КӨҢІЛ ТОЛҚЫТҚАН ҚОЙЫЛЫМ
09.06.2017
1298
0

Талдықорғандағы Оқушылар сарайында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қыз жылаған – Қара орамал» атты қойылымның премьерасы өтті. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі желісінде қойылған поэтикалық шығарма Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлының режиссерлігімен және Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың көркемдік жетекшілігімен сахналанды. 

Қойылым алдында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орын­басары Ғалиасқар Сарыбаев сөз алып, қазақтың басына төнген ауыр жыл­дар жайлы, сол тұста қынадай қы­рыл­ғандар мен жазаға тартылғандардың жалпы саны бедерленген мазмұнды баяндама оқыды. Одан кейін, құрметпен сахна төріне шық­қан шығарма авторы, ақын, Қазақстан Жазу­ш­ылар одағы басқармасы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «Алашқа ғана емес, адамзатқа тән небір асыл азаматтарымыз, арыстарымыз дү­ниеден өтті. Талайлы тағдырдың талай сынақтарын көріп, ел есендігін, жұрт болашағын ойлады. Олардың өмірінен сыр шертер мұрағат жазбаларын осы жерде тілге тиек етудің өзі ауыр. Қарағанды то­пыра­ғын­да қазақтың басындағы тағдыр­ды «Қара орамал» атты шығармаға арқау еткен едім», – деп қойылымға арқау болған туын­дысы жайлы ой қозғады.
Бір қарағанда, «Дүр сілкінтер дү­ние­нің дүрмегі ауыр, Күнде дабыр бұл тір­лік, күн­де дауыл. Алаш жұрты азаптың аралы ма – Қарағанды лагері, бұл не лагерь?..» де­ген жолдармен басталатын поэма-рек­вием сахналауға келмейтін, тілі ауыр, иірімі бөлек дүние секілді көрінеді. Алайда, сахна майтал­ман­дары­ның табанды еңбегінің нәтижесінде әрі оқушылардың таланты мен ізденімпаз­ды­ғының арқасында ойдағыдай сахналанып, көрерменнің көңілін толқытты. Бұл ретте қойылымның суретшісі Саят Жұмаділ мен дыбыс режиссері Қарлығаш Исаеваның еңбегін де атап өткен жөн.
Тамыры терең тарихқа деген сезімді оя­тып, жанарда жас толқытқан спектакль соңында шығарма авторы ақын Ғалым Жайлыбай қойылым режиссері Кен­дебай Темірбайұлы мен «Жас актер» теат­рының көркемдік жетекшісі Алмахан Кенжебековаға деген ризашылығын біл­дірді. Ал орайлы сәтте сөз алған бел­гілі ақын Әміре Әрін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына берілген қар­жы­ны қойылым режиссеріне беріп, өнер­лі оқушыларға үлестіруін тапсырды.

Бейбарыс Бақтаев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір