Әріптес немесе Ырым жайлы сырым
23.06.2017
2096
0

Қатарлас туралы айту әрі қызық әрі қиын. Қызығы – ойыңа не түрлі жайттар түседі, қиыны – артық кетіп, кем соғам ба деген қауіп тұрады.
Десе де – қызығынан бастайын…
1965 жылдың жазы. Ырымның моншақты ойларын мөлдіретіп түсіретін қаламының арқасында марқайып, қанаттанып жүрген кезі. Өзі төңірегіне танымал, ауыл-аймағы бәрі біледі. Өйткені, бұрқыратып жазып, жазғандары газет бетінен түспейтін жас тілші.

«Қазақстан пионерінен» хат келіп жатады, тіпті арнайы сый­лық­тар да алып тұрады. Оның үс­­тіне редакциядан келген хат­тың соңында «Үзбей жазып тұр!» дегенді оқиды. Осы сөз өзіне бе­ріл­ген әрі тапсырма, әрі бұй­рық­тай. Қаламы бір тынбайды, тіпті түсінде де жазып жатады. Соңғы қоңырау да соғылып, сыңғыры сағыныш боп артта қала берді. Алып-ұшқан көңілмен әсем Ал­матыға келді. «КазГУ-дің жу­р­­фа­­гына түссем», – дейді. Асыл сыры – арман құпиясын ешкімге айтпайды, айтуға бір түрлі ұя­ла­ды. Сұрастырып жүріп айналасы ығы-жығы қыз-жігіт­терге толы, бірі кіріп бірі шығып жатқан КазГУ-ді тапты. Жүрек лүп-лүп, қолтығында пәпкісі. Пәпкінің іші толы газет-журнал­дардан қиып алынған өзінің маңдай тер ма­қалалары, өлеңдері, очерктері, әңгімелері, балладалары, мөлтек сырлары, сурет­темелері – бар жазғандары.
Құжат тапсыратын орын кең залда екен. Ортадағы құжат қа­был­даушы тәтей отырған жалпақ столға бір шоғыр қыз-жігіттер ке­зек түзіпті, келіп соңына ала тұрып жан-жағына қарағыштай берген. Сол арада аңқылдаған дайра көңіл бір жігіт емін-еркін сөйлеп тұрды. Әр балаға көз тоқтатып: «Сен қайдансың?», – деп қояды. Мұның алдында тұр­ған басына төркөз әдемі шәп­кі ки­ген жап-жас сары бала­ға: «Шәп­­­кің жақсы екен», – деп қойды да, бұған бұрылып: «Атың кім?», – деді, мұның қолтығына қыса түскен пәпкісіне бір, әлгі сарбалаға бір қарап: «Сен байқа, ақын. Мәселе шәпкіде емес, пәпкіде», – деп мұның пәпкісін шертіп қойып, бәрін ду күлдірді. (Бірін-бірі танымаса да әзілдері жарасып-ақ кеткен сол бір кез-ай…). Құжаты мен пәпкесін қ­а­был­дап алып жатқан тәтей мұ­қабаға көз тоқтатып:
–Е-е, Кененбаев! – деп дауыс­тай оқып бола бергенде, келесі столда отырған ересек жігіт елең етіп жетіп келді де:
–Кім дедіңіз? – деп дереу пәп­кіні қолына алды, – Сен Кененбаевсың ба?
Қайталап сұрағанына қара­ған­да өзі жас оқытушы секілді, тіпті: «Дұрыс болды, жақсы-жақ­сы», – деп елдің көзінше ерекше ықылас танытып жатыр. «Жаз­ған­дарымды бәрі оқып, бәрі біле­ді екен ғой», – деп бұл тұр. Да­йын­дығы – кітаптан басалмайды. Ақыры – жүрегі лүпілдеп, баратын ем­ти­ханы да басталды.
Қызығы, алдына барған емтихан алушы:
– Е-е, сен Кенекемнің баласы екенсің ғой, – деп іштарта қа­райды. Бұл «Е-е, ауылдағылар Кенеке дейтін әкемді де таниды екен ғой» деп қояды. Алып-ұш­қан көңілі ештеңені елемейді. Ал емтихан алушы мұғалімдер болса көп сұрамайды, бастай бер­ген­нен: «Бәрекелді, болды, болды», – деп бәйек боп қалады, әй­теуір қорқып барып қуанып қай­тады, алатыны кіл жақсы ба­ға. Осы кезде емтиханның бел ор­тасында осыған ұқсас бір жай болып жатады. Сынақ басталар шағында емтихан алушылардың құлағына журфаққа атақты ақын Кенен Әзірбаев ақсақалдың ұлы оқуға түскелі келіпті деген хабар жетеді. Ақсақалдың құрметіне ұлын назарда ұстауға ықылас қойы­лады. Ұлы Бақытжан Әзір­баев ойында ештеңе жоқ емти­хандарға ештеңеден жасқанбай сеніммен барады. Бірақ дәмелі бағасын көрмейді, оны естіген ақ­сақал қайтеді енді. «Бұл қалай, біздің бала болмай жатыр», – деп Алматыға үшбу айтады. Бұл баяғы Кенен ақынның:
– Тұңғыш қызым Талжібек,
Алпыс беске қалды кеп.
Екінші қыз туғанда,
Ұлтай қойдым ырым ғып,
Артынан ұл тусын деп,
Ата жолын қусын деп.
Үшінші қыз туғанда,
Төрт кемпір мен бір шал деп,
Естіген ел күлсін деп,
Артынан іні ерсін деп,
Түтін тура шықсын деп.
Жол құтты боп екі қыз,
Оңынан туып таң жұлдыз.
Көп кешікпей ұл туды,
Жамбыл келіп қуанып,
Атын қойды Көркемжан,
Тағы да бір ұл туды,
Ұл туған соң күн туды,
Тоғызыншы май күні,
Жау жеңілген әйгілі,
Атын қойдым Бақытжан, –
деп жырлаған ұлы – Бақытжан.
Содан емтихан алушылар «Кене­­кемнің баласына жақсы баға қойғанбыз», – деп аң-таң болады. Ақыры біреу Кенекемнің баласы Бақытжан екенін анық­тап, білмес­тік­­ті түзеп жібереді. Өстіп, Кене­кем­нің арқасында екі бала оқуға түседі, бірі Бақытжан, екіншісі ойында ештене жоқ осы Ырым.
Осы бір оқиға еске түссе, ерік­сіз езу тартқызады. Ырым да рия­сыз ырзалықпен айтып отырады. Бірі Кенекеңнің «баласы» боп, бірі Әзірбаев болып екеуі бір шалдың шапағатын көріп, шал­қы­ған шақ ұмытылар ма, сірә?! Қа­зір олар жігіттік сырлары бір, отбасылық қуаныштары ортақ, жұптары жазылмайтын жан дос­тар.
Жас тілші, Кенен ақын «баласы» әрі Кенен– байдың дарасы Ырымның журналистикаға осылай келгенін айта жүру ләзім деп білдім.
Енді Ырымның өзі таңдаған жолдағы шығармашылық өрнегі мен өрісіне ой жүгіртіп кө­рейік.
Бір нәрсе анық: тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде адамды өмір бойы адастырмай, деміктірмей тыныс беріп отыратын, аптықса да үмітінен адастырмай жетелеп, дәйім желеп-жебеп отыратын құдірет – оның туабітті табиғи қабілеті. Оның тіршілік кешуінің кардиограммасы да, балы мен бағасы да осы қабілетпен өлшене­ді, осы қабілетпен өріледі. Қаз­а­қы пайымдауда мұны «бақ» дейді.
Баққа да бап керек. Құнарлы топыраққа түскен дәннің дер кезі көктеп, тамырын терең тартып, әуелеп бой түзеп, мәуелеп жа­пы­рақ жаятыны соны айғақ­тайды. Ал қаламгер үшін баптың басы жолбасы жылы сөз болса керек. Сол жылы сөзден басталатын жарқын жолдар да болады.
Алға қойған талабыңа алдың­нан жарылқасын айтып, ақба­та­дай адал ықыласын білдірген жы­лы сөздің тағдырына тұмар­дай боп тағыларын балаң елікпен, жастық желікпен аңғара қоймаса да есейе келе жетпіс атты ерентө­бе­ге шыққанда есіне түсіріп, кейін­де қалған күзеулі күндеріне көз жіберген кезде қимастықпен, мұнарлы мұңмен, сырға толы сазбен ой бесігіне бөлеп тербетері табиғилық. Бұл – бәрін өзінің нә­зік дірілінен өткізіп отырар жүректің тағы бір шым ете түсер сәті.
Ал Ырымды баптаған, қала­мын саптаған «Қазақстан пио­не­рі» газетінен келген қарлығаш хаттардағы жылы сөз еді. Бәріне де таза, пәк көңілмен қарап, таң­ғы шықтай мөлдір қалпында қа­былдайтын қиялшыл балаң тілшінің жазғандары сонау астанадан пәленбай мың данамен тарайтын газет бетінде қызылды-жасылды бояулармен әспеттеліп тасқа басылып шығып, жарап жатқанының өзі өмірінің бастаулары – бас тараулары екенін сезіне де қоймағаны болар. Ауылының момақан да тамылжы­ған табиғатындай тірлігін әңгі­ме­леген қысқа да мөлдір сурет­те­ме­лері мен мақалалары­ның жиі-жиі жарық көріп жатуы оның есімін құлаққа сіңісті етіп қоймай, мыңдаған көңілдерде көгенделіп, жадында жатталып қалып жатқанын білді ме екен?
Жас тілшіге жігер берген жы­лы сөз газет бетінде де, ел алдында да айтылып жатыпты. Соның біріндегісі: «Бұл әңгіменің авторы он алты жасар мектеп оқушы­сы. Жас автордың бұрын да газетте «Бағила» деген әңгімесі жа­рия­ланған. Ырымның әңгіме жазу шеберлігін біраз меңгеріп, қаламы төселіп қалғандығы байқалады. Бүгінгі жарияланып отырған әңгімесінде мектептегі кластас құрбыларының кіршіксіз де мөлдір, сәби жүректерінің шынайы достығын суреттейді», – деп жазыпты. Бұл – осыдан елу төрт жыл бұрын «Жетісу» газе­тінде жарияланған жылы сөз. Екінің бірі шыға бермейтін, жаз­ғыш­тардың көп кезінде кие жарып әдебиет бетінен жарқ ете қалу – сенсация іспетті құбылыс болатын. Ал бұл кезде ол мектеп оқушысы еді. Оқушы ғана емес, сол кезде мектепте сабақ оқып, ұстаздар алдында тәлім алып жүрген Ырымның қоса қабат аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінде қызмет істеуі кез келгеннің өмірбаянында кездесе бермейтін тосын жаңалық, тосын тағдыр сәттілігі. Қатар­ластарынын озу деген осы.
Пешенеге жазылуы солай ма: Ырым ертелеу жазды, ертелеу қызметке араласты, тіпті уни­вер­си­теттің студенті боп жүріп үшінші курста-ақ елден бұрын «Лениншіл жасқа» орналасты.
Бұрын өзі өскен – оқыған Еркін орталау мектебі, Шұбар мек­теп-интернатының атын шығарып танылса, енді оның есімі республиканың түкпір- түк­піріне есімі қылаң беріп, елі­міз­дің атақты ғалымдары, ака­де­мик­тері, қайраткерлерімен жүргізген сұхбаттары көлдей боп жастар газетінің айқара беттерін алып жататын болды. Міне, жап-жас балаң жігіт, бетіңе ұялшақ­тана қарайтын биязы ауыл баласы академик ағаларымен сыр­­­ла­сады, сұхбаттасады, өмір­дің – уақыттың өзі тудырып отырған толғақты мәселелері төңірегінде салмақты да салиқа­лы сұрақтарымен әңгіме-дүкен құрады. Жалаң сұрағын жалаң­дат­қан жайдақ журналистермен сөйлесе бермейтін халқымыздың біртуар тұлғаларының балаң жігіт бойынан жаңашыл лепті көріп, тақырыпты таңдаудағы тың талпынысты танып, мың сан оқырманның – жастар қауымы­ның психологиялық жаңғыру үстіндегі көзқарасын сезініп, серпіліп сала беруі – сыр сандық­тың кілтін ашып, кең отырып ұзақ сұхбаттар құруы – газет үшін де ғаламат әсерлі, ғибраты мол ғажайып тәрбие сабақтарын­дай еді. Кеңестік жетістіктерді жіпке тізген жауыр мақала, очерк­терден жапа болған оқырман үшін бұл бір тосын да тұнық мөл­дір бастаулар еді. Содан болар, Әлкей Марғұлан жайлы «Ғылым­да даңғыл жол жоқ», Уфа Меңді­байұлы Ахмедсафин жайлы «Бұлақ көрсең көзін аш» портреттік-сұхбаттары, Шапық Шокинмен жүргізген «Сібір өзендері арнасын түстікке бұрады» атты проблемалық бол­жамға бай, актуалды мәселенің жүлгелеріне ой жүгірткен әңгі­меле­рінен оқырманның, зиялы қауымның ой-түсінігі де, таным-түйсігі де едәуір кеңейіп көңіл­де­рінен шыққандай еді. Өйткені, бұл материалдар ғылым мен мә­дениет­ті тереңдеп жазудың жаңа бір үлгісіндей әсер қалдырды.
Жастар газетіндегі жас жур­на­листерді қамшылап қайрап отырудың, оның шығармашылық мүмкіндігін толығынан сарқа пайдаланудың бір әдісі – жігіт­тердің бір бөлімде сартап боп тапжылмай отырып қалуына жол бермеу болатын. Бөлім мең­герушілерін, редакторларын (ойын қызған кезде, аса жауапты сәттерде болатын ойыншыны, оның ішінде шабуылшыны ауыс­тырып отыратындай) ауыстырып отыратын дәстүр бар еді. Бұл бір жағы қаламды серпілту, бір жағы шығармашылық бәсеке тудыру еді. Сол кезде Ырым шаруа бөліміне ауысқаннан кейін де тың идея, жаңа тақырыптарға жол ашып, қабілеттің қашан да қай қиядан да қапысын жібермей өз өресінен көрінетінін танытты. Ертеден қара кешке дейін тірлігі тыншымай, ұрандап-уағыздап, бастамадан бастама көтеріліп, соның бәріне жедеғабыл қолдау, үндеулер қабылданып жататын сол бір тұстағы шаруа –жастар бөлімі секретариаттың жұ­мы­сын­­дай тынымсыз, қауырт, сүр­гінді болатын. Қолма-қол атақты адам­ның лебізін, сөзін әзірлеу, қолма-қол Орталық комитеттен келген бастама мәтінін отыра қалып терімшіге диктовка жа­сау, қолма-қол беттер құрастыру – ортақол журналисті жабы етіп жүнжітіп жіберетін, жазып жүр­ген тақырыбынан адастырар, тіпті жазу стилінен айырылып, қасаңданып қалуға мәжбүр етер қара жұмыс еді. Мұндай шырмаудан журналистің тың ойлары, жақсы идеялары, жастар газетіне жарасар жақсы жаңалықтары арқылы ғана жол тауып кетуге болатынын талай жігіттердің ішін­де Ырым да ұға білді. Ұға біл­ді де, ұтырлы өз жолын тапты. Жанға жақын, жүрекке жылы тиер жаңа айдарлар соның айға­ғы; ел өмірін мөлдіретіп түсірген лирикалық очерктердің жиілеуі соның куәсі; лирикалық очерк­термен көрінуге құштарлықтың барша қаламгерді, журналисті баурауы соның жемісі.
Өзі осы лептің басынан көрін­ді. «Адамдар мен жұлдыздар». Осы бір лирикалық көркем очерк­тер сериясы Ырымның қаламын жаңа қырынан танытты: өмірді тек мәліметтермен, жоспарлармен, цифрлармен, социалистік жарыстың жеңім­пазы болу секіл­ді деректермен өрнектеуден гөрі алыс шалғай­ларда өмір сүріп жатқан қазақ жастарының жас­тық арманы, жүрек лүпілі, сыр мұңдары, өмір­ге деген құштарлы­ғы мен іңкәр­лігі, қарапайым тірлігі, махаббаты мен мұратты істерін қаз-қалпында әңгімелеу арқылы көз алдыңа өмір шын­дығы­ның шырайланып, атар таңдардың арайланып нұр шашатынына куә болдық. Курстасы, қатарласы, замандасы Жарас­қан ақын:
Туған дала,
Тыным алмас жастамын,
өртенуден қашпадым…
Шаршағанда шалғыныңды
жастанып,
шалқаласам,
Шаңырағым – Аспаным, –
деп жырлаған ауылдың иісі, ауылдың романтикасы, ауылдың тірлігі бізге жақындай түсіп, оқыған жанды ойға бөледі.
Бұрын қазақ журналистикасында болмаған үрдіс – экспедиция ұйымдастыруды да ерек бас­таған еді. «Жас шопандар ауы­лы» экспедициясының материалдары толассыз екі жыл бойы жүруі көп нәрсені аңғартады. Бұл – Қазақстанның жері-жерінде жас­тар газетінің жалауын желбірету, жүздеген кейіпкерлер­мен жүз­десу, ондаған шаруашы­лық­­тарды аралау, мыңдаған оқырман хаттарына ұйытқы болу деген сөз еді. Келген хатты қоры­тып, тып-тыныш өмір сүруден гөрі өмірмен қоян-қолтық араласудың өткір де ұтымды жолын табу – жур­на­лис­тің жан дүниесінің, қиял идеясының көкжиегінің қан­шалық­ты екенін көрсетіп қой­май, шеберлігін де аңдатады.
Сол бір тұста Сейдахмет Бердіқұлов бастаған, Рашид Рахымбеков, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Әбдірайымов, Төлен Қаупынбаев, Кәдірбек Сегізбаевтар қоштаған, Құрман­ғазы Мұстафин, Мағира Қожа­х­ме­това, Жұмагүл Солтиева, Жанат Елшібеков, Әшірбек Көпішев, Жарылқап Бейсенбаев, Сейітқазы Досымовтар ілескен серпінді лектің жастар газетінің жаңа ауанын, атмосферасын жасау ар­қы­лы оның тиражын күрт өсіргенін айтсақ, соның бел ортасында Ырым­ның бәйгеторысының ша­бысы да табысы да бөлек екенін айтқан ләзім. Журналистің жолы – талабынан, қуаныш-табысы қаламынан, қызығы – отбасынан, шыжығы – ортасынан. Ең мұраттысы Ырымның жастар газетінде судай сіңіп, тастай батып, жарасымына айналып, сол жасаудың бір уығына айнала білуінде екен.
Өмір – сырт-сырт соғып тұр­ған уақыт тілінің шежіресі. Ол тоқтамайды. Қайырылмайды. Еркінмін деп жүргендердің өзі оған ілеседі.
Ырым да жастар газетінің өмір өткелі екенін қинала сезінді. Қимады. Бірақ өмір заңы солай: толқыннан соң толқын келеді… Баспагерлік жұмыстың да газет жұмысынан ауылы алыс емес, қоңсылас екенін келе түсініп, тез кірігіп кетті. Жазатын, ойы бар журналист қай жерде де құр қалмайды екен. «Қазақстан», «Рау­ан» бас­паларында жүріп Ырымның екінші бір қыры ашылды.
Адамды қабілет құтқарады, қа­білет асырайды, қабілет же­телейді. Қабілеті бар қарап отыра алмайды. Ол – тынымсыз болады, жаңалыққа құштар келеді, жақсы істерге мұрындық болады. Ел тілегі қабыл болып, еркіндік алған алғашқы жылдарда қазақ тілінің тағдыры қатты көтеріліп, оның дамуын, аясын кеңейтуді қолға алынған тұста үкіметіміз «Ана тілі» баспасын ашуды ұйғарды. Міне, осы кезде қаламы жүйрік, баспагерлік тә­жірибесі мол Ырым осы бір жа­уапты істің басшылығының біріне тартылды. Аз уақыттан соң ол баспаның директоры болып, уақыт өте келе «Білім» баспасына жетекшілік етті. Соңғы жылдары ол уақыттың талабына сай қайта құрылған жаңа өндіріс ошағы – «Алатау» мемлекеттік баспа-полиграфиялық корпорация­сы­ның президенті.
Жалпы, газеттер мен кітаптар басатын үлкен баспахана – ілкім­ділік пен іскерлікті талап ететін, шаруасы шаш-етек жер. Өндіріс­тік байланыстар үзіліп, полигра­фия­лық шікізаттың бәрі қым­бат­тап кеткен кезде жүздеген жұ­мыскері бар ұжымның ұнжыр­ғасын түсірмей, көзін тауып, қа­­жетті істі қарқынынан тайдырмау, нарықтық қатынасқа қолда бар мүмкіндіктермен жағаласа жұмыс жасауда бұрын болмаған – білмеген қиындық­тармен бетпе-бет келгені де рас. Іздеу мен табу, сұрау мен саудаласу, өткізу мен айырбастау секілді неше түрлі, қилы-қилы жолдар­дың құрсауында қалған өндіріске қапылуға да, қарыздануға да тура келді. Ойыңның озықтығы мен қолыңның ұзындығы, табысың­ның аздығына қарамастан таны­сыңның көптігі қажет болды. Бұл – бұрын-соңды көріп-білмеген нарықтың қатал сыны болды. Өндірістің өзегін танып, өмірге бейімділігін бағыттамасаң ойда бардан емес қолда бардан айырыласың. Жүріп тұрған станок тоқтайды, жанып тұрған шам сөнеді. Осының бәрін алдын ала біліп, атқарылар жұмыстың бір-бірімен сабақтасқан салаларын үйлестіре алу – басшының біліктілігіне сын. Ырым бұл сынның да шылбырынан ұстай білді. Үйрене жүріп ізденді, іздене жүріп ұстанымын нығайтты. Ырымның асып-сасқанын, тосылып тарыққанын, шаруабас­тылықтан шаршағанын байқа­май­с­ың. Қайта уақыттың уәжіне иланып, жаңашылдыққа ден қойған ширақты қалпын көресің. Ойлай да білетін, оралымды жос­парын орындай да алатын журналист әрі баспагер басшының кәсіби шеберлігіне уақыт төреші болса да көзіміздің жеткен жайы бар. Оған тән тағы бір қасиет – қолынан келсе көмегін аямайтыны, мырза көңіліне – төңірегіне шашқан шапағатына да ықыла­сы­мыз иіп, көңіліміз тоғая түседі.
Соларының бір парасы: кезін­де курстасы Құрманғазының (Мұстафин) кеуілденіп: «Көк ас­пан, қара жер» газетін Ырымда шығарып жатырмын» деп мар­қайып жүргенін көрген едік, енді бірде газеттегі материал­дар­дың пұшпағын бірге илескен Орыс­байдың (Әбділдаұлы) аңқылдап: «Ырымда кітабымды шығарып жатырмын», – деп кәміл сенген қуанышын сүйінші­лей хабар­лағаны бар, ал курстасы Мағира болса (Қожахметова) әрдайым: «Дертке дауа» газеті мен «Бал­бұлақ» журналын Ырым шыға­рып беріп отыр. Бірақ қат­ты ұялам, қарыз көбейген сайын. Әйтеуір Ырым дос үндемейді», – деп күліп бара жатады.
Иә, ұялу да үлгі етудің бір түрі. Жақсы лебіз көңілден кейде ұялып та шығады ғой. Бұл да оның кісілігі мен кішілігіне деген жан түйсінер көңіл жарасымы болар, бәлкім.
Ұлы көштің ішінде қара көрсетіп отыру да қуаныш. Өз ісіңмен айналаңа ізгілік сеуіп жүру де қуаныш. Соның бәрі қысқа өмірбаянының сыпайы сөйлемдеріне сыйып кетіп жатса – оны түсінер, аз да болса астарына үңілер қоңыр қалам «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің иегері әрі әріптес Ырымның өз оқырманы, тілектестері, жанашыр жұрағаттары барына куәміз. Олар оның жетпісін өмірдегі тағы бір жеңісі деп біледі.
Әркез ізденіп жүрер, ойын жү­зе­ге асырам деп бар қайрат-жігерін жұмсаудан танбайтын, талмайтын тынымсыз қасиетінен Ырымның өзіндік мінезі, өз жүріс-тұрысы танылады.
Ал мінезді, қасиетті, қабілетті Құ­дай береді. Өмір – оны айқындаушы ғана.
Құдай берген мінезге, қасиетке құлдай қызмет ете бер, қаламгер дос демекпін.

Жақау Дәуренбеков,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Жазушы туған жерінде

Өткен дүйсенбіде жазушы әрі баспагер Ырым Кененбайдың 70 жасқа толу мерейтойы өзі туған өңірдің бас қаласы – Талдықорғанда кеңінен тойланды. Облыстық баспахананың іргесіндегі «Алатау» кафесінде мерейтой иесіне арналып өткізілген дөңгелек үстел тізгінін ақын Ахмет Кендірбек ұстады.
Онда Қазақстан полиграфиясының ардагері, Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетінің профессоры, белгілі баспагер Исағалым Ақбасов, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымының докторы, академик Өмірәлі Жалайри, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалиндер Ырым Кененбайдың шығармашылығы, азаматтығы, туған жерге деген шынайы махаббаты туралы әңгімені кеңінен қозғады.
Басқосуда сондай-ақ, жазушы Бақытжан Әзірбаев, «Қазақ газеттері» АҚ Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим, Алматыдан арнайы келген «Гамма Принт» баспаханасының Бас директоры Төлеген Бейсембаев, облыстық баспахана ардагерлері Әли Ысқабай, Сарқыт Дәркембаева, Гүлсім Сырлыбаевалар жүрекжарды өз ойларын жеткізді.
Түс ауа келген қонақтар облыстық «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасында болып, жазушы Ырым Кененбай жайлы толғақты ойларын ортаға салды. Бұдан кейін қаладағы «Көктем GRAND» мейрамханасында жазушыны ұлықтау рәсімі өтіп, ақшам мезгілінде ауызашар берілді. Шығармашылық кеште Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің құттықтауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубаев табыстады. Сондай-ақ, жазушының өзі туып-өскен Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Алпысбаев құттықтап, ақындар жырдан шашу шашып, күміскөмей Нұрғали Нүсіпжанов бастаған әншілер жұртшылықты әсем әнге бөледі.


Ойыңызда – сан арман өріледі…

Ырым Кененбайдың 70-ке толған мерейтойына

Қуаныштар сыйлайды күн әрдайым,
Арулар да ағама құмар дәйім.
Алпысында өлеңмен құттықтап ем,
Жетпісінде тағы да жыр арнайын!

Ұсынса да Уақыт төрін мейлі,
Қарттық Сізден әзірге сезілмейді.
Алпыс пенен жетпістің арасынан
Көп өзгеріс соншалық көрінбейді.

Өзгеріс тек – даналық қалпыңызда,
Сан із жатыр сайраған артыңызда.
Қартайтатын адамды сабырсыздық,
Ондай әдет мүлде жоқ салтыңызда.

Бойыңызда – туған ел өр лебі,
Ойыңызда – сан арман өріледі.
Сөзіңізден шеберлік ұшқын атса,
Көзіңізден мейірім төгіледі.

Алда талай бақыттың қонар құсы,
Бұл өлеңім құттықтау жоралғысы.
Ақсақалдар батасы қабыл болып,
Жүзге Сізді жеткізсін Ел алғысы!

Кәдірбек Құныпияұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір