БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ
16.06.2017
1371
0

Бала кезімнен көрме атаулыға қызығушы едім. Қазір де «Атакенттегі» өтетін бірде-бір көрмені назарымнан тыс жібермеймін.
2016 жылы тамызда өзім кі­тапханашы болып қызмет істеп жүрген ҚР Ішкі істер минис­трлігінің М.Есбулатов атындағы Алматы академиясында
«ЭКСПО тарихынан» тақыры­бын­да курсанттарды ЭКСПО тарихымен таныстыру мақ­сатында көрме ұйымдастырдым. Көр­мені безендіруге өзінің үлесін қосқан академияның 2 курс курсанты Сәрсенбек Апушев. Онда әр жылдары әр елде өткен көрмелерге қысқаша шолулар жасалған. Мәселен, Бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылдың бірінші мамырында Лондонның Гайд саябағында өткен екен. Конкурста сәулеттік жоба ретінде ғимарат­ты шыныдан салып беруді ұсынған бақша­шы Джозеф Пакстонның Хрусталь сарай жобасы жеңіске жеткен.Оны 20 апта ішінде 6 миллион адам тамашалаған. Ол көрмеге сол уақытта әлемдік өндіріс, өнеркәсіп өнімдерін көруге болатын. Олар американ­дық өнертапқыш Чарльз Гудиердің бу қозғалтқыштары, стерео-суреттері, вул­канизацияланған резеңкесі, сонымен қатар қойытылған сүт, консервіленген азық-түліктер, мүгедектерге арналған протездер, әйнек көз, стоматологиялық кресло, «вена­лық» орындық және т.б. еді.
Келесі көрме 1855 жылы 15 мамыр – 15 қараша аралығында Францияның астанасы Парижде өтті. Оған шамамен 5 миллионға жуық адам келген. Осы көрмеде тамашалаушылар қазіргі тілмен айтқанда, «иннова­ция­лық» өнертабысты, яғни бұрын көрме­ген жаңа жетістіктерді тұңғыш рет қы­зық­тады. Мысалы, газон шабатын кіш­кене машина, кір жуғыш машина, сөйлей­тін қуыршақ, мұнай өнімдерімен жүретін машина жұрт назарына ұсынылды.
Арада екі жыл өткен соң франциялықтар тағы да көрме өткізуге құлшынды. Оны «Екінші әмбебап» деп атады. 1867 жылы өткен осы көрмеде тұңғыш рет сүңгігіш адамдардың, өрт сөндірушілердің киімдері, гидравликалық лифт, сусын құятын жаб­дық­тың түрлері, тағы басқа жаңа өнімдер ұсынылған. ЭКСПО-ға 15 миллиондай адам келген.
Үш жыл өткен соң Австрия техникалық жетістіктердің көрмесін Венада өткізетінін жариялады. Павильондар астындағы жердің 12 гектарына өнеркәсіптік сарай салынды. 1873 жылы ЭКСПО-да алғаш рет ғалымдардың халықаралық алқалы жиынын өткізді. Венада 12 конгресс және әр түр­лі конференциялар ұйымдастырылды. Көрмеге Жапония бірінші рет қатысты.
1876 жылы Филадельфияда өткен
ЭКСПО көрмесіне Америка қо­сыл­ды. Тұңғыш рет көрме бір ғимаратта ғана емес, бірнеше павильонда өтті. Олар өнер павильоны, жабдықтар бөлмесі, бағ­бан­ның сарайы және ауыл шар­уа­шылығы бөлімі болып бөлінді. Мұндағы басты жаңалық – көрменің ішінде теміржол көлігінің пайдаланылғандығы. Алғаш осы Филадельфиядағы көрмеде Александер Грейамның телефоны, Томас Алва Эдисонның телеграфы, Реминг­тонның жазатын машинкасы және «Хайнц» томат кетчубі ұсынылған болатын.
1933-1934 жылдары ЭКСПО көрмесі Чикаго қаласында өтіп, оған 39 мил­лион адам қатысқан. Көрме өте табысты өткен екен.
1958 жылы Брюссельде өткен көрме «Озық­тық және адамзат» деп аталды. Онда адамдар тұңғыш рет жер серігін, атом электро­станциясының жобаларын (макет­терін), жаңа қозғағыштарды және келешек компьютердің ізашарларын көрді. Бұл жолы көрмеге 41 миллионға жуық қызықтаушылар келген.
Американың Сиэтл қаласында 1962 жылы өткен көрмеде «ІВМ» компаниясы өзінің алғашқы компьютерлерін жұрт назарына ұсынды. Көрмеге келушілерді
павильон қабырғадағы алып теледидар, элект­рон­дық кітапхана таңқалдырды.
Монреаль қаласында 1967 жылы өткен ЭКСПО ең табысты болып саналады. Өйт­кені, мұнда келушілердің саны 50 миллионға жеткен. Онда Жак-Ив Кусто­ның сүңгуір экспедициясын көрсетті, ал Кеңес үкіметті Юрий Гагарин жерді айналған ғарыш капсуласын апарған болатын.
ЭКСПО-ның келесі көрмесі Жапония­ның Осака қаласында өтті. Мұнда ғалымдар 500 000 есе ұлғайтатын электронды микрос­копты және электромагниттік жастығы бар пойыздарды ұсынды. Сонымен қатар, толық масштабты ядролық реакторлық макет, АҚШ пен Кеңес үкіметінің космос­тық кемелерінің жобаларын және алып роботтар қойылды. Бұл көрмеде Жапония­ның электроника саласындағы инновация­лық болашағы айқын көрінген еді.
Қазақстанның бас қаласы – Астанада өтіп жатқан ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – Болашақ энергиясы. Қазір барлық ғаламшардың алдында тұрған ең бір өзекжарды мәселенің бірі жыл­дан-жылға азайып бара жатқан энер­го­ресурсты үнемдеп игеру. ЭКСПО – 2017 үш айға созылмақ. 115 мемлекет және 22 халық­аралық ұйымдар қаты­сатын бұл көрмені 5 миллионнан аса адам тамашалайды деп күтілуде, 3 мыңнан аса мәдени шаралар өткізілмек.

Жәмила БЕКМЕТЬЕВА,
жоғары санаттағы
кітапханашы-библиограф.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір