Ұлттық тамырды іздеу
09.06.2017
1486
0

Бұрынғылар университет аудиториясын тоздырмай-ақ, ой тереңдігімен, тіл байлығымен, дүниетаным кеңдігімен ерекшеленетін. Ал бүгінгілер үздіксіз білім алып, тоқтаусыз ізденіс жасап, әлемдік ақпараттармен қарулана жүріп даралануға талпынады. Ғылым-білімге құштарлығымыз көңіл қуантарлық іс. Әйтсе де, өмірде жақсымен қоса жаманның да қатар жүретінін ескерер болсақ, бет алған бағытымыздың дұрыстығын анықтап алған жөн секілді. 1990 жылдардың басында айтыскер ақын Оразалы Досбосынов: «…Шатасып жүрген ғалымнан, шатақсыз жүрген ұл артық…», «…Қытайға тиген қызыңнан орысқа тиген күң артық…», – деп заманымызда болып жатқан жөнсіздіктерге қатты налыған еді. Содан бері ширек ғасыр өтсе де, біз әлі болашақтың даңғылына түсе алмай келе жатқан секілдіміз. Өзгенікін зор, өзіміздікін қор санап, барымызды бағалай алмайтын, тым еліктегіш мінезімізден арыла алмай келе жатқан сияқтымыз. Бабалар салған сүрлеуді негізге алып, халықтық педагогикаға жүгініп, алға қадам басуға не кедергі? Осы секілді бірқатар сұрақтарға жауап іздеп, мамандарға хабарласқан едік.

 


– XX ғасырдың басында хат танып, жазу жаза білген адамдар бі­лім­ді саналатын. Бертін келе қолында дипломы барлар инеллектуалы жоғары адамдар қатарынан көрінді. Уақыт өте келе ғылыми дә­режеге үл­кен мән беруге көштік.Ал қазір білімге деген көзқарас пен талап өзгергендік­тен, «білім» туралы түсінік те мүлде бас­қаша. Бұл тек бізде ғана емес, әлемде бо­лып жатқан құбылыс. Сіздіңше, нағыз бі­лімділер кімдер? Осы заманның білім­ді­лік­ке деген өлшемі қалай белгіленіп жатыр?

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ,
академик:
– Білімді молынан жи­ғаның­мен қол­да­ныс­қа енбесе, одан еш пайда жоқ. Қазір профессорлар, ака­демиктер жетерлік. Бірақ со­лар­дың кейбірі өз саласында бі­лім­­сіздік көрсетіп жатады. Мәсе­лен, шетелдерде оқыған, жоғары білімді дегендердің де көп жерде ойының таяздығы байқалады. Бала кезімізде көп тыңдап, тәлім алып жүретін ақсақалдар кітап оқып, білім алмаса да, өмірлік мә­селелерді оңынан шешіп отыратын. Меніңше, білімді, зиялы адамдар деп көркем мінезді, өмір­дегі бағыты дұрыс, тиянақты адамдарды айтуға болады. Кезін­дегі Мәшһүр Жүсіп, Әл-Фараби, Шәкәрім және тағы басқа дана адамдардың білімімен деңгейлес адамдар бізде көп-ақ, әйтсе де қа­зіргі білімділердің бағыты, мінез-құлқы өзгеше.

Тұрсын ҒАБИТОВ,
философ:
– ХХ ға­сыр елімізде сауат­ты­лық пен жоғары білімнің дип­­ломын алу­ға ұм­тылу­­мен ерек­ше­ленсе, жаңа ХХI-ші ғасырда өр­­кениеттің ақ­парат­тық толқы­ны­на қатысты өзінің интеллектуалды және басқа адами қасиет­тері­мен, атап айтқанда, кре­а­­­тив­­тік, іскерлік, прагмати­ка­лықтә­жiрибесімен ұшталған маман алда тұр. Жеке адамның және мемлекеттегі азаматтардың бойындағы интеллектуалды адами капиталды қоғамдық өлшем­мен айтқанда ешкім ұрлап та, сатып та ала алмайды. Сондық­тан адам капиталында білім мен тәрбиенің пайдасы көзге анық көрінеді. Білікті де білімді және өзіне-өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүние­қоңыз­дықтан, жемқорлықтан қор­ғай­ды. Білімді, парасатты адам бі­рін­ші кезекте өзінің бойындағы қасиетіне сенеді. Жеке басқа табынбайды. Сондықтан да халы­қ­аралық қоғамдастық білім­нің адам дамуындағы лайықты ролін қамтамасыз ету жолымен осы проблемаларды шешу стратегиясын жасады. Ол – «Баршаға бір­дей ­білім» стратегиясы. Оның не­­гізгі қағидаттары БҰҰ 1990 жылы Джомтьенде ұйымдастыр­ған конференцияда тұжы­рым­далды. Егер жекелеген өлшем­дерді алатын болсақ, Қазақстан халықтың «тапқырлық» деңгейі, мектеп оқушыларының әлемдік олимпиадаларда жүлделі орындарды алуы (яғни технологиялық идеялардың дамуы), ғылыми-зерттеу базасының, дәл ғылым­да­ғы білімнің сапасы бойынша, сондай-ақ базалық инфрақұ­ры­лым­ның жаман емес жағдайына қатысты айтарлықтай жоғары бағаланады. Алайда, біздің еліміз бұл артықшылықтарды нақтылы «капиталдандыру» мүмкіндігін қамтамасыз ететін факторлар бо­йын­ша төмен бағаланады.Мұн­да «ақыл-ойдың сыртқа кетуінің» жоғары деңгейі де, жаңа технологиялар мен қызмет­терді лицензиялаудың күрделі ресімдері де, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғаудың төменгі деңгейі де, білім беру мен ғылыми-зерттеу және тәжіри­бе­лік-конструкторлық жұмыстарды инвестициялау жөніндегі аз әулет те бар. Міне, содан келеді де, мысалы, ересек халықтың сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемдегі алғашқы 3 пайыздың қатарындамыз, ал әл-ауқат дең­гейі бойынша соңғы 40 пайыз елдердің қатарындамыз. Инженерлер мен ғалымдардың саны бой­ынша біз тізімнің үштен бі­рінің алғашқысындамыз, ал жо­ғары технологияларға келетін экс­порттың үлесі жөнінен артта қалушылар қатарындамыз. Адам ресурсының сапалық деңгейінің көтерілуі – тек ғылымға жете көңіл бөлгенде ғана пайдалы бо­латындығын естен шығар­мауы­­мыз керек. Бүгінгі таңда да­мыған елдерде ұлттық байлық­тың 73 пайызын адам капиталы құ­рай­тынын ескерсек, біздің елімізде бұл көрсеткіш екі-үш есе кем, сондықтан қолға алатын мәселе­лер әлі де аз еместігін байқауға болады. Адам капиталы тұрғы­сынан ғылымға, білімге, бір адам­ға жұмсалатын қаржыны ес­ептегенде біз, әрине, әлі де бол­са жоғары деңгейге көтеріле алмай отырмыз. Бүгінгі таңда тек білім-ғылым, жаңа технология салаларына бөлінетін қаржы Аме­риканың ішкі жалпы өнімі­нің 26 пайызын құрайды екен. Ресейде бұл көрсеткіш – 8 пайыз болса, Қазақстанда, кейбір мәліметтер бойынша, 2020 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржы жалпы ішкі өнімнің 2 па­йы­зын құрастыратын болады.

Әлкей МАРҒҰЛАН, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы Академиясының «Қауіпсіздік және саясат» магистрлік дәрежесіне үміткер:
– Әр заманның өз талабы мен сыны бар. Білімнің негізгі функциясы сол талаптарға сай келе отырып, сындарға жауап беру. Уақыт шеңберінде ой тарқатар болсақ, ХХ ғасырдың өзінде бі­лім мен ғылымға қатысты көзқа­рас пен ұстаным белгілі бір дең­гей­де эволюциялық дамуда бол­ды. Көптеген ғылыми жа­ңа­лықтар ұзақ мерзімді уақытты талап етсе, мамандықтар көбінде өнеркәсіпке қажетті азаматтарды тәрбиелеуге мән берді. Ал ХХІ ғасырдың талабы онжылдықтар­мен емес, жылдармен, кей кездері айлармен өлшенетін дәрежеге жетті. Себебі, бәсекелестік өте жо­ғары деңгейде, білім нары­ғында мықты ойыншылар пайда болып жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болды, дәстүрлі кәсіптер үл­кен өзге­рістерге ұшырап жатыр. Соған байланысты білім кате­гориясына қатысты көз­қарас­тар өзгере бас­тады. Бүгінгі күнгі білімді адам­ның кейпі дәстүрлі диплом иесі атану, бір мамандықты игеру секілді сте­рео­типтік пікірден алшақ жатыр. Себебі, білімді адамның сипаты кешенді мазмұнға ие. Біліктілігі жағынан жоғары білімі бар, ке­мінде бірнеше шет тілдерінде сөй­леу, өз жұмысын орындау аз­дық етеді. Керісінше, сыни ой­лау, эконо­микалық өзгерістер­дің нә­ти­же­сінде орын алатын жұмыс нары­ғындағы сұранысқа икемді болу, сонымен қатар әр уақытта өзінің білімін толықтырып, кей уақытта жаңа мамандықты игеруге лайықты азаматтардың нағыз білімді екендігіне мән беру керек. Соған байланысты мен үшін білімді адам, бірінші кезекте өз ісін аса үлкен жауап­кер­ші­лік­пен атқаратын және жаңа білім көзде­ріне өте құштар азамат.
– Біз батыстық білім стандарт­тарына жаппай ден қойдық. Ха­лықтың зейінін білімге бағыт­тау­мен­ қоса жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың парқын айыра алатын талғампазды­ғы­н арт­тыр­у ү­шін қандай ұстаным керек? Жалпы, даму жолында көшірме ұлт­қа айналмай, ұлттық тамырымызды сақтап қалу үшін не істеген жөн?

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Құндылықтарды сақтап қалу уақыт өткен сайын қиын мәселеге айналып бара жатыр. Оның үстіне қазақ өте еліктегіш халық. Батыстықтардың дең­гейі­не жетеміз деге­ні­міз­бен олар­дың­ аса білімді, текті халық емес екенін байқап отырмыз. Әдетте адам баласы жақсылықтан гөрі жамандықты тез сіңіреді. Үйрен­ген осы екен деп жапа-тармағай бас қойдық. Ал бұның соңы ұл­ты­мызға үлкен қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Сон­дықтан қандай озық үлгі болса да өз табиғатымызға сай етіп қа­был­дауымыз қажет. Жақсы қа­сиет­тер зиялы адамдар арқылы жетеді. Қарапайым халықтың өміріне көп әсер ететін саясаткер­лер, шенеуніктер болған­дық­тан олардың әр шешімі маңызды. Ег­ер бір қателік жіберсе, оны түз­е­тем деп адасқан үстіне адаса түседі. Біздегі білім жүйесінде бо­лып жатқан қиындықтар да осының айғағы. Асығыс жасал­ған заңдарды түзету оңай шаруа емес. Мәселен, ғылымдардың дәрежесі екі сатылы еді оны бір са­ты­лық етіп қойдық. Бұл мүлде дұрыс болмай шықты. Онсыз да қазақтардың ғылымға деген ұмтылыстары мәз емес еді. Енді мүлде төмендетіп тастадық. Меніңше, өзгелерден үйрене жүріп, жиренгеніміз жөн сияқты. Біз тек өзіміздің өміртанымы­мыз­ға байланысты әрекеттер жа­сауымыз керек. Шетелдің мә­де­ниетіне қатты қызығамыз. Бірақ оларға таңданатындай ештеңе жоқ. Ол халықтарда ыдырау, адамдық қасиеттерден ажырау бізге қарағанда анық байқа­лады. Сондықтан біз ата-баба жо­лымен жүріп, дәстүрімізді сақтауымыз қажет. Біз өз болмысымызды сақтап қалайық, рухымызды жаңғыртайық деп ұран­датқанымызбен, жастар бұған еш қарап жатқан жоқ секілді. Кері­сін­ше, батысқа еліктеп, сол жақ­тар­ға жақындауды көздеуде. Жақсы мамандардың көбі шетелге кетуде. Ал ол біздің геніміздің нашарлауына алып келеді. Дәл осы бағытпен кете берсек, көп бол­са жүз жылға ғана шыдап, одан кейін халықтығымыздан ажырап қаламыз ба деп қорқам.
Тұрсын ҒАБИТОВ:
– Қазақстан Республика­сы­ның білім беру стратегиясындағы басты концепция – ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үл­гі­сінің негізгі мақсаты – адамды ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалып­тас­тыру, оның қоғамдағы орны мен роліне, әлеуметтік жағ­дайы­на, мәдени-рухани дамуына ер­ек­ше мән беріп, сол арқылы рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарас­та­ры­ның, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мә­дениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұр­ғы­да кемелденген, ұлттық ділі мық­ты, әлеуметтік мәдениеті қа­лып­тасқан, халық, ұлт алдын­да­ғы жауапкершілік сезімі жо­ғары дара тұлға болуы тиіс. Оны ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчестволық тұлға, елдің жанашыры, келе­шек­­тің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкін­дік жасалуы тиіс. Өйткені, бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз.
Тағы бір мәселе кейбір техни­ка­лық және жаратылыстанушы ғалымдардың арасында гумани­тар­лық салаға деген теріс пікір­лер­дің өрістеуі. Тіпті, ХІХ ғасыр­дың аяғындағы позитивистердің философия сынды рухани құн­ды­лықтарды зерттейтін ғылым­дар­ды терістеуі бізде де көрініс бе­ре бастады. Бұл жерде Батыс ғы­лымының сол кезде-ақ бұл мә­селені шешкенін еске салған жөн. Табиғат туралы ғылымдарда дерек бірінші орында тұрса, рух туралы ғылымдарда оқиғаны зерттеу алға шығады, Оқиға өз ерекшеліктерімен фактологиядан анағұрлым күрделі. Гегельдің тілімен айтқанда, ақылдың ұйық­тауы неше түрлі құбы­жық­тарды өмірге әкеледі.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Әлемдегі мемлекеттер ара­сын­дағы шекараның ашылуы – тек мемлекеттердіңөзара байла­ны­сының артуына ғана емес, білім мен ғылымның кең интеграциясына әкеліп тіреді. Бүгінгі күнгі біздің шет тілдерде сөйле­сіп, көптеген нанотехнология, биотехнология, ақпараттық технологиялар, медициналық инженерия секілді салалардағы батыс­тық немесе азиаттық қайнар көз­дер­ден білім алуымыз – со­ның анық айғағы. Яғни озық білім жүйелерінен білім алу – қалыпты жағдай. Дегенмен, оның жағымды тұсынан өзге, қауіпті жағы да бар. Ол қауіп – ұлттың та­мы­рын жоғалтып алуымен қа­тар, сол өзге білім жүйе­леріне бел­гілі бір дәрежеде бәсекелес бо­ла алатын озық білім саласын дамыта алмау. Мысал ретінде Джо Стадвеллдің «Азия­лық бас­қару моделі» кітабындағы Жапон елінің білім саласына қатысты стратегиялық көзқарас­тың 1868-1912 жылдардағы Мэйдзи реформасы тұсында ерекше қалыптас­қаны туралы оқыдым. Бүгінгі күнгі инновациялық білімнің ордасы атанып отырған Жапо­ния­­ның өзі ұзақ жылдар бойы бі­лім саласын өз ұлтының негізгі даму бағыттарына компас ретінде ұстағанын осы деректен түсінуге болады. Ал соңғы тарихи дерек­көз­дерге сүйенсек, біздің де бабаларымыз – Алаш қайраткерлері – Жапон елінен үлгі алу қажет­тілі­гі туралы айтып кеткен. Яғни ұлттық болмысымызды ұмытпай, әлемнің озық ілімін сіңіру – та­би­ғи процесс. Одан бөлек, ұлттық сана сезім қалыптастыру мақса­тын­да білім мен тәрбиенің ролін күшейту бағытында да үлкен жұ­мыс­тар атқарылуы қажет. Себебі, ұлт­тық тамырды, яғни гендік қор­ды сақтап қалу тек қана білімнің еншісінде емес. Білім тек рухани-адамгершілік постулаттармен бірлікте ғана ұлттық болмысын сақтап қалады.
– Бұрынғы ойы озық азаматтар бар жиған білімін халықтың игілігіне жаратсам деп ниет қыл­ды. Тіпті, сол жолда жанын да қи­­ған­дары аз емес. Ал бүгінгі зиялы­лар­дың ішіндегі кейбірі ат­­ақ-дәрежеге, шен-шекпенге кө­бі­рек ұмтылатын секілді. Бәлкім, жылдар бойы жоғалтқан уақыт­тың, төккен тердің өтемін алған да ­дұрыс шығар… Сіз қандай пікір­десіз?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Ғалымдардың арасында бі­лі­мімді сатып, рахатын өзім ғана көрейін дейтіндер өте сирек. Олар­дың көпшілігі халқыма пай­дамды тигізсем дейді. Қазір­ шын ғалым емес, соған ұқсас «псев­доғалымдар» күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Ал бұндай­лар­дың кесірінен адамға ғалым дегеннің барлығы осындай ма деген ой келеді. Өздерінің ішкі таяз­дығына қарамастан, ғалым­сы­мақтар мықты қызметтер мен а­тақ-дәрежеге қол созады.Мұндай адамдар әр жерде көрін­генімен, біртіндеп ысырылып қала береді. Өткен ғасырларда да, бергі уақыттарда да «ғалымбыз» деп жүргендердің көбісі ұмыт болып кетті. Меніңше, ғалым адам­ға өте көп ақшаның керегі жоқ. Тек қана дұрыс өмір сүруіне жететіндей болса болды. Қазір мемлекет ғылымға көңіл бөліп отыр. Ол бөлінген қаражат біздің деңгейіміздегі ғылымға жет­кілік­ті. Бірақ қай жерге көбірек ақша бөлінсе, соған псевдо-ғалым­дар қаптап кетеді. Кейін ақша азайған кезде олар кетіп қалады да ғалымдардың бір шоғыры ғана қалады. Білім саласында да псев­до­ғалымдар қаптап жүр. Коррупция дегеніңіз осы ма деп те ой­лай­сың кейде. Ал ғы­лым­мен ай­налысатын адамдар әр жерге шапқылап бара бер­мей­ді. Оған оның уақыты жоқ. Адамның шын ниетпен жасалған қажырлы еңбегі қай уақытта болса да елеусіз қалмайды.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Жеке ғалымдардың атақ-даң­қына қатысты ештеңе айта алмаймын. Ол менің ойымша, әр адамның ар-ожданының сұрағы. Себебі, тарих деген ұлы сарапшы бар. Уақыт сарабынан көптеген адамдардың жоғалып, ал көпте­ген ғалымдар ғасырлар бойы әл­ем­нің ортақ ұстаздарына ай­нал­ғанын көруімізге болады. Екін­ші жағынан, біз «зиялы қауым» деп кімді қабылдаймыз деген сұраққа қоғамдық және мемлекеттік тұрғыдан жауап бер­уіміз керек. Халқына еңбек еткен бабаларымыздың өміріне зер салсақ, керемет бір фактіні көре­мін. Олар өзінің мемлекеттік мис­сиясынан бөлек, ағарту­шы­лық қызметті қатар ұстады. Ахмет Байтұрсынов қазақ филоло­гия­­сының фундаменталды ба­за­сына өзінің үлесін қосса, Әли­хан Бөкейханов география бойын­ша, Әлімхан Ермеков ма­те­матикалық ғылымның институционалды негізін қалады. Од­ан бөлек, қаншама асыл аза­мат­та­ры­мыз­дың ағартушылық бағыт­тағы еңбектерін атап өту аздық етер. Себебі, халқы үшін, елінің қамы үшін еңбек ету – үлкен қажырлы еңбек пен ішкі рухани күшті талап етеді. Біз кеңес үкіметі тұ­сын­да осы рухани күшті әлсіретіп алдық…
– Адам ешқашан білімнің ше­гіне жете алмайтын сыңайлы. «Біл­геніңнің жақсысын қыл, біл­ме­генді біле бер» деп Шәкә­рім айт­­пақшы, білімге жету де оңай емес. Кей жағдайда білімдіге қара­ғанда жәй ғана тәрбие көрген адам­ды барласақ, жүрегіміз жылып қалатыны бар. Білімнен гөрі адамның ой-өрісі мен мінезі ма­ңыздырақ дегенге келісесіз бе?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Жалпы, жақсылық істесе де, жамандық жасаса да білімді адам күштірек болады. Мәселен, құлтемірге (роботқа) жаман бұй­рық берсең, соны бұлжытпай орын­дап жүре береді ғой, сол се­кіл­ді, арам пиғылды адамға бі­лім­ді қанша сіңірсең де, жаман­дыққа пай­далануы мүмкін. Ғалым­дар­дың біразының бойын­да ­қыз­ған­шақ­тық, іштарлық, көреал­мау­шы­лық секілді қасиеттер ба­сым. Көптеген ға­лым­дар жаңалықты жалғыз мен ашсам екен дейді. Қазақ қазақты бәсе­келес көреді. Сон­дық­тан­ бі­лім­ді болуды ғана ем­ес, адамдық, кісілік қа­сиеттерді де үйренген жөн. На­ғыз білімді адамдар білімі те­рең­деген сайын, парасатты бола түсуге тиіс.
Тұрсын ҒАБИТОВ:
– Елімізде басым түр­де дәс­түр­лі білімнің маз­мұны негізінен т­а­нымдық сипатта беріліп келді. Оның дидак­ти­калық-әдістемелік бөлігін құрайтын жаттығулар, сұрау-тапсырмалар сол танымдық материалды меңгеруге қызмет ететін мақсатта құрылатын. Ен­дігі жерде жаңа ХХІ ғасырдың бі­лім философиясы мүлде өзгеше парадигманы қажет етуде. Мұнда білім беру процесінің объектісі бұ­рынғыдай тек білім, яғни оқу материалы ғана деп қаралмайды. Білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынадай міндет­терден түзіледі: оқу­шы­ның интеллектуалдық-та­ным­­­дық, психологиялық, шы­­­ғар­­ма­шылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әре­кет­шіл­ді­­гін, коммуни­кативтілігін, әлеу­­меттенуге бейімділігін, эс­те­ти­­калық, руха­ни-адамгер­ші­лік, экологиялық, дене мәдение­­тін, т.б. қалыптас­тыру. Білім маз­мұнын құрайтын оқу материалдары тұлға дамытушы мүддені түзуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуы керек. Күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мә­се­ле­лердің ішінде жас ұрпаққа бі­лім беру мен тәрбие­леуді жаңа са­тыға көтеріп, жан-жақты же­тіл­ген шы­ғар­машыл жеке тұлға қалыптастыру өзекті­лігі артуда. Жаңашылдық өзге­рістер мен әлем­дік білім беру тә­жіри­бе­сін қазір­гі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды. Алдымен білім беру мақсаттары­ның өзгерісіне, ізінше оның тиім­ділігі өлшемдері келді. Ежел­ден белгілі: «көп білім ақыл­­дылыққа үйретпейді». Сондықтан оқыту жеке тұлғаны қалыптастыруға, дара мүмкін­діктерін, шығарма­шылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқыту – міндетті түрде тәрбиелік қызметпен сабақ­тас­тықта өтуі қажет. Осы тұрғыдан білім беру мақсаттары әлеуметтік-жеке­ тұл­ғалық құндылықтарға, сонымен қатар жеке тұлғалық-даралық сипатта болу қажеттігі туындады.Мем­ле­кеттік білім беру жүйесі негізінде әлемдік білім кеңістігіне ену – оқушының күнделікті оқу жүк­темесін азайту арқылы ден­сау­лығын сақтау, бос уақытын жеке мүмкіндіктері мен қа­білет­терін жетілдіруге жұмсауға жағ­дай жасап қана қоймай, оқыту сатылары бойынша оқу материалын тиімді түрде игеруге, оны өмір­де қолдану және болашақ ма­мандықтарына қажетті дағ­дыларды жинақтауына мүмкін­дік береді. Сондай-ақ, мемлеке­тара­лық білім сайыстарына, бағдарла­маларға, білім жобаларына қаты­суы­на мүмкіндіктер туындайды, нәтижесінде отан­дық аттестат­тар­дың шетелдерге танылуын қамтамасыз етеді. Ақпарат­тан­дыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қа­тысты принципті бағыттар қа­тарын қайта қарамайынша елес­тету мүмкін емес. Солармен бір­ге, қазіргі білім беру үдерісінде инновациялық білім беру жүйе­ле­ріне, шығармашылық қабілет­ке, шығармашылық рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі дамыту­ға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі мәселе­сі­нің қарастырылуына да үлкен мән берілуі керек.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Әл-Фараби: «Тәрбиесіз бе­ріл­ген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі әр қазақтың ойын­да болуы қажет нақыл сөз. Бі­лім деген керемет қару, бірақ ол адамгершілік, моральдық қа­сиет­термен безендірілмесе, тек қана өзі жетімсіреп қалады. Абай ата­мыз­дың да бес асыл қасиет: талап, еңбек, терең ой, қанағат жә­не рақым – адам бойындағы бі­лімге негіз болар алғышарт қа­сиет­терден бөлек, адамгершілік қа­сиет­тердің де тәрбиеленуінің қа­жеттілігін түсіндіреді. Сол се­беп­ті, құстың қос қанаты секіл­ді, адам­ның да биікте ұшуына бір қа­наты – білім, екінші қанаты – о­ның тәрбиесі болсын дегім ке­леді.

Дайындаған
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір