады. Жаңа туындыларына көз салсақ – тамғалы тастарындағы суреттерді оймыштап түсіріп, перуза мен маржан, хиропразды қон­дырып, ыстық эмальды керегінше құя отырып, оның да бетін өр­нек­теп, жұқалап соққан күміс білезік­терін көруге болады. Тіпті, біле­зіктің адамның қарымен беттесетін жағына оймыштап, бедерлеп салған суреттерін де байқадық. Кездік, пышақ, қанжарлары да жасалуы жағынан мінсіз. Реңдерін жүз құбылтып, қажетін жапсырып, жұмырлап қапысыз безендіріп бағады. Ырқына-ырғағына, тартылыс күшіне бағынып, елітіп қарай бергің келеді. Сызылта-созыла сал­ған әсерлі, халық әнінің зер­гер­лік әлеміндегі сыңары секілді ме? Үйлесті жарастық осындай-ақ болар, ә?

* * *
Беріктің қолынан шыққан бұйымдар – әншейін әшекей емес, халқының аумай-төкпей беріліп, бүгінге жеткен аманаты, келешекке барар алтын жылғасы. Берік зергер – Жаратқан Ие сол алтын жылғаға әкеліп салған кешегі ұста-зергерлердің ұлы жалғасы. Кейде өнер тармағына бүр шығып гүлде­мей қоятыны бар. Кейде гүл шы­ғып, мәуе бермей қоятыны және бар. Құдайға шүкір, таланттың тұмасын тумысынан қанып ішкен Берік Әлібайдың билік пен бұқара­ның көз шоласына тез түсті. Өнер биігіне сән-салтанатымен шықты. Әне, тыным таппап еді, тыныштық іздемеген еді, бай, бағлан қатарында жүр. «Халықаралық Кар Фаберже орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші-зергер Берік Әлібай» десе, ол – халқының шеберге берген бағасы.
Қазақ зергерлік әлемінің ке­шесі мен ертеңін жалғап тұрған бү­гіннің бір бөлшегі болған –
Бер­ік Әлібайға тек сәттілік тілей­міз. Бол­ашақтың да тап біздердей, қат тереңнен қайнар болып лекіп шыққан зергерлік әлемнің қаді­ріне, қасиетіне жетсе дейміз.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір