Ойшылдық пен сыншылдық
16.06.2017
2214
0

Бүгінгі жаһандану заманында жүріп жатқан үрдістер біздің өмірімізге түрліше әсер етуде. Бір жағынан жаңа заманға қадам бастық, өзгелермен тереземіз тең деп қуансақ, екінші жағынан ұлттық мәдениетімізден, тілімізден, дінімізден ажырап қаламыз ба деп алаңдайтынымыз да рас. Көңіліміздегі осы үрейден арылу үшін бізге асқан қырағылық пен жоғары талғам қажет секілді. Ал оны қалыптастырудың жолы мен жөні қандай? Қазақтың бүгінгі басты қажеттіліктері не деген сауалдар төңірегінде философия ғылымының докторы Ғарифолла Есіммен әңгімелескен едік.

– Әр халықтың ұлттық мә­де­ниеті өзіне тән өнері, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрлері негізінде жетілетіні бел­гілі. Олай болса, ғасырлар сы­ны­нан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдение­тіміз­дің бүгінгі бет алысы қандай? Біздің рухани кеңістігіміз қандай жаңалықтармен толығуда?
– Халықтар бір-бірінен мәде­ние­ті арқылы ажыратылады. Мә­дениет әрбір халықтың болмыс-бітімі. Ол – оның тарихы. Сон­­дықтан қазақ халқының өзін­дік тарихы, өзіне тән мәдениеті бар. Жиырма бес жылдың ішінде егеменді қазақ әдебиеті қалып­тасты. Қазір әде­биеттің, мәдениет­тің барлық салалары өсіп-өркен­деу үстінде. Әрине кейбір азаматтар бүгінгі қазақ мәдениетін өткен кеңестік кезеңдегі мәдениетпен салыс­тыр­ғылары келеді. Ол кезде қазақ мә­дениетіне үкімет тарапынан қол­дау жасап, мәдениетті сол социалистік қоғамның мұқта­жына, қажеттілігіне қызмет еткізіп қойған. Ал қазіргі қазақ әде­биеті егеменді елдің мәдени са­насы, еркін адамдардың мә­дениеті. Сондықтан да бүгінгі таң­да қазақ мәдениеті сан-салалы, мазмұнды, мағыналы күйде деп ойлаймын.
– Батыр, өрелі-өнерлі, мәрт, кісілікті, биік болмысты халықпыз деп мақ­танамыз. Мәдениет тарихы бір ұрпақтың ғұмырымен шектелмей­тінін, жаңа ұрпақтың да өзіндік айтары бар екенін, олардың бір-бірі­не ұқсауы шарт емес екенін ес­керсек, құндылықтардың да өз­ге­ретіні заңдылық. Біз келер ұрпақ­қа қандай қасиеттерімізбен үлгі бола аламыз? Бұрынғы ата-ба­бамыздың талғам туралы түсінігі қандай еді? Қазіргі талғам қалай өз­герді?
– Нағыз құндылықтар негізі­нен өзгермейді. Олар уақыт өткен сайын жаңғырып тұрады. Ел­ба­сының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы осыны дәлелдейді. Мә­се­лен, біреулер орыс тілін біліп ала­­ды да, мен орыс халқының мә­дениетіне сай өмір сүрем десе, екінші біреулер арабтың тілін, дінін алдық. Осы тұрғыдан санамызды жаңғыртамыз, құн­дылықтарымыз осы дейді. Ал үшінші топтағы адамдар біз ағыл­шын немесе француз боламыз деуі мүмкін. Бұның бәрі адасу­шы­лық.
Біз рухани тамырымыздағы ата-бабамыздан қалған құнды­лық­тарды жаңа заманға сай етіп алып шығуымыз қажет. Ал осы орайда бұрын біздің құндылықтар туралы түсінігіміз мықты еді, қа­зір әлсіреп кетті деген сөздер айтылады. Мен мұндай пікірмен ке­ліспеймін. Өйткені қазір құн­дылықтардың жаңа заманға, өркениетттік үрдістерге сай бейім­делуі жүріп жатыр. Бұл біздің мә­дениетімізге де әсер етуде. Біз өзімен-өзі шектелген, айдаладағы ел емеспіз. Әлемдегі барлық елдер­мен араласамыз. Сол себепті де өз құндылықтарымызды басқа елдердікімен салыстыра оты­рып, асылдарын жоғары шы­ғара­мыз. Егер керекті нәр­се болатын болса сыйымды жақтарын аламыз. Бұл үрдістердің қабыл­дану және қабылдан­бау секілді екі түрлі психологиялық жағы тағы бар. Бұл өте күрделі мәселе. Ал қандай да бір кемші­лік­тер байқалса, оны қалпына кел­тіруге ұзақ мерзім керектігін ес­кергеніміз жөн.
– Бұрынғы үлкендер жатса да, тұрса да тәубесін аузынан тастамай, Жаратқанға жалбарынып отыратын. Әр нәрсенің қадірін біліп, барды қанағат тұтатын. Ал қазір қа­нағатшылдық сезімінен айырылып бара жатқан секілдіміз. Осы мінезіміз болашағымызға қалай әсер етуі мүмкін? Әдебиетке, жалпы рухани мәдениетке, жаңа заман өнеріне қазір қандай көзқарастамыз? Талғамды дұрыс қалыптастыру үшін не істемек керек?
– Иә, дұрыс айтасың. Егер біз тәубешіл, қанағатшыл болмасақ, халқымыздың, мәдениетіміздің бола­шағы бұлыңғыр болмақ. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман…», – деп Абай айтқандай, алды­мыздағы өміріміздің қандай боларын нақты ешкім білмейді. Тек болжам ғана жасай аламыз. Абай: «Адамзат адасады. Адасқан­да тура жолға салатын – пайғам­бар­лар, әулиелер, хәкімдер», – деген. Пайғамбарлық дәуір өтті. Ал әу­лиелер – постиндустриалдық қо­ғамға дейін болған тұлғалар. Өздерін әулие атаушылар көп. Бірақ олардың әулие екендігін ғасырлар анықтайды. Қазіргі заман – хәкімдер заманы. Тура жол­ды көрсететін хәкімдер. Абай хә­кімдердің діні әр түрі болуы мүм­­кін екенін айтады. Бірақ, олар бол­маса дүние ойран болады. Сондықтан біз хакімдердің сөзін тыңдауымыз керек.
Әдебиетке байланысты айтатын болсақ, екі нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Бірінші, қа­зақ әдебиеті. Бұл – кәдімгі қа­зақ халқының құндылықтары не­гізінде қалыптасқан әдебиет. Со­нау Доспамбет жыраудан басталып келе жатқан үрдіс. Абай, Мағжан, Мұхтар, Шәкәрім, Мұ­қағали, т.б. деп жалғаса береді. Одан кейін қазақ совет әдебиеті. Бұл әдебиеттегі құндылықтар бұзылған. Социалистік қоғамға қызмет еткен идеологиялық феномен. Әрине бәрін бірден жоққа шығара алмаймыз. Десек те, өзі­міздің құндылықтарға қызмет еткен әдебиет деп айту өте қиын. Біз осы түсінікті ажырата алмай келе жатырмыз. Мұны жастарға, мектеп оқушыларына дұрыс түсін­діруіміз керек. Қазіргі мектептің әдебиетін алып қарасаңыз, бәрі аралас жүр. Бұл – құндылықтарды анықтаудың жолы емес. Сон­дықтан барымызды дұрыстап саралап, елеп-екшейтін уақыт жетті. Біз Мұхтар Әуезовті айтсақ, одан әрі Сәбит Мұқановты, Ғаби­ден Мұстафинді және басқаларды тізім бойынша тізбектей жөне­леміз. Ал шын мәнісінде олардан асып түсетін жазушылар болды. Кейін­гілердің арасында да, бүгінгі жастардың ішінде де мықты ақын­дар, жазушылар жетерлік. Солар­дың шығармаларын халыққа неге ұсынбасқа?..
– Дәл қазір қазаққа не керек деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік кезінде біздің ұтқанымыз өте көп. Егер пайызбен есептесек, барлық салада тоқ­сан тоғыз пайыз ұттық деп айтуға болады. Ал ұтылғанымыз шамамен бір пайыздай болуы мүмкін. Кейбір тұстарда құндылықтарға жете мән бермей қалған болсақ, оны қайта қарағанымыз жөн. Қа­теліктерді түзету үшін өткені­міз­ден сабақ ала отырып, алдағы уа­қытқа жоспар жасауды ойлауымыз қажет. Біз «ананы жоғалттық», «мынадан ажырадық» деп Тәуел­сіз­діктің қоржынына сыймайтын жүктерді тықпалаудың қажеті жоқ. Еркіндік адамды ойшылдық­қа бастайды. Қазір біздің халық терең ойлауға қалыптасып келеді. Әйтсе де қоғамға сыни көзқараспен қарап үйренеуіміз керек. Социализм кезінде сыни көзқарас, сын­шылдық деген мүлдем болған жоқ. Ол уақытта еш нәрсені сынауға болмайтын. Ал сыни көзқарас бол­маған жерде ненің дұрыс, не­нің бұрыс екенін айыру қиын. Сол себепті де біз өз бағыты­мыздан ада­сып қалдық. Ендеше бүгінгі қа­заққа ең қажеті сыншыл­дық, сыни көзқарас. Төле би: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – дейді. Біз осы ұста­нымға жүгінгеніміз жөн. Қазір есте қалатын бір өлеңі жоқ ақын­дар том-том кітап шығарады. Бұл үрдіс тек қана әдебиетте ғана емес, барлық салада да көрініс беруде. Жақсы мен жаманды, ақ пен қа­раны ажырата алмауымыздың се­бебі неде?.. Әрине сын көтермеу, жал­пылама сөз, орынды-орынсыз ма­дақтаулар және т.б. мінездердің басым болуы. Осы кемшіліктері­міз­ді жою үшін кез келген адам қо­ғамға, өз-өзіне сыни көз­қа­распен қарауды үйренгені абзал. Сыншылдық пен ойшылдық бірік­кен кезде тәуелсіздіктің то­лық санасы шығады деп ойлаймын. Қоғамда жоғары талғам қ­алыптастырудың да жолы осы. Кейбір отбасылар тәуелсіздіктің не екенін білмей, өздерінің балаларын, немерелерін тәрбиелеуде теріс бағыт таңдап отыр. Дәстүрден адасу деп осыны айтуға болады. Өйткені отбасында Отан тарихына, ана тіліне деген құрмет, иман, адамгершілік, ұлттық тәрбие болуы тиіс. Ал дәстүрден баз кешкен адамдардың шаңырағында осы құндылықтар жоқ. Әсіресе басшы­лық қызметте жүрген азаматтар­дың көбінің балалары осы қа­сиет­терден ада қалған. Соңғы кездері қоғамда мұндай адамдардың кө­беюі, көңіл құлазытатыны рас. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қажет емес мінез-құлықтан арылуға тырысып келеміз. Әйтсе де батпандап кірген дерттің мыс­қалдап шығатынын да ескергеніміз жөн. «Үрлей салып, көзің қалай болды» деу орынсыз секілді. Сон­дықтан жаман қасиеттерден бірден арыла алмай қалдық деп таусылу­дың реті жоқ. Болашаққа үмітпен қарағанымыз дұрыс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Г.НҰРЛАНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір