ҰЛТТЫҚ ТІРЕГІМІЗДІ ҰСТАНАЙЫҚ
16.06.2017
1699
0

Қазақ халқы өмірге дербес иелік жолын жаратылыс жасап берген жарғысынан алған. Жанға да, тәнге де және бұлармен кірпік қақпай қатынаста тұрған дүниеге де, өздерінен алып, өздеріне беруден жаңа түр, жаңа тек тудыратын тіршілік негіздерін ежелден түгендеп таныған еліміздің ерекше ұлттық қасиеттерін біліп өсу – бәрімізге борыш.

Жеті қазынаның әрқайсысы әр тараптардағы мәндерге ие бол­ғанымен, тірліктің түбіне тоқтар сағада табысып, адамның несібіне тән азығы, жан азығы болып қызмет етеді. Мұның алғашқысы – заттай табыс, соң­ғысы — ішкі дүние қорегі. Әлемдік мәдениетте көркемөнер көпке бөлінеді. Соның салалары бо­йынша біздің елімізде де шы­ғар­машылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар ел игілігінің ошақтарын құрып, оттарын жағып отыр.
Елбасымыз Н.Назарбаев бас­тап бара жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебие­ті­міз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда – ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс», – де­ген қамқорлығынан ұлт жаны жадырап, жаңа серпіліске от алды.
Әдебиет пен музыканың байланысы Адамзат дүниеге келгелі және оның бір ұрпақ бұтағы біз – Қазақ халқымен де бірге туып, бар өмірімізді бейнелеп бірге жаса­сып келеді. Көп салалы өнердің ешқайсысы бізге өгей емес. Бірақ солардың ішінде поэ­зия мен музыка бәріміздің бесіктен беліміз шыға, бірі – тәт­ті тілімізді ашса, бірі – жансерік уіл­ді сезім күйі нәзік үнімізді аш­ты. Екеуі де берекелі, ыспадияр ырысымыз. Түрге бөлгендегі осы екі жанрдың бастарын қосып, өмірге ән келеді. Көптеген мамандықтарға қабілетті көзіқарақты зейінділер, сондай-ақ, көрінуге жақын алдыңғы қатарлардағы күнкөрісі тоқ, өздеріне түгел бесаспап мә­де­ни­ет­ті мырзалар, ән дегенді еріккен жұрт ермек қылатын, сыпайылар сыртынан жүргізбеуге тиісті қы­дыр­ма құс қатарына санайды… Бұрынғы-бүгінгі бүкіл әлемдік көркемдіктің атасы – ӨНЕРДІҢ өзі поэзия мен музыканы ұстанып келе жатқан әнге бас иеді. Өйт­кені, оның өн бойы осыдан жарал­ған бұзуға болмайтын болмыс бүтіндігі. Халықтың наннан басқа негізгі нәрі не еке­нін білмеу – рухани орта шаруа бейбақтарға тән сыбаға. Өнердегі жоғымыз түгенделмей келеді. Оған көніп отырған қазақ халқы­ның көнбіс күйіне жаратылыс өз жолын жібермейді. Ол адамды адам ету үшін тән азығын теріп жеуге, жан азығын құпия құдіреті арқылы әркімге әр түрлі нәсіп ет­кен. Өнер – тілді ұстайды. Тіл мен өнер дәстүрлі ұлтты ұстайды. Бұлардан айрылсақ, біз кім боламыз?..
Біздің мемлекетіміздегі шы­ғар­машылық одақтар, олардың бәрін атамай тұрып екеуін-ақ
ал­айық. Композиторлар одағы мен Жазушылар одағы осы ұлттық ән өнеріміздегі білдей десе де болады, нардай десе де болады, қазақ халқының ішкі жандүние­сі­нің иесі – ән мен өлеңдей екі жанрды ұстап отыр. Қазақ теледидары мен Қазақ радиосы көр­кем­дік дүниелерді, әндерімізден бастап бүкіл өнерді насихаттаушы ғана емес, қазақ ұлтын қалып­тас­тырушы дүкен. Жалпақ әлем­ге Қазақтай қаһар­ман халқының ұлттық көркем бейнесін, жанжү­рек жырлары арқылы, озық ер­екш­еліктерімен тұтас тұлғада дәлелді жеткізуге жауапты отқай­шы орындар. Сол талапқа ыла­йық­ты қазіргі заман көрнекіқұрал ақпараты солардікі болып тұр.
Ал бұлардың бәрінің үстінде қанаттас, тірліктері тіндес, үлт­тық көркемөнердің қазысы, ұлт­тық бай мұраларымыздың бесігі Ұлттық Ғылым академиямыз жә­не осы Әруақты Орданың бел­тіреуі М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты отыр. Бәрінің жұмыстары жүріп жатыр. Әлей болсын. Тілектеспіз. Бірақ…
Бірақ Әлихан Бөкейхановтай ұлы көсеміміз: Дүниені жағалап, көкте ұшып келе жатқан ән мен өлең-жыр, әлем елдерінің еш­қай­сы­сына соғып аялдамай, Қазақ еліне келіп қонып өткенін; содан қазақ халқы шеттерінен әнші, өлеңші, ақын, суырыпсалма (им­провизатор) қасиеттер дарыған аса талантты өнерпаз халық деп сыртқы елдер де қызығып айтатын халықаралық аңызды Ф.А.Брокгауз бен Н.А.Ефрон энциклопедиясында редакция­лық алқа мүшесі болып жүргенде хабарламап па еді. Әлекең сонда халқының бойында бар байлы­ғын айтты ғой. Айтса айтқандай, нәрестелеріміздің тілі шығарда бес саусағын көрсетіп мынау не десек: Би – Бас баймақ, Екі – Ба­лан үйлек, Үш – Ойтан телек, Тойт – Аты жоқ бөбек, Бес – Шілди шүмек, – деп «р»-ға тілі кел­­месе де саусақтарын са­нап, тақ­пақ өлеңмен ағыза жырлап, аттарын атап беруші еді ғой. Бізге бұл қуанышты алдын ала ерте түсіндірген данышпан Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп, таза табиғи тірліктің бейнесі мен маңызы көркем өнерде өмір сүретінін айтты.
Халық әндері мен өлең-жыр, дастандарының құдіретіне еш­кім­нің құшағы жетпейді. Қай­ғы­сына қарайып, қуанышына құлпырып қарайтын да халқы­мыз­дың өзі. Біз қазір өмір өлең­дері мен жырларын жанрға бөліп қарап жатпаймыз. Бірақ соның бәрі үлкен болсын, кіші болсын керек кезінде жалғыз сөзбен айтылып, өмірдің шындығына көңіл күйін білдірген. Мысалы, біреудің жалғызы мерт болғанда атасы «құлынымдап», анасы «бо­там-айлап» зарлап тұратын.
Мейірімді жанашырлар «ба­уы­­рым-аулап» дауыстап келіп көріседі.
Бұдан ары қаралы жоқтаулар және өлік иелеріне сабырға ша­қыр­ған тоқтаулар ақ өлең ұйқас­ты шешендік толғаулар да айтылады. Өлікті үйдің әні естіген жан­ның бәріне бір өлімнің өзіне де кезегі келеріне уайым қоңыра­уын қағады. Санасы жетілген ба­сы жұмыр пендеге «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» өмір мек­тебінің үлкені сол. Қа­зақ­та дүние салған аталарын пер­зент­тері, азаматтарын жұбай­лары таңның атуы, күннің батуымен жарысып жыл бойы жоқ­таған, Ұлт­тық көркем әуен­дермен өріл­ген өлмейтін поэзиялар жасқа оранып омырауларын жуған. Ақылға оранған терең ой­лы – философиялы тарихи дү­ние­лері­міз ескерусіз; Оның үсті­не енді болашағымен өше ме?
– Өмір – кезек дүние. Жартысы тіршілікті жырласа, жартысы өмірдің өкінішін одан асырып айтады. Толмайтын үлкен нәрсе – жете алмай тын жандүние ке­ң­іс­тігіне «Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп Абай тоқтау салған.
Патшалық Ресейдің тұсында-ақ іргелес елдерді басып алып, халқының тұрмыс-салт дәс­түрле­рі мен ұлттық өнерлерін жойып, шоқындырып, өздеріне қосып алу ұтымды науқан еді. Басқа ұлт­­тардағы озық өнерлерді жо­ға­лт­тыру қатыгездігі өздеріне мәртебе саналды.
Шусыз, дағбыртсыз үндемей іске асыратын «бейбіт бұйрықты» ұстау оларға теспей сорудың ең оңтайлы жолы деп танылды. Кө­рі­ніп тұрған азары жоқ. Бірақ құр сүлдерлі халық «жаумен бірге елін шабатын» (Мағжан), жендет­терді керек етпейтін, билікті сатып алған өзіміздің болыстарымыз бен датқалардың айдауында жүрді.
Қалың бұхараны адастырып алдап, «бостандық» ұранын кө­теріп, «теңдік туын» шайқап кең­естік қызыл өкімет келді. Ескі өмірді өртеп, жаңа өмірді жасамақ болды. Кедейді байға, қа­тынды еркекке теңеді, Социалды (тегістік) жаңа тұрмыстан бастап, коммунистік қоғамда ел бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында жатады. Жекеменшік болмайды. Дүниежүзіне тегін ең­бек пен тегін күнкөріс жасайтын коммунизм құрамыз деп келген большевиктер халық да­налығындағы «…үйде менің бір әпкем бар, менен де сорақы» дейтін ақпатшалық сұмдық сұрқия иелерінің сіңлісі болып шықты.
Қызыл үкімет халық шығар­ма­шылығының барлық байлы­ғын көміп, дәстүрлі даму жолдарын қырқып тастады. Халық әндері мен өлеңдеріне тегіс ты­йым салынды. Кеңестік заманға кезіккен классик ақындарымыз­дың бәріне қызылдың дәуірі жырлану керектігі міндеттелді.
Біздің белсенділеріміз халық­ты рухани құрауыз қалдырмас үшін бағалы әндеріміздің парасатты өлеңдерін алдырып тастап, бәріне жалаң үгітті ұр да жық: «Байларды, молданы, Қойдай қу қашымен!» деген екпінде социалды жазалау өлеңдері жазылды. Өз жөнін білмей жүріп, басқа жүрт­тың әнсымағына ауыз салу мақтанышқа айналды.
Соған елеріп, сеніп ерген қа­зақ халқының аузына «әу» дейін десе түк түспей қалды. Бұрынғы халық әндерін, жыр-дастан, хисса, айтыс, естірту, көңіл айту, той бастау, беташар, жарапазан, қонақкәде, сыңсу, жоқтау, қош­тасу, бәдік, төрт түлік жырлары, жұмбақ өлең айтысы, арнаулар, ауылдың алты ауыздарын айта­йын десе қылмыс болып халқы­мыз бар жақсысынан айрылды.
1918 жылы Орынборда бір сауықкеші өтеді. Қазақстанға жер аударылып келген банк қызметкері әрі музыкалық білімі бар поляк азаматы А.Затаевич пианинода әншілерді сүйемелдеп жүретін. Бірақ ол осы кеште көптің арасында залда отырған екен.
Бір кезде, – дейді ол өз естелі­гінде, – Арқа жақтан келіп, оқу-ағарту саласындағы курста оқып жүрген жас жігіт Қуандық Жез­ді­баев домбырамен сахнаға шығып қазақтың «Харидай-ау» деген әнін айтты. Асып бара жатқан даусы жоқ. Биязы ғана қоңыр, әдемі үнінен қазақ әнінің құдіретін көрдім. Сұлулық сүй­кім­ділігі сонша, жанжүйемді тебірентіп жіберді. Осы әннен бастап қазақ халқының әндерін жинауға берік бекініп кірістім. Маған мұндай қыруар жұмысты істе деп ешкім айтқан жоқ.
А.Затаевичтің бұлай қазақ әндерін жинауға өзінің адал ынтасымен кірісіп, еңбек ете баста­ғанын ел басшылары естиді.
«Бізге белгілісі, Сәкеннің мұ­рындық болуымен А.Затаевич­тің қазақтың 1000 әнін жинауға бел­сене кірісуі. Бұл тарихи уақиға туралы сәкентанушылар зерт­теу­лерінде мынандай деректер бар:
«В условиях финансового кризиса республики Сакен Сейфуллин находит средства для Александра Затаевича на сбор подготовку и издание 1000 песен казахского народа. Пряма в кабинете СОВНАРКОМА Затаевич записывает в нотах конный марш хана Аблая. Помошник и друг Сакена Алькей Утекин исполняет марш хана Кенесары. Любовь к народному творчеству подвиеает его к поиску, сбору и изданию многотомного собрания казахского фольклора. Он – первый руководитель республики, кто дал высокую оценку творчеству Жамбыла Жабаева, как исполнителю тюркского эпоса «Кероглы» деп баға береді. (3, 145-б.).
Сәкендей тұлғаны ерекше атап отырғанымыз – ерлігін насихаттау былай тұрсын, атын атаудың өзі бас кетіретін уақытта Ер Сәкеннің қазақтың ұлы хандарын еске алып СОВНАРКОМ қабырғасында жырға қосуы көзсіз батырлық. ( Дәурен Ескекбаев. «Қ.Ә.», №30, 2016).
Сонымен 1925 жылы «ҚА­­-
З­А­Қ­­­ТЫҢ 1000 ӘНІ», 1930 жылы «ҚАЗАҚТЫҢ 500 ӘН-КҮЙІ» А.Затаевичтің жинап, құрас­тыруы­мен басылып шықты. Бі­рақ бұл әндердің бәрінің өлеңдері жоқ. Әндердің тек ноталары ғана берілген.
Ол кезде біздің арабша ал­фа­витіміз оңнан солға қарай, ал нота жазуы солдан оңға қарай жа­­зылатын қарама-қарсы сәй­кес­сіздігі де бар еді.
Қызыл үкімет 1930 жылдардан бастап Ахмет Байтұрсынұлы жасап берген төте жазуымызды және оған қоса – бұрын-соңғы араб жазуымызды жойды. Оның орнына елді он жыл латын әр­пін­де оқытып, 1941 жылғы орыс-неміс соғысының алдында кирилл алфавитіне көшірді. Нәйеті жиырма жылдың арғы-бергі арасында, оқу-ағарту сауат­ты­лық саласындағы қазақша жа­зу әріп­теріне үш рет төңкеріс жасалды. Өз елінің тарихын бола­шақ ұрпағы кейін танып оқи алмасын деп әдейі жасалған «қамқорлық» халық шығарма­шы­лығы қазына­сынан бізге ат құйрығын кестірді. Мұның салдары ұзамай-ақ соқты. Соғыс кезінде ата, бала, немере – үш ұрпақ бір-бірінен алған хаттарын танымай, «оқып беретін кім бар?», – деп кәріп боп жүрген көп бейбақтарды біз көрдік.
Кеңестік кезеңдегі қазақ ән­дерінің көбі (бәрі десе де болады) мамандық, әсіресе әйелдер мен қыз балаларды қисынсыз ауыр кәсіптерге жегу социалистік-коммунистік үгіттің үлкені болып науқандық ұраннан түспей қойды. «Қой өсірген келіншек», «Тракторшы қарындас», «Қыр­ман­ға кел, қалқатай», «Комбайншы сұлу», «Мақташы қыз», «Сауыншы жеңгей», «Шахтер қыз», «Су тасушы қыз» секілді «Жүз биеден жүз құлын әперем деп, Отанға берген антым бар» – дейтін «Жылқышы әні», «Қы­зыл­шашылар маршы» сияқты әндер, тізе берсек толып жатыр.
«Көкше байлық – үш айлық, Үш айдан соң шошайдық» деп егіс салып, арық қазуға шақырған бұл әндер, қазақ жастарын оқыт­пай бұрып, қара жұмысқа үгіттеу мақсаттарына жұм­сал­ды.
Орта мактептерді бітірген ұл-қыздарымызды жоғарғы оқу орын­дарына жібермей, «Жас шопандар бригадаларын», «Тың игерушілер тобын», «Құрылыс­шы­лар отрядтарын», «Жас механизаторлар», «Мақташылар звеноларын» құрып, оларға мектеп бітірушілерді комсомолдық жолдамалармен аттандырды.
Сыныптастарды өз-өздеріне тез үйлендіріп, комсомолдық тойларын жасап, қызыл маталы ұрандардың астында билетіп, шығарып салу таптырмайтын табысты салымға айналды. Ау­дан­дық газеттер мен көшелер­дегі электр бағандарына жағалай ілген қазандай радиолар тау-тасты жаңғыртты. Жастардың болашағын қырқып жатқан қыл­мысты әдістерін, осындай өтірік өлеңді қызыл жалаулармен жапты. Мұндай дүбірлерді ұйым­дастырғыш «қабілетті» ауыл-аудан басшыларының балалары оқу іздеп қалада жүрді. Олармен бірге бітірген қара халықтың қыздары бір жылдан кейін балалы болды. Жапандағы жалғыз үйде «Қой өсірген келіншегі»» құрысын деп, қой соңында кеткен байларын күтіп, жылап отырды. Оны көрген белсенділер оларды «депутат бо­ласын» деп жұбататын. Жоғарғы оқуға бару армандары жайына қалған бір­неше толқын уақыттың жастары бір-бірінің қайда кетке­нін біл­мей, адасып қалды.
«Жылан бауыр, Сүйегі ауыр, Алып НАТИ жосылды» деп желпінте жырлағанмен елге келмеген, ол жаңа трактордың түсін де көрмеген тракторшы қаршадай қыздарымыз қатып-семіп, кабинасы жоқ қатардан шығып қалған ХТЗ-да шошайып үсікке оранып қор болды. Мұны сол кездің бел­сен­ділері «уақыт талабы» деп міндеттеді. Көрдіңіз бе, кері кеткен заман қасіретін уақытқа жа­уып көптің көзін боядық. Ақы­ры қызыл үкімет күйреп, ылажсыз ыдырады.
Тәуелсіздік деген – өзінің От­ан-ошағы, жер-суы, өзінің халқы, өзінің тілі, мәдениеті мен тарихы бар елдің дербес бос­тандығын алған өзіне-өзі ие мысыр сарайлы ел деген сөз. Қа­зір­гі салтанатты сәулетімізге сай, халық дәстү­рін­дегі өнерімізді ұлттық шығарма­шылық байлы­ғы­­мыздың айдынында, әлемге жайып салып, жайнатып көрсете­тін күшіміз бар. Бірақ бар билігі өзімізде тұрған бүгінгі тәуелсіздік тұсы­мызда қазақ әндерінің төс­та­баны неге жерге тиді. Белгілі ғой…
Әу дегеннің бәрі жұлдыз атанып, көктегі жұлдыздан көбейіп кетті.
Халық әндері қамауда қалды. Эстрада зікірге айналды. Жанр емес қосарлана шапқан қосдауыс­тысымақтардың, биші емес бей­бақ көбелектердің алдарына шы­­ғып атандай төрт жігіт бір шу­мақ өлеңнің төрт жолын төр­теуі кезек айтады. Дауыс­тардың түрі жоқ, әннің әуені мен сөздің мазмұн-мәні жоқ.
Кеңестік кезеңнің үгітімен жастарымыздың бәрі бірдей «үш жыл қой баққаннан ақыл сұра­май­тын» қойшылықта құл болып өтті.
Егемендігімізді алдық деп енді бәріміз бірдей «тойшы болып – қу болғанымыз» (халық мақалы) өлердей ұят емес пе.
Бұл бейбас өнерге қарсы ел тілегін айтып, дауыс көтеріп келе жатқан халық өкілдері күн са­йын көбейіп, шуыл шаш-етекке айналды.
«Қазақтың бүгінгі төл әні жә­не жас буын» туралы Назым Дүт­баевамен сұбхатында университет ұстазы Ықылас Ожайұлы:
– Қазақ музыкасы не көрмеді дейсіз? Отарлау саясаты небір қа­дір-қасиетін отап кетті. Адам­ның көрген дүниесі мен тыңдаған әуеніне қарай танымы қалып­тасады. Мысықтың мауық­қа­нын­дай: «Алло, бұл кім?..», «Ас­пан­ға қараймын, Жұлдызды санаймын» деген секілді «ән­дер­мен» біз ұлт ретінде ұзаққа бара алмаймыз. Бұл ұлттың сапасын құлдырататын қауіпті індет, Бұған мемлекет тарапынан тос­қауыл керек. Біз қазір қазақ бок­сын «Қазақ арландары» ар­қылы, қазақ күресін «Қазақ барысы» арқылы ептеп әлемге та­ны­тып жатырмыз ғой. Қазақ әндеріне де дәл осындай жоба керек. Қар­жы­лық көмек болатын болса, қазақ әндерін жоғары деңгейге көтеруге әбден болады, – деп ұлтымыздың жанашуын баяндайды.
Ұларбек Нұрғалымұлы «Қазақ әнді қалай тыңдаған» деген мақаласында ән мен елдің бір-біріне парасат байлығының, Назерке Жұмабай «Әннің де әдебі бар…» деп әніміздің мәдениетінің, сыпайы көркемдігінің өліп кет­кеніне қабырғасы қайысады.
Қорғанбек Аманжол: «Жаназа асы жиналысқа айналмаса етті…» деп елге сыпайы тақы­рып­­ты, сыйлы ескерту мақала жазды. Қазақ дәстүрінде қарасы атшаптырым қаралы жиынның орны үлкен. Онда өмірге сабақ көңіл айтулар – көркем сөзді ше­шен­дік ақ өлеңдер ағылады. Жан­­күйер дауыс – қаралы ән – жоқтаудың базарын жайғастырып жұбатар арда азамат өзін қайғылы салтанатқа сай ұстап басқарар болар. Мұндай көпті өзіне қара­тар қаратіл әдепті кісілерді ел аса жоғары сыйлайды.
Қазіргі кезде осындай жиында өзін көптен асырып көрсетіп, қатардағы шені бар біреуді жа­ғына мақтап дәстүр бұзатын бе­ре­кесіздердің көбейгеніне автор­дың халық атынан күйінішті күй­­­зеліс білдіруі өте орынды. Осы Қ.Аманжоловтың бұдан ке­йін­гі «Қазақ әніне Қытай қор­ға­ны керек емес», – деп жазған та­ғы бір жүйрік журналистік ең­бегінің әлеуметтік салмағы «қа­бырғадан саз кешіп, жүк сүй­ре­ген нардың» еңбегін атқарып тұр.
Иә әні жоқ, иә нәрі жоқ сел­кіл­деп, зікір салған эстрада­сы­мақ­тардың өрмекшінің торындай өнердің жолын жапқаны өкініш. «Арғы Сегіз Сері, Біржан Сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Ес­тай, Мәди, Мұхит, Балуан Шо­лақ, Әміре, Стамғазиев, т.б. ұлы бәйгеден келген тарландарымыз бен бүкіл халық әндері қамауда қалған Қытай қорғаны­ның қажеті жоқ», – дейді.
Атақты әнші, ұлт дәстүріміз­дегі өнердің бүгінгі бір қайраткері Бақтияр Тайлақбаевты ел іздейді. Ол азаматымыз алыста да емес, өнер ордасының ортасында бас­шы­лық жасап жүр. Журналист Айгүл Ақанбайқызы әншіге арнайы барып жолығып: «Сіз неге көрінбейсіз? Тыңдаушыларыңыз іздеп жатыр ғой», – десе:
– Өнердегі «бәсекелестерім» жол бермейді. Осының өзі тел­е­ар­­надағы саясаттың салқыны ма деймін, – деп күле жауап бе­ріпті. «Оның аты тұра тұрсын, Ме­нің атым жүре тұрсынмен» жақ­сылар жолынан осылай да шет­тетілетін сыпайы сыңайы бар көрінеді. Қазақтың ән, өлең-жыр шығар­машылығының ха­лықтан ұзап, қарасын үзіп ба­ра жатқаны­на бой тартушылар бар. «Біз кімбіз? Қайда барамыз?» деген опыныс саналы ерлерді оятты.
«Ұзақ уақыттық отарлық езгі мен күшті идеологиялық үгіт-на­си­хаттар халқымыздың санасын өзгертті. Өзгерткені соншалық, өзіне-өзі сенбейтін, өзінің қазақ болғанына намыстанатын, өз ана тілінен безінетін күйге жеткізді. Соның салдары қазірге дейін сақталып келеді», – деп профессор Нәбижан Мұхамедұлы өмір­ден көрген дертін айтса, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек: «Біз­дің өрлеп, өркендеуімізге, от­ар­сыздануымызға әсер ететін тек екі-ақ фактор. Біріншісі – халық санын көбейту. Екіншісі – білім саласын дамыту», – деп емін айтады. Сұхбат авторы Жанар Анаш ханым экологиялық дағда­рыс­тан бұрын санадағы дағдарыс салдарын уайымдайды. Оған Дания қазағы Әкбар Аюби: «Қазір қазақ қиял әлемінде қа­лып тұрған сияқты. Осы шақты ойламай, болашақты болжай алмай жүргенінің себебі осы», – дейді. Бекер емес қой…
Әр уақытта тәнге қонған дерт біреу болып көрінеді. Оның алпыс екі тамырды алып, жан иесіне жаулық жасап жатқаны әу баста байқалмайды. Біз әң­гі­мелеп отырған ән-өлең, жыр – халық шығармашылығы әдебиет – өнер саласы – Ұлттың жаны. Барлық әдеби және музыкалық жанрлар бір-бірімен байланыс­ты. Мұншалықты бай мұрамыз отарланудың арқасында баяғы­дан бері шетінен кеміп, жоғалып келеді.
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Төлеген Қажыбай «Арқа­ның әншілік дәстүрі: Асыл өнердің арқауы үзілмесін» деген мақаласында:
«Бабаларымыздың рухани мол мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа өткізіп, алдағы ғасырларға апарамыз десек, жеңіл жүк емес. Тек хан-қараға ортақ жауапкершілік, қамқорлық, білікті де білімді басшылық керек.
Бәріміз ортақ қажеттілік үде­сінен шығу үшін сарыла ізденіп, сарсыла еңбектеніп, жұмыла қызмет етуіміз керек. Сонда ғана бабалардан қалған ұлы мұра алдында ар тазалығын ақтап алатын боламыз», – дейді. Дәстүрлі ән-жыр, өлең – рухани жан азы­ғынсыз ұшыраған жұтқа қазір ел көнді. Кез келген қиқуға түсінбей қол соғады. «Адам тозаққа да үш күнде үйренеді». Халық әндері­нен халық адасып қалған. Оған қа­йыр, хош демейік.
Мемлекеттік мәртебеге ие халық қазынасын қорғау жолын­да­ғы ұсыныстарымыз мынау:
1. Жарық көрмей жатқан,
А.За­таевич жинап құрастырған «Қазақтың 1000 әні» мен 500 ән-күйіне өлең сөздерін жазып өмірге әкелейік.
2. Кеңес үкіметі кезіндегі небір аяулы әндер жоғалып кетті. Ол әндердің сөздерінің бәрі большевиктік қисынсыз қызыл ұрандарға жазылған. Сол сөздер­ге бола ұлттық әсем әуендерімізді өшірмей алып қалу үшін, ол ән­дерге де жаңа өлеңдер жазылуға тиіс. Бұл дүниелермен бірге талай классик композиторлары­мыз­дың аттары халқына қайтып оралады.
3. Мемлекеттік телеарнамыздан халық әндері мен басқа да қыруар қызықты шығар­ма­шы­лығын насихаттайтын арнайы арна (канал) ашып берсе, қайран елім деп құшағын жайып көрісіп табысар халық қазынасының қақпасын ашамыз. Қазіргі көрсетіліп жүрген ұлттық спорт бағ­дарламасы үлкен беделге ие болды. Ел өнер саласында да тап осындай қуанышпен табысады.
4. Ұлттық дәстүріміздегі дара сипатты өнерімізді әлемге таны­туға толық мүмкіндігіміз бар. Оған таңдаулы жастардан жүзден аса кісілік Қазақтың мемлекеттік ән-би ансамблін ұйымдастырсақ, қа­зіргі тәуелсіздік салтана­ты­мызға сай үлкен мәртебе болар еді.
Оны екі бағдарламада: Бірін­ші бағдарламаны – таза ұлттық негізде;
Екінші бағдарламаны – біздің Республикамыздағы интерна­­-
ци­о­нал­д­ық туысқан, тату елдер­дің өнер бірлігі негізіндегі ән-би ан­самблін өмірге әкелуіміз игілікті іс болар еді.
Мұндағы құрметті келісім: Біздің Қазақстанда 130-дан ар­тық ұлт тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығының бай ор­талықтары бар. Дүниежүзіне үлгі боларлық ұлттық өнерлерімізді шетелдерде көрсету үшін жаб­дық­талатын ән-би ансамблімізге әр ұлт өз таланттары мен таңдау­лы өнерлерін қосып, осы екінші бағдарламаны қаржыландырып отыруға шамалары жетіп-арта­ды.
Бұлай ету біздің Отаны­мыз­дың барлық азаматтарының ұл­та­ра­лық татулық бірлігін көр­се­теді.

ЯҺУДА АМАНДЫҚОВ,
Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір