СҰЛУЛЫҚТАН СЫР СУЫРҒАН СУРЕТКЕР
23.06.2017
2036
0

Антракт! Сахнада жарық өшті. М.Әуезов театрында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы қойылып жатқан. Шымылдық жабылып, қайта ашылғанда сахна төрінде пайда бола кеткен алып моланы көріп, таңырқаған бала таным «қалайша моланы тез соғып қойды?» деп таңданысын жасыра алмай, іштей күбірлей берді.

Сол кезде оған театр деген таңғажайып әлем болып елестеген. Аузы ашылып, көңілі алабұртып, сахнадан көз алмай, қызу тартыс жүріп жатқан жаққа қарайлай берген. Кенет… Кенет жаңа ғана көз алдына сиқырдай болып елестеген алып мола опырылып, көрермен залына қарай құлап түсті. Сонда байқады: мола дегені – қатырма қағаздан жасалған ойыншық құрылыс екен. Әлгіндегі ғана жүрек түкпіріне аялай орнықтырған сұлу әлемнің көз алдында быт-шыт болғанын көріп, есікке қарай тұра қашты. Әлдебіреу арманын аяқасты еткендей, тоқтай алмай еңкілдеп жылап жіберді…

Театрмен ең алғашқы таныс­ты­ғы осылай: бір таңырқаныс, бір то­сырқаныс сезімде басталған ауылдың қарасирақ баласы сол кез­де-ақ өз-өзіне балғын күнінің куә­сіндей болып, бауырына бойлатып ер жеткізген Қарқара тауы­ның мұзартындай асқақ талап қойып үлгерген.
Міне, содан бастап болашақ сахнагер ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуін салуға іштей серт берді. Сұлулыққа сұқтана қарап, сұңғыла сезімге берілер бір кездегі өзі секіл­ді қиялшыл жастардың сенімін күйретпей, керісінше, арманына қанат бітірсем деген ниетте өнер әлемінен ешкімді қайталамайтын өзіне ғана тиесілі дара жолын іздеп, ұлы сапарға шыққан. Ол жолау­шы­ның есімі – Нұрқанат Жақыпбай, ал бағыт алған меккесі – ТЕАТР де­ген тылсым әлем еді…

МАХАББАТ МАЙТАЛМАНЫ
Сөзге сараң, ойға бай сұңғақ бойлы сұңғыла да сымбатты жасты сахна жатырқамады, бірден бауырына басты. 70 жылдық тарихы бар қазақ топырағында өмірге келген алғашқы жастар театры – Ғ.Мүсіре­пов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөс­пі­рімдер театры – Нұрқанат Жа­қыпбайдың өнерге бағыт алған сапарының алғашқы баспалдағы.Еңбек жолын осы өнер ордасында актер болып бастады. Аталмыш театр төрінде жасындай жарқыра­ған талантты жас сахнадағы өз сүр­леуін салуға білек сыбана кірі­седі. Лидия Кәденова, Досхан Жол­жақсынов, Ғазиза Әбдiнәбиева сынды талантты әріптестерімен бірге Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында
37 жыл тынбай еңбек етіп, небір қай­таланбас шоқтықты бейнелерді өмірге әкеледі.
Сәні мен сыны келіскен сыршыл бейнелер актер Нұрқанаттың сараптауында өзгеше өрнек тауып, суреткерлік биігінде көрерменімен қауышып жатты. Ә.Тәжібаевтың «Монологтарындағы» – С.Сейфуллин, С.Мұқановтың «Ботагөзіндегі» – Асқар, Б.Майлиннің «Шұғасын­дағы» – Әбіш, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері–Ақтоқтысындағы» – Сердәлі, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысындағы» – Мұса, Т.­Ах­тановтың «Махаббат мұңын­дағы» – Нияз, М.Майжановтың «Әр үйде мерекедегі» – Сарман, М.Әуезовтің «Жас Абайындағы» – Құнанбай, І.Жансүгіровтің «Иса­тай-Махамбетіндегі» – Жәңгірхан, О.Бөкейдің «Қар қызындағы» – Аманжан, «Атау кересіндегі» – Таған және тағы басқа кейіпкерлер Нұрқанат Жақыпбай қиялында қайта түлеп, қайталанбас бейне тудырды. Сахнагер бойындағы сыршылдық, тереңдік қай уақытта да көрерменін бейжай қалдырып көрген емес. Табиғаты лирикалық кейіпкерлермен үндес актердің бейнелеген әрбір рөлі ішкі зия­лы­лы­ғымен, тазалығымен, сыр­шыл­дығымен баурап алып, ұзақ уақыт көрермен жадында жатталып қал­ғандығы сарғайған газет беттерінде жиі жазылып, жиі айтылады. Осы орайда, біз тілге тиек еткен өнер иесін театр сыншысы Әшірбек Сы­ғайдың: «Махаббат кейіпкерле­рін сәтімен сомдап, басты-басты рөлдердің бағын ашқан талантты актер» деп бағалауы да сөзімізді дәйектей түсетіндей.

СУРЕТКЕР
Актерлік соқпақ – Нұрқанат Жақыпбайдың ұлттық режиссураға әкелер соны сүрлеуіне жол салған ұлы дайындығы еді. Өнер иесінің табиғатындағы сөзге сараңдық, дабыра-дабылдан гөрі ойлану мен толғану үстінде жүрер ішкі көңіл-күй қатпарлары сахнагерді әр­да­й­ым ойлы бейнелер биігіне же­те­лей­тін, тереңдікке ұм­тыл­дыра­тын. Бұл қасиет режиссураға қадам басқанда да суреткердің жанынан бір елі ажырамады. Сыршыл ак­тер­дің сезімтал әлемінен жеткен тазалықпен тең өрілген сұлулық енді тұтастай суреткерлік биіктен үн қатты.
Иә, сахнаның серігі – сұлулық! Сұлулықтан бұра тартқан өнер өміршеңдігінен айрылады. Табиға­тын таптаурындылыққа ұрын­дырады. Мұны біздің бүгінгі әңгіме арқауына айналдырған кейіп­ке­ріміз жақсы түсінеді. Түсініп қана қоймай, әр ісі мен мақсатында ше­бер пайдаланып та келеді. Сұлулық – Оның өмірлік кредосына айналғандай…
Егер ХХІ ғасырдағы заманауи театр өнері талаптары тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір тек қана құрғақ сөзді тірек етіп қойылым қою жаңалық болудан әлдеқашан қалған. Бүгінде театрдың синте­ти­калық өнер ретіндегі рөлі алға шықты. Көрерменді таңқалдырар­лық жаңалық ұсынбасаң, театрға өз еркімен табан тірей қояр жастар саусақпен санарлық. Себебі, қазіргі ғылыми техниканың қарыштап дамыған ғасырында, сахна арқылы ақыл айтып, пәлсапа соғып отыруды – уақыт та, сахна заңдылығы да көтермейді. Әлемдік театр үрдісінде сахна – шығармашылық қиял қарымын таразыға тартып, сынға салатын талғам барометріне ай­налған. Сондықтан да театрда қа­ра­байыр ойлап, қарапайым тір­шілік кешуге титтей де орын жоқ. Қазір тәжірибенің ғасыры. Міне, осы үрдісті өз шығармашылы­ғында үздік пайдаланып жүрген отандық режиссерлердің ішінде Нұрқанат Жақыпбайдың есімі ерекше атап өтуге әбден лайық. Әлемдік театр, режиссура мекте­бінің озық тәжірибелерін игере отырып, соңғы он жылда қазақ теа­тр үрдісінде өз мектебін қалып­тас­тырды.
Нұрқанат Жақыпбай – ұлттық ре­жиссураға өзіндік қолтаңба, соны сараптауымен енген санаулы суреткерлердің бірі. Режиссердің әу бастағы таңдаған соқпағы да, мақсаты да айқын – сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өзгелерге ұқсамау, өнердің бар мүм­кіндігін шегіне дейін пайдалану. Және ол мақсатына барынша адалдық танытып келеді. Нұрқанат Жақыпбай үшін сахнадағы ұзын-сонар сөз әрекетінен бұрын, қимыл мен ой әрекетіне басымдық беру зор маңызға ие. Сол себепті де режиссердің кейіпкерлері сылдыр сөзге сараң, көрерменіне орынды-орынсыз ақыл айтудан аулақ, кері­сін­ше, қиялға бай, жан дүниесі сыр­шылдықпен серік, ойланғыш, толғанғыш келеді. Сахнадағы кейіпкер өмірін суреткер сөзден емес, ең бірінші әрекеттен, қимыл эстетикасынан іздейді.
Мәселен, Жастар театры репертуарында жүріп жатқан Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» драма-ноктюрнын алып қарайтын болсақ, мұнда режиссер­дің ең бірінші мақсат тұтқаны – кейіпкерлерін әңгімешілдіктен алшақ әкетіп, сахналық ойынның бар динамикасын ішкі үнсіздік пен көркем қимыл, яғни бидің басым­ды­ғына береді.
Нұрқанат Жақыпбай әлемінің көркемдік құпиясы бұл жолы да сахнадағы өзіне ғана тән образбен сөйлеу тілінен, символмен астарлау стилінен, сол арқылы биік эс­те­тикалық талғамға жетелейтін суреткерлік сұңғылалығынан сырт кетпеген. Спектакльде басы артық сөз де, әрекет те жоқ. Барлығы бас­ты кейіпкерлер – Сұлу (Назгүл Қарабалина) мен Суретшінің (Әділ Ахметов) ішкі һәм сыртқы диалогына және көпшілік сахнаның пластикалық көркем қимылына құрылған. Мәселен, көпшілік сахнадағы бишілер бірде Сұлу мен Суретшінің көңіл-күй аласапыранын жеткізуші асау толқын болса, енді бірде су бетінде қалықтаған шағаланы елестетеді, ал тағы бірде Суретшінің өмір бойы іздеген, өмір бойы ізденген ұлы туындысы­ның бөліктеріндей әсер сыйлайды. Сөйтіп, шымылдық ашылғаннан суретші қиялындағы әр бояу би арқылы көрініп, мозаикаша құрас­ты­рылып, күллі қойылым бойы «Ай мен ару» аталатын тұтас бір картинаның соңғы нүктесіне дейін­гі детальдарын бейнелейді.
Пластика, би тілі – қойылым композициясында үлкен роль атқа­ра­ды. Демек, режиссер қойылым­ның негізгі көркемдеуші құралы етіп басты орынға хореографияны шығарған. Би арқылы қойылым қаһарман­дары сөзбен айтып жет­кіз­гісіз сан алуан көңіл-күй құ­былу­ла­рын, сергелдеңге түскен сезімнің аласапыран әлемін әсем суреттеп, әсерлі баяндайды.Сахна – көркем-эстетикалық өнер тудыратын кеңістік екендігін ескерсек, аталған талапқа Нұрқанат Жақып­бай­дың біз тілге тиек етіп отырған «Сұлу мен суретші» қойылымы толыққанды жауап береді деп айта аламыз.
Нұрқанат Жақыпбай шығарма­шы­лы­ғының алтын қазығы, негізгі ұстанған бағыты – уақыт пен шека­раға, ұлт пен ұлыс, қатып қалған дәстүр мен дағдыға бағына бермей­ді, күллі адамзатқа ортақ адами проблемаларды әр қолға алған еңбегінде ту етіп көтереді. Сол се­беп­­ті де сахнадан көрермен жүре­гіне жол тартар әр спектаклі өлмей­тін өмір, өшпейтін тыныс тауып, уақыт алға жылжыған сайын ескір­мей, керісінше, өзектілігін өткір­лен­діре түседі. Көркемдік талабы жоғары, тақырыбы талғампаз, айтар ойы өзекті ондай қойылымдар санатына Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасында тағдыр тапқан Н.Гогольдің «Ревизор», Ш.Айт­м­а­тов­тың «Жан азабы», Д.Саламаттың «Ғайыптағы махаббат сазы», С.Ра­ев­тың «Меккеге қарай ұзақ жол», Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғыс хан», П.Мерименің «Кар­мен», Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…», У.Шек­с­пирдің «Асауға тұсау», О.Бө­кейдің «Атау кере» сынды бір­қатар жұмысын мысалға келтіріп өтуге болады.

«РЕВИЗОР»
Суреткер ретінде Нұрқанат Жақыпбайдың сахнаны оқуы мен оқиғаға келу тәсілі, идеясы ешкім­ге ұқсамайды, өзге режиссерлер жұмысынан дараланып, оқшаула­нып көрініп тұрады. Айтар ойында астар басым, символикамен сөй­лей­ді. Сондықтан да Нұрқанат Жа­қыпбайдың қойылымдары жал­ғыз-ақ мәрте көріп, жалаң ой білдіруге көнбейді. Әр спектаклі ішкі үлкен дайындықпен келуді талап етеді көрерменінен. Пікірі­мізді режиссер қолтаңба­сында кө­рерменіне жол тартқан «Ревизор» трагифарсы растай түсетін­дей.
Бұл «Ревизордың» өзге «Ревизорлардан» артықшылығы – Гоголь суреттеген XVIII ғасырдағы дәстүрлі орыс қоғамының бет-бей­не, көңіл-күйімен, қатып қалған қалыбымен шектеліп қалмай, ер­кін импровизацияға барып, тың форма табуы, режиссердің оқиғаны барынша ұлттық мінез-құлыққа сай өруі дер едік. Классикалық туындының мәңгілік ғұмырының негізгі кілті де осында болса керек – әр буынның өкілі ішінен өзіне қажетін алып, ұлттық мінезіне сай икемдей алатындығында. Сон­дық­тан да арғысы – Антика дәуі­рі­нің Эсхил, Софокл, Еврипид, бер­гісі – Шекспир, Гоголь, Әуезов­тердің әр заманның үніне, тынысы мен тіліне сай түрленіп, түлеп, екшеліп, дамып, оқтын-оқтын қайтып оралып, көрерменімен қауышып отыратындығы. Міне, Гоголь әлеміндегі осындай кеңіс­тікті режиссер Нұрқанат Жақып­бай өте ұтымды пайдаланып, жаңа заманның үнінде жақсы спектакль жаратып шығарған. «Ревизорға» жан біткен. Сондықтан да қойылым сахнадан сан мәрте көріп, Гогольді жатқа соғатын көрерменнің өзін жалықтырмайды, керісінше, жаңа әсер, жарқын көрініс, ұтымды шешімдерімен таң қалдырады. Сол себепті де жалғыз қойын сойып, мейманының алдына ұсынып жанұшыра жалбақтап, шапан киіп «Қара жорға» билейтін Ляпкин-Тяпкиннің (Бақыт Хаджыбаев) шектен тыс қонақжайлығы мен серілігін, «мен секілді төре болсын» деп аузына түкіріп, әріптесі­нің маңдайына күйе жағып жүрген Хлестаковтың (Дәурен Серғазин) ырымшылдығын тіпті де жатырқа­майсыз. Өзіңіздің төл туындыңыз­дай өзімсіне қабылдап, өзімсіне жерисіз.
Қойылымнан әдетте жаңалық күткіш, реформаға құштар көзі- қа­рақты көрермен талабына Жас­тар театры сахнасындағы біз әң­гімеге арқау етіп отырған «Ревизор» толыққанды жауап береді деп сеніммен айта аламыз. Жанды дауыспен ән сала, үздіксіз би мен тынымсыз қимылдай жүріп талабы зор классикалық шығарманы өз деңгейінде игеру – ақиқатты мо­йындау керек, еліміздегі кез келген театрдың мүмкіндігіне сай келе бермейді. Жастар театрының басты жаңалығы да осы – көп жанрлы­лыққа батыл баруы, драматургия мен пластикасы қатар ұштасар спектакль қоюға деген талпынысы һәм табысы. Рас, дәстүрлі театрлық үрдіс пен талаптарға икемделген театрлармен салыстырғанда, Жас­тар театрының ұстанымы мен ба­ғыты да, амплуасы да бөлек. Жаңа­лықсүйгіш, эксперименттік тә­сіл­дерге ұмтылғыш, ой мен қимыл әрекетін бір арнада ұштас­тырғыш мүмкіндігі талайды тәнті етіп келеді. Әр қойылымынан жастыққа тән қуатты энергия мен ерекше темпераментті байқауға болады. Спектакльді сараптауға келгенде де режиссер еркін импровизация мен соны идеяларға, тосын шешімдерге батыл барады және сахна сырын бірден жайып салмай, соңғы түйінді көрерменнің өзіне қалдырады.
Сахна кеңістігі де режиссер тарапынан ұтымды пайдаланылып, формалық, алаңдық тәсілдер қойылым мазмұнымен шебер астас­тырыла біртұтас дүниеге айналып кеткен. Декорациялық безендірілуі де әдеттегі көпмүлікті­ліктен ада, арнайы аспалы әткен­шек, қозғал­малы үстел, құрастыр­малы орын­дық деген сынды таза қимыл-қозғалысқа негізделген дү­­н­ие­лер­мен толықтырылып, әр­тіс­тердің сахнада барынша еркін қимылдауына мүмкіндік қарас­тырылған.
Көңілге құрмет ұялататын келесі тұс – труппаның вокалдық мүмкіндігі. Қойылымның басынан аяғына дейін жанды дауыспен ән айту, хор тәртібін жақсы мең­герген шеберліктері, ұжымдық ансамбльде жымдаса жұмыс істей алатын сахналық бірліктері де өз алдына үлкен әңгіменің арқауы. Әсіресе, актерлік ансамбльдік ішкі тұтастық, сахнадағы ұтымды ұғысу бірден баурап алады. Қараңызшы, «Ревизорда» бірде-бір басы артық әрекет жоқ. Барлығы орнында. Сахнадағы әр детальға жан біткен, біртұтас ағза болып өмір сүреді. Әр тынысынан режиссердің демі сезі­леді. Декорацияны әрекеттен, актер ойынын музыкадан, музыканы кейіпкер көңіл-күйінен, биді оқиға желісінен бөлек алып, әсте жеке-дара қарастыра алмайсыз. Әр­қайсы­сының орны ойсырап көрініп тұрады. Мұнда өлі тыныштыққа орын жоқ, сахнада әрекет үстемдік құрады. Қай бөлігіне қарасаң да тынымсыз, толассыз әрекет буыр­қанып қайнап жатады. Ой да, қимыл да – әрекет. Әрекет біткенде шымылдық та жабылады. Нұрқанат Жақыпбай режиссурасы­ның басты ерекшелегі осында.

«АСАУҒА ТҰСАУ»
«Драмтургия – қым-қиғаш ин­три­га. Мұны У.Шекспир де мойын­даған. Арбасқан көздер, мың құ­былған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан әрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл. Қоғам­дық-әлеуметтік көтерер жүк автор қиялының көркемдік мүм­кін­дігіне қарай жіті сұрыпта­лып, адамзат жүрегіне жол тартары тағы бар. Осынау ауыр мехнатқа саналы түрде бас қойған кісіні ықылым заманнан драматург деп атап келе­міз».
Театр сыншысы Әшірбек Сы­ғай­дың драматургия турасындағы бұл толғамы – драма өнеріне жүк­телер міндет пен жауапкершіліктің салмағына әділ таразы. Драматург – тек кешегі мен бүгінгінің емес, болашақтың жыршысы. Міне, дәл осы ерекшелікті сезіну және сахна механизміне толыққанды енгізе алу – режиссердің үлкен ізденісі мен суреткерлік ұшқыр қиялының жемісі болады. Осы тұрғыдан келгенде, бізді өз қатарластарының арасында өзгеше сөз саптау стилі­мен, ерекше ойлау, оқиға өрбіту ерекшелігімен, заман тынысын жаңаша түйсіну сезімталды­ғымен дараланатын режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шы­ғармашылық әлемі қызықтыр­ды.
Мәселен, 2013 жылдың желтоқ­сан айында Жастар театры сахнасында тұсауы кесілген Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын айрықша атап өтуге болады. Ең алғаш рет қазақ театр өнері тарихына 1943 жылдың 16 қаза­нында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институ­тының тәжірибелі мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Бибиковтың сахналауымен енген комедия араға
70 жыл салып Астана қаласы Жастар театры төрінде Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналауымен мүлдем өзгеше сараптауда көрерменге жол тартты. Спектакльдің қоюшы-су­рет­шісі – Ерлан Тұяқов, қоюшы-хореографы – Анар Жүсіпова. Қойылымда басты кейіпкерлер рөлін театрдың талантты актерлері: «Дарын» Мемлекеттік Жастар сый­лығының иегері, Мемлекеттік Президент стипендиясының лауреаты Әділ Ахметов (Петручио), Айнұр Рахипова (Катарина) Азамат Есқұлов (Баптиста), Дәурен Серғазин (Люченцио), Бейбіт Құсанбаев (Гремио), Нұрлыбек Төлеген (Гортензио), Ербол Тілеу­кенов (Транио), Бекжан Керімбаев (Бъонделло), Мемлекеттік Президент стипендиясының лауреаты Жандәулет Батай (Грумио), Ғазиза Мұқан (Бьянка) сынды сахна шеберлері ойнайды.
«Асауға тұсау» – асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Сөзі өткір, өр мінезді Петруччио мен тапқыр әрі ақылды тентек Катарина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіттің айтысындай өте тартымды. Әзілқой Грумио, жылпос Транио, жұмсақ мінезді Баптиста тағы басқа кейіпкерлердің мінез-құлқы жалынды жастардың актерлік шеберлігіне ұласқанда, сахна көңілді көріністерге тола түседі.
Қойылымның әуелгі ерекшелігі – сахналау жұмысына қоюшы-режиссерден бөлек, Бекболат Құр­ман­ғожаев пен Дәурен Серғазиннің де қолтаңбасы кіріктірілгені. Үш бірдей режиссердің жұмыла жасас­қан жұмысы Жастар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл-күйдің атмосферасын алып келді. Режиссерлік ұтқыр шешім­дер, музыка мен би үндестігі, декорация жанр ерекшелігіне сай ұтым­ды ұйымдастырылған. Қою­шы-суретші Ерлан Тұяқов бейнелеген сахна суретінен анау айтқан­дай классикалық картина мен бай реквизитті көзіңіз шалмауы мүм­кін. Есесіне мұнда кеңістік бар, тірі сах­на бар, қажырлы еңбек бар. Әр­бір актердің дем алысы мен жүрек лүпілі біте қайнасып, біртұтас дүниеге айналып кеткенін шымыл­дық ашылғаннан-ақ айқын сезі­несіз. Сөйтіп, Люченцио (Дәурен Серғазин) мен Транио (Ербол Тілеукенов) сүйреп шығар дөң­гелек­тей замана керуенімен бірге спектакль тізбегі де дөңгеленіп жүре береді. Сол көшке ілесіп комедия ішіне қалай еніп кеткеніңізді тіпті аңғармай да қаласыз.
Әне, сахнаға қамшысын оңды-солды сілтеп, адуынымен, тентек­тігімен талайды тайсалдырып асау да ерке Катарина шықты. Рөл жауапкершілігі театрдың талантты актрисасы Айнұр Рахиповаға жүк­теліпті. Кезінде аталған рөлді кейіпкер биігіне көтерген Қазақ­-
с­тан­ның халық әртісі Хадиша Бө­ке­ева жолын жалғаған Айнұрдың кейіпкер болмысын барынша бойы­на сіңіруге тырысқаны көрініп тұр.
Ал Петручионың орны бөлек. Шәкен Айманов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, бүгінгі қойылымда эстафета дарынды актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қимыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер болмысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзіне жүктелген жауапкершілікті актер­дің де жіті сезінгендігі сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан айқын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан.
Аталған қойылымды тамашалап отырып, көрермен шын мә­нінде «театрдың сана өнердің тоғысқан мейрамы» екендігіне көз жеткізеді, сол сезімді бастан кешеді. Себебі, Мұхтар Әуезовтің ақ өлеңмен өрілген аудармасын игеру өз алдына салмағы ауыр жүк болса, оны спектакльдің басынан аяғына дейін темпоритмі бәсең­демейтін қимыл-қозғалыспен қатар ұштастыру – режиссерден де, актерлер де аз еңбекті талап ет­пейді. Осы қиындықты жемісті ең­­серген режиссер, жұмыс нә­ти­жесінде толыққанды ансамбльдік біртұтастыққа қол жеткізген.
Бір сөзбен түйгенде, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың рефор­ма­торлығы да сол – қойылымдарында мүлік емес, бірінші кезекке үнемі актерлердің өзі шығады. Сондық­тан да сахна суреткерінің әр қойы­лымы үздіксіз қозғалысқа түсіп, тірі ағза секілді өнердегі өмірін сүріп жатады.

ДАРА ЖОЛ
Нұрқанат Жақыпбайдың өнер әлеміне әкелген ұлы жаңалығы – Елорда төрінен бағыты да, бағдары да бөлек жаңа театрдың іргесін қалауы.
Астанадан Жастар театрын ашу жайлы алғаш ұсыныс түскенде бәрін тастап, жылы орнын суытып, үйренген ортасын қиып Алматыдан жыраққа қоныс аудару оңай болмады. Шәкірттерінің оқуы, ал режис­сер­дің ұстаздықтан бөлек, Ғ.Мүсі­репов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық Балалар мен жасөс­пі­рім­дер театрында ұзақ жыл­­­дан бері етіп келе жатқан қыз­меті бар. Достары да, жақындары да, сырласар ортасы да осында. Қа­лай дегенмен, Алматы – мә­де­ниет­тің ошағы ғой. Сондықтан алғашында бір шешімге келуде қатты қиналды: «Бірді мыңға сата ма» («Абай»), әлде бәрін жалғыз арманының жолында құрбан ете ме? Режиссер арманын таңдады! 39 жыл қызмет еткен құтты орны – театрын, отбасын қалдырып, оқ­уын енді тәмамдағалы отырған шәкірттерін ертіп, тәуекел сапары – арманның ұлы жолына бағыт бұрды.
Театр ашу жайлы ұсынысты қабыл алуын алса да, баратын жер, табан тірейтін баспанасы жоқ бір қауым ел екі бөлмелі пәтерді қа­нағат тұтады. Қара басын емес, әуелі шәкірттерінің қамын алдың­ғы орынға қойған режиссер пәтерді басы бүтін жас сахнагерлерге босатып беріп, өзі Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыка­лық драма театрының үшінші қабатын­дағы кеңістіктің тарлығы­нан тік кіріп, тік шығатын аядай ғана бөл­мені екі жыл тұрақ етеді. Сол ша­ғын бөлмеде бүгінгі театр мамандары мен көрерменінің аузының суын құртып, тамсантқан жаңа­лық­қа толы өнер туындылары өмір­ге келді. «Қиналдық, бірақ қи­нала жүріп алдағы жарқын күн­дер­ден бір сәт те үмітімізді үзбедік. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Бізде сенетін де, арқа сүйеп, иек артатын да ешкім болмады. Сон­дық­тан өзімізге, екі қол мен жүре­гі­мізге, маңдай терімізге сендік. Түні бойы отырып таң атқанша кос­тюм тігеміз, киім үлгілерінің эскизін жасаймыз. Басында арнайы суретшісіз, кеңесшісіз жұмыс істедік. Өйткені, оған беретін ақ­ша­мыз болған жоқ. Базарға барып арзан бағамен мата, целлофан, жылтыр қағаздарды сатып әкелеміз де, орыс театрының иістеніп кеткен сыз жертөлесінде отырып, түні­мен киім тігіп, декорацияны дайындаймыз. Күндіз қойылымға дайындық жүргізіп, кешкісін спектакль ойнап жүрдік. Ас мәзіріндегі басты тамағымыз – нан мен майонез болды. Соны талғажау етуге, қанағат тұтуға тура келді. Қазір мұның бәрі өтірік сияқты көрінеді, бірақ біз осындай жолдан, осы қиындықтардан өттік және ол қиын­дық бізді кәдімгідей шың­дады», – деп сыр тарқатады ре­жи­сер­­дің өзі өткен күндер естелі­гінен.
Есепсіз төгілген маңдай тер, адал еңбектің қай кезде де өтеуі болған. Бүгінде жас театр Елорда төрінде жаңа ғимаратқа ие болып, төл театры төрінде Х маусымының тұсауын кесіп жатса – бұл да сол өнерге деген шексіз махаббат пен ешбір өтеусіз еселене төгілген маң­дай тер, қажыр-қайраттың, тұғыр­лы табандылық пен ерік-жігердің жемісі деп білеміз. Жастар теат­ры­ның жаңа ғимаратқа көшуі – Астана тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өнер әлеміндегі үлкен жа­-
ң­а­лық болды. Күләш Байсейітова атындағы бұрынғы Ұлттық опера және балет театры енді жас театр­дың іргелі қарашаңырағына айналды. Осындай толқынысты сәт­тегі сезімімен бөліскен сурет­кер­­дің: «Бұл ғимараттың тарихы үлкен ғой. Кезінде ұлы Күләш апа­мыздың атындағы театр болған. Осы аяулы есімнің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – деуі де жас театрдың өнердегі өрісіне өл­шем, алдағы күндерде атқармақ айтулы туындыларының талғам деңгейі мен көркемдік келбетіне таразы.
Балалығы мен шалалығы басым бір-бір үйдің еркелерін сахна мәдениетіне тәрбиелеп, кәсіби маман етіп шығару үлкен ыждағат­ты­лықты талап етеді. Оған да тура туған үйіңдегідей ананың аялы алақаны мен көзінің қиығымен-ақ бәрін ұқтыратын әкенің қатал мінезі керек. Еркелете отырып алға жетелейтін шексіз шыдам мен темірдей төзім қажет. Егер осы өлшеммен келер болсаңыз, Нұр­қанат Жақыпбай қазір қатары тым-тым сиреп бара жатқан, бәрін көзқараспен ұқтыратын қазақтың асыл текті әкелерін көз алдыңызға әкеледі. Иә, ол – қатал. Талап етер тәртібі де кейде жан төзгісіз, тіпті қажет жерінде жылатып та алады. Бірақ ол қаталдығының астында қандай мейірім-махаббаттың жасы­рынғанын тек шәкірттері ғана сезінеді. Бүгінгі жеткен жетіс­тігінің барлығы да режиссер қояр сол темірдей тәртіп пен талаптың ар­қасы екендігін олар жақсы түсінеді. Сахнада шәкірттерін сын тезіне салған суреткердің, театрдан тыс уақыттағы «балаларым» деп бәйек болар жан мейіріміне бойлап, жы­лы­лық тұнған жанарына үңілсеңіз, жүрегіңіз елжіреп сала береді. Иә, режиссер емес, ол енді – әке! Ал актерлер – шүпірлеген балалары. Ол отбасына ғана емес, өзі құлын күнінен тәрбиелеп, үкілеп өнер додасына қосқан, бүгінде бір қауым елге айналған шәкірттерінің бар­лы­ғына – асқар тау, алып қорған. Тәлімгерлерінің алты буын легін дайындаған ұстаз­дың соңғы төрт буыны – бүгінгі Жастар театрының белді актерлері. Кезінде тұрақты ғима­раты болмай, қытайдың ала сөмкесін көтеріп көшпелі ғұмыр кешкен бір топ жас – Дәурен Сер­ғазин, Әділ Ахметов, Азамат Есқұлов, Жандәулет Батай, Бақыт Хаджыбаев, Айнұр Рахипова, Мадина Май, Махаббат Мад­ғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қа­лау­шылар, жас та болса ұжым­ның аға буыны саналады. Соңынан еріп, қатарға қосылып жатқан іні-қарындаста­рын құшақ жая қарсы алып, білгенін жабыла жүріп үйретеді. Сөйтіп, біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі аға, біреуі іні, біреуі әпке, біреуі сіңлі, бауыр болып Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері бір әкенің баласындай жас театрдың төрінде өсіп келеді. Тіпті, сол балаларының шымыл­дықтың артында тәрбиеленген балаларының алды ес біліп, сахнада қойылым ойнайтын деңгейге жетіп отыр. Тағы да режиссер айтады: – Өнер деген – жанкештілік. Жанкештілік­те жүрген жаннан шын өнер туады. Бір кездерде сахнаға шығар киіміміз­дің, тіпті жейтін нанымыздың бол­мағанын біз ешқашан да ұмыт­паймыз. Жоқшылық бізді тәубеге, қолымызда барға шүкіршілік етуге үйретті. Аязби деген әулие бар ғой аңызда. Сол секілді біз де кейде бір астамшылыққа ұрына бастағанда, балаларды тоқтатам: «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!». Көр­діңдер ме, біздің есіктің маң­дайы­нда не ілулі тұр?! Сол ала сөм­кені, қайдан шыққандарыңды ұмытпаңдар! – деймін.
…Осыдан 10 жыл бұрын Нұрқа­нат Жақыпбай Елорданың төріне өз қолымен әкеп еккен бір түп шыбық бүгінде тамырын кеңге жайып, саялы орманға айналды. Арман ақиқаттың жолына түсті. Алғашқы жемісін бере бастады. Жас өркенге тыныс сыйлап, демін ашқан сол мәуелі бәйтерек өнер-орманындағы өз орнын белгіледі. Небәрі 10 жылдық тарихында рес­пу­бликалық, халықаралық байқау­лардан 10 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы да жас
ұж­ым өнерінің бағытына бағдар, өрі­сіне өлшем. Жалғыз жолаушы адас­папты. Соңынан қаулап өсіп келе жатқан ордалы орманға бағбан Нұрқанат ойлана ұзақ көз тігеді…

Назерке ЖҰМАБАЙ,
Өнертану ғылымының магистрі.
Астана.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір