Мәдениеттің жауы – жемқорлық
09.06.2017
1677
0

Бұрын ұрпағын құрсағына біткеннен бастап ізгілікке тәрбиелейтін қазақтың бүгінгі буыны басқаны емес, ақшаны басты құндылық санайтын болған. Олардың селқостығы мен немқұрайлылығы түбінде еш нәрсеге бас ауыртпайтын ойсыздыққа ұласты. Ақыры ұзақ уақыт бойы ұлт игілігіне жараған мәдени мұраларымызға, әдебиет пен өнерге атүсті қарап, рухани құндылықтың құнын көк тиын құрлы көрмейтін жағдайға жеттік. Бүгін мәдениеттің құлдырау себебі мен ақпаратты сұрыптау мен ұсынудың маңызы туралы «Астана мәдениеті» журналының Бас редакторы Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫНАН сұрап көрдік.

– Ә.Кекілбаев: «Дәстүр – әдеп­пен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар», – деген екен. Біз төл мәдениетімізді жаңа заманға қаншалықты лайықтай алдық? Сіз­дің ойыңызша қазіргі қазақ мә­де­ние­тінің жауы не нәрсе?
– Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Озығын алып, тозығын тас­та дегенді меңзеп тұрған жағдай ғой. Егер дәстүр өміршең болса, қай ғасырда да сақтала бермек. Ал белгілі бір кезеңге ғана лайықтал­ған болса, өзі-ақ кейінге ығысты­ры­лып қала береді.
Қазақ мәдениетінің тарихы сан ғасырлар қойнауынан бастал­ға­ны­мен, оған қала өркениеті тұрғысы­нан келетін болсақ, біз әлемдегі ең жас мемлекетке жатқызыламыз. Көне қалалардың тамыры терең тарихы болғандығына қарамастан солай деуге болады. Қалай десек те, қала дәстүрімен, ортақ мүддемен ұжымдасып тіршілік еткен тәжіри­беміз жеткіліксіз. Осының өзі еркін нарықтық экономикалық қатынасты дамытуға, демократия­лық мемлекет құруымызға, жаһан­дас­қан әлемде өз орнымызды бел­гі­леуімізге елеулі қиындық ту­ды­рып отырған жайы бар.
Ежелгі көшпенді қазақ даласында алғашқы Ғұн мемлекеті орнағанына биыл 2226 жыл толып отыр. Олай болса, біз мемлекет тарихын Қазақ хандығы құрылған ХV емес, XIII ғасырдан бастап қа­растыруымыз керек. Ал патша­лық Ресейдің отарлауынан бастау алып, ХХ ғасырда совет үлгісіндегі бодан­дығымен басталған өркениет бел­гілі деңгейде алғашқы жаңа қадам­ға жетелегенімен, жасанды әрі ал­дамшы кескінге негізделген қо­ғам­дық үдерісті өмірге әкелді.
Жалпы, не десек те, мәдениет қалада қалыптасады әрі оның өмір­шеңдігі басым. Қала өмірі ең­бек бөлінісі мен кестесін жасай отырып, жеке адамдардың ортақ мүддесін тудырады, әркімнің қара­­қан басының қамын күйт­тейтін үрдісті мейлінше шектейді. Мұндай мүдделестік – қоғамда туындаған қиындықтарды ұжым­дасып шешуге итермелейді және адамдарды өз қаласына,
Отанына деген патриотизмге жетелейді. Айталық, өркениетті әлемде бизнес жүргізу үшін азаматтар бұқараға (масса) жүгінеді. Оның мәні мейлінше көп тұты­нушы табу болса керек. Табиғи апат, сыртқы жаулардың шабуылынан қорғанып, күресу үшін ын­тымақтасу мен бірлесудің маңызы арта түседі.
Әрине, көшпенді шаруа­шы­лықта мұндай қарым-қаты­настың бәрі тым тар шеңберде ғана жүреді ғой. Қазақтың бірлік туралы ежелгі ұғымының өзі «у ішсең де руыңмен» деген сипатта болып келген болса, қала мәдениетінде оның мәні «көппен көрген ұлы той» дегенмен алмастырылады. Бұл жерде де дәс­түрлі мәдениет басқаша түрде жаңғыртылып, жаңаратыны күмән тудырмаса керек.
Ал қазіргі қазақ мәдениетінің жауы не дегенге келсек, ең бастысы, сыбайлас жемқорлық дер едім. Бұл да сол көнеден келе жатқан тар шеңбердегі ойлаудан аспайтын тозық дәстүрден туындайды. Ұжым­­дық сана қалыптаспаған жерде жеке бастың қамы көп күйттеледі. Оның соңы тойым­сыз­дыққа, жемқорлыққа жетелейді. Білім, ғылым саласындағы көп былықты айтып ауыз ауыртпай-ақ қоялықшы. Қазір түрлі шығар­машылық байқаулардың өзі әділ өткізілуден қалды. Мұндай іс-шаралардан әділдіктің қарасын да көру қиынға соғып кетті. Тіпті, мұндай конкурстар сапалы өнер туындысын анықтауды емес, кері­сінше, әлдебір сыбайласқан топтың ақша жасайтын ұтымды құралына айналып кеткендей көріне береді.
Соңғы кезде ондай шығарма­шы­лық байқаулардың бас жеңім­пазы, бірінші, екінші, үшінші орын иеленетін жүлде­герлері алдын ала белгіленгеннен кейін барып жарияланады. Конкурсқа келіп түскен туындылар талқы­ланып, таразылану былай тұрсын, мүлде қаралмайды деген де әңгіме халық арасында жиі айтылып жүр. Өнерге, шығар­машылық саласына бөлінген үкімет қаржысының өзі «тендер атты жеңдердің» уысында кетіп, талан-таражға түсіп жатса, бұдан асқан жауыздық бола ма?
–Білім мен мәдениеттің құнсыз­дануы халық үшін қаншалықты қау­іп­ті? Сіздің ойыңызша, өнер мен әдебиетті, жалпы руханиятты ком­мерцияға айналдырудың ұлт бола­ша­ғына әсері қандай болмақ?
– Білім мен мәдениет орындары – Қазақстан халқының мүлкі. Ол санаткерлік бола ма, тікелей мағынада заттық бола ма бәрібір. Сонымен бірге, ол ғылым-білім де, мәдениет пен өнер де, қандай бір саяси ықпалдан тыс, дербес тұруға тиіс. Өкінішке қарай, біздегі заң­дарға, қаулы-қарарларға жүгінер болсақ, аталмыш сала көп жағынан бір ғана министрліктің «ашса – алақанында, жұмса – жұдыры­ғында». Оның өзінде саланың бас­шыларының өзі неше жылға та­ғайындалады, оның өзін неше рет қайта тағайындауға болады – ол жағы әлі анықталмаған. Білім мен мәдениет саласының тізгінін ұстап отырғандар орынбасарларын, жалпы командасын өздері тағайындап, босататындықтан, оның жанындағы қандай бір ұжым­дық кеңес секілді ықпалы, тіпті, ролі жоққа тән. Тіпті, болған күннің өзінде ондай құрылымдар негізгі міндетін атқаруға да дәр­менсіз рәміздік дәрежедегі бю­рократиялық бір баспалдаққа айналған. Мұндай қадам сала басшыларының жұмысына жасалатын бақылауды әлсіретіп, олар­дың көп мәселені белден басып, өз білермендігіне салуына жол ашады. Соның салдарынан қаржы ұрлау, дарын-қабілеті мықты шығармашылық иелеріне қиянат жасауға дейін әкеліп соқтырады.
Қысқасы, қазіргі таңда білім мен мәдениет ұйымдарының жанында басқару дейсіз бе, шығар­машылық, көркемдік дейсіз бе, қандай бір кеңестің болмауы, бол­ған күннің өзінде өз аппаратын бақылауға қабілетсіздігі, ондай құзырының да, тәжірибесінің де жоқтығы мәдениетті құнсыздан­дыратын бірден-бір ірі фактор болып отыр. Мәдениет пен білім саласына министр де, басшы-қосшы да келеді, кетеді. Ал оның жанын­дағы басқару кеңесі секілді алқа­лық құрылымдарға негізделген тетік біліми-мәдени органдармен мәңгі жасайтындықтан, саланың басшысымен бірге орынбасарлары секілді атқосшыларын да шынайы түрде бекітетін билікке ие болса, өзінің негізгі миссиясын атқарған болар еді.
Мәдениет пен өнерге қатысты мәселелер қарастырылғанда, әр түрлі шешімдер оның ақы иелері, сала қайраткерлерінің қатысуын­сыз тек қана бірер басшының жеке қалауымен тағайындалған ат төбеліндей лауазымдылардың бас шұлғуымен қабылданатын жағ­дайға жеттік.
Сол ләппайшылар мәселенің мәнін терең талдап түсіндірудің ор­нына лауазымы биік бірлі-жа­рым тұлғаны жер-көкке сыйғызбай мақтаумен, турасын айтқанда, жағымпазданумен күнелтіп жүрген жайлары бар. Ондай мәдени құрылымдарда, басқарушы топтарда қандай бедел болсын?! Сайып келгенде, еліміз­дегі мәдени орындардың басқару жүйесін же­тілдіру, оған шұғыл бетбұрыс жасау қажеттілігі өмірден туып отыр. Өйтпеген жағдайда жемқо­ры­лық пен қаржы ұрлығы кәріне мінеді де өнер мен әдебиетті, жалпы руханиятты коммерцияға айналдырудың өзімен жылап көрісеміз. Оның ұлт болашағына балта шабатын қауіпті тенденция екенін айтудың өзі артық шығар.
– Тасқындаған ақпарат ағымы­ның ықпалында кетпей, өзіне қа­жетті дүниені саралап таңдай білу әркімнің қолынан келе бермейтіні анық. Жаһандану кезеңіндегі түрлі ақпараттың сұрыпаудан өтпей, жаппай халық назарына ұсынылуы ел өміріне қалай әсер етуде деп ойлайсыз? Осы орайда мәдениеттің ақпа­рат­тық тұрғыдағы зияны туралы айт­саңыз.
– БАҚ қызметкерінің қолына түскен әрбір сан, мәлімет, ақпарат, материал атаулының бәрі дерек бола алмайды. Дерек дегеніміз, біріншіден, шынайы түрде болып өткен дүниені бейнелейтін, тексеруге болатын (верификация) ақ­параттық материал. Сонымен қатар, дәйектендірілген ақпаратты (мәліметтің көшірмелері, сұх­баттың расталған мәтіні, кітап не­месе мақалалардан алынған рес­ми сілтемелер, т.б.) нақты ақ­парат көзінен алынған дерекпен салыстырып, алыпқашпа жел сөздерден ажырату маңызды. Егер дәл осылай дәйектендірілмеген жағдайда оны пайдалану керек болса міндет­ті түрде ресми түсінік­теме қоса берілгені дұрыс.
Екіншіден, деректің атқаратын ролі айтарлықтай және оның нысаны маңызы терең оқиғалар, мә­лім­демелер, іс-әрекеттер. Деректің си­паты туралы мәселені журналис­тің қоғамдық позициясымен, әдіс­темелік бағытымен тікелей байланысты түсіндіруге болады. Егер журналистің әдіс­темелік позициясы дұрыс болмаса ақпарат жинауда да, оған баға беруде де теріс тұ­жы­рым жасауға итермелейді. Оның салдарынан қоғамда жалған деректер етек жайып, мұның соңы айық­пас дау-дамайға, шуға ұласып кетуі мүмкін.
Жиналған деректерді түсіндіру, оған баға беру, бағыт сілтеу, тұжы­рым жасау, туындының дүниета­нымы мен нақты мазмұнын жасау тәсілін де медиа құралдары жіті меңгерген болуға тиіс. Түсіндіру тә­сілі дегеніміз – дерек­терді көрі­ніспен біріктіру, түрлі жағдай­лардың арасын байланыстыру, әр­бірінің орнын белгілеу, маз­мұ­нын анықтау, оқиғаның қалай өр­буіне, қоғам өміріндегі мағы­насына сай баға беру, шынайы негізді тұжырым жасау.Күнделікті өмірдің тыныс-тіршілігіне лайық­ты баға берудің өзі әдісте­менің ал­ғышарты. Себебі, қоғам­дық да­му­дың заңдылықтарын терең тү­сіну арқылы ғана шынайы негізді тұжырым жасауға болады.
Журналистика принциптерін қатаң ұстанып, кез келген дерек пен оқиғада бейтараптылық та­ныт­қан абзал. Қандай да бір ақ­параттағы деректер, дәйек­темелер оған жасалған комментарий, тұжырым, ұсыныс-пікір­лердің қай-­­қайсысында болсын, сырттай қарағанда қайшы­лықтың орын алуы-алмауында тұрған ештеме жоқтай сезілуі мүмкін.
Ал шындығына келгенде, жур­налистің позициясы осы жерде көрініс табады. Ең негізгі шектеу де осында ұшырасады. Журналис­ке мынандай сауалдар қойылады: Оқиға, көріністі хабарлағанда, оған баға бергенде, қорытынды жа­сағанда журналист анықтал­маған немесе біржақты деректі ұсынуға қақысы бар ма? Сондай-ақ, журналист әлденеге субъек­тивтік түсініктеме бере ала ма, бір­еулерге залалы тиюі мүмкін екендігімен санаспай жатып үндеу тастауға, ақты қарамен немесе керісінше бояуға ерік беріле ме? Осындай көптеген күрделі мәсе­лелер журналист қызметінің прин­ципі жайындағы проблема­ларға өте байыпты әрі аса сақтықпен қарауды талап етеді.
Интернет арқылы тарайтын ақпараттар, стенд-ақпараттық вэб-сайт дегендер қазіргі таңда бәрі­міздің күнделікті қажет­тілі­гімізге айналып үлгерді. Сондық­тан да әлеуметтік қарым-қатынас желі­лерін пайдалы әрі тиімді қол­дану мәселесі қолға алынуы керек. Блог, микроблог, уики-парақ­шалар – жеке адамдар арасындағы байла­ныс­тың міндетін атқарумен қатар бұқаралық ақпарат, пайдалы мәліметтерді қабылдаудың да бір­ден-бір арнасына айналды. Алайда, оны медиа кәсіби қыз­метінің аясында қолдану мәселесі де, ол ту­ралы ұғым да жүйелі түрде қа­лып­тасып үлгерген жоқ. Дегенмен, оны ресми парақшаға көшіріп, сенімді ақпарат көзіне айнал­ды­руға, жаңалықтар таратуға, іскерлік ой-пікір нысаны етуге тырысу­шы­лық журналистер арасында бар­шылық.
Сонымен қатар PR, жарнама құралы ретінде пайдаланатындар да бар. Бірақ ондай, әсіре, белсен­ділік көбінесе жұртты иландырудан бұрын жалықтырып жіберіп жатады. Оны байқап үлгерген халықаралық ірі агенттіктер «Social Media Editor» атты жаңа штат аш­ып, жұмыс істей бастаған. Қазіргі таңда аталмыш салаға тілшілерін машықтандыруды, қайта даярлауды әлдеқашан қолға алған.
Газет-журналдардың өң-кел­бетін лайықты түрде безендіріп, оқырмандар назарын бірден аударып, баурап алудың жолын журналистер өздері тауып, көз тартар дизайн жасап жатыр. Жалпы, үрдіс тым кешікпей әлемдік қалыпқа (стандартқа) айналуы ықтимал. Әрине, мұндай жағдайда әр тележурналист жасайтын арнайы репортаждары мен деректі фильміне өзі режиссерлік етуіне тура ке­леді.
Өзге саланы жазуға қабілеті бар мамандарға журналистік білім беруді де қолға алу қажет. Айталық, сіздің базалық мамандығыңыз медик, инженер немесе экономист болғанымен, жазу-сызуға бейіміңіз бен қызығушылығыңыз болса, екі жылдық қашықтықтан оқыту немесе қосымша мамандық игеру са­ласына түсіп, бакалаврлық дәрежелі журналист бола аласыз. Сол арқылы базалық мамандыққа сүйене отырып, ғылым мен технология саласындағы ақпаратты сапалы дайындап, халыққа тиімді етіп жеткізетін артықшылыққа ие болуға болады. Осының бәрі журналистік білім берудің қазіргі жүйесін түбірімен өзгертуді талап етіп отыр.

Әңгімелескен
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір