Қабілетті тұлғалар тасада
23.06.2017
1490
0

«Саясатта жүрек болмайды, тек қана бас болады» депті Наполеон Бонапарт. Маған қазақ халқы үш ғасыр бойы жүрексіз саясат шырмауында болғандай көрінеді. 

Әуелі патша үкіметі түрлі бекіністер сала отырып, жерімізді иеленсе, соңынан келген Кеңес үкіметі де отарлаушылық саясатты жалғастырып, «бірыңғай тәртіп» орнатты. Қылышынан қан там­ған саясат өз дегенін істетті. Енді, міне,  тәуелсіз­дік­­ке қол жет­кіз­гелі де ширек ғасырдың жүзі болып­ты. Азаттық алған халқымыз бұрынғы оз­­быр­лық сая­сат зардабынан әлі де арыла алмай жүр­гендігі рас. Бұл – езілген  ха­лықтар психоло­гия­сының бір бел­гісі болса керек. Осы  мәселелер  төңірегінде  саясаттанушы Жанболат Үсеновпен әңгімелескен едік.

– Американың ең ықпалды сая­саткерлерінің бірі болған Збигнев Бжезинский Кеңес Одағы әлі тарамай тұрған уақытта болашақта оның ыдырайтыны туралы көреген­дік жасаған еді. Кейде бізге де осын­­дай пікір айтатын болжампаздар жетіспей жататын сыңайлы. Осы туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі Қазақстанда таяуда дүниеден қайтқан америкалық әйгілі саясаткер, саясаттанушы Збигнев Бжезинскийдің деңгейіне жете алатын парасатты ойшылдар бар. Басты мәселе адами ресурста емес: Қазақстан халқы алуан түрлі дарын иелеріне толы екені рас. Ал солардың өсіп, дамуына жағдай жасалған ба? Мәселен, әлеуметтік желілерді оқып отырсақ, лайықты пікірлерді айта алатын, үлкен жо­ба­лар ұсынатын қайраткерлер жет­­кілікті екенін көруге болады. Ал ­бізде солардың ойларын өңдеп, мемлекеттік саясатқа айналдыратын, нақты іске асыратын тетіктер мен жүйелер бар ма? Тіпті ұлтжан­дыларымыз бен ойшыл­дары­мыздың идеяларын қоғамға жет­кізетін пікірсайыс алаңдар да жоқ қой. Сондықтан еліміздегі ой қабілеттілігі жоғары тұлғалар көзге көрінбей де қалады.
– Ірі мемлекет өкілдері біз туралы бір сөз айтып қалса немесе мақтаса «Әлемге танылып жатырмыз» деп мәз болатынымыз жасырын емес. Олар қандай ниет-пи­ғылмен, нені меңзеп айтқанына мән де бермейтін кездер болады. Оған қоса, жан-жағымызға жалтақтай беретін, кей жағдайда өзімізді өз­ге­ден төмен санайтын, тіпті Қа­зақ­­-
с­танда өмір сүре жүріп, қазақша сөй­леуге қорынатындар да бар ғой. Мұндай комплекс қазаққа қайдан келді және одан қалай арылуға бо­лады? Егер біз өзімізге сенімді бол­сақ, әлемнің өзі бізді танып-білуге ұмтылмайды ма?
– «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, біз әлемнің ілтипатына ие боламыз деп, кей кезде шектен шығып кетеміз. Қайсыбір тұстарда ұлт ретінде өзімізді өзіміз кем сезінетініміз де бар. Алайда, менің ойымша, бұл – патриоттық сезім­нің бір қыры. Мысалы, мен отанымды сүйемін әрі басқалар да оған сондай көзбен қарайтын шы­ғар деп үміттенемін. Шетел­дік­тер елімді мақтап жатса қуана­мын. Егер мемлекетімізде шын мақтауға тұрарлық ілгерілеулер болып, дамудың айтарлықтай деңгейіне жетсек, дәріптеулер кешікпей өзі-ақ келер еді. Ең бірінші – Қазақс­тан халқының дамуы мен ілгері­леуі үшін жағдай жасау керек. Осы мақсатқа барлық сыртқы саяси бастамалар да бағынуы тиіс. Сыртқы саясат баяғыдан елдестіру ролін атқарады. Оның басты мін­деті – мемлекет шекарасынан тыс жерлерде халықтың дамуы үшін жағымды жағдай қалыптас­тыру. Сон­дықтан, қандай да бір ірі, ха­лы­қаралық мәні бар жобаны қарастырған кезде «осыдан өзіміз қандай пайда табамыз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Бұл тұрғыдан Экспо-2017 көр­месінен көп үміт күткен болатынбыз. Біріншіден, Астанадағы инфрақұрылымның дамуына, жаңа құрылыс жобаларының пайда болуына серпіліс беру. Бұл экономикалық белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындары­ның ашылуына жол береді. Бұл мақсат іске асты десек қателеспей­міз. Сонымен қатар, Қазақстанға жа­ңа технологияларды әкелу, биз­нестің жаңаша дамуына мүмкіндік беру секілді мәселелер де міндет­тел­ген. Бұл бағыттағы нәтижелерге көрме аяқталғаннан кейін баға беруге болады. Ал халықаралық туристтерді тартып, олардың Қа­зақ­с­танға келу сапарларынан пайда табамыз деген ой қазірден- ақ жоққа шығып жатыр. Кем дегенде 7-8 сағат бойы ұшақ үстінде келген қонақтарға Семейдегі полигонға, Алматыдағы каньонға, Шымкенттегі ежелгі кесенелерге немесе Қызылордадағы космод­ром­ға барып-қайтуды ұсынуға болар еді. Мұндай «қазақстандық ұсыныс» интернетке шығарылып, ағылшын тілінде жарнамалан­ғанын көрген жоқпын. Сондықтан көптеген шетелдік туристтер Астанадағы жалғыз Экспоны ғана тамашалау үшін ұзақ жолға шығу­дан бас тартты.
– Үш жүз жыл бойы Ресейдің бодандығында болған біздерде ширек ғасыр бойы азат өмір сүріп жат­сақ та қызыл алаңға қарағыштайтын мінез бардай көрінеді. Тіпті өзге­лер­ге әріптестерін, туысқан­да­рын жа­мандайтындарды байқап қа­ла­сыз. Бұл құлдыққа табынған ха­лық­тың психологиясы деген пікір бар екен. Империялық саясаттан әбден мезі болған халықтың бүгінгі психологиясы туралы қандай пікірдесіз?
– Империяның бір сынығынан пайда болған жас мемлекеттің халқы бірден-ақ бірінші әлемнің санасына ие бола алмайды. Ал Сингапурдың негізін қалаушысы Ли Куан Ю айтқан ақылын еске түсіретін болсақ: «санасы үшінші әлемде тұтылып қалған халық бірінші әлемге ешқашан жет­пейді». Қазіргі Қазақстандағы пара­қорлық, непотизм, әділет­сіздік – сол психологияға негіз­дел­ген сарқыншақ. Әрине, пси­хо­логиялық кемшілік­тері­міздің тарихи көздерін зерттеп, нақ­ты­лауымыз қажет. Алайда, бұл істің мақсаты біреуге наразылық біл­діру­де емес. Керісінше, біз өз тари­хымызға ашық көзбен қарасақ, болашаққа апаратын жолды да көріп қалармыз. Сондықтан өз проблемаларымызға басқа елдерді (Ресей немесе Қытай болсын) кінәлауға болмайды. Олардан риясыз көмек күтудің де пайдасы жоқ. Еліміздің, ұлтымыздың нақ­ты мүдделерін жүзеге асыруды ұстанып, көршілерімізбен заманауи, прагматизм мен шынайы­лық­қа негізделген қарым-қатынас жасай беруіміз керек.
Уақыт өте келе ұрпақтар алмасуы барысында халқымыздың психологиясы қалпына келіп, ұлтымыздың өркендеуіне жол ашылатынына еш күмәндан­баймын. Үмітімді өсіп келе жатқан ұрпақтарға артамын. Олар бұрын­ғы қоғамының тәрбиесін көрме­ген, әлемге ашық, елім дейтін, жерім дейтін жандар. Ұлтымыздың шынайы рухани жаңғыруы солардың қолында.
– Танымал саясаткер Збигнев Бжезинский қазіргі Украина мен Ресей жайлы бір сұхбатында «Ук­раи­насыз Ресей империя болудан қалады. Ол өз бетімен империя болу­ға талпынып көруі мүмкін, бі­рақ бұл сәтсіздікке ұрындырады. Ресейдің қайтадан империя болу мақсаты Украинаны бағындырғанда ғана іске асады. Бірақ оның бұл ниеті оңайлық­пен жүзеге аса қой­майды. Барлығы Украинаның жас­тарына, әсіресе Кеңес Одағы­ның азаматы емес, Украинаның азаматы болып туған жас ұрпаққа байланысты», – дей келе Украинаның Еуропадағы мықты елге айналуы үшін ондағы барлық жүйені жайлап алған жем­қорлықты жою керектігін айтқан екен. Әлемде орын алған өз­герістер бізге де әсер етпей қой­майды. Сыртқы саясаттағы біздің ұста­ным­дарымыз туралы айтып өтсеңіз?
– Украинамен ашық қақ­ты­ғыс, менің ойымша, қазіргі Ресей басшылығының үлкен қатесі. Қысқа мерзімді ішкі саяси мақсаттарға қол жеткізбек болған олар аса қажет көршісімен қарым-қатынасты бірден үзіп алды. Ортақ шекарасы бар, достас мемлекетті қас дұшпанға айналдырып жібер­ді. Бұл алауыздықтың қашан тыйылатыны белгісіз. Бұл мәселе Ресейдің сыртқы саяси беделіне ғана емес, ішкі дамуына да кері әсерін тигізеді. Мысалы, Азияның екі алпауыт мемлекеті – Үндістан мен Қытайға қарасақ, Бейжіңнің көшбасшы екені күмәнсіз. Оның бір себебі – Үндістанның өз көршісі Пәкістанмен бітпейтін қақтығысы. Осындай шекара бойындағы жанжал айтарлықтай ресурстарды талап етіп, мемлекет­тің ішкі дамуын тежейді.
Қазақстанның Ресей мен Украинаның арасындағы қақты­ғысқа қатысты ұстанымы дұрыс деп ойлаймын. Саяси қайшылық­тардан аулақ жүріп, барлық тараптармен экономикалық ынтымақ­тас­тықты жалғастырып, шие­леніс­­ті тоқтатуға шақырған елі­міздің саясаты дұрыс деп біле­мін.
– Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын­да­ғыдай жетілген мәдениетті мемлекет болуымыз үшін ең алдымен біз нені түсінуіміз керек? Әрі қай мем­лекеттің тәжірибесін үлгі етуге болады?
– Заманауи мемлекеттердің үйренуге тұрарлық тәжирибелері мол.
Мәселен, Испания Корольдігін алсақ, ол Франко режимінен құтылғаннан кейін ұлттық бірлікті сақтай алды. Ешқандай қантөгіссіз эволюциялық даму арқылы ашық қоғам мен күшті мемлекет құра білді. Осы жетістіктерге қол жет­кізген – Испанияның бұрынғы патшасы Хуан Карлос. Ол кісі біз­дің президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың жақын досы екенін ескере отырып, тәжирибе алмасымдарын жасайтын шығар деп ойлаймын.
Сонымен қатар немістерді де үлгі етуге болар еді. Жақында олар­дың патриотизмді қалай түсі­нетіні туралы оқығанмын. Жалпы айтқанда, немістер үшін патриот­тық сезім – ол жалауын желбірету, әнұранын айқайлап айту емес. Нағыз патриотизм – ол мемлекет­тің, ұлттың қамы мен болашағын ойлау. «Біз үшін нағыз патриотизм – бізден алатын салықты жоға­рылатса да елімізге пайда әкелетін саясаткерлерге дауыс беру», – деген екен. Осылай ел мүддесін жеке бас мүддесінен биік қоя алған халық озады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір