Кітап – қазына, кітап – байлық…
23.06.2017
15986
27

Педагог Ақерке Бершінбекованың мына бір сөзі іште жүрген ойымызды дөп басқандай болды: «…егер адам өзіне белгілі бір дүниені қажетсінсе, онда ол соған қарай ұмтылады. Құлдырау қай жерден басталады?! Құлдырау сол қажеттілікті сезінбегенде басталады». Осы тұрғыдан келгенде, бүгін кітапты оқыту, оны насихаттау барынша қарқынды жүріп жатқанымен оқырман жағынан құлшыныс пен қызығушылық аздау боп тұрғаны шындық. Психолог Жанар Мәртайқызы бір сөзінде: «Бұрынғының адамдары бір-біріне кітап сыйлайтын…», – деп қалды. Рас сөз! Демек, кітап кітап күйінде қалды, өзгерген өзіміз. Біз кітапты ұмыттық. Онымен бірге тарих, дін, тіл, діл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр де ұмыт бола бастады. Бұның бәрі ойсыздықтың кесірі. Бүгінгі «Дөңгелек үстелдің» тақырыбы – кітап…


Ақерке БЕРШІНБЕКОВА, Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінің оқытушысы

Бәріне «капиталистік сана» тұрғысынан қараймыз

Адамзаттың ұлы байлығының бірі – кітап. Ол – адамның көп ға­сыр­лық ақыл-ойының жемісі. Кітапты талғап та таңдап оқи алу, оны терең түсіну, содан алған әсерді қажетке жарату – әркімнің білік-білімін, пайым-парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі де бірегейі. Кітап – қазына және оқырманның асып-тасымайтын асыл досы. Өйткені, онымен шын «дос» болған кісінің ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары болары сөз­сіз. Кез келген елдің тарихын, жүріп өткен жолын баян ететін де сол кітап.
Өкінішке қарай, бүгіндері әдебиетке деген қызығушылық азайып, бір құлықсыздық пайда болды. Оның себебін алыстан емес, күнделікті қолданысқа енген жаңа технологиялардан іздеген жөн. Бұған бәріне «капиталистік сана» тұрғысынан қарайтын адамдарды қосыңыз. «Оқырман жоқ, кітап оқылмайды!» деп даурығамыз. Сол тақырыпты неге зерттеп, әлсіз тұсын анықтап, кемшілігін түземейміз?! Дәл қазіргі кезде адамға кітап оқытпайтын көп факторлар бар. Яғни кедергілер. Бірі – жасанды, екіншісі – табиғи. Мен педагог ретінде айтарым, бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі ата-аналар балаға, балаға кітап оқыту мәселесіне, бала тәрбиесіне аз көңіл бөледі. Соның әсерінен бізде «оқырман мектебі» қалыптаспай жатыр. «Оқырман мектебі» дегенміз не?! Ол орта, кітапты талғап, талдап, саралап, таңдап оқитын ойлы оқырмандардан құралған орта. Кейін, сол орта интеллектуалдық күш-қуатқа айналып, елге, ұлтқа, қазаққа, Алаш жұртына еңбек етіп, адамзат игілігі үшін қызмет етуі қажет. Ал кітап оқу, кітапқа деген қызығушылық балабақшадан, мектептен басталу керек. Ертегі, аңыз-әңгіме, тақпақ, бәрі-бәрі бүлдіршіннің кітапқа деген құш­тарлығын оятады. Меніңше, оқу, тоқу, іздену формацияға немесе технологияға байланысты емес. Себебі, егер адам өзіне белгілі бір дүниені қажетсінсе, онда ол соған қарай ұмтылады. Құлдырау қай жерден басталады?! Құлдырау сол қажеттілікті сезінбегенде басталады.
Мен педагог болғандықтан «бала және кітап» контекстінде сөйлеуге тиіспін. Ата-аналар баланың теледидар көру уақытын кішкене болсын азайтса, онда олар көп нәрседен ұтады деп ойлаймын. Өйткені, теледидар біріншіден, ерікті шектейді, екіншіден, ол ойлануға, еркін ойлануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ата-ана баласының кітап оқуына тұрақты түрде көңіл бөліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақ қоғамы рухани әлемінің жұтаңдап, ойшылдықтан гөрі ойсыздыққа бет алып бара жатқаны қазіргі кезде қатты байқалады. Идеологияның басты тетігінің бірі – теледидар. Бірақ ол өз міндетін лайықты дәрежеде ат­қарып жүр ме?! Жоқ. Көрсететіні – шоу, әнші-әртіс өмірі, жеңіл-желпі бағ­дарламалар, т.б. Бұның бәрі адамды тап-таза надандыққа алып барып тірейтінін біреу білсе, біреу білмес. Дегенмен, әңгіме онда емес, әңгіме қазақ ұлтына қаншалықты пайдамыз тиіп жүр?! Сол себепті де, бала – ұлт болашағы. Олар мықты да парасатты болуы үшін кітап оқуы қажет. Бүгіндері оның қажеттігін соншалықты қатты сезінбеуіміз мүмкін. Алайда, аз уақыттан кейін ұлт пен ұлт арасында «интеллектуалдық сайыстардың» орын алады. Ғы­лым­мен, біліммен жарысатын заман туады. Сонда қатты қиналып қалмасақ жарар еді… Сондай олқылықтың орнын қазірден бастап толтыруымыз керек.
Адамды ойшылдыққа бастайтын нәрсе – әдебиет. Әдебиет қана адамның рухани әлемін байытып, оның жан-жарасын емдей алады. Әдебиет қана ұлтты оята алады. Әдебиетке басымдық бермеу – ұлтты тірідей өлтіру, оны жою. Қазақ баласының әдебиеттен алыстатып алмаудың амалын бірлесе табуымыз керек. Өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыру – басты міндет. Меніңше, қазіргі уақытта оқырманды тартудың, оқырман үшін күресудің жолы өте көп деп білемін. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Онда Президент басқа емес, руханият пен сана мәселесіне баса назар аударған. Бұның өзі елімізде үлкен-үлкен өзгерістер болатынының белгісі. Соған қарағанда, мемлекеттің өзі кітап пен ұлт деген маңызды компоненттерге көңіл бөле бастауы әбден мүмкін.
Балаға мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап кітап деген қандай құндылық, ол тек қағаз ғана емес, ол «адамзат қазынасына» айналған үлкен дүние екенін ұғындыруымыз керек. «Жастар кітап оқымайды» деп байбалам салғанша, бәріміз жұдырықша жұмылып, елімізге барынша еңбек етуіміз керек. Қазіргі қазақ үшін оқырман мен кітап, сана мен ой, даму мен өсу деген түсініктер аса қажет екенін терең сезінгенде ғана ұлт ретінде үлкен дәрежеге жете аламыз. Соны ертерек ұғынсақ қой. Өйткені, біз әлсіреп, топас­та­нып барамыз. Кітапханашылар мен мұғалімдердің статусын­ кө­теруіміз керек. Неге? Себебі, олар – қоғамның, жалпы мемлекеттің генераторы. Кітапханашылар әр оқырман үшін күресуде. Ал ұстаздар сол оқырманды тәрбиелеуші, сол оқырманды қалыптастырушы. Сондықтан ұлтты ойласақ, он­да кітапты оқыту тетіктерін іске қосуымыз қажет деп ойлаймын.


Жанар МӘРТАЙҚЫЗЫ, психолог

Бұрынғының адамдары бір-біріне кітап сыйлайтын

Бүгіндері «ойлы оқырман» деген сөзді естімегелі қашан?! Бәріміз сөйле­генде шешенбіз. Бірақ іске келгенде шабанбыз. Қазіргі қазақ қоғамындағы рухани ахуал өте қиын. Себебі, кітап оқымаймыз. Оқығымыз да келмейді. Ал оқу жоқ жерде өсім, өсу, даму жоқ. Бұны – тоқырау дейді. Қай ұлт болсын тоқырамас үшін кітапқа ден қоюы керек. Бұнымен қатар, барлық ой, барлық нәр көркем әдебиетте. Көркем әдебиет Флобер айтпақшы, «сезімді тәрбиелейтін» дүние. Қазақтың көркем тілі, көркем ойы – әдебиетінде. Ал әдебиет пен тіл – ұлт ұстыны. Ойшылдық туралы ойласақ, онда ең әуелі әдебиетіміздің хал-ахуалын ойлауымыз қажет. Қазіргі қазақ үшінгі ең басты нәрсе ұрпақты кітап оқуға баулу. Кітап – баға  жетпес  байлық, ақылшы, тәлімгер. Кітап – сарқылмас  қазына, таңғажайыптарға толы  алтын сандық. Және кітап – адамгершіліктің  қайнар  көзі, адамзаттың  рухани құндылығы, өмір  айнасы, тарих  шежіресі, өнер-білім  бұлағы. Қазақ кітапты  кие тұтып, ерекше қадірлеген ұлт. «Кітап – білім бұ­лағы, білім өмір шырағы», «Кі­тап­пен  кеңес, білімдімен  теңес»  деген секілді ма­қал­дар соның дәлелі. Мұхтар Әуезовтің «Халық пен  халықты, ұлт пен ұлт­ты  теңестіретін нәрсе – білім» деп айт­қан сөзі әлі ескіре қой­ған жоқ. Сондық­тан бі­лім­ді адамзат­қа жет­кізіп, сусындататын дүние кітап ек­ені бесенеден белгілі. Кітап – жан до­сың. Ол әркез жа­ныңда жүруге ти­іс. Кітап бар­ша ғылым, технология атаулы­ның ата­сы болған­дық­тан, онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Біз кі­нәні сырт­тай іздейтін елміз. Компьютер дей­міз, ұялы телефон дей­міз, ғаламтор дейміз, мә­се­ле онда емес.Том-том кіт­апті құшақтап, кітапханаға баратын кісілерді аз көретініміз шындық. Бұрынғы­ның адамдары бір-біріне кітап сыйлайтын. Қазір бұл үрдіс атауымен жоғалды. Неліктен?.. Себебі, кітап құндылық болудан қалып барады. Бірақ ол уақытша ғана құбылыс. Кінә ғаламторда не жаңа технологияларда емес, кінә өзімізде. Мәселен, планшет арқылы кітап оқып, электронды кітапхана түзуге болады. «Кітап оқылмайды» дегенді еріншектер ғана айтады. Меніңше, кітап кімнің болсын рухани «қорегіне», рухани «азығына» айналуы керек. Әрбір өткен заманды жырлайтын кітап ешқашан да  өз құнын жоғалтпайды. Өйткені, кітап – «алдыңғы толқын ағалардың» кейінгі «толқын інілерге» ұрпаққа қалдырған мұрасы, рухани тұрғыдан есейтетін жан азығы. Уақытында шамның жарығымен кітап оқитын. Кітапқа деген қызығушылықтың азаюы құлықсыздықтан деп білемін. Жазушы Софы Сматаев бір сұхбатында: «Кітап менің сырласым, мұңдасым, жолдасым болып алған. Өйткені, кітаптан жаныма нәр, жүрегіме шер аламын, сол кітаптан жұбаныш табамын. Бетін ашып қалсам, көңілім елжірейтін, жүрегім тебіренетін. Сондағы өлең шумақтары, шығармалар жүрегіме дәрі болатын. Кітап біз үшін әрі білім, әрі ғылым, әрі өнер, әрі мәдениет, әрі әдебиет. Кітап солардың бұлағы деуге болады», – деген еді. Сол себепті, кітап – біздің болашағымыз. Онсыз өсім жоқ. Ал өсім болмаған жерде, дамыған елдердің қатарына кіру арман боп қалмақ!..

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР27
Аноним 22.01.2020 | 22:15

Ойбай

Аноним 22.01.2020 | 22:15

Рахмет

Аноним 04.02.2020 | 20:18

Пожалуйста Составьте сочинение про рухани хрусталь бұлағы

Аноним 06.04.2020 | 14:45

Күшті

Аноним 07.04.2020 | 10:17

Тамаша😍

Аноним 07.04.2020 | 16:14

өте керемет

Аноним 13.04.2020 | 16:31

так многааа

Аноним 15.04.2020 | 17:51

Норм

Аноним 15.04.2020 | 19:22

Бұл өте керемет жазылған сіздерге көп көп рахмет! мен бұл тақырыптан көптеген кітапқа деген қызығушылық туралы оқыдым өте керемет жазылған жарайсыздар! 👍🏻😁😍

Аноним 20.04.2020 | 12:56

Тамаша!!!

Аноним 20.04.2020 | 16:10

Жарайсыздар керемет

Аноним 21.04.2020 | 18:19

керемет

Аноним 24.04.2020 | 15:16

Тамаша мəлімет

Аноним 29.04.2020 | 10:22

Тамаша емес өте жаман!

Аноним 29.04.2020 | 13:18

Көп көп рақметт😂т

Аноним 08.05.2020 | 16:52

Көп көп рақмет 👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍👍😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊😊

Аноним 08.05.2020 | 16:54

Керемет 👍🏻👍👍👍👍👍👍🏻👍😍😍

Аноним 18.05.2020 | 17:39

👌🏻👌🏻👌🏻👍👍👍❤❤❤❤

Аноним 20.05.2020 | 18:20

👍👍👍

Аноним 20.05.2020 | 18:21

👌👌👌♥️

Аноним 04.04.2021 | 15:28

Неееет🥴🥴👎🏻👎🏻👎🏻

Аноним 04.04.2021 | 15:29

Негізі болады ойларың💕

Аноним 04.04.2021 | 15:30

Рофл айтып жатқанның бәрі 😑

Аноним 04.04.2021 | 15:30

айтып жатқанның бәрі 😑

Аноним 05.04.2021 | 11:52

👍👍👍👍

Аноним 11.04.2021 | 19:26

Аноним 05.11.2021 | 16:34

👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір