ЕСЕР ӘН, ЕСІРІК ӘНШІЛЕР
16.06.2017
2958
2

image description

Адам баласының жандүниесінің іркілісі мен сілкінісінде «Құлақтан кіріп бойды алар» ән мен күйдің алар орны ерекше екені әлімсақтан белгілі.
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда Ай менен Күн шағылса да…».
Астапыр-Алла, бірімен-бірі қисын­дас­қан Ай мен Күн шағылысып жатса да міз бақпайтын неткен қара тас – көңіл!.. Ұлы ақын кейіпкерінің жан әлеміндегі сол бір сәттегі түпсіз аспандай түнерген көңіл күйін қалай ғана шебер суреттеген, ә!..
Мына бір сәтті қараңыз!..
«Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп…».
(Сәкен).
Паһ, шіркін-ай, алдыңғыға қарағанда, керісінше, қандай шалқып, тасқан өмір! Осылайша жалғаса берсе ғой… Бар, бар жалғасы:
«Бара жатқан зымырап,
Байқалмайды уақыт.
Бұл не деген қуаныш,
Бұл не деген бақыт!..».
Бұдан асқан шат-шадымен көңіл-күй болар ма екен? Тіпті, ас ішіп, ыдыс босатып жатудың да қажеті жоқ қой. Еш уай­ым-қайғысыз ауа қарманып жүре бере­сің.
Апырым-ай, ә, мына «бөгесінді» қара:
«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр, құс қайтып…».
(Тұманбай).
Оның да, менің де қысқарып бара жатқан жаз өміріміз ғой.
«Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде».
(Қасым).
Ән мен ғана өрілген өмір, ә! «Келгенде дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» (Абай). Жер қойнына кірердегі «Жоқтауды» естімегелі қай заман? Біртуар әншілердің бірі Жәнібек Кәрменов қайтыс болып, Алма­тыдағы қазіргі Қазақтың Ғ.Мүсіре­пов атындағы қазақ мемлекеттік акаде­миялық Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығарып салғанда Несіпбек Айтов пен тағы бір ақын ағамыз сөзін жазып, әртістерге микрофонмен «зар жылаттырғаны» есімде қалыпты. Өтежан Нұрғалиев ағамыз дүниеден озғанда, алыс өңірден келген әпкесінің айтқан жоқтауы Жазушылар одағы үйін бір күңіренткені бар. Содан бері бұл маңай­дан жоқтау жырын құлағымыз шала қойған жоқ.
Ән… Әннің де дәуірлеген шағы өткен ғасыр еді ғой. «Шалқар» радиосы арқылы таңертең әнмен тербеліп оянатынсың.
«Арманы биік, қолы жетпестей,
Сапары ұзақ, жолы жетпестей.
Ерлігі ұшан-теңіз
Мың ғасыр дастанындай,
Жас болып мәңгі жаса
Елімнің аспанындай…».
Ағайынды Абдуллиндердің қос дауыс­ты үні бойыңа патриотизм рухын құй­ып-құйып жіберетін. Жастықтан жас­тық жалының лаулай, жігерлене бас көтеретінсің. Бұған Дәнеш Рақышевтың, Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін қосыңыз. Бибігүл Төлегенова апамыздың үні терезеңнің алдындағы саябақта бұбұл сайрап жатқандай әсер беретін еді-ау! Роза Жаманова мен Роза Бағланованың тау суындай сыңғырлы әуендері жаныңа шуақ ұялататын: «Ахау, Семей, тіл мен көмей басылмас, Жанған жүрек сәулем келмей, ах-уай!..». Кіршіксіз… мөлдір… таза сағыныш. Тыңдап отырып, сыр аулайсың. Кеудеңді кең тыныс кернейді. Екі дауыста (дуэт), үш дауыста (трио), төрт дауыста (квартет) шырқалған әндер жандүниеңе дендей таралатын. Көңілің көтеріліп, күні бойы рақат күйге бөленіп жүретінсің.
Қазір ше?.. Қазір ән де, әуен де, оның сөздері де «аварияға» ұшырағандай бү­лінді ғой. «Көңілге түрлі ой салар» (Абай) әуендер құлағыңа алыс-та-ан ғана жаң­ғы­рығып жетеді. Қалталы демеу­ші­лері шетелдік ән фестивальдарына жіберіп, атақты сол елден иықтарына жабыстырып әкелген лауреаттар мен құмырсқаша қаптаған жердегі жасанды жарнамашыл «жұлдыздардың» тағы да байшыкеш «ақша шашқыштары» арқылы сарайларды сатып алған концерттеріне бара қал­саң, желіссіз жылқының жүрісіндей те­кірек­теген немесе шабан аттың ми­ты­ңын­дай итеңдеген, бірінен-бірі аумайтын қайталама ырғақты «айқай­лар­дан» әбден запы боласың. Дем алам деп барған сен шаршап-шалдығып қайтасың. «Ақын» да өзі, «сазгер» де өзі, «әнші» де өзі «туматаланттар» сахнаның ана шетіне бір, мына шетіне бір ойқастап, кө­рер­мендерге қарай екі аяқты сермеп-сермеп қойып еденді тепкілеп, ойнақ салатынын қайтерсің. Бұлардың кон­церт­терін жүргізушілері де өздеріне сай келеді.
– Пәленше түгенше әнді айтады, қарсы алыңыздар! – деп тыңдар­ман­дар­дың көптен асыға күткен аса бір құрметті қонақтары немесе қыз берген өте сыйлас құдалары келе жатқандай дүрліктіреді ғой. Ол «әншісымақ» көрермендердің көңілінен шыға ма, шықпай ма, онда шаруалары жоқ. Ал әлгі «итеңбайы» сахнаға шығар-шықпастан өзіне-өзі қол соғып күйдіреді. Бір «жақсысы» бұл «жұл­­­дыздар» ұялу, қызару дегенді білмей­ді, музыка ырғағымен тепеңдей жөнеледі. Әрі бәрі «махаббатшыл». Әндерінің сөздері: мен сені сүйгендіктен өліп барам, күйіп барам, өртеніп, жанып барам. Қызыққа бата қалғым келеді, қасыңа барып жата қалғым келеді. Сен мені сүй­ме­сең, сен маған тимесең, махаббатың уын ішіп өлем деп қорқытатындары тағы бар.
Ана бір жылдары:
«Жаулап алды-ау махаббат,
Жаулап алды-ау махаббат», –
деп дүйім жастарды әулекілендіріп жібере жаздағандары бар. Тұтқиылдан келіп басып алған жоңғар қалмақтары секілді.
Әдеттегі махаббат деген танысу ар­қылы табысуға ұласып, бірер жыл сынасып, түсінісіп барып, отбасылық өмір­ге жолдама алып жатушы еді. Бұлардыкі – «Жаулап алды-ау махаббат». Бас салып жаулап алатыны да рас болса керек, көп­шілігі сол «бодандықтан» «тәуелсіздік» аңсайды-ау шамасы, үйленгендеріне жарты жыл, бір жыл толмай жатып ажырасып жатқандары.
Есер ән, есірік әнші, дарынсыз сазгер, шатпақ ақындар екеуі, үшеуі, яки төртеуі бірігіп, топ құра салады. Олардың әндерін тыңдаған тобырдың жатып кеп «алақай­лай» қол соғатындары таңдандырады.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі жердегі жасанды жарнамашыл жұлдыз­дардың музыкалық сауаты төмен. Екі дауыста, үш дауыста, төрт дауыста бірінен екіншісі бір терция – бір жарым тон жоғары немесе бір терция төмен айту олардың қолдарынан келмейді. Таңертең енесінен бөліп алып қалып, кешке өрістен қайт­қанда көгеннен босатып, жамырап барып табысқан қозыларша бәрі бір дауыста аңырата береді. Мәдениет министрлігі мен мәдениет басқарма­ларында да музы­калық жұқалтаң сауаттылар отырса керек, бұл әнші топтарға тоқтау салып, бол­маса ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар жасады дегенді естімеппіз, естімейтін де шығармыз.
Таяуда жазушы, журналистер қауы­мының біразы Алматы облысы, Қарасай ауданының Қарақыстақ жайлауында болып қайтты. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, сонда ән салған аудан өнерпазы – екі жас жігіттің қос дауыста домбыра, баянмен сүйемелдеп микрофонсыз шыр­қаған әндері бүкіл тыңдармандарды
тә­н­ті етті. Соларды өзге «топсымақтарға» үлгі етіп, үлкен сахналарға шығаруды ойластыруды ешқайсымыз ойламадық та. Баяғы қазақы самарқаулық қой. Өзбекәлі Жәнібеков марқұмдар сынды азаматтар болса, сол күні жетектеп әкетіп үлкен сахнаға жолдама алып берер еді.
«Жарнамашыл жұлдыздар» демекші, бір тойда гитара өңгерген орталау жастағы жігіт ортаға жұлқына шығып, мен – ақын, сазгер, әнші Пәленше Түленшеевпін деп кеудесін соқты. Ән­дерінің бірде-бірін сол ортада отырғандар естімепті де, білмейді екен. Сонысына қара­май сендер маған неге қол соқпай­сыңдар деп қылқынып қала жаздады. Мәдениет министрлігі мен облыс, қала­лардағы мәдениет басқармалары қызмет­терінің жауапсыз да жүйесіздігінің бір көрінісі осы емес пе! Сол Түленшеев­терді тыңдармандары мойындап отырған жоқ, сонда оларға әнші, сазгер, ақын «шенін» кім қадаған? Кезінде «Вальс ко­ролі» атанған Шәмші Қалдаяқов та, әндері жұртшылық жүрегіне жол тапқан Әсет Бейсеуов те, Әбілахат Еспаев және бас­қалар да «мен сазгермін» деп өздерін-өз­дері пұлдаған жоқ еді. Әрі ол кездегі тәр­тіп бойынша Композиторлар одағына мүшелікке қабылдануы үшін музыкалық ірі жанрдағы шығармалар жазулары міндетті болатын. Ән шығарумен ғана айналысатындарды «әуесқой композитор» атайтын.
Тағы бір қызығы – жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген деп жүрген әншілеріміздің көпшілігі музыкалық сауатты толық игермегендер. Бұлар аспаптық ансамбльдер мен ұлт аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен ән айтуға дағдыланбаған. Ән әуеніндегі дауыс созудың ұзақ, қысқалығын (тональность) дұрыс ұстай алмайды.
Қайсыбір октабадан артық дауысы жоқтар да өздерін әншілер қатарына қосып жүр. Мәселен, Бибігүл Төлегенова апамыздың бұлбұл үні, «Жезкиік» әніндегі Қайрат Байбосыновтың, «Қара шал», «Қара кемпір» әнін зарлататын Мейрамбек Беспаевтың «Бозторғайын­дағы» шырқап барып сарқырамадан құлаған тау өзеніндей шұғыл құйылатын тұстарды айту осы талант иелерінің көмекейлеріне ғана бұйырған бақыт қой. Бұларды «Әнді сүйсең, менше сүй» (Абай) талғампаз көрермендер іздеп жүріп тыңдайды. Ал жердегі жұлдыз топтарға тобырлар топырлап билейді. Оларды әннің әуені де, сөзінің мән-мағынасы да онша қызықтыра бермейтін көрінеді.
«Әннің де естісі бар, есері бар» демек­ші, ән жанрлары жетімсіреп бара жатқалы қай заман. Таза вальстер мен екпіні тау бұзардай марштар ұмытылып бара жатыр. Нағыз ән тәрбиесі осыларда еді ғой. Әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев ағамыз «Атамекен» әнін екпіндеткенде, отырған орындығыңыз қоса бүлкілдемей ме! Бекен Жамақаевтың махаббат вальстері тербегенде, қыз бен жігіт амалсыз табыспай ма!
Өткен ғасырдағы әндер тәрбие құралы болатын.
«Біз пионер, біз ертеңгі
Ерлеріміз ұлы істің…», –
деп «Пионерлер әнін» шырқаған оқу­шылар ертеңгі ұлы істердің ерлері екенін жадыларынан еш шығармайтын. «Комсомолдар маршында» «Комсомолдар жас қайраты елімнің» екенін мақтан тұтып:
«Алға, комсомол туы қолында,
Алға, комсомол жеңіс жолында!», –
деп, өздерін жеңіс жолында мерт болуға серт бере, айбындана шырқайтын. Әуені де, сөзі де жастардың жігерін жанитын. Патриотизмнің рухын егу деген осы емес пе! Бұл ғасырда тәрбие әнін жазуға еш композитордың шамасы жетпей жатқан секілді.
Бұрынырақта Ахметжан Есімов әкім болып тұрғанда Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында дәстүрлі әншілердің ән жары­сының қорытындысын өткізді. Әкім бір сылтаулармен қазіргі аса танымал деген екі әншіге фонограммасыз ән айтуға ұсыныс жасады. Фонограммаға арқа сүйеумен жүрген өнер майталмандары қара терге малшынды. Өйткені, күніне бірнеше мәрте тойларда шырқап жүрген әндерінің сөздерін ұмыта бастапты.
Осы тұста ҚР Мәдениет министрлігіне тағы бір «прямой удар» берудің реті келіп тұр. Мына көрші «өзбек – өз ағам» фонограмма деген өнер дертін жоюға әлде­қа­шан мемлекеттік негізде бұйрық шыға­рып қойды. Өз елдеріндегі бір тойларда немесе өзге республикалардағы сахналарда фонограммамен ән айтқан әнші немесе осындай жасанды ән айтуға жол берген ансамбль, оркестр содан кейін ел алдына шығу құқығынан айырылады. Міне, тәртіп, ұлттық өнерге, ұлттық өнер­ді таза сақтап қалуға деген шынайы жанашырлық. Ал біздегі Мәдениет министрлігі мен мәдениет басқарма­ла­рын­дағылар көздерін жұмып, құлақтарын тас қып бекітіп алып, «Ал балық, ал балық, аузыма сал балық» деумен отыр.
«Ән – тәрбие құралы» демекші, жұрт­шы­лықты аңсатып барып жылына бір үлкен сарайда бас қостыратын танымал әнші әрі продюсер Майра Ілиясованың «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай», «Күміс көмей, жез таңдай», тағы басқа жобалық бағдарламалары мен композитор Қалды­бек Құрманәлінің Ш.Қалдая­қов пен Ә.Бейсеуов әндері бойынша өткізетін кон­церт­терін ҚР Мәдениет министрлігі қар­жыландырып, жыл сайынғы дәстүрлі ән мерекелеріне айналдырса, мемлекеттің ұлттық руха­ниятқа деген халық алдында­ғы дәлелді қолдауы болар еді.
Ән, ән өнері туралы әңгіме бұрын да айтылып, бұрын да жазылып жүр. Әлі де айтылып, жазыла бермек. Сіздер не дейсіздер, оқырман жұрт?!

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІРЛЕР2
Ақтұйғын 30.07.2019 | 10:03

Тақырыптың таңдалуы да көтерiлуi де орынды. Мұны мұзбалақ ақындарымыздың «ауыздарына түкiрген» шәкiрттерi жан-жақтан атойлап көтерiп, алдағы уақытта қыздарға «қырыңдамайтын»,
әзipбайжанның бұрынғы Мәдениет министрi Полат Бұлбұл-оғлы сынды азамат сол таққа отыра қолдаса, депутаттар бip ауыздан дауыс беретiн болса, онда өзбек әкалардай тиicтi Заң қабылданып, сахналарымыз бен той-томалақтарда зiкip салатын «лже» — әншiлердiң аяқтары шедipленiп, ауыздарына екi елi қақпақ жабылып, сандары күрт азайып, елiмiздегi өнерлi де талантты қыз-жiгiттерiмiз өнер айдынындағы өз орындарын айшықтап алатындарына кәмiл сенiмдемiз.
Бip топ өнер сүйер қауымның тiлектерi осындай…

Аноним 06.02.2020 | 00:52

Еркін мырза, 1-мысалыңыздағы «шағылса да» деген дұрыс, Абайдың өз сөзі, ал кейбір әншісымақтар оны » шағылысса да» деп айтып жүр, әлде сіз «шағылысса да» деп жаздыңыз да, оны Абай сөзін білетін сайттық біреу түзетіп жіберді де, сіздің «Астапыр-Алла» дегеніңіз түсініксіз болып, далаға кетті. 2.Сахналарымыздың, телерадио бағдарламаларымыздың көбін ақынсымақтар, сазгерсымақтар, әншісымақтар жайлап алып, жын-ойнаққа айналдырып жүр. Ол сұмдықты қарт жазушымыз Ғаббас Қабышұлысоңғы екі жылда үш гәзетке жазды, соңғысы «Жас қазақта»: «Қазақ әндері қаңғырып кетпегей!» деп аталды. Жанайқай! «Мәдениет министріміз А. Райымқұлованың назарына» деген қосымша тақырыбы бар. Бірақ министрдің өзінен де, басқасынан да бір ауыз жауап жоқ. Жазушы Мәдениет министрлігінде Совет дәуірінде «Көркемдің кеңес» болғанын, соны қайтадан құрмайынша Абай айтқан «есер ән» әулекілене беретінін де ескертті. Жалпы бізде баспасөздегі сын-пікірге билік жақ былқ етпейтін «дәстүр» шықты ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір