«ПАРАСАТ МАЙДАНЫ»
23.06.2017
2492
0

Қазақстан телеарналарында көретін түк қалмады, арзан күлкі, мәнсіз мағынасыз шоу-дырдуға толып кетті деп ренжіп жүргендер көп. Еріксіз неге бұлай болды екен деген ойға қаласыз. Салиқалы пайым мен салмақты пікірді қорытуға қоғам дайын емес пе? Бәлкім, көрерменнің сансыраған санасын түрткілеп оятып, парасат бигіне жетелейтіндей өнім ұсына алатын кәсіби шебер телемамандар жетіспейтін шығар? Әлде біздің қоғамға ақылды көрерменнің қажеті жоқ па? Бұл туралы нақты байлам жасау қиын. Бір білетінім, әркім өзіне керегін іздейді. «Қазақстан» телеарнасында көзіқарақты, қазақтың тарихы мен мәдениетінен, ұлттық дүниетанымынан хабары бар көрермен тұшынып қарайтын үш -төрт хабар бар, солардың бірі турасында аз-кем тоқталып өтейін.

«Парасат майданы». Естеріңізде болса, жазушы Төлен Әбдіктің осы аттас кітабы бар. Ал мынау – телехабардың атауы. Иә, қа­телескен жоқсыз, дәл сол Төлен ағамыз­дың ұлы Дархан Әбдік осы хабарды жүр­гізеді. «Жақ­сы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп Дарханның өзі шын пейілі­мен айтуын айт­қанымен, телетуындының бұлай аталуы­ның «жаман балаға» еш қатысы жоқ. Әр әке Дархандай-ақ «жаман бала» тәрбиелей алса, қоғам демей-ақ қояйыншы, телевизия саласы парасаттың хош иісі аңқыған­ те­леө­нім­дермен толысар еді деп ойлаймын. Осы күн­де­рі бұл сала ша­шасына шаң жұқтырмай­тын ­су­жүйрік мамандар мен отарланған са­на­ның бо­дан­дық ноқтасын сыпыратындай батыл ойлы хабарға шөліркеп тұрғаны баршаға аян.
Жә, енді «Парасат майданына» кө­ше­йік. Басқаны қайдам, өз басым осы хабарды қа­ра­ғанда, адамзат ғұмырындағы сан сауал­дардың шырмауына шатылып, шарқ ұрған жан дүниемде рухани қопарылыс пайда болатынын сезінем. Жүргізушінің жаратылысынан қалыптасып, менмұн­да­л­ай жар­қырап тұратын ішкі парасатынан, қалың ұйқыда маужырап жатқан мынау бейқам қоғам өмірінен оқ бойы озық тұр­ған­ бекзат болмысынан шарапатқа бөле­нем. Көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын тауып, жаным жайланады. Өзін де, өзгені де маза бер­мей түрткілейтін, жетекке жарамағанды жебеп әкететін жасампаз әрі тегеурінді қуат бұл. Интеллект, ішкі мәдениет, өзекті та­қы­рып, тіл таза­лығы, терең ой, кәсіби шеберлік – бәрі осында. Қоғамда қордалан­ған мә­се­ленің мән-жайын мәнісіне келтіре талдап-талқылау, елеп-екшеу тамсануға лайық десем, сенермісіз? Хабардың ерек­ше­лі­гі де сонда, автор адамзат тарихын­дағы айтулы бір құбылысты лейтмотив етіп алады да, бүгінгі көрініспен ұштастыра отырып ой өр­бітеді. Кеше мен бүгінді то­қайластыра тоғыстырады. Ел тарихында­ғы көпшілікке беймәлім кезеңдердің шындығын, рухани, мәдени экспансия, тонау, жою, жымысқы отарлау кесапаты­ның бүге-шігесін жасқан­бастан жайратып жайып салады. Ұлттың тарихи жады неге біртұ­там, неге әлі күнге құл­дық санадан арыла алмай, әлдекімдерге жалтақ­таумен келеміз деген сауалдарға жа­у­ап іздейді. Рухани жаңғыру ұлт тарихын­дағы шындықтың бетін ашудан басталуы керек деп шырылдайды. Сатқындық пен екіжүз­ділік жайла­ған қоғам өркениет көшіне ілесе алмайды, адам жеке басқа емес, адамзаттық құн­дылық­тарға табынуы керек, сонда ғана болашаққа нық сенім­мен қадам жасай алады деп толға­на­ды. Онымен қой­май, «бұл неге бұлай болды?», «енді не істеуге бо­ла­ды?» деген сауал тастайды. Студия қонағы­ның қояр­да жанын қоймай отырып, осы көп «не­гелердің» жауабын суырт­пақтап суырып алады. Жауаптан жалтару мүмкін емес. Оған жібермейді. Нақты да бұлтартпас сауалдармен жүгендеп тастайды. Дархан тарапынан дөп қойылатын сауал­дардың қасында студиядағы төбеден төніп тұрған қуатты прожекторлардың жарығы да көм­ес­кілене түс­е­тіндей. Алда-жалда тақы­рып­тан тай­ғақтап бара жатса, қайбір жур­налистер се­кіл­ді сөйлеушіні кілт тоқ­та­тып, шорт кесіп, ойынан жаңыл­дыр­майды. Жұмсақ қана жебеп әкеліп, бай­қатпай жөнге салып жібереді. Құдды жүрісі білінбейтін су жорға секілді. Кейбір теле­хабарға тән көз­бояу­шы­лық, көп теле­жүр­гізушіге тән жа­сан­дылық жоқ. Өмірім­де табиғилықтан өткен сұлулықты, алаула­ған намыс пен жа­лын­даған рухтан асқан құдіретті көрмеп­пін!
«Парасат майданы» қай тақырыпты қозғамасын, ешкімнің жағасына жармасып, намысына тимейді. Ащы тілмен қуырып ашындырмайды, мәселені ушық­тыр­майды. Көрерменнің шыдамына ши жүгіртіп, езіп отырып алмайды. Тереңнен толғап, ағынан жарыла ақтарыла отырып, айтпағын тобық­тай түйіп, кесіп-пішіп, тап-тұйнақтай етіп, майын тамыза жеткізе­генде айызың қанары анық.
Басым бөлігі жалаң сұхбатқа құрыла­тын мұндай телехабарды телевизиялық тілмен «говорящая голова» деп қояды. Оның тар­тым­дылығы, маңыздылығы көп жағдайда жүргізуші өресінің биіктігіне, кез келген са­ла­дағы сұхбаттасынан бір бас жоғары тұруына, үндеместің өзін сайрата білуіне байланысты. Бұл тіпті, барлық тележүр­гізу­шіге тән шарттылық десе де болады. Бар са­налы ғұмырын осы салада өткізген тә­жі­ри­белі тележурналист ретін­де мен сізге мы­наны айтайын. Телехабар тізгінін ұстаған маман үшін ол да аз. Кей­бір жүргізу­шінің болмысында әңгі­меле­сіп отырған адамын ғана емес, телеэк­ран­ның ар жағындағы кө­рерменді де «есінен тандыра» байлап-матап ұстайтын, көзге көрінбейтін сиқырлы қуат болады. Бұл – екінің бірінің пешенесіне бұйы­ра бер­мейтін қасиет.
Парасат майданында енді қайтып еш­кім­ге есе жібермес үшін қилы-қилы заман­ның қым-қуыт қалтарыстарында тағдыры талқыға түскен қазақ деген халық­тың көмескілене түскен тарихи жадын су бүркіп оя­тып, ұлттық рухын жаң­ғыр­­та­тын дәп осындай телеөнім дәп қазіргі кезеңде ауадай қажет.
Тек бағдарлама эфирге тым кеш беріле­тіндіктен оны салмақты бағдарлама іздеп жүрген көп адам көре алмай қалады.

Гүлмәрия Барманбекова,
ардагер тележурналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір