Ағым: кеше және бүгін
16.06.2017
4465
0

ХХ ғасыр тек қазақ қана емес, Әлем әдебиеті, мәдениеті үшін өте та­бысты болды. Көркем әдебиеттің басты нысаны – адам. Сол себепті де, оның кезең-кезеңдерінің дамуы адам болмыс-бітімінің, пси­хо­ло­гия­сының күрделене түсуімен ты­ғыз байланысты. Жазарман туындысында кісі әрекетінің логикалық себеп-салдарымен қоса, жан­дү­ниесі ашылып, ондағы құбылыс­тар­ды Сөз атты ғажаппен өрнектеу ар­қылы өз дәуіріне сәйкес образ ту­дырады. Әдебиет – өмір қыр-сы­рын кеңінен көрсетіп, қым-қиғаш сая­си-әлеуметтік, қаржылық, рухани, діни уақиғаларды бақырбас­ты тағ­дырымен қамшыдай өре сурет­тейтін өнердің ең шыңы. Әдебиет кезеңдерін сөз еткенде, ауызға ал­ды­мен реализм ілігеді екен. Өйт­кені, ол – мүмкіндігі өте мол, с­ти­ль, мәнер-машық жағынан ал­ғанда бай және де проза жанрының ең шоқтығы биік те күр­делі ағымы. Реализм тақыр жерде, бір күнде ғана пайда бола салған жоқ. Ол адам­зат ой-сана­сының дамып, бел­гілі бір деңгейге көтерілгенде ту­ған тарихи феномен. Демек, кез кел­ген ағым, кез келген ірі шығар­ма, кез келген манифест оқырман­ның «бейсаналы» түрдегі ішкі сұ­ра­­нысына сай туады. Ал ол сұра­­ныс туу үшін уақыт қажет. Сон­дай сұранысқа модерн де ие. Жа­санды емес, табиғи модерн ны­шан­дарын халықтың баяндау әрі әңгімелеу дәстүрінің бай мо­дельдері негізінде қа­лыптасқан мұ­ралардан көруге болады. Оны, әсі­ресе, ертектерді оқығанда бай­қай­сыз. Модернизм ағым ретінде көп­теген сатыдан өтіп барып қана қа­лыптасты. «Жаңаның бәрі ескі, ал ескінің бәрі жаңа» деген тәмсілді бас­шылыққа алар болсақ, онда модернизм мен постмодернизмнің алғышарттары сонау бір дәуірлерде, әлгі қаптаған теориялар мен концепциялар дүниеге келмей тұрған­да болған-ды. Мәселен, Пелевин кейіпкерлерін алыстан іздемейді. Ол прозасына бұрнағы әдеби образ­дарды, тарихтың өзі тудырған адам­дарды қосады. Айталық, Чапаев. Алайда, Фурмановтың Чапаевы мен Пелевин Чапаевы екі түрлі. Яғни айырмашылық неде? Айыр­машылық – олардың көркем шы­ғармадағы алар орны мен қыз­метінде. Егер тарихи тұлғаны немесе белгілі бір ұлттың рухани ай­­налымына енген, мәдени «мен­шігі» боп саналатын дүниені мо­дернистік, постмодернистік сыпаты басым көркем туындыға арқау етсе, оны «қорлау» я болмаса «ма­зақ­тау», «кекету» деп қабылдайтын бір қызық көзқарас бар, Бізде. Осы тұста мынадай бір нәрсені айта ке­туге тиіспіз. Біріншіден, әрқан­дай ағым, әдебиет құндылық ретінде тоқырап, қайта түлегенде пайда болмақ. Яғни бұл жердегі «түлеуді» өзіне дейінгі әдеби дәстүрге, әдеби сабақтастыққа басқа көзбен қарау деп ұққан жөн-ақ. Екіншіден, ағым – әдеби дәстүр. Осындағы «дәс­түр» сөзін этнография немесе мәдени, әдеби мұра тұрғысынан емес, керісінше оңаша ойлайтын, за­манға сай бөлекше жазуға тал­пын­ған топтың қалыптастырған үлгісі деп түсінген дұрыс. Үшін­ші­ден, шартты түрде алғанда жаңа бір ағымның тууы өңге модельдегі әде­биетпен қоса, күн сайын күрде­ле­ніп, күн сайын өзгеріп отыратын адам­зат ой-санасының жаңа бір сатыға, жаңа бір деңгейге көтерілді дегенді білдірсе керек. Төртінші­ден, бұрынғы ағымдар жойылмайды да, ұмытылмайды. Бірақ ескі сүрлеуге түскісі келетін жазушы­лардың азая тү­сетіні ақиқат. Қанша мықты де­сек те По, Бальзак не Хе­мин­гуэй­ді қайталағаннан ұтары­мыз аз. Ағым – көркем шындықты беру фор­масы. Бір қызығы, реа­лизм­нің сы­ни реализмге ауысқа­нындай, ағым­дар да өз ішінде бөлініске түсу ар­қылы әдебиетті сапалық тұрғы­дан байыта түсетіні бар. Мәселен, Нобель сыйлығын Орхан Памуктан (2006 ж.) кейіндеу Мо Ян (2012 ж.) алған еді. Қос шығармагерді са­лыстырсаңыз, көп айырмашылық табатыныңыз шындық. Басқаны айтпағанда, әр объектіні суреттегенде де екеуі екі түрлі әдеби мек­теп­тің, екі түрлі ағымның өкілі еке­нін аңғарасыз. Соған қарағанда, бұрнағы натурализм, сентиментализм, романтизм және реализм сынды ағымдар бел­гілі бір уақыттан кейін транс­фор­мацияға тү­сіп, Феникстей тірілге­німен де, ал­дына мүлде өзге талап қояды. Ол талап дәуір шын­дығын көрсетуге де­ген ниет-пе­йілден туады. Және туа келе, үлкен әдеби күшке айналып, жа­ңаша жазғысы келетін қа­ламгерлер қа­расы молая келе ағым пайда бол­мақ. Ең әуелі ағым санада туады. Және санада пісе келе, идеяның материяға ұласатынын­дай, ол мектепке айналады. Әде­биет түрлі-түрлі ағыммен байыса, онда ұлт ты­ныс-тірші­лігінің шынайы сурет­терін бейнелеп, ортаның әлеу­­меттік өмірінің әрбір қырынан сыр шертетін туындыларды тану, ба­ғалау, саралау мен оның артық­шылығын көрсете алатын Талдау­дың да ескіріп немесе жаңалана түсетінін ұмытпасақ екен. Бүгінгі әде­биетшілер біршама талдау түр­лерін меңгерген. Мысалы, обра­з­дың ой-сезім ағысы, толғаныстары, ішкі монологын негіз етіп алған ана­литикалық және өң мен түстегі (сюрреалистік), орта мен адам жа­нындағы құбы­лыс­тарға аса мән бе­ре­тін синтети­калық талдаулар әдебиеттану ілімінде кеңінен қол­данылуда.
Модернизмнің қарқынды дамуы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі адамдардың психологиялық ахуалы, ішкі күйінің сұмдық өз­геруі­мен байланысты екенін ескерер болсақ, қазақ модернистік про­­­засының негізі қалануына КСРО-ның күйреп, тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырау мен ой ер­кіндігі әсер етті. Тағы, қалай бол­ғанда да жаңаша жазғысы келетін қазақ қаламгерлеріне ғана емес, жалпы Жаһан жазармандарына Батыс Еуропа әдебиетінің ықпалы өте күшті болғаны белгілі. Белгілі бір ағымның әдеби кеңістікке ер­кін еніп кетуі – заңдылық. Заң­ды­лық бола тұра жаһандану сияқты ба­қылауға, басқаруға келмейтін табиғи түрде дамитын тенденция. Ол үрдісті ешкім тоқтата алмайды. Жалпы, ағым қаламгердің өз таң­дауына байланысты. Сондықтан да өзгеше бағытты ұстанған жазушыларды жазғырмауымыз керек. Жер­жүзілік әдебиетке Толстойдан кейін Кафканың, әлде Ги де Мо­пас­саннан кейін Павичтың келге­нін­дей, қай бағытты таңдау, тағы да қайталап айтамыз, қаламгердің өз еркі. Ал бәзбіреудің еркін шектеу, оған тосқауыл қою адами, эти­калық, әдеби, мәдени канон­дар­ға қайшы нәрсе. Қазіргі қазақ прозасына табиғи даму тұрғысынан емес, тарихи тұрғыдан баға беріп көр­сек. Тоқсаныншы жылдардан кейін­гі романтикалы-лирикалық, тарихи туындыларға әдеттенген қа­зақтың ойлы оқырманы «жаңа про­заға» қаншалықты дайын боп шық­ты және ол дүниелер әркімнің іш­кі сұранысын қанағаттандыра ал­ды ма екен?.. Талғамды тәр­бие­лейтін жазушы болғандықтан, Тәуелсіздіктен соңғы жиырма бес жыл ішінде дәл осындай бір жаңа­шыл әдеби үлгіні оқитын орта қа­лыптасты ма?.. Батыс еуропалық мо­дернистік бағыт-бағдардың белең алуын тап-таза қажеттілік факторымен байланыстырсақ, онда Тәуелсіз кезіндегі прозаның өздігінше дамуын заңдылық деген күнде де, ол реализм мен романтизм сықылды жанға жақын дүние ретінде қашан қабылдана бастайтыны Біз үшін қызық боп тұр. Жа­дымызда жатталған қисса-дас­тан, жыр, аңыз-әңгімедегі модернистік бастау тоқсаныншы жылдары көр­кем туындыға айналып, ол көп­теген жас қаламгерге әсер етуі де тегін емес. Харуки Мураками мен Рю Муракамилерге еліктейтіндер кө­бейді. Бірақ қазақ әдебиеті тарихының әлемдік әдебиет про­цесіндегі орны, мазмұндық жә­не көркемдік жетістіктері туралы сөз еткенде, алдымен «жазғандарымыз қатаң талапқа қаншалықты сай келеді?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Олар ұлттық, қоғамдық проб­леманы ашар кезінде материалға қаншалықты дайындалды, оны қаншалықты игерді?.. Ағым көр­кем шығарманы берудің формасы дедік. Олай болса, көркемдікті тек біз ұнататын, тек біз сүйіп оқитын классиктерден ғана іздеу қате. Бір ғана ағымды бөліп алып айтар болсақ, онда әр «измнің» өз көр­кемдік биігі бар. Бұл әр ағымның өз классигі бар деген сөз. Дегенмен, белгілі бір уақыттан туынды мен туындыгер тарихқа айналып, оны әдебиеттанушылар зерттей бастағанда, ағым формальды дүние боп, аяғында шығарма – автор – образ үштігі ғана қалары хақ.
Қазақ прозасы Міржақып Ду­ла­товтың «Бақытсыз Жамал», Жү­сіп­бек Аймауытовтың «Ақбілек», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан­ның күнәсі» секілді шығармаларға қа­рыздар. Себебі, осы тектес дү­ние­лер қазақ көркем сөзінің алтын кө­пірі болуымен қатар, оның кейін­­­гі дәуірлерінде өсіп-өркен­деуіне жол ашқан, оның Әлемдік контексте дамуына өз дәрежесінде ық­пал етіп, қазақ тұрмысындағы өзгерістерді көрсете алуымен құн­ды. Сыншы Бағашар Тұрсын­байұлының «Біздің жазғанымыз кейінгі толқынға, кейінгі ұрпаққа «топырақ» болуы керек» деген ойын өте орынды деп санадық. Осы тұрғыдан келгенде, Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» роман-эпопеясының тууы да әдебиетші айтқан әлгіндей құнарлы «топы­рақтың» арқасы деуіміз қажет. Ол қаламгерлердің тек өзіне ға­на тән ерекшелігі, стилі, көркем­дік жа­ғынан бір-біріне еш ұқсамай­тын, хас шебердің қолынан шық­қан­дай ерекше дүниелері – өскелең ұрпақ­қа үлгі. Бұл – қазақ әдебиетінің сан емес, сапа тұрғысынан жаңа бе­л­еске көтерілген кезі-тұғын. Адам жанының тұңғиығы, оның арзу-арманы, неден қиналды, неге ұмтылды, образ неге сондай іс-әрекет істеді, дәл сол сәтте не се­зінді, қандай күй кешті деген сансыз сауалға жауап іздеген осынау туындылар өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне баспалдақ бола алды, әрі оқырман-жанкүйер қайта-қайта оралатын тәп-тәтті носталь­гияға айналды. Шыншылдығымен, нанымдылығымен, сыршылды­ғымен, сөз кестесінің әсемдігімен, бояу-түсінің қанықтығымен, ерекше стилистикасымен есте қалған шығарма мәңгілік. Бұған қоса, туынды көркемдік ерекшелігімен, адами құндылықтар мәселесін көрсете білумен де бағалы. Клас­сиктердің стилі бір-ақ күнде пайда болған жоқ. Өйткені, ол жылдар бойы сұрыпталған, іріктелген дү­ние. XX ғасырдағы қазақ проза­сы­ның ең негізгі ерекшелігі шынайы­лығы, халықтығы, тәрбиелік қыры болса, XXI ғасырдағы әдебиет танымдық, зерттемпаздық, әлеу­меттік-философиялық, діни, пси­хоаналитикалық, эзотерика­лық, экзис­тенциалистік бағдарды ұста­нып, мүлде басқа талаптарға жауап беруге талпыныс жасауда. Тағы, қазіргі қазақ прозасы бұрынғы пуб­лицистикалық, хроникалық, биографиялық, документальды сипатынан гөрі, барынша терең­деуге, Әлемді тануға деген талпынысы байқалады. Соған сәйкес, кейіпкер жасаудағы түрлі-түрлі ізденістері, тәсілдері, қаламгердің портрет жасаудағы, туындыны беру формалары, композициялық құрылымын түзудегі әдістері де өзгере бастаған-ды. Қазіргі заман­ғы қазақ әдебиетінің дамуы, өр­кендеуі, басқа ұлт әдебиеттерімен шығармашылық байланысы, әсер-ықпалы, әдеби дәстүр мен жаңа тақырыптық-идеялық, көркемдік-идеялық ізденістер, әдеби заңды­лықтар туралы ойлар көптеп айтылып жүргенімен, әзірше жүйелілік жоқ боп тұр. XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихына көз жүгіртсек, алпысыншы жылдардан кейінгі проза әдеби-эстетикалық, қоғамдық-саяси плас­тарды қамтып, «сөз өнеріне» жаңа да күрделі бетбұрыс пен даму процесіндегі көлемдік, сапалық өзгерістер алып келді. Сол кездегі проза адамның адамгершілік, оның ішкі Әлеміне қарай ойысып, ауыл мен қала арасындағы жаңа психологиялық портреттер тудырумен ерекшеленсе, полимәде­ниет, субмәдениет уақытында өмір сүріп отырған бүгінгі жазушылар үшін де тақырып та, кейіпкер де, сюжет те молынан. Біз бүгінгі заман қаһарманын іздеп жүргенімізге жиырма жылдан асыпты. Өткен ғасыр философтары мен мәдениет­танушыларының «Адам тұлғалық қасиетін, жалпы өміріне, өзіне қажет­ті басты қасиеттерді жоғал­тып, ұсақтала бастағанда, оның бойынан ірі-ірі мінездерді көре алмауымыз мүмкін» деген болжамы расқа айналғандай. Модерн белгілері әдебиетімізде жетпісінші-сексенінші жылдары-ақ байқала бастады. Мына жалғанда өз орнын таппай жүрген, сергелдеңге түскен өте сезімтал кейіпкерлердің туа бастауы модернизм мен лирикалы-романтикалық нышандарының қосылу негізінде пайда болған-ды. Модернизм қатып-семген ұғым-түсініктерді бұзып, әдеби-мәдени кеңістікте көркемдік сананың жаңғырып, жаңаруына жол ашты. Романтизмнің дамуы ХVІІІ ға­сырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі буржуазияның қанат жая бастауымен байланысты. Романтизмде қаламгердің суреткер ретіндегі еркіндігі маңызды болды. Реализм тұғыры – өмір шындығы. Қаламгер өмірдегі талас-тартыс, адами қарым-қатынасты шығар­мада толық және жанды етіп сурет­тейді. Реализмнің толысқан тұсы ХІХ ғасырға тән. Қай елде болсын реализм әдісінің ХІХ ғасырда дамуы жайдан-жай емес. «Сөз өнері» тірі ағза секілді болғандықтан ол жан-жағына бажайлап қарап, жаман мен жақсыға қарайды, салыс­тырады, бой теңестіреді, озсам, алда болсам, шеберлігімді шыңдай түссем деген мақсат-мұрат қояды. Жазушы мұраты – оқырманға эстетикалық ләззат сыйлау. Сон­дықтан қазақ прозасының жанр­лық, стильдік, формалық, тақы­рып­тық жағынан түрленуі заң­­­ды­­лық деп ойлаймыз. Зерттеу­ші Б.А.Ахундов: «XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы шұ­ғыл әлеуметтік қадамдар шын­дықтың тек эпикалық кең картинасын ғана емес, өзгермелі дәуірдің эмоционалдық атмосферасын бере алатын лирикалық баяндауларды да қажетсінеді», – деген болатын. Бұдан шығатын қорытынды, Әде­биет әркез даму үшін ол замана талап-тілегіне сай болуы қажет. Бі­рақ ең басты критерий – көркем­дік. Себебі, көркемдік те «ағым­ның» бір түрі…
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір