Студент: рухани жаңғыру
16.06.2017
1957
0

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде қазір тәрбие жұмыстары заман талаптарына сай жүргізілуде. Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұны терең, ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған мақаласында қамтылған ұлттық идеологиялық бағыттар негізге алына отырып, қайта кеңейтіле түзілуде. Біздің міндетіміз – рухани жаңғыру идеясы арқылы қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру, өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерді екшеп қолдану. 

Биылғы оқу жылы Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, Алаш қозғалысының 100 жыл­дығы, әсем Алматының 1000 жылдығы, Бү­кіләлем­дік 28-ші Қысқы Универсиада ойындары, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерейтойы мен Дүниежүзілік EXPO-2017 көрмесі секілді ірі-ірі әрі мерейлі даталарға толы болды.Уни­верситет қабырғасында жүрген мың­даған студентіміз Ел тарихында қалатын осындай үлкен игі іс-шаралардың басында бо­лып, ерекше белсенділік танытты, көрер­мен ретінде емес, ұйымдастырушылар қата­ры­нан табылды. Себебі, жастар – осы идея­ның нағыз қозғаушы күшіне айналды.
Өскелең ұрпақты дәстүрге берік, отаншыл, ұлттық құндылықтарды дәріптей біле­тін, елінің жарқын болашағы жолында қыз­мет істейтін білімді әрі мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі замандағы кезек күт­тірмейтін мәселелердің бірі. Университеттегі тәрбие жұмысының негізгі ұйытқысы – О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гума­нитарлық білім беру және тәрбие институты мен осыдан бірнеше жыл бұрын институт аясында құрылған Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында бірінші болып Ел­басымыздың «Мәңгілік Ел» идеясынан туын­даған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім ор­талығы негізінде жүзеге асады. Институт­тың ең басты міндеті студенттердің гумани­тарлық ойлауын және ғылыми көзқарасын қалыптастыру. Бүгінде аталған тәрбие институты құрылымында: «Рухани-адамгер­шілік және эстетикалық тәрбие орталығы», «Құқықтық тәрбие орталығы», «Патриоттық тәрбие орталығы», «Тұлғаның парасатты дамуы және дебат орталығы», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталы­ғы», «Көп­тілділік орталығы», «Ұлтаралық келісім орталығы» және 21 ұлттың жастарын бір шаңырақ астына біріктірген университеттің студенттік «Достық» Ассамблеясы бар. Уни­верситеттегі тәрбие жұмыстары жуырда ғана Елбасы өз мақаласында ерекше атап көрсет­кен рухани жаңғыру идеясымен тығыз байланысты. Әрбір орталық Қазақстан қоға­мы­ның өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси мәселеге байланысты құрылып отыр.
Ректор Тілектес Исабайұлы Есполовтың тікелей бастамасымен 2004 жылы құрылған институттың құрамында гуманитарлық бағыттағы бес кафедра жұмыс істейді. Олар жас­тар орталықтарының жұмысына жол көрсете отырып, тақырыптық жиындар мен салиқалы кездесулерге, дебаттық турнирлер мен әр түрлі жарыстарға, патриоттық ба­ғыттағы спорттық акцияларға, және т.б. шараларды жүргізуге тартылады, универ­ситеттегі Тәлімгерлер кеңесінің жұмысын үйлестіреді.
О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гу­манитарлық білім беру және тәрбие институты көрнекті ақынның шығармашылық еңбектері мен азаматтығын студент жастарға кеңінен насихаттап, олардың интеллектуалды тұрғыдан қалыптасып, жетілдіру бағы­тындағы жемісті жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Олжас Омарұлымен1 курс студенттерінің кездесуі ақынның туған күні қарсаңында дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Биыл да көрнекті ақынның шығармашылық еңбектері мен азаматтығын студент жастарға кеңінен насихаттайтын «Олжас оқулары – 2017» атты поэзиялық фестивалі кең көлемде аталып өтті. Айта кету керек, дәл осы жиын­ға университеттің белсенді жастары «Бүгінгі­нің батыры» атанып үлгерген 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамалладиновты кездесуге шақырды.
«Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталы­ғының негізгі мақсаты – жас ұрпақтың елін, жерін сүйетін, халқына адал қызмет ететін жаңа буынын қалыптастыру және еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмір­лік ұстанымдарын, жасампаз қызметі мен болашаққа бастайтын идеяларын пайда­лану арқылы студенттерді тың бастамаларға қанаттандыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау. Бүгінде орталық жанынан құрыл­ған «Жас көшбасшы» клубында 100-ге жуық студент бар. Әрі жыл сайын олардың са­ны жаңа көшбасшылармен толығып отырады. Әр түрлі тақырыптағы панельдік сессия, Елбасы кітаптарын талқылау, Астана қаласындағы Елбасы орталығына саяхат, белді мемлекет қайраткерлерімен кездесулер жиі ұйымдастырылып отырады. Мұның барлығы студенттің Мәңгілік Ел жолындағы үлкен мақсаттарының іске асуына, ұлы дала­ның ұлағатты ұрпағы болуына барынша ық­пал етеді.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары арасында тұңғыш ашылған «Достық» сту­денттік Ассамблеясының орны бөлек. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз ын­тымақтастықта жұмыс атқарып, аудан, қала, облысжәне республика көлеміндегі іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Ассамблея жұмысының негізгі мақсаты – студент жастар арасында достықты нығайту, жалпы қоғамдағы бірлік пен келісімнің сақталуына үлес қосу.
Университет қабырғасында студент­тердің бос уақытын тиімді пайдалануға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға ­бағытталған көптеген үйірме жұмыс істейді. Оннан астам үйірмелердің (би, айтыс-терме, домбыра, оркестр, фольклор, хор, халық шығар­машылығы, әдебиетшілер клубы, драмалық жастар театры, дәстүрлі және эстрадалық ән айту, фотоөнер, телестудия, жас аспазшылар мектебі) басын біріктіріп, жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдайтын Студенттік шығармашылық орталығында 300-ге жуық студент тәлім алуда. Оқу ордасында сондай-ақ, аудан және қала көлемінде ұйымдасты­рылатын барлық концерттік бағдарлама­лардың басы-қасында осы біздің талантты өнерпаздарымыз жүр. Әр үйірмеге өз саласының майталман маманы, нағыз шебері жетекшілік етеді. Тарихы тереңде жатқан А.Жұбанов атындағы сту­денттік оркестрдің 70-ке жуық өнерпазы нота дәптерінен күйлерді жаттап қана қоймайды, олардың шығу тарихынан толыққанды дәрістер үйренеді. Мұндай тәрбиелік маңызы зор жұмыстар жаһандану заманында ұлттық бітім-болмысымызды сақтап қалудың бірден-бір көрінісі. Студенттер үйінде Қазақ­станның еңбек сіңірген әртістерімен, белгілі шығар­машылық адамдарымен ауық-ауық кездесулер өтеді.
Елбасы өзінің халыққа Жолдауынның рухани жалғасы болып табылатын мақала­сында сана модернизациясына кеңінен тоқталып, бүгінгі жастардың жан-жақты бі­лімді, бірнеше тілді еркін меңгерген маман болуының қажеттілігін ерекше атап көр­сетеді. Қазақстанның дамыған мемлекеттермен иық теңестіріп тұруы үшін әуелі бәсекеге қабілетті жас буын керек. Қоғамның еңбекке қабілетті, энтузиаст жастары осы университет қабырғасында тәрбиеленеді. Сапалы білім мен адамгершілік құндылықтарды бой­ға сіңіретін орта – жоғары оқу ордасы. Ауыл­ға өзгеріс пен жаңалықты, білім мен мәдениетті әкелетін де осы жастар.
Жастардың өзінің қоғамға қажетін се­зінуіне әрі белсенді мүшесі ретінде танылуы­на орасан мүмкіндік беретін студенттік өзін-өзі басқару комитетінің бұл жердегі ролі ай­тарлықтай. Олар осында жүріп идеоло­гиялық көзқарастар қалыптастыруларына орай студенттік ұйымдарға мүше болады, сту­денттік өмірді жақсартуға бағытталған идея­ларын жүзеге асырады. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамды жақсартуға белсене араласуда. Биылдың өзінде үш мың ерікті студент Универсиада кезінде бірізді әрі жоғары дең­гейде жұмыс көрсете білді. Олардың ішінде Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің студенттері де өз іскерліктерін танытты. Күні кеше Астанаға тағы мыңдаған еріктіні шы­ғарып салдық. Бұл – сана модернизация­сының айқын көрінісі. Еуропада жастардың қоғамдық қажеттілігін ұғындыратын тәрбие құрылымдарының жұмыс істеп жатқанына біраз жыл болды. Біздегі бұл сана баспалдығы енді-енді дамып келеді әрі ертеңінен үлкен үміт күттіреді.
Орта қалыптастыратын Аграрлық уни­верситеттің түлектері жаңа форматтағы ауыл­дың темірқазығына айналуы тиіс.
Жоғары оқу орнындағы тәрбиелік маңы­зы бар жұмыстарды, идеяларды тікелей қол­дап, ұдайы қамқорлық жасап отырған білікті басшы Есполов Тілектес Исабайұлы бастаған үлкен ұжымның 2016-2017 оқу жылында атқарған жұмыстарының барлығын тізіп шығу мүмкін емес.
Университет ауыл-ауылдардан келген студенттерге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптасуына жағ­дай жасайды.«Өзің білгеніңді халқыңа үйрет» демекші, ауыл зиялыларын қалыптас­тыруда, ел іргесінің тірегін нығайту жолында Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті жо­ғары білімді, жауапкершілікті сезіне біле­тін, жаһандық экономика жағдайында жұмыс істей алатын, мәдениетті, рухани бай бі­лікті маман тәрбиелеуге өз үлесін қоса бер­мек.
Зарина Бүйенбай,
Тәрбие басқармасының бастығы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір