Ақын болу – хақтың ісі…
09.06.2017
3462
0

Нұрлан Оразалин есіміне ел құлағы үйреніп, алғашқы жырлары оқырман жұрт­шы­лықтың назарына іліккеніне жарты ға­сырдан асып барады.


«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Өткен ға­сыр­дың алпысыншы жылдары мектеп қа­быр­ғасында жүріп жазған өлең дәптерін жү­­регінің тұсына тұмардай түйіп ұстап, көңі­лі алып-ұшып Алматыға келген бозбала жігіт бү­гінде шашы бурыл түске боянған ел ағасы жа­сына келді. «Көгілдір түнде – көк аспан, жұл­дыздар көкте тұр тұнып; кеудеме қонып, кеу­деммен менің сырласқан, жылт еткен үнсіз жұл­дыздың көзі – нұр-тұнық» деп арманды қа­нат еткен жас ақын елінің алдында есейіп, халқының ортасында жүріп, қабыр­ға­лы қаламгерге айналды.
«Сөз айтсам досқа ұнаған, шақырып алға озар күн; Табиғат – менің ұлы анам, көгердім, бірге бозардым» деп, ой мен жырдың тол­қын­дай тулаған өріне желкен жайған жетпісінші жыл­дар «Өкінбе, дос, біз бармаған той, аз ба? Азап-мұңын біз шекпеген ой аз ба?! Өлең үшін мәңгі майдан – бұл өмір, қар, дауылға, қарсы жүзу аязға… Сезу, көру, есту, тыңдау – кү­ресу, шындық үшін шырқырап кеп тіресу; Ақын болу – хақтың ісі… Мұратың – жазымыш пен жалған жайлы жыр есу» деген сер­гелдеңі мол сексенінші жылдарға жалғасты… Ақын «Желтоқсанда орай-борай қар ұшып, пері заман адалдықпен алысып, асау ғасыр сіл­кіледі санамды, тамырымда намыс, жігер, қан ысып…» деп, ел көзін басқан уақыт шелін сылып, ұлт санасын сілкіп, томағасын сыпырған Тәуелсіз­дігімізге бесік болған тоқсаныншы жыл­дарға ағынан жарылып, құшағын жайды.
«Тербеп алаң, аспан менен жер, түнді, Ер­кін күйлер ел көгінде шертілді. Мен өр­тен­сем… Елім үшін өртендім… Иә, Тәңірім! Өшір­мегін өртімді!» деп жыр қанатына қон­ған тұғырлы тұлға сөз түренін соныға салды. Осыған дейін жазылған «Беймаза көңіл», «Сыр­найлы шақ», «Жерік түндер», «Жетінші құр­лық», «Адамзатқа аманат» атты жыр жи­нақтарынан соң «Құралайдың салқыны», «Ға­­сырмен қоштасу», «Қарақазан ғасыр», «Екі дүние», «Тәубә», «Аспантаудан ауған күз», «Құндағым», Тәңірмен тілдесу», «Көк­жал дәуір» («Время волчица») атты уақыт, за­ман, қоғам туралы тереңнен толғап, Алаш жұр­тының өткені, бүгіні, ертеңі жайлы ойға же­телейтін іргелі поэтикалық туындылары­мен қазақ жырына олжа салды. Оразалин твор­чествосы туралы ілгері-кейінгі кезде әде­биеттің көрнекті өкілдері пікір айтып, жо­ғары баға бергенінен оқырман қауым жақ­сы хабардар.
Ақынның шығармалары орыс, француз, қытай, түрік, украин, өзбек, қырғыз, тәжік, бол­гар, молдаван, татар тілдеріне ау­дарыл­ған.


Өз дәуірінің перзенті 

Серік ҚИРАБАЕВ,
филология ғылымының докторы, сыншы, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Абайдан қалған бір сөз бар «жұрт айтпаған сөз бар ма» деген. Қазақ сөзге шешен, айтқыш, сөзұғар халық. Ол айтпаған сөз жоқ деп түсінуге де болады. Ақындар да көп айтқан сөзді. Бірақ бүгінгі поэзияның талабының өзі – сол сөздерді қайталау емес, мақсаты – өмірді әркім өзінше тану. Өзінше соны образбен бейнелеу – сонымен ғана поэзия өмір сүріп келеді, поэзияның ерекше қасиеті осында. Әйтпесе жұрт айтқан сөзді негізінен қайталап айтуға тура келеді. Поэзияның артықшылығы – соны суретке түсіруінде. Адамның мұңы мен қайғысына ортақтасуында, сезінуінде, өзінше көре білуінде.

Ақын, әрине, қағазға түскеннің бәрін тізе беруге тиіс емес. Соның бә­рінен кейінгі ұрпаққа ғибрат ұсы­нады. Яғни үлкен суретпенен қал­дырады. Нұрлан өлеңі – біздің осы саламызға сай, замана талапта­рына сай дамып келе жатқан өнер. Мен оның өлеңдерінен өткенді қай­талау емес, өзінше ізденуді, өзін­ше сурет салуды, өзінше тол­ғану­ды көремін. Ол туралы айтып та, жазып та келемін. Кеше тәуел­сіздік келген кезде Нұрлан тәуел­сіз­дікті ұрандатып қарсы алған жоқ. Бірақ тәуелсіздіктің маңызын, мазмұнын, оның халықтың рухын кө­теретіндігін, ұлттық психология­ны жаңғыртатындығын тү­сініп жырлады. Оның артық­шы­лы­ғы да осында. Тәуелсіздік ха­­лықтың мүддесіне жауап бе­ре­тін­дігін түсінді. Және тәуелсіздік келген кезеңдегі қиыншы­лық­тар­дың бәрін бұл өлеңдерінде тізіп жаз­ған сияқты.Бірақ соның бірде-бі­рінде қайғы арқалаған жоқ. Өмір­дің шынайы көріністерін бейнеледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да қалыптасқан қоғамымыз өз­герді. Экономикалық қарым-қа­ты­настар…Көрші елдермен бай­ланыс­тар әлсіреді. Нұрлан осының бә­рінің бірде-бірін қаламынан сырт қалдырған жоқ. Осылардың бәрін де ақынның халық қайғы­сына ортақтасқандығы күйінде бейне­ленді. Ол қоғамды жамандап, сая­сат­қа қарай ыңғайланған жоқ. Сая­сатқа қарай ыңғайланған өлең үлкен опа бермейді. Бірақ шынайы өмірдің өз суреттерін салған ақынның өлеңдері қашан да жаңа­лық болып сезіледі.
Нұрлан ылғи өмір ортасында жүр­ген азамат. Жауапты қызмет­терде де болды. Шет елдерді де ара­лады. Өзіміздің де ортамызда жиі болады. Сонда көп нәрсені кө­ріп, көп нәрсені көкірегіне тоқып, өзінің өлеңдерін соған құрады. Сон­дықтан да Нұрланның шығар­ма­шылық жолын жетпісінші жылдардың поэзиясындағы үлкен шығармашылық белгі деп білемін. Нұрлан халыққа қызмет ету, осы жолдағы қиындықтарды, поэзия ті­лінде жасырмай айту сияқты нәр­селерге көбірек барды. Әрине, бұл белгілі бір кезеңде ғана туа сал­ған Нұрлан творчествосындағы ерек­шеліктер емес еді. Оның жас ке­зінен, 19-20 жасынан бастап жаз­ған өлеңдерінен, әсіресе, жиыр­ма­дағы жігіттің жазған өлеңдерінде де белгілі бір заманның мұңы менен сыры бар еді. Жас кезінде жаз­ған өлеңдерін кейін Нұрлан өмірдің жаңа шындықтарымен толықтыр­ды, жетілдірді. Осының барлығы – өмір өтеді, өмір тәтті нәрсе, ал бі­рақ өмірдің өтпей қоймайтыны заң­дылық деген нәрсені айтты. Мі­не, осы тақырыпта Нұрланның тоқсаныншы жылдардағы өлеңдері көп жағынан жаңалық болып көрінеді. Ал бүкіл кеңестік жүйенің ыдырауын Нұрлан поэзиясында жақсы бейнелейді. Кейін өмір ор­нықты. Уақыт өте келе біз қиын­шы­лықтардан өттік, осындай кез­­­де ақын үлкен парасатпенен тәуел­сіздіктің не әкелгенін көрсете алды. Нұрлан өлеңдерінің біз үшін ба­ғалы жағы осында деп ойлаймын. Образдарын жаңартты. Ха­лық­­тың пси­хо­ло­гия­сын­­дағы үлкен өз­­герістерді таны­ды. Сондықтан за­­­­­ман ырқы, ақын­­­ның бейнесі, та­­­би­ғаттың бей­не­сіндегі үлкен өз­­­ге­ріс­тер Нұрлан шы­ғар­­ма­ларында ай­қын көрінеді.
Нұрлан жайын­­­да өзі­нің за­м­андастары, өзі­нің ағалары жақсы пі­кір­лер айт­қан. Шың­ғыс Айт­ма­тов­тың пікірі бар. Оның үстіне өзі­нің жақсы көр­ген, көп сүйен­ген ағасы Тұманбай Мол­­дағалиев пен аяулы апайы Фа­риза Оңғарсынова, әдебиет сын­шысы және әдебиет зерттеушісі Ба­қыт­жан Майтанов, өзінің ақын ағасының бірі Есенбай Дүйсен­бай­ұлы, Сайлаубек Жұма­бе­ков сияқты сыншылар Нұрлан жө­нінде көп­теген құнды пікірлер айт­ты.
Нұрланның артықшылығы – көр­генін тізуде емес, адам рухын түсінуі, адам рухының жыршысы болуы, рухтың тазалығы, беріктігі сияқ­ты ұғымдарды берік ұстануы. Сондықтан Нұрлан творчес­тво­сы­ның үлкен орны бар. Оның өлең­деріндегі өзгерістердің бар­лы­ғы оның жинақтарының аттарынан көрінеді. «Құралайдың сал­қы­ны» атты жинағы, «Жүрекжарды», «Қоздағы шоқ», «Беймаза көңіл» сияқ­ты жинақтары Нұрланның көз­қарасын айқын танытады. Сон­дық­тан да Нұрлан өз заманының ең жақсы ақындарының қатарын­да.
Қызметі туралы айтсам, Нұр­лан көп жылдан бері Жазушылар ода­ғы­ның басшылығында жүр. Ке­зін­де Одақтың басшылығына Нұр­лан­ға сеніп, өзіміз сайлағанбыз. Мен кейінгі съездердің көп­ші­лі­гінде де Нұр­ланның кандидатурасын жақ­тап, дауыс берген және ол жөнінде та­­лай айтқан азаматтардың бірімін. Оның себебі, Нұрланды бір аға­йын­­шылықпен жақтағандық емес. Нұрлан айтса – тілі бар, істе­се – ор­нықты ғып істейтін, оның үстіне халықпен сөйлесе білетін үлкен қайраткер азамат. Жазушылар одағын тұрмыстың ыдыраған ке­зінде де немесе жетім-жесір қал­ған жазушылардың отбасымен қа­рым-қатынасында да үлкен адам­гершілік және биік парасат бар. Сондықтан да Нұрлан қиналғанның қайғысымен де ортақтасып жүреді. Жаңа туған нәрестенің қуанышымен де ортақ­тасып жүре­ді. Жұртпен тіл табыса бі­леді. Көп адамдарға мен «Нұр­лан­ның істеге­нінің бірін де істей ал­май­сың» деп айтқаным бар. Бұл би­лікке талас­қан­дардың ішін­дегі­лерге айтқа­ным.
Жазушылар одағын басқарған бір кездегі қайраткер ағалары Сә­кен, Ілияс сияқты немесе бер жа­ғындағы Ғабит, Ғабиден сияқты, Сә­бит Мұқанов сияқты үлкен-үл­кен қайраткерлердің еңбегінен, со­лардың басқару тәжірибесінен көп сабақ алған азамат. Және өзі ыл­ғи сол ағаларының творчествосын қадағалап жүретін, олар туралы жақсы сөздерін айтып жүретін азамат. Нұрлан өзі үлкен публицист, үлкен эссеист, үлкен жазушылар жөнінде үлкен баяндамалар жазып жүреді. Жұбан, Сырбай, Әбдіжәміл, Ғафу жөніндегі баяндамалары, Мұқағали, Сәкен Жү­ні­сов, Жұмекен, Әбіш туралы ма­қала-сөздері… Осылардың бәрінде де ақындық өнерді бағалау, тұлға­ны тану секілді көркем критерийлерге берік.
Нұрлан Оразалин – өз дәуірінің пер­зенті, уақыт қалыптастырған тұл­ға.


ҚЫРДЫҢ ҚЫРМЫЗЫ БОЯУЛАРЫ

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Мен бiзге iле-­шала iлесiп келе жатқан әдебиеттегi бауырлас­тарыма, одан кейiнгi, бұл күнде алды отызды еңсерiп тастаса да, жаса­мыстардың «жас» деген айдар тағуымен еленетiн туындылары бола тұра, елене бермей жүрген таланттарға ризалық, жанашыр және үмiттi сезiммен қараймын. Бiздi жасқандыратын, жанымен ұғынатын, биiктететiн, онан қалса, ұялтатын да солар.

Адам есейген сайын, рухани өс­кен сайын кәрi емендей дара­лана бе­ретiн болса керек. Мүмкiн әр ке­зең ұрпағының өзiне, уақытына сай мiнез бен болмыстағы ерек­ше­лiк­терi болаты­нынан ба, әйтеуiр бiз­ден кейiнгi ұрпақтың бойынан өзiм қызығарлық қасиеттер кө­ре­мiн. Ол – тұтастық, адамгершiлiк, үзең­гi қағыстырып аударыса жүрiп бi­рiн-­бiрi орға жықпайтын жана­шыр­лық, тiптi бiрiн-­бiрi адам ретiн­де жақсы көрмегеннiң өзiнде, та­лан­тын мойындау және халыққа мойын­датуға тырысар азаматтық.
Бұл – iшiп-жеу, дауласу ­жау­­ласу­дың өткiншi одақтастығы емес, әде­биеттегi әр буынның, өскiннiң са­бағындай, тұтастығына, өркен­деуi­не мүмкiндiк туғызар ауадай қа­­жет қасиеттер. Осы қасиет­тердi ақ­сақалдардан немесе бiздiң орта буын өкiлдерiнен емес, кейiнгi­лер­ден көрiп, сеземiн. Тәубаға ке­ле­мiн.
Әдебиет – халық өмiрiнiң ай­на­сы. Туған әдебиеттiң тұтастығы – ха­лық бiрлiгi.
Бiздiң өкшемiздi басып келе жат­қан қазақ әдебиетiндегi осы сыр­қаусыз буынның белдi өкiлi – ақын Нұрлан Оразалин.
Көп жұрт Нұрланды драматург деп бiледi, пьеса жазушы деп ұғады. Нұрланның поэзиялық шығар­ма­ларына зер сала бермейдi. Зер сал­ма­ған адам күмiстi де қола дей сал­уы әбден мүмкiн.
Мен өзiм Нұрланды қазақ поэ­зиясындағы санаулы ақындардың бiрi деп қабылдаймын. Сонау
70 жыл­­дардың басында:
«Оңымнан соққан жел ме екен,
солымнан соққан жел ме екен,
салғырттау жүрген кезiмде,
сабылып қайдан келдi екен!?», –
деп поэзияға келген, ол кезде «Қа­зақ­­стан пионерi» газетiнiң ре­да­к­ция­сында университет бiтiр­ген­нен кейiн еңбек өмiрбаянын бас­­­таған ұзын бойлы, бидай өңдi, қа­ғілез келген жас жiгiттiң бүкiл бi­тiм­болмысынан да, нұрға толы үл­кен көздерiнен де ерекше бiр жы­лылық, мейiрiм есiп тұратын.
Рас, Нұрлан қозылаған қойдай жыл сайын жыр кiтабын шығар­май­ды. Анда­-санда жарқ етiп көрi­не­тiн санаулы жинақтарының қай­­­-қайсысынан да жүрегiңдi дiр ет­кiзер сағыныш мұңы еседi. Сонау бала шақтағы «көшкен үндi шақырған сыбызғы жел», «жұлдыз көшiп, ай аулаған түндерде ақылға құрық салғызбай жұлқынған жү­рек», «жiгiт ­көктем қыз­ қырға гүл ұсы­нып», «сәйгүлiк жел, құба жонмен жарысқан жомарт кездер» – осы­ның бәрi табиғаттың өзiндей се­зiм бояуларымен көз алдыңда тұ­ра қалғанда, дүниенiң қасаң­ды­ғын, адамдардың, аралдардың қа­шықтығын қатыгездiкпен өш алып, өкпе қайыру емес, жағым­паз­дықпен алған жалған абырой­-атағың емес, тек ғашықтығың – мы­нау жақсылығы мен жа­­ман­шылығы шуақ пен көлең­кедей жарық дү­ние­ге ғашықтығың, қарымтасыз ға­шық­тығың ғана жеңедi деп жар сал­ған ақын жүрегiнiң сенiмiне сен де сенесiң. Өлең сендiрсе ғана өлең ғой.
«Ойпаң бел, оймақ қыраттар
жонданған кезде келермiн.
Ой желке күлiк, құр аттар
қоңданған кезде келермiн.
Келермiн, бәлкiм, таңды ұрып,
келермiн, бәлкiм, кештi ұрып,
таңқурай бiтiп, жаңғырып –
құлазып жатқанда Ешкiлiк.
Ерте ме, кеш пе… Бiр келем,
сағынышымменен жолды ырғап,
Ай туған шақта iргеден,
қарағайларға қол бұлғап», –
деп романтиканың ақ боз арғыма­ғын сар желдiрiп жүрген Нұрлан ақын бертiн келе:
«Қалай босқа жүргенбiз күйiп­-жанып,
күймейтұғын жерлерде күйiп­-жанып,
оттегiнi бөлiсiп бiр ауадан,
бiр аспаннан жүргенбiз сүйiп жарық?!
Қалай, қайтiп жүргенбiз – таңданамын?
Өткен-­кеткен… Бiрiн де аңдамадым.
Өгей сезiм кеуденi тебедi ендi,
тепкiзген кiм?
Таба алмай шамданамын…
Таба алмай дал боламын…», –
деп, күнi кешеге дейiн ақ боз үмiт­пен, «ақ боз таулардың iшiнде ақ бо­з армандай пәнидiң» сұлулығына қайран қалып, дүниенiң бәрi осындай деп қараған, «күлген бiрге, жы­лаған, тұрған бiрге, құлаған» дос­тарға ендi ойлана көз салатын бол­ды; «маза бермей жүрекке, са­на­ға түн, сәттерiм көп толқитын, жа­­мағатым», – дейтiн кемел кезеңге жеттi.
«Бұлғалап таулар шоқтығын,
өтiп те жатыр көп күнiм.
Түндерiм қанша мазасыз
кетiп те жатыр… Жоқ тыным.
Шыға алмай шырқап сөремнен,
көре алмай қызық өлеңнен,
сананы санға бөлшектеп,
сарсаңға түсiп келем мен», –
деп есейе бердi.
Өмiр есейтедi, елегiнен екшеп өт­­кiзедi. Дүние түгелiмен бозала таң, бозбала түндер емес екенiн со­нау күнгi достарыңның өздерi­-ақ, сонау бiр мәңгiлiк деп ұққан салқам се­зiм, «қою қара түндердегi елiк­тер­дей, ағараңдап ұзап бара жатқан ар­ман» мойындатады. «Жиырма­сын­шы қиын ғасырда адамдарды сен­дiру де қиын еке­нiне» көз жет­кiзесiң, көзiң жеткен сайын өтке­нiңе, айналаңа, тiптi баяғы «алма ағаш­тар ырғалған бозамық түн­дерде қиылып қарай­тын сынық айдың өзiне де алып­ ұшпай ойлана қарайсың», мың ғасырлық қал­пы­нан жаңылмай, адалдықтың соңы­нан әлi күнге қалмай тiрсектеп ке­­ле жатқан зұлымдықты көре­сiң.
Нұрланның «Жазушы» баспа­сы­нан шыққан «Жетiншi құрлық» ат­ты өлеңдер жинағын оқып шық­қанымда, Жердiң қанық бояуларына шалынған кемел ақынның осын­дай ойлы жырларына кенел­дiм.
Нұрлан сезiмiмен қайып, ақи­қат полотносына сурет салады. Адамның көңiл дүниесi, жан әле­мiн дәл сол күйiнде түсiретiн тех­ни­калық құрал не суреткерлiк құ­­дiрет жоқ. Ол – бойлатпайтын құбылысты ғалам. Ақын осы ғала­мат әлемнiң құпияларын дөп басу­ға тырысады. Көңiл күйiнiң көшiр­ме­сiн дәл түсiрудi – өлеңмен тү­сiру­дi мұрат тұтады.
Көңiл күй, сезiм – өлеңнiң не­гi­зi. Сезiмсiз өлең – сусыз сағым. Нұр­лан өзiн толқытпаған жайды жаз­байды. Тек тұла бойын шымыр­латып, өткен күн, келер шақтарды елестетердей әсер берген құбылыс қана оның жүрек қаламынан жыр ту­ғызады. Осы көңiл дүниесiнiң қалт еткен қас қағым сәтi Нұрлан өне­рiнде табиғаттың көңiл әле­мi­мен көмкерiледi де, адам мен жа­ра­тылыстың бұл күнде жер үстiнен қашықтап бара жатқан үйлесiмiн табады.
«Жырақтадың… Сен менен жырақтадың,
кетпей қойды кеудемнен бiрақ та мұң.
Жаным бүгiн жауынды көшедейiн,
шашын жайып жылауда құрақ, талым».
Немесе:
«Қырау келiп қонардай тал басына,
сыз тигендей сiлкiнем жамбасыма».
Осы шумақтардың өзiнен-­ақ лирика­­лық кейiпкердiң iшкi жан әлемiн көре­сiң.
«Жұлдыз жауды…
Аспаннан Ай құлады.
Елең еттi сезiмнiң айқұлағы.
Көңiлiмдi қорқыныш жаншылады,
көңiлiмдi қуаныш қамшылады.
Ақ жауыны сәуiрдiң тамшылады».
Мен ана бiр жылы Францияда бол­ғанымда, мүсiншi Роденнiң Па­­риж маңындағы шеберхана му­зейiне барып ем. Қырда өскен қа­зақ атаулы мүсiн өнерiнiң бағасын бiле бермейдi. Дәл соған дейiн өзiм де мен үшiн құпиядай бұл әлемнiң қыры мен сырына үңiлiп көрген емес едiм. Сол жолы атақты шебер­дiң саздан соққан туындыларын кө­рiп, таң-­тамаша қалғаным бар. Адам­ның бес саусағы. Жер астынан шығып тұрғандай. Сол саусақ­тарға қарай қалсаң, оның иесiнiң қандай күй кешiп тұрғанын бiрден сезiнесiң. Нұрлан өлеңдерiндегi осын­дай табиғатпен, ауа­мен, бұлт­пен, ай сәулесiмен астасып жата­тын жан қозғалысы, тынысы көңiл қуантады.
«Далада аяз…
Ақпанды ұмыттым да,
ақтарылдым көл­-көсiр сезiм болып;
жанарымнан ел сезбес сыр ұқтың ба –
орғыды бiр ойнақшып көзiңде елiк
(кездестiң­-ау ғажайып кезiм болып?!)».
Адам баласының бүкiл жарық дүниеге, барша жанға деген жана­шыр­лық, сүйiспеншiлiк сезiмi өзi­­нiң оймақтай ауылын, ес бiлiп, етек жапқанда көңiл көзi түскен ту­ған табиғатын жақсы көруден бас­талса керек. Өзiнiң аршасы мен шыр­шасын, тобылғысы мен дүзге­нiн кие тұтпаған адам басқаның ау­ласындағы қайыңын қастерлей ал­­майды. Өз туған жерiнiң тауы мен жылғасын, құралайы мен ұла­рын, наурызы мен қарашасын Нұр­лан керемет өрнек­тейдi.
«Көк бастаудың жабысып белесiне,
қайдағыны оралтып ел есiне,
шайқаң­-шайқаң етедi түлкi тұмақ,
көк бүркiтiн көтерiп төбесiне…».
Көз алдыңыздан суреттер өтiп жа­­тады. Жай өтпейдi. Дәл өзiң бас­тан кешiп, сол ауамен демалып тұр­­ғандай сезiндiредi.
«Қазан айы. Қарашы, қара суық.
Тау иығы аппақ қар, дала сұлық.
Атасының қамшысын қалдырғандай,
тауға кетiп барады бала суыт.
Қазан айы. Қарашы, қара суық».
Мына суреттi көрiңiзшi, сонау бая­­ғы тау бөктерiндегi шағын ауыл, көгiлдiр мұнарға оранған сай­­­-сала, шыңға өрмелеген сары ша­­пақ… Тезек иiсi мұрныңа келе­дi:
«Қияқ шөптi сарғайған несiбе қып,
қия беттi барады кесiп елiк.
Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтiн
қаз, тырнаның барады көшiне ерiп».
Өзiң де сол қаз, тырнаның не­ме­­се қия тұсты бетке алған сұлу елiк­­тiң соңынан ерiп, бiр жақтарға ке­тiп қалғың келедi, өйткенi сар­ғал­дақ сезiмдi сартап қылған тас кө­­шелер мен көшелi қабырғалар жан әлемiңдi тулақтай тарылтып, қу­сырып барады.
«Көшелердi қыдырып қашады үнiң,
ақ жаңбырлар кеудеңе шашады мұң.
Көзге түсер көк айдын көлге құлап,
мұңайғаны сәмбi тал шашағының…».
Нұрлан өлеңдерiнде тiлiмiздегi ұмытыла бастаған тiркес, балама бояулар жиi кездеседi. Қазақ тiлi­нiң қанық бояуы көне матадай ке­мес­кi тартып, керемет метафора, образдар ұмыт бола бастады.
«Наурыз туа буланып жылдағы қар,
сай­-саламен сыңғырлап, жылға құлар.
Қозы­-лағын көгендеп көктеудегi үй,
қошақанын қойшы қарт құмға бұлар».
Бiздiң көбiмiз кiбiртiктеп, өлең­мен сурет сала алмайтынымыз – сөздiк қорымыздың қымызы азай­ған торсықтай жүдеу тартуында. Тiлдiң көркi балама, бояуларын­да.
«Күздiң сынық қабағы… Нұр жасырып,
жапырақсыз жабырқап тұр ма шыбық?
Жалғыз атты жолаушы –
саятшы қарт
тау бөктерлеп келедi қырға асығып.
Тұғырында – бүркiтi томағалы.
тiзгiн тартып, маңайын шолады, әнi.
Қызыл түлкi­ дүние – көз ұшында,
көз ұшында бұлдырап жол ағады».
Нұрлан сөз мұхитында еркiн жүзедi. Жел қай бағыттан соқса да, желкенiн көтеруге дайын.
«Желдi кезең, желкiлдеген құлын шақ,
бал күндейiн баяны мол ұрыншақ.
Айқайтас пен Қарашадан, Шүңгiттен
тұрғандайын бiр үн сап.
Жез таңдайлы құлыншақ».
Немесе:
«Алып таулар аспанның кемесiндей,
бағзы күннiң бояусыз елесiндей.
Жүзiп бара жатқандай бiр бағытта,
аққан жұлдыз садақтың жебесiндей».
Ал мына бiр жолдарда:
«Таныс дауыс. Бала күнгi таныс үн.
Жапан тауды мекен еткен танысым –
Ана ­Бұғы бүгiн неге мазасыз,
бүгiн неге жаңғыртып жүр тау iшiн?!».
Немесе:
«Ауыл түнгi ұйқыда,
Борасында.
Қарагер ат жусайды қорасында.
Әлденеге көңiлiм елегiзiп,
кетiп қалғым келедi қара шыңға».
Немесе:
«Ән сыздатып Алатаудың жотасын,
iнген­ сезiм iздер кеште ботасын.
Жасыл бақтың жапырағын
жұлып күз,
тәнiмiзге салар мезгiл соқасын».


Нұрлан ақынның суреткерлiк өне­рiнiң негiзгi тiнi – адалдық. Бағ­зы заманнан ақын бiткен ала­с­ұрып арашашы болған адал­дық­тың зұлымдықпен жекпе-жегi әлi итжығыспен келедi. Жалт етпе жыл­тырақ пен шын асылды ажырату ырду­-дырдулы, өтпелi ұран­дары мол бiздiң заманымызда оңай емес. Оқушының көркемдiк талға­мын тәрбиелеу – әдебиетшiлердiң басты парызы. Бiз табиғатымыздан аңғал халықпыз. Оның үстiне, тал­ғам тәрбиесiн әдейi ұмыттырған қо­ғамымыздың тiзгiнi өзiнше ой ой­лағанды, өзiнше пайым жасай алатындарды ылғи сыртқақпай қалдыруға тырысып келедi.
Осы бiр жайды жақсы түсiнетiн ақын өмiрдiң, заманның күрделi­лi­гiн, күрделi тiрлiктiң психология­сын ашуға ұмтылады.
«Байқайсың ба?..
Құлағына ғаламның ән келедi,
көз алдына ғаламның қан келедi…
Ән менен қан шарпысып жатыр тынбай,
дүниенiң жалғасып мәңгi елегi.

Кеткендей боп ойлардың салы суға,
саналар қағысуда, алысуда.
Атом­ ғасыр атой сап сағат сайын,
Оқ жонатын заводтар жарысуда…».
Кейде шулы, дулы, темiрлi, тас­ты қаланың кеуде қысар тiрлiгiнен жүй­кесi жiңiшкерiп, жүдеу тарт­қан­­да, сүйiктiсiн жанына ертiп алып:
«Ақ шатырды қондырып ықтасынға,
түтiн иiскеп, қақалып от басында.
Адам-Ата, Хауа-ана… Отырар ма ек,
сенен өзге ешкiм де жоқ қасымда», –
деп табиғат аясын, пәктiк пен сұлу­лықты аңсайтын ақын адамзат са­насының ендi қасiрет туғызар ке­сапатына алаңдайды; бұрынғы құлын шақтың мамыражай тiрлiгi ендi оған қанағат емес, өйткенi Жер мен Елдiң еркiн тыныс-­демiн­сiз же­ке бастың бұлтсыз ғұмыры болуы мүмкiн емес.
«Көңiл – арсыз…
Тiршiлiгiң тағы арсыз.
Арсыз­ мұңсыз, ойсыз, қамсыз
өтiп жатыр көп күнiң,
өтiп жатыр көп түнiң», –
деп өзiне­-өзi риза болмай:
«Өзекте жалын. Көзде – мұң,
өзiме бөтен өз демiм.
Өлең де бөтен, ой бөтен,
жұлқиды жанды кезбе мұң», –
деуi де жай айтыла салған ой емес.
Мұның астарында ақын армандайтын адалдыққа, жарасымды тiр­лiкке, еркiндiкке алаңдау бар. Алаң­дау неден туындайды? Өмiр­дiң, адамдардың алалығынан, әдi­летсiздiктiң ойқастауынан, жа­зық­сыз жапа шеккен бiреулердiң жетiм сезiм, жерiк үнiн естуден туындайды.
«Уақыттың бүгiнде жасы кепкен…
Бұрыл!
Қара жолыңа басып өткен!
Ұлы Абайын сойылға жығып жұрты,
Махамбеттiң семсерде басы кеткен».
Ақын алдан көңiл мен ақаулы тiр­лiктiң мазасыз болмысын көрiп қа­на қоймайды. Мейiрiмнiң соңы­нан ерген қатыгездiк барын, өмiр­дiң соңында өлiм барын ескерте оты­рып, әдiлет пен адалдықтың жеңуi үшiн көрiп, сезудiң аз екенiн, әркiм өз қуатын жұмсауы қажет­тi­гiн меңзейдi. Әдiлет пен шындық­тың аспаннан салбырап түспей­тiнiн еске салады.
«Жұлқып-жұлқып өтердей
жүрек тұсын…
Бұлқын! Сiлкiн! Өмiрдi жыр ет, күшiм.
Жағаласып, әлемдiк сұмдықтардың
күрес керек қағатын күрек тiсiн!».


Нұрлан өмiрдегi барлық бол­мыс­­қа, құбылысқа ызасы бетiне теуiп­, тепсiнiп қарамайды. Ыза – ақыл­дың жауы. Ақыл жұқарған жер­­де ақиқат та сылти басады. Ақын жақсылы-жаманды тiршiлiк бол­­мысына биiктен, парасат биi­гi­нен байыппен қарайды. Бұл – су­рет­­керге аса қажет қасиет. Көбi­мiз­ге қонбай, қолымызды жеткiзе ал­­­май жүрген қасиет.
Нұрланның поэзиясын қада­ға­лап оқитын болғандықтан, оның шалғынды болмысын да, шаңдақты тұсын да байқап, бағдарлап жүре­мiн. Ақынға үкiм айту, оның өзiне ғана тән өрнегiне басқа бағдар қос деу – айып. Суреткер творчество­сы­ның жұрттың бәрiне бiрдей қа­был­дануы мүмкiн емес, олай болу­ға тиiс те емес.
Нұрлан поэзиясындағы ақын­дық шабыт, сөз өнерi жайлы:

«Жүректi тулатып бiр қиял­ағын,
өлең­құс, кеудеме кеп ұяладың…».
«Аз күндердi өткерiп сөз құраумен,
самайды да бояппыз боз қыраумен…».
«Менен қашып бара ма шабыт шiркiн,
Жұмыр басын тауға ұрып,
тасқа да ұрып?!».
«Ауық­-ауық жүректi желiктiрiп,
Өлең атты қозғай ма жетiм елiк?!».
«Отты өлеңнiң жалыны ерте сөнсе,
Мен не дермiн, апыр­ай, ертеңiме?!».
«Өзiңдi аңсап келемiн, Ыстықкөлiм,
Шабыт құсын жаңа бiр ұсынар деп…», –
деген шумақтары маған ұнамайды. Рас, жаратылыс берген талант құ­пия­сын ашу, өлең туардағы ақын­ның жан күйiн өлеңмен беру қазақ поэзиясында сирек кездеседi. Нұр­лан жырларында бұл басқаша әсер қалдырады.


Екiншi бiр жай – Нұрлан жиыр­ма бестен асып кетiппiн, отызға да келiп қалыппын деген тақылеттес «уайым­ды» жиi айтады. Оқырман үшiн ақынның жасының қажетi ша­малы. Оған «iшi алтын, сырты кү­мiс сөз» керек, саф алтыннан құйыл­ған сезiм өрнектерi керек.
«Аттандырып ұйқысыз сағаттарды,
төзiм талды, жанар мен тағат талды.
Өмiр – боран. Барады үзiп­ жұлып
дәптерiмнен сызылған парақтарды», –
деген жолдарға сүйсiне отырып, Нұрлан ақынға қазақ поэзиясының жарқын беттерiне айналар жаңа жырлар туғызар мазасыз түндерi жақсы жырға сусап жүретiн халқын жемiсiне кенелте берсiн деймiз.

1988 жыл.


ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты

Кез келген тұлғаны өмір, орта, қоғам қалыптастырады. Осы бір үш ұғымның басын жинақтап көбінесе уақыт дейтін кеңістіктің қанжығасына теліп жатамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин екеуміз – соғыстан соң өмірге келген, қарайлас ортада бірге қалыптасқан, бір қоғам, бір дәуір қанатымызды қатайтқан жиырмасыншы ғасырдың төл перзентіміз.

Мен Нұрланды танып, білгелі қы­­рық жылдан асып барады. Қы­рық жыл ішінде қазақ қоғамы басынан нені өткермеді, еліміз нендей өзгерістер қорығына түспеді.
Заман өзгерді, саяси-қоғамдық жүйелер өзгерді, ғалам өзгерді. Сол өзгерген дәуір мен уақыт тол­қы­ны бізді, дәлірек айтқанда, Тәуел­­сіздіктің туын көтеріп, тұғы­рын бекітуге қызу атсалысқан тұ­тас бір ұрпақты түлетіп, шыңдады. Әр­қай­сымызға әр түрлі міндет жүк­теп, елдік пен егемендіктің жо­­­лын­да тер төгуге, қызмет етуге жұ­­мыл­дырды. Менің ұғымымда Нұрлан Оразалин – сол «соғыстан соң туған» адал, ақ жүрек, «ала арқан аттауды білмейтін» қоғам­шыл, күрескер ұрпақтың белді, бе­делді өкілі. Ел жады ақ-қараны ажыратып, азаматын тануда, оған баға беруде ешқашан жаңсақ айтып, жалғандыққа бармайды. Дү­ниеде елдің бағасынан артық баға жоқ. Нұрланның да қазіргі қоға­мы­мызда сондай ел бағасы қалып­тастырған өз бет-бейнесі, өз орны, өз биігі бар.
Ол – халық сомдаған тұлғаның орны мен биігі.
Нұрлан Оразалин – дарынды ақын, драматург, публицист, ел­і­міз­дің көрнекті қоғам қайраткері. Ол жиырма жылға жуық Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы қызметін үлкен қажырлылықпен ат­қа­рып келеді. Шығармашылық одақ үшін ең қиын жылдар – сындарлы кезең Нұрланның басшылы­ғы­мен өтті. Қазір де, алда да бұл лауа­зымды атқару кімге болса да оңай­ға түспесі анық. Төраға да осы жыл­дар ішінде ерекше сынақтар­дан өту­мен келеді. Бұл қызметте та­лант­ты жазушы болу жеткіліксіз, іскер басшы, табанды тұлға, көзге түсіп, қағаз жүзінде қаттала бер­мей­тін қарбаласы мол жұмыстың ұйым­дастырушысы бола жүріп, құзырлы мемлекеттік құрылым­дар­мен шебер қарым-қатынас ор­нықтыра білу де қажет. Қысқасы, әрқайсысы бір-бір әлем саналар қа­ламгер дейтін күрделі кәсіп ие­лерімен тіл табыса жүріп, өзгені де, өзіңді де аласартпай қызмет ету парыз… Түптеп келгенде, Одақтың тір­­лік, тынысы, мұң-мұқтажы, оның ең жанашыр тұлғасы – Төра­ғаның қайраткерлік қызметімен тұлғалық болмысына байланысты. Біз білетін ақын Нұрлан, басшы Нұр­лан осы кезеңде сол кеңістіктен көріне білді.
Нұрлан Оразалин тумысынан та­­лапшыл, жастайынан өзіне де, өз­геге де жауапкершілікпен қарап өс­­кен текті азамат. Ол әуел баста қа­­зақ қоғамына талантты қаламгер, бо­лашағынан мол үміт күттіретін се­зім­тал ақын ретінде танылды. Көп ұзамай драматургия әлеміне де құлаш ұрды. Жас ақын, драматург Нұрлан Оразалин өзінің алғашқы шығармаларымен-ақ оқырман, көрермен жүрегіне жол тауып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Оның ақындық өнері – өрісі бөлек мәдениеттілік пен терең интеллектуалдылықтың көрінісі іспетті. Ұлт мұраты мен адамзаттық құндылық әлемі ұштасып жатады. Ақын дүниелік құбылыстарға бейжай қарай алмайды. Жасанды­лық­қа, жалғандыққа жаны қас. Нұрлан жырларынан әділетсіз­дікке күйін­ге­нін жасыра алмайтын ойын ашық айтып, сөзін көркем өретін ірі суреткер болмысын көре­міз. Ақынның тағылымды таби­ғаты, бүкпесіз мінезі, бүркен­шіксіз жара­ты­лысы оның жырларына ай­рық­ша сипат береді. Берісі – ұлт­тық, әрісі әлемдік үлкен мектептерге ұштасар өлең өрудің осы­нау қайталанбас даралық үл­гісінен біз ақынның тұлғалық бол­мысын, аза­маттық ұстанымын, өріс­ті көз­қарасын аңғарамыз. Бұл – мінез-құлқы берік қалыптасқан, қоғам, ұлт, өнер дейтін іргелі ұғым­дардың қорығында шыңдалған шы­­ғар­машылық иесіне тән қасиет. Бұл – сал­­мақты ой, салиқалы сөз айтатын қайраткер болмысы. Оның өзі­не қоятын талабы да жо­ғары. Нұр­­ланның әрбір қада­мын, іс-әре­­кетін, қабылдайтын шеші­мін, өз ­көзқарасын қоғам қозға­лы­сы­мен, ты­нысымен өмір екшей бі­ле­­тіні а­заматтық ұстанымын әр­кез сақтай оты­рып, әлемдік құ­бы­лыстарға те­­рең үңілетіні, ақын­дық алғыр­лы­ғы мен сөзге бейім ше­шен­дігі оны қоғам ісіне, мемле­кет­тік құ­зыр­лы орындарда жауапты қыз­мет­тер атқаруға араластырды.
Ол кезінде республикамыздың Мәдениет министрлігінде театр­лар­дың репертуарлық колле­гия­сының жұмысын ұйымдастырып, сахна өнерінің драматургиялық қорының қалыптасуына мол еңбек сіңірді. Өткен ғасыр­дың сексе­нін­ші, тоқсаныншы жыл­дарында Рес­публикадағы театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. К.Лавров, О.Ефремов, Ә.Мәмбетовтермен бірге жүріп, театр қайраткерлері Ода­ғының іргесін қалады. Н.Ора­залиннің үлкен ұйым­дас­тыру­шы­лық қабі­летін көрген, білген, өнер мен әдеби орта жас басшыға зор се­нім көрсетіп, 90-шы жылдардың ба­сында баламалы негізде сай­лан­ған Жоғарғы Кеңес депутат­ты­ғына өткізді.
Нұрлан «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ұлтымыздың тарихи заңын қабылдаған ХІІ шақы­ры­лымның құрамында жүріп, Тәуел­сіздік тұғырын бекіткен, елдігімізге кең жол ашқан конституциялық заңдардың өмірге келуіне белсене, ұлтжандылықпен араласты. Осы ке­зеңде оның «Егемен Қазақстан» га­зетінде бас редактор болған, сондай-ақ одан кейінгі көп жылдар қа­тар қызметтес, әріптес бола жү­ріп, Елбасы тапсырмаларының жү­­зеге асырылуына атсалыстық. Нұр­лан осы тұста әріптес қаламдас ағала­ры Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлей­менов, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Қадыр Мыр­залиев, Камал Смайыловтармен ­ қосыла жү­ріп, мәде­ниет, ақпарат құрал­дары тәріз­ді заң­дардың жазылуына үлесін қос­ты.
Жазушылар одағының Төра­ға­сы лауазымында қаламгерлер ұйы­мының абырой-беделін көте­рер он­даған республикалық, ха­лық­­ара­лық, еларалық шаралар­дың өтуіне мұрындық болып келеді. Біраз халықаралық Әдеби ұйым­дар­дың басшылығына сайланды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті ұйым басшысын өз Жарлығымен ҚР Парламент Сенатының депу­таттығы лауазымына бекітіп, ай­рық­ша сенім көрсетті. Нұрлан әде­­­биет­тің жас өрендеріне қам­қор­лық көрсетіп, ұлттық өнер сала­сы­ның дамуына да үлесін қосып ке­леді. Ол шығармашылық ұжым­дарға, талантты жас өрендерге қол ұшын бе­ріп, оларға барынша қолдау көр­сетуді өзіне әркез парыз санайды.
Еліміздің экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, шығарма­шы­лық одақтар мемлекет тарапынан қар­жыландырудан шеттетілген тұста Қазақстан Жазушылар ода­ғының Төрағасы болып сайланған Нұрлан Ора­залин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, әрі тікелей қамқорлығымен Жазушылар одағының ғимаратын «сауда-саттық» мақсаттарға қолды болып кетуден сақтап қала білді. Ұлттық әдеби басылымдар «Қазақ әдебиеті» газетін, «Жұлдыз», «Простор» жур­налдарының ұйым қарамағына қайта оралып, Жазушылар одағы құрылтайшылығымен шығуын реттеді.Бұл басылымдардың өнер сүйер қауым мен әдеби ортаның игілігіне қызмет етуінде Нұрлан Мырқа­сымұлы­ның еңбегі зор. Әсіресе, Жазушылар одағы Төраға­сының күнделікті қайнаған жұмы­сының ішінен уақыт тауып, жазушылар еңбегіне, олардың тұр­­мы­сына жасап жүрген қамқор­лығы орасан. Ол қашан көрсең Алматы, Астана қалалары, облыс әкімдерімен байланыста жүреді. Төрағаның Үкі­метке, Парламентке, Елбасының әкім­шілігіне айтар әңгімесі, қояр мә­селесі толассыз. Олар негізінен әде­биеттің, мәде­ниеттің, жазу­шы­лардың жағ­дайы. Нұрлан көркем шығарма тағдырын ұлт мүддесінен бөле-жара қара­майды. Оған Сенат депутаты бол­ған үш жылында көзі­міз тағы да жете түсті. Парламент қа­бырға­сын­да Ораза­линнің айтар сөзі – ұлт мәселесі, ұлттық әдебиет, мәде­ниет, жалпы руханият май­да­нының хал-ахуалы болды. Қайыра-қайыра көтеріп жүріп, қажет жерде айтысып, дә­лел­деп жүріп, ақыры мемлекет тара­пынан көркем шы­ғар­малар үшін қала­мақы төлеу мәселесін заңдастырып шықты. Оның бұл бастамасына Парламент­тің қос палатасындағы әріптестері қолдау көрсетті.
Нұрлан Оразалин, сондай-ақ ұлт әдебиетінің, мәдениетінің көр­некті өкілдерінің есімдерін ұлық­тауда, оларға мемориалдық ескерт­кіш орнатуда да көп еңбек етумен келеді.
Бұл айтқандарымыз – Жазу­шы­­лар одағы Төрағасының мазасыз қызметінің жүрекке салмақ ар­тар, ұйымдастыруда табанды­лық көрсетуді қажет етер кейбір көрі­ніс­тері ғана. Нұрлан Мырқа­сым­ұлының ұлт алдындағы, руханият алдындағы еңбегі ересен екенін замандастары жақсы біледі. Солар­дың бірі – осы жолдардың авторы.
Уақыт, дәуір талаптарына сай ұлт та, ұлттың болмыс-бітімі де өзгеру үстінде. Сол ұлы өзгерістер ортасында кешегі жалынды, сезімтал ақыннан бүгінгі ұлтының бетке ұстар руханият тарланына, сөз жүйесін білер шешеніне, қа­рымды қаламгеріне, қажымас қара нарына айналған Нұрлан
Ораз­а­линнің барын қазақ қоғамы жақсы біледі.


Өрісі бөлек, өміршең пьеса

Әшірбек СЫҒАЙ

Нұрлан жұртты алғашқы пьесаларымен елең еткізді. Елең еткізген пьесасының бірі – «Шырақ жанған түн».
70 жылдардың жастары үшін, бұл бір культовый спектакльге айналып еді…

Ондағы Нұргүл, Таңат, Са­ғын сияқты герой, героиналар драматургиядағы лиризм мен романтизм бағытын күшейтіп, ел көңілінен шыққаны есімізде. Көбінесе бай, кедей, тұрмыстық сипаттағы пьесалар, партия ту­­ралы пьесалар, өндіріс туралы пьесалар қаптап жатқан кез… Үкіметтің тапсырысымен, пар­­тия не айтса соны орындайтын кезең… Сол тұста «Шырақ жан­­ған түннің» жастар хақын­да­ғы жағымды, жұмсақ, жаңа­шыл лебі көрерменді сергітіп жіберді. Пьеса алғаш жастар театрында қойылды. Ким Вениамин деген режиссер қойды. Спек­такль сәтті шықты. Уа­қыт­тың күре-тамырын дөп бас­қан мықты дүние еді. Бәрі­міз­дің жас кезіміз, бәріміздің жұ­лынып пікір айтып жүрген ке­зіміз… Сағат Әшімбаев мар­құм бар, Оралхан Бөкеев бар… Барлығымыз қуандық. Ғазиза Әбдінәбиева сомдаған қазақ қызының бойындағы мөлдір тазалықты көріп, Нұргүл сияқ­ты қызға үйленуді арман­да­ған­дар көп болды. Нұргүлге елік­теу­шілер де болды… Қа­лам­гердің бақыты дегеніміз осы емес пе?! Өзінің шығар­ма­шы­лық соны­лығымен, өзгеше рухымен айналасына әсер етсе, одан артық қа­ламгер үшін қандай қуаныш керек. «Шырақ жанған түн» шын мәнінде өмірімізге, өнері­міз­ге, қоғамымызға өзгеше сіл­кініс алып келді, жан тербетер динамика алып келді. Премьерадан премьераға шұбалып, жас­тар театрына ағылған студент жастардың легін көрсеңіз… «Шырақ жанған түн» деген атының өзі өзгеше. Нұргүл дей­тін есім қазақ жастарының сим­волына айналып кеткендей бо­лып еді. Қаз-қалпы көз ал­дым­да. Пьесаның қалай қиын­дықпенен келгенін, қалай жа­зылғанын бір білетін адам бол­са, ол менмін. Өйткені, сол кез­де Нұрлан екеуміз де ми­нистрлікте жұмыс істедік. Ол репертуарлық коллегияда аға редактор, мен театр бөлімінің бастығы болдым. Пьесаның қайсыбір сәттерін Нұрлан өзі ауызша айтып, шығармашылық  ауыз­ша айтып, шығармашылық сырларымен бөліскен кездері болды. Ол драматургияның қыр-сырын игерген мол дайын­дықпен келді. Сондықтан… Шы­ғармасын іштей қорытып, жүрек тезінен өткізіп, жанр талаптарын орындауға барын салды. Еңбегі жанды. Үлкен мақ­саттар жалына жармасқан драматургтің тұңғышы жұртты жалт қаратты. Ол өзінің ал­ғаш­қы пьесасымен-ақ айтулы жанр­ға керемет, жас талантты дра­матургтің қосылғандығын дә­лелдеді де… Грибоедов жал­ғыз пьеса жазды дейді. Жұрт қа­телесіп айтады… Бес-алты пье­сасы болған… Солардың ішінен «Ақылдың азабы» («Горе от ума») театр тарихында ұлы дүние болып қалды. Грибоедов та бір пьесасымен классик боп ел аузында жүр. «Шырақ жан­ған түн» де мен үшін сондай ұлт театрының сирек туындылары санатындағы дүние… Шынайы көр­кем дүние. Өрісі бөлек, өмір­шең туынды… Әлі күнге жа­ныма жақын, әсері есімнен кет­пейтін ерекше пьеса.


СІЗ – ӨЛЕҢСІЗ!

Тәңіртаудың етегіндегі тұлпарға

(Анадолыдан келген хат)

Харун ТОҚАҚ,
жазушы

Нұрлан аға!
«Қоздағы шоқ» атты таңдамалы ли­рикалық жыр жинағыңызды үлкен ілтипатпен оқып шықтым. Жыр жинағынан гөрі «алыстағы бауырына» жазылған көлемді хаттай әсер етті маған.
Көкке жеткен толқынмен көбік шашқан мұхиттай шалқып, көк нөсер болып төгілген екенсіз.
Зұлмат қараңғылықта ұзағынан қалған ұрпақтың басына жаңбыр болып жауғаныңызды, күнсәуле болып төгілгеніңізді сезіп, те­бі­рен­дім. Шын жүректен риза болып қуан­дым. Мақтандым…
Сіздер дәл осындай болма­ған­дарыңызда, ұшы-қиырсыз қа­зақ­тың шалқар даласында қалайша гүл-шешектер ашылар еді, қалайша тан­дыр болып қаңсыған шөлдер жұ­мақтың жазирасына айналар еді?
Өшпес жалындар мен шоқтарды ұя­латқан бір жанартаудай лапылдап жанған жүрегіңіз жырлаған өлеңімен, шырқаған әнімен аз ғана дем алғандай…


Өмір бойы қасиетті Тәңіртау­дың етегінде, қазақтың кең байтақ жа­зи­ра­лы даласында тоқтамай шабатын Тұлпардың бір сәтке болсын­ де­мін алып, тынығып алуы керек шы­ғар.
Үнемі қоздай жанып тұратын жүрегіңіздегі қып-қызыл шоқтарды жұрттың неге көрмейтіндігін жырлайсыз, неге сезбейтіндігін мұң-шер­ге айналдырасыз. Және осы дертпен жанасыз…
Біздер сіздерді еш уақытта ұмыт­қан емеспіз, ұмыта алмадық та.
Ата-бабалар, ағалар ұмытылу­шы ма еді.
Ағайын алыста жүрсе, кісіне­седі емес пе?
Ата қоныс, киелі мекенде қазақ бауырларымыздың көп азап тарт­қа­ны жалындап жанған жүрегіңіз­ден белгілі. Солтүстік полюстегі ұзақ­қа созылған түндер іспетті күн­нің көзін аңсаған екенсіз. Қар­ды боратып, үскірігін бүріккен ая­зымен қалтыратқан ұзақ қыста қал­ған екенсіз. Ұйқысыз өткен бо­ран­ды қыстың түндерінде қор­қыныштан дірілдеген асыл сөздерді қоз­дағыдай жанған жүрегіңіздегі шоқ­тарда ысытқан екенсіз. Әлгі «шар­шатқан пері дәуірде» Тәңір­тау­дың етегінде мұң-қайғыдан, дерт-азаптан жүрегі алаудай жанып тұратын бір ескерткіштей тұ­ры­­сыңыз көз алдымнан кет­пей­ді.
Жанға жыр бітірер жинағыңыз­да Геродоттың: «Сақтар ел шетіне жау тигенін обалардың басына от жа­ғып, хабарлайтын болған», – де­ге­нін жазған екенсіз. Мен болсам, қа­зақтың басына қандай қара бұлт­тың үйірілгенін, қандай азап­қа душар болғанын қоздағы қып-қы­зыл шоқ сынды жанған жүре­гіңіз­ден жалындаған өртке қарап аңғарып отырмын.
Қиын-қыстау кездерде Ұлы Жа­ратушыға ғана сүйенемін, ата-бабамның әруағына сыйынамын деп жыр­лайсыз. Біз де дәл солай жаса­дық. Найзағай жасынының адам ба­ласының ішіне қорқыныш түсір­ген тас қараңғы дауылды түн­дерде біз де Алла-Тағалаға сыйын­дық.
Мен де даланың перзентімін. Бі­лемін даланың шырғалаңы мен шы­тырманын…
Беттерді парақтаған сайын өлең­­дердің үні жаңғырып шыға­ды… Бір кездері ұшы-қиырсыз кең далада өз болмысы үшін ат шаптырып, әлгі жарықпен танысқаннан кейін көкжиегіндегі жарыққа қа­рай ат сабылтқан жігіттердің ай­қайы, тұяқтың дүрсілі, тұлпардың кісінегені бір-бірімен араласып-астасып жатады.
Бірде, «жасырмаймын, шаршадым…» дейсіз ғой. Рухыңызды бір алау­дың орап алғанын жыр ете­сіз.


Бұл алау жүрегіңізден еш уа­қыт­та ажыраған емес. Жанған жү­ре­гіңіз әлгі алауменен ошақ сынды үнемі лапылдап жанып жатты. Алай­да, Сіз өзіңіз үшін еш уақытта жанып-күйген емессіз, үнемі еліңіз үшін жандыңыз, жүрегіңіздегі әлгі отпенен еліңізге жыр болдыңыз; ке­ше ғана көшкен аталарыңыз іс­петті бір күні осы көк күмбезден кө­шіп кеткеніңізде, осы нұр – Тәңі­ртаудың етегінде мәңгі-бақи жа­нып тұратын болады.
Артта қалған із іздеуші жолаушылар әлгі нұрменен табады жол­да­рын.
Бірде, марқұм әкеңіз: «Шық­па­ды-ау, бір жинағың көлемді боп», – деп намыстанып қынжылған екен; мәнді, мазмұны терең, үлкен туынды – жыр жинағыңызды көр­генде, кім біледі, қаншалықты қуа­нар еді…
Қамықпаңыз! Бұйрық ту­ғанда, жырда бейнеленген қа­сиетті жерлерге жетіп, әуелі, жұл­дыздармен сырлас қара түндерді, өткен шақ­тардан өлең болып ес­тілетін да­уыстарға құлақ түріп, зар­лап жылап жатқан кең даланы, тауды, тоғайды жұбатамыз, содан соң, қол ұстасып әкеңіздің басына бірге барамыз.
Әлгі, кеткен бойда қайтып кел­мейтіндігіне сенеріңізді білмей, мың рет жанып, мың рет сөнген от­тай жалындап жырлаған әкеңіз­дің зиратына…
Қарияларымыздың туған жер­дің сүйікті баурайында үнсіз жат­қан әлгі төбешік жерде, әуелі, бір Иасин сүресін оқып бағыштаймыз, со­дан соң, «Янык Июрек» («Қоз­дағы шоқтың» түрікше аудармасы) жыр жинағыңызды алып, әкеңіздің мазарының басына гүл шоқтарын қойғандай екі шетінен ұстап, абайлап, ақырындап, еңкейіп барып бірге қоямыз. «Міне, әкетайым! Күт­кен кітабың шықты. Анадо­лы­дағы бауырларыма да сенің үнің жетті. Енді жайбарақат жайлы же­рін­де ұйықтап жатуыңа болады», – деп, әумин дейміз.
Бірде, жан-жүйемізді бесіктей тер­беткен өлеңдеріңізде: «Жатыр қа­лай жан әкем сыйып көрге?!», – деп жырлайсыз.
Ұлы рухтар көмілген жерде қал­майды. Мазарларын мына бес күн­дік жалғанда ғұмыр кешіп отырған жұмыр басты пенделерге бел­гілі бір «мекен-жайы» болсын деп қолданады. Олардың әруақтары мәңгіліктің мекенінде.
Айтып едім ғой Сізге, бұл кітап – жыр жинағынан гөрі, маған сонау жастық шағыңыздан бері жазып жүрген хат болып оқылды.
Мен де қай заманнан бері «Тәңір­­таудың етегіндегі Тұлпарға» арнап жазамын деп жүрген ойларымды қағазға түсірдім.
Енді, не айтайын Нұр-аға! Өлеңіңіз­бен, жырларыңызбен Қар­лы таулардың биік шыңдары­нан, мың жылдық мұзарттан құлап төгілген сарқырамадай құйыл­дыңыз ішімізге.
Кітабыңыз маған жазылған бір хат болса, Сіз – өлең сынды адамсыз…
Стамбұл, 2011 жыл.

Түрік тілінде жарық көрген
«Қоздағы шоқ» жинағының алғысөзі.
(Түрік тілінен аударған Мәлік Отарбаев).


ОЙЫП ОРНЫН АЛДЫ

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Парламент Сенатының депутаты

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Заңына қол қой­ға­ны ел есінде. Көзіқарақты оқыр­­ман, әсіресе өнер мен әде­биет­шілер қауымының қуанышы ерек­ше болды. 

Дегенмен… Осы Заңның қа­лай дүниеге келгендігі мен әзір­ленуі жайлы жұрт біле бермейтін де жайлар бар. Соны бастап айтар бол­сам, есімі елге кең таныс ақын, драматург, Республика қа­ламгерлер ұйымының беделді бас­шысы, белгілі тұлға Нұрлан Мыр­қасымұлы Оразалиннің Ел­басының Жарлығымен Пар­ла­мент­тің Сенат депутаты болып та­ғайындалып келген сәттен мә­д­ениет пен әдебиеттің, жалпы ру­ханияттың қордаланып қалған мә­селелерін түрлі жиындарда өзі­не тән сабырмен көтере баста­ғаны есіме түседі. Нұрлан ағамыз­дың рухани өміріміздің проб­лема­ларын жатық білетінін рес­пуб­лика жұртшылығы жақсы бі­леді. Айтса, білген адам айтсын. Білгеннің сөзі өтімді келе­ді…
Нұрлан Мырқасымұлының сол табандатып айтуының ақыры Мәдениет туралы айтулы Заңның әзірленуіне ықпал етті.
Ұзақ жылдардан бері Қазақ­стан Жазушылар одағы басқар­ма­сының төрағасы болып келе жат­қан Нұрлан Оразалин Сенат қа­бырғасындағы сол айтқан­да­рының арасында жазушылардың жай-күйін, олардың шығарып жатқан кітаптарының тара­лы­мы­ның аздығын, қаламақы деген ұғым­ды қаламгерлердің біржола ұмытқандығын аузынан бір тастаған жоқ. Ол бұл мәселені рес­­публикалық бюджетті тал­қы­лау, бекіту кезінде де сан мәрте кө­терді «Тираж бен қаламақы мұңын арқалап» Министрлердің де, тіпті Үкімет басшыларының да алдына сан барғаны, батырып та, мәмілеге шақырып та айтқаны жадымызда…
Ақыры құтты болды! Елбасы қол қойған Заң бойынша енді мем­лекеттік тапсырыспен жарық кө­ретін кітаптардың таралымы 5000 данаға жететін болды. Қа­лам­герлердің шығарар кітап­та­ры­на мемлекет тарапынан тө­ле­нер қаламақы да заң жүзінде рет­т­елуге бет түзеді.
«Егемен Қазақстан» газетінде жа­рық көріп, кеңінен талқы­ла­нып жатқан Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең мәнді философиялық еңбегінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүр­лері­міз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ру­хы­­мыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – дей келіп, тағы да мына бір маңызды мәселелерге бар­ша­мыздың назарымызды аударып отыр.
«Мен қазақстандықтардың еш­қашан бұлжымайтын екі ере­жені түсініп, байыбына барғанын қа­лаймын, – деп жазады Елбасы. «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мә­дениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Заманауи әлем­дегі бәсекелік қабілет – мә­дениеттің де бәсекелік қабілеті де­ген сөз. Біз ХХІ ғасырдың жаһан­дық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт бо­ламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сырт­қы саясаттағы ірі бастама­ларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген сөздері осы айтқа­ны­мыздың айғағы.
Міне, біздің тұтас мәдениеті­міз­дің алдына Елбасы қойып отыр­ған осы бір өзекті әрі заманауи мәселені абыройлы жүзеге асы­ру тұрғысынан келгенде, әде­биетімізді де ұлықтаудың жаңа ке­зеңі туды деп санаймыз. Сон­дай-ақ, қолдағы бар тарихи және мәдени мұраларды сақтау мен қорғау, бай мұраларымыздың хал­қымыздың игілігі үшін жұ­мыс істеуіне, мәдениеттің жалпы жұртшылық үшін бірдей қол­жетімділігін қамтамасыз етуге, өнерді және шығармашылықтың барлық түрлерін қолдауға, бүкіл мәдени қызметті үйлестіру мен рет­теу жаңа сапалық деңгейге кө­терілмекші. Мемлекет тарапынан мәдени қызметтің барлық түрлеріне қаржылық, әкімшілік, құқықтық және моральдық қол­дау көрсетіледі. Сонымен бірге, қо­ғамдағы татулық пен келісім құндылықтарын нығайтудағы мә­дениеттің орны мен маңызын жаңаша пайымдап, жаңаша түсіне отырып, Елбасының алға тар­тып отырған рухани жаңғы­ру­ды қамтамасыз ете алатын жә­­не соған септесе алатын, Қа­зақ­стандық мәдениетіміз бен әде­биетіміздің әлемдік кеңістік­тен өз орнын алуына ықпал ете­тін Мәдениет туралы жаңа Заң өмірге келді.
Соңғы үш жыл бойына қос Па­латаның бір топ депутаттары әзірлеген бұл құжат Мәдениет ми­нистрлігінің қолдауымен үл­кен кәсіби талқылаулардан өтті. Әр алуан құрамда өткен әлгі тал­қылауларға жұмыс тобының қызу бас қосуларына мүдделі қо­ғамдық ұйымдар мен саяси пар­тиялардың, шығармашылық одақ­тар мен мемлекеттік меке­ме­лердің өкілдері, білікті, білгір ма­мандар тартылды… Қос палата тө­рағалары мен Үкімет басшысы қол­дауын алу үшін қаламгер­лер ұйымының төрағасы қалай билік коридорларын кезгені, депутат әріптестерімен жұмысты қа­лай жүргізгені көз алдымызда. Дүр­кін-дүркін депутат Ора­за­линнің дүйім сенаторлардың ал­дына қойған мәселелерінің де­ні аталмыш Заңда көрініс тапты.
Елбасы пәрменімен 5 мамыр күні өмірге келген Заңға қазақ көркемсөзінің дамуына ықпал етер құқықтық нормалар ен­гі­зілген. Осы заңда табанды басшы, тағылымды тұлға, кемел су­реткер, көрнекті замандасымыз – Нұрлан Оразалиннің ой-пі­кірі ойып тұрып өз орнын алға­нын айту парыз.


Орайлы сөз


Ғабит МҮСІРЕПОВ

…Мәнді түрде айтқан

Оразалин ақындықтың, поэзияның не­бір терең сырларын, нә­зіктігі мен от-жа­лы­ны, шуағы мен нөсері барын сыншы­лары­мыз­­дың бірде-бірі айта алмаған мағыналы, мән­ді түрде айтқан.


Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Уақыт пен бабалар үні

Нұрлан шығармашылығы, менің ойымша, ұлттық поэтиканың ғажап дәстүрлерін Батыс пен Шығыс поэтикасының өресі биік өнегелерімен шебер үйлестіреді. Бұл оның шығармаларының көптеген әдеби аудармасын көктей өтіп, әр сөздің астарындағы буырқанған образдардың жанартаудай оты аудармашының қарымта шабытын туғызады…
Уақыт үні мен бабалар үні – Нұрланның поэтикалық әлемінде қатар өріліп, бірге жүре­тін көркем атрибуттар. Сондық­тан да ақынның поэтикалық пафосы мен дүние­лік танымы тіршілік ақиқат­­тарын планетаралық қабылдау биігіне көтереді.


Шыңғыс АЙТМАТОВ

Отты жырдың иесі

Ақын қуанса шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығын, жалпы адамзаттық, толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен, ең жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді.
Мұндай Жер мен Көк арасын өлең сиқырымен арбауға, жалғауға ұмтылатын табиғаттың өзіндей таза, қуанышы мен қайғысы, мұңы мен сыры, мұзы мен жалыны қатар өрілер отты жырлар – Нұрлан шығармаларының басты өлшем, таразысы.


Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Әдеби процесті үйлестіруші

Әдебиетшілерімізге не керек? Сөз еркіндігі бар ма? Бар! Ананы жаз, мынаны жазба деп нұсқау беретін заман кеткен. Еркін сөз, еркін ойдың дәуірінде не керек дейтін болсақ… Әуелі, тіл ұшына оралатыны – творчестволық процестерге көлденеңнің көп қол сұқпағаны керек! Өздеріне, жазушылық еңбекке лайықты жағдай жасай білуде көмек керек! Ол көмектің жалғыз көзі мемлекет екенін айттық. Осының барлығын жақсы білетін, онымен күні-түні басы ауырып жүретін бір адам болса, ол – осы Нұрлан Оразалин. Мен солай деп ойлаймын. Тағы бір айтарым – қазіргі таңда әдебиетке, ұйымды басқаруға, әдеби процесті үйлестіруге, координатор болып жұмыс істеуге мэтр керек пе, менеджер керек пе деген мәселе… Бұл – шешімі қиын даулы мәселе. Әзіргі мэтрге де, менеджерге де бірдей икемі бар, оған жеткілікті мөлшерде өмірлік тәжірибе жинақтаған бірден-бір адамымыз да осы – Нұрлан Оразалин. Қысқасы, қазіргі әдеби тір­шілікте мойындалған, бәріміздің пайымдауымызда, әдебиеттің үлкен ақиқаттарын түсінетін және оны түсіндіре білетін тұлға тағы да осы – Нұрлан ғой деп есептеймін.


Феликс КУЗНЕЦОВ, академик,
Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

Сындарлы басшы

Еуразияның кіндігінде, Шығыс пен Батыстың терең мәдениеті тоғысқан жерде орналасқан Егемен Қазақстан азаматтық бірлік пен жалпы ұлттық татулықты сақтай отырып тегеуріні мықты де­мо­к­ратиялық мемлекет құрып жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы тек қазақ қаламгерлерінің ғана емес, ұлттар әдебиеті өкілдерінің туған үйіне айналды. Кеңестік дәуірден кейінгі қиын кезеңдерде ол Халықаралық Жазу­шы­лар одағының қауымдастығы мен халықаралық әде­би қор құрыл­тайшыларының бірі болды. Көп жылдар бойы әде­биеттің дана патриархы Сергей Михалков басқарған Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығы ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өзара тиімді шығармашылық байланысының нығаюына көп ықпал етті, оның ықпалы әлі де өте зор. Осы бір қиын да күрделі істің бас­тауында Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Давид Кугультдинов сынды азаматтар жүріп Қауымдастықтың дамуына үлкен үлес қосты.
Достастық мемлекеттерінің мәдени бірлігі мен осы әде­биетшілерінің өзара қарым-қатынасының нығаюына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы мен оның Басқарма Төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің қосқан үлесі өте зор. Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығының бірінші хатшы-координаторы Тимур Полатов қызметінен кеткен соң бұл жауапты міндетті атқаруға Сергей Михалков арнайы Нұрлан Оразалинді шақырған еді. Алайда, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы өз қажыр-қай­ратын туған еліндегі Жазушылар одағының дамуы мен көркеюіне жұм­сағанды жөн санады. Нұрлан Мырқасымұлының бұл орындағы қызметі маңызды әрі сындарлы болғанын уақыт дәлелдеді. Қазақстан Жазушылар одағы реформалар кезеңінде өзінің тұтастығын сақтап, ғи­маратын өзгелердің қолына өтуден аман алып қалды.


Тұрсынбек КӘКІШЕВ

Ұлт биігіне көтерілген

Нұрлан ең алдымен ақын. Ақын болғанда, қазақ өлеңіне қомақты олжа салып, өз биігін өзі анықтап келе жатқан мықты ақындарымыздың бірі, бірегейі. Өз үні, өз қолтаңбасы айқын, ұлт биігіне көтерілген ақын.
Нұрлан – драматург. Мәдениет министрлігінде жүрген кезеңде біраз пьесалар жазды. Ол дүниелері сахна бетін көрді, күні бүгінге дейін театрларда жүріп те келеді. Нұрланның пьесалары – қазақ мәдениетіне қосылған үлес. Осы тұрғыдан келгенде, Нұрлан тек қана әкімшілік жолмен, яғни Жазушылар одағының басшысы болумен ғана аты шығып келе жатқан жоқ. Ол – өзінің шығармашылық табыстарымен де жарқырап көрініп жүрген қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлға.
Нұрлан – біздің дәуіріміздің үлкен ақындарының қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан ақын.


Сергей МИХАЛКОВ

Әдеби талант иесі

Кеңес Одағы тұсындағы және одан кейінгі әдебиеттің көп адамды көрген көнекөз қариясы ретінде жас досым, әріптесім Нұрлан Мырқасымұлының адамдығы мен карапайымдылығына, іскерлігі мен ұқыптылығына тәнтімін және оның әдеби таланты мен мейірімді жүрегі, ұйымдас­тырушылық қабілеті екі елдің рухани бірлігі жолында көп іс тындырады деп сенемін.


Ғалым Жайлыбай

Аспантаудан күз ауса…

Аспантаудан күз ауса…
қар қылаулар,
Әппақ дүние, ағасы, жанды баурар,
Жанды баурар жаныңда нұрлы сағым
Саған ашса тірлікте жыр құшағын.
Аспантаудан күз ауса…
қар ұшқындар,
ақ әлемге айналып таныс қырлар.
Сазына ұйып мына бел ана белдің –
арасында адасып ақ әлемнің.
Жылы ағыстар жарысып жылғаменен –
Нұрға айналып кеткенде Нұрлан өлең.
Таң атқанда тамылжып таңғы бақтар,
ауыздықпен алысып арғымақтар.
Аспантаудан күз ауса…
қар қалыңдар,
ақ әлемнің ішінде арманың бар.
Сол армандар қосылып айтарыңа,
Байрақ болып байланар байтағыңа.
Күз ауған соң келеді,
жаз айналып,
аққу ұшар көгіңде қаз айналып…
Тереңіңе шер тұнып,
шемен қайнап,
Қанатына сол қаздың өлең байлап.
Аспантауға асылып үміттерің,
туған жердің аялап тұнық көгін.
Сағым қашып барады қырдан ана,
солай енді бұл өмір, Нұрлан аға!
Аспантаудан күз ауса…
қар бораған,
ақ толқыны аптыққан Арман алаң…
Сол толқындар сыйлаған саған арна,
Арғымағың алқынбай аламанда.
Мәресінен көмбенің қиып өтіп,
РУХ-ыңды тағы да биік етіп,
Жанарынан жас парлап барады әні
Жалқын сәуле жалт етіп қарағаны…
Арғымағың жазады жыр қанатын,
Солай енді бұл өмір, Нұрлан ақын!
Аспантаудан күз ауса…
қалың қары,
Ақ періштең өзіңнің жаныңдағы.
Тамылжыған ол бәлки,
таң құсы еді,
Сол періште қолдайды мәңгі сені!
Аспантаудан күз ауса…


Роберт Миңнуллин,
Татарстанның халық ақыны

Ғаламмен тілдескен

Нұрланның өлеңдерін оқи отырып мен өзім үшін жаңа бір әлем ашқандаймын. Ақын әлемі. Қазақ әлемі. Азат Қазақстан. Евразия кеңіс­тігі… Ол әлем қат-қабат қаттаулы, астарлы, ерекше. Сондықтан да қызықты, еліктіргіш. Оның өлеңдерінде қазақшылық та, түркілік те, мұсылмандық та айқын көрініс тапқан. Мистика мен суфизм, ха­лықтық һәм ұлттық мирас, өткен замандар мен бүгінгі уақыт бірге өрі­леді. Оның өлең жолдарынан көнеден келе жатқан ортақ тарих­ымыздың, бұрынғы бабалары­мыздың жырақта қалған жан дауыс­тары естіліп тұрғандай. Ақын көңілі бір сәт жастық шағын да сағы­на­тындай, бүгінгі заманның келбетіне мазасызданады, өз халқының бү­гіні мен келешегін бақытты етіп көргісі келеді. Ақынның өлеңдерін оқығаннан соң: «Қазақтың шетсіз де шексіз даласы – шаңдатып өткен қи­лы замандарға, қазақтың азаттық сүйген бабалары – жарқын бо­лашаққа, өр рухты қазақтың көңілі Ғаламға және Құдайға жақынырақ па екен?» – деп те ойлап қоясың. Өйткені, өткен шақтарды еске түсір­ген­де де, туған халқының тағдыры жайлы толғанғанда да, Ғаламмен тіл­десіп, Құдайға мінәжат еткенде де ақын өзін өте еркін сезінеді, әр сө­зіне сендіре біледі…


Қайырбек АСАНОВ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері

Тау ұлы

(Нұрлан Оразалинге)

Өмір – өлең
Өн бойынан құйылған,
Ой толғайды
Қиыстырып қиыннан.
Әрбір істі бастау үшін жақсылар
«Жар болсын», – деп, бір Аллаға сыйынған.

Ақындық па?
Шабыты бар арынды.
Күш-қуаты
Өртейтіндей жаныңды.
Құдай берген таланты мен талабы
Жырларынан көрінеді дарынды.

Сөзге шешен,
Тыңдасаңыз мінбеден.
Бірге туып,
Бірге өскендей жырменен.
Аспай-саспай жеткізеді өз ойын,
Жарақтанып жау келсе де іргеден!

Батыл мінез,
Ойында жоқ жасқану,
Армай ойы –
Үкілі үміт, жас тану.
Ұзақ жылдар төраға боп келеді,
Оңай емес бұл Одақты басқару!

«Жұмысбасты
Азаматсың» дер ем мен,
Топ алдында
Кездерің жоқ бөгелген.
Тауда туған болмысыңды көрсетіп,
Өр рухың танылады өлеңнен.

Соғыстан соң
Туғандардың тұстасы,
Өлең-жырдың
Хас шебері, ұстасы.
Қайраткерсің, азаматсың, дарабоз,
Қатарыңнан озып кеттің, қысқасы!

Бала кезден
Болмысыңа қанықпын
Өз тұлғаңды
Талантыңмен таныттың.
Сенатор боп еселенді еңбегің
Қамын ойлап қаламгер мен халықтың!

Өміріңді
Асқақтатсын ән билеп,
Шын өнерге
Адам басын мәңгі имек.
Ғарыш пенен қара жердің арасын
Тербете бер, өлең-жырмен әлдилеп!


Тұманбай Молдағалиев

…Намысыңа қамшы салады

Нұрлан не жазса да әбден бояуын қандырып, көңiлiнде көп тербеп, көп толғатып барып қағазға түсiредi. Оның үстiне ол поэзияның арғы-бергiсiн тiптi көп бiледi. Сол бiлгеннен қашады. Қашады да өзiнше бiр жыр желiсiн ашады…
Інiмнің ой-толғаулары, қалам сiлтестерi өз қатарластары емес, алдағы ағаны да бiр сiлкитiн, оятатын айқай деп бағалаймын. Мен Нұрланның өлеңдерiн оқып отырып, көбiне ойға батамын, әлдебiр әсем әннiң әуезiн естiгендей күй кешемiн. Нұрланның жырлары оқырманын бейжай қалдырмайды. Жылатады. Мұңайтады. Күрсiнтедi. Қуантады. Ширықтырады. Арыңды аялап, намысыңа қамшы салады. Осының бәрi айналып келгенде, нағыз жырдың, нағыз өлең тамырының соғысын анықтар критерий-өлшемдер. Жырдың көркемдiк қуаты мен ақындық мiнездiң сыр-сипаттарын анықтар басты белгiлер.


Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ

Өзіне жарасар қаруды біледі

Нұрлан Оразалин өнерінің маған алдымен жағары да осы: өнерді өнер деп білері, ойпаң жотасын білері; өзі тартар, өзі тартпақ керек әуен-күйді білері; өзіне ғана жарасар қару-құралды білері…


Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ

Бес қаруы бойында бұйдагерің

Жазушы қауымы кілең тарланбоздар жасағынан тұратыны мәлім. Нұсқау, бұйрық секілді райларға жөншілікпен көне бермейтіндерден бас құрайды. Әрқайсысы – адуынды тұлға, атпал азамат. Өзінше бір тайпа ел – мұндай Одақтың жетекшісі болу оңай емес. Ол үшін ақынымен ақынша, драматургімен драматургше, прозаигімен прозаикше, сыншысымен сыншыса сөйлесіп іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жақсы мағынадағы шенеунік болуды былай қойғанда, әрбіреуінің тілін таба білетін Нұрлан секілді шынында да бес қаруы бойындағы бұйдагер керек.


Жарас Сәрсек,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Құс қанаты

(Нұрлан Оразалинге)

Біздер бірге туған жоқпыз,
Ауылымыз да бірге емес,
Кетпен таудың етегінде
Жатқан жұртпыз іргелес.
Бізге бірақ құстар ортақ –
Қақса талмас қанаты,
Аспан ортақ, ортақ сосын
бір ендік пен бір белес.

Сол құстардың қанатымен
оралатын көктем, күз.
Сол құстардың қанатымен
әрі-бері өткенбіз.
Сол құстардың қанатымен
еш бөгетке бағынбай,
Ендіктердің есін алып,
Жетер жерге жеткенбіз.

Азғантай құс арасында,
тұрқы бөлек бір құстың…
Сол бір құстың бағытымен
қанат қақтым, бірге ұштым.
Қайбір тұста топшым сынып,
Тізбегімнен адастым,
Сол бір құстың шырылымен
қайта қия, қырға ұштым…

Сол бір құстың шырылымен
ноқат көзім мөлдіреп,
Қанаттыға үйрендім мен
қарауды тек елжіреп.
Құстың бәрі құс болмайды,
Қанат қазір жоқ кімде,
Шырылдайтын құстар ғана,
Құс ішінде ержүрек.

Шын құстардың шырылы бар,
Шырылы оның өлеңі.
Шетсіз,
Шексіз шар ғаламға
маңызды емес көлемі.
Мұхиттар мен мұздақтардан,
Біздің жаққа мұздап қалған,
Қатарымен қанат қағып,
Құстар қайтып келеді!
Құстар қайтып келеді!


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ

Салиқалы сыншы

Нұрлан Оразалин дарынды ақын, тамаша драматург, көрнекті қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге әдебиет саласының терең білімді, алғыр ойлы, өз көзқарасы мен тұжырымдарын оқырманның жан-жүрегіне жеткізіп, зердесіне құйып айта да, жаза да білетін биік парасатты ғалым, салиқалы зерттеуші-сыншы.


Қалтай МҰХАМЕТЖАНОВ

Драматургия сапында

Үлкен жазсын, кіші жазсын, әйтеуір жақсы жазылса, жұмылып-жабылып қуануға үйреніп келеміз. Сәтті туынды басқа жанрлар емес, сынды кейде сынның алдынан, кейде соңынан жеп жүрген шатқаяғы біраз, кереге-уығының сықыры көп драматургияның отауына түссе, драматургтер армиясының қақ ортасында жүрген соң ба, өзіміз қатты қуанамыз. «Шырақ жанған түн» туралы қалыс қапталда қала алмайтын себеп те осы.
Қазақ сахнасында бой көрсетіп жүрген туындылардың біріне де ұқсамайтын, ұқсағысы келмейтін пьеса екен.
Біз үйренген эпикалық, сюжетті-драмалық туындылардың көлеңкесінде қалмайтын пьеса екен.
Драматургияның сапына тағы бір солдат келіп қосылды. Сол солдатпен ылғи да сахнаның қанжығасында жолығып жүрейік.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір