Білімді болудың бүгінгі шарты қандай?
02.06.2017
15098
1

Білім жайлы айтылған тәмсілдің бірі – «Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт» дейді. Бұл сөздің қай уақытта, қандай жағдайда айтылғаны беймәлім. Бір анығы, білімдінің күні оқығанын тоқи алмаса жарық бола алмайтынын нақтылап тұр. Жаңа заманның көшіне ілесу мақсатымен кейінгі жылдары білім саласында көп реформа жасалды. Оның тиімділігін тиісті орындар жиі қайталағанмен, қоғам оған әлі де оң баға бере қойған жоқ. Содан болар, бүгінгі қоғамның білім жайлы түсінігі тұрақсыз. Біз бүгін білім және қоғам мүшелерінің білімге деген көзқарасы туралы «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының директоры, психолог Ғани БЕКТАЙҰЛЫМЕН аз-кем әңгімелестік.

– Алдыңғы буын ағалар қазіргі балалардың білімі таяз екенін жиі айтады. Мүмкін біз қазіргі білімге нақ­­ты баға бере алмай жүрген болармыз? Сіздің ойыңызша, қазіргі балалар білімді болу дегенді қалай түсінеді?
– Қазіргі қоғамдағы білім мен оның сапасы туралы ой қозғамас бұрын «Білім дегеніміз не?» деген сұраққа жауап табуымыз керек. Біз өмір сүріп отырған қоғамда білімге деген көзқарас әрқилы. Ал ХХ ға­сырдың басында хат танып, жазу жаза білген адамның барлығы са­уатты, яғни білімді болып саналды. Тиісінше, өз заманындағы сый­лы, қалың қауымның алдында абыройлы адамдар да осылар болатын. ХХ ғасырдың орта шенінде білімді адамның айнасы – қолын­дағы дип­ломы еді. ЖОО бітірген, дипломы бар адам сол кезеңдегі талапқа сай білімділердің қатарын то­лық­тыратын. Уақыт өте келе ХХ ға­сыр­дың аяғына қарай ғылыми дәрежеге үлкен мән берілді. Адамдар ЖОО-нын аяқтаумен шектелмей ғылыми жұмыс қорғап, кандидат, доктор болуға күш сала бас­тады. Бұл қа­зіргі тілмен айт­қанда трендке айналып, ерінбеген адам ғылыми атақ­қа оңай қол жеткізетін болды. Тіпті сол кезеңде ақшалы азаматтар білімді адам­дарға ғылыми жұ­мыс жазғызып, оны өз атынан қорғап алғанын қазір екінің бірі біледі.
Біз қазір бұрынғыдан мүлдем өз­геше жаңа заманға қадам бастық. Де­мек, білімге деген талап та жо­ғарылап, өзгеше сипат алды. Технология қалай қарыштаса білімге деген талап та түбегейлі өзгерді. Ол қандай өзгеріс? Мәселен, қазір диплом дегеніңіз адамның білімін көрсететін көрсеткіш бола алмай қалды. Қызыл диплом алсаңыз да ол сіздің біліктілігіңіз бен білім­ділігіңізді айқындап бере алмайды. Кітапхананың есігін тоздырып, мұрағат ақтарып қорғаған жұмысыңыз да, ғылыми атақ-дәрежеңіз де білімнің көрсеткіші емес. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан құбы­лыс. Бүкіл жұмыс беруші компаниялар қызметке адам қабылдау үшін қандай талап қоямыз деген проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Диплом да, ғылыми атақ та бі­лі­мінің, тиісінше жақсы маман болудың көрсеткіші болмай қал­ды. Жоғарғы не, арнаулы орта білімі жөніндегі дипломы болмаса да үлкен кәсіпті игеріп, көптеген адам­­ға жұмыс тауып беріп отырған бір­неше адамды білемін. Оларды қа­лай білімсіздер қатарына жат­қызасың? Мұндай азаматтар тек шет елде ғана емес, біздің елде де кез­деседі.Бұл орайда Стив Джобс пен Билл Гейтсттің өмір тарихын мысал етпесем де көпшілік одан хабардар. Дипломы жоқ болса да Қазақстандық ірі жеке меншік ком­панияларда үлкен іс тындырып отырған азаматтар бар. Ал үкіметтік мекемелерде, өкінішке қарай, білім мен біліктілікті дипломмен ғана өлшеу дағдысы қалып қойды. Оған не себеп? Бұл «білім» мен «ақпарат жинау» сөздері арасындағы ұғымды теңестіріп алғанымыздан туындап отыр. Шындығында ХХ ғасырдағы қоғам қазіргі компьютер сияқты қойын-қонышы ақпаратқа толы адам­ды «білімді» санап келді. М.Әуезов секілді энциклопедист ғалымдар өз заманының интернеті, Google-і болды. Ондай ғалымдар өзге қарапайым адамдарға қара­ғ­анда көп ізденіп, мол ақпарат жи­нап, оны халыққа сұрыптап ұсы­на біл­ді. Мұхтар Әуезовтің дәрісін тың­даған адамдар ол кісі лекция оқығанда үлкен оқу залда­рының лықа толып, студент сыймай отыратынын әлі күнге аңыз етіп айтады. Өйткені, қоғам мүше­лері М.Әуезов секілді тұлғалардан ақпа­рат алды. Ал бүгінгі күні қо­ғам ондай адамдарға мұқтаж емес. Неге? Себебі, адамдар кез келген сұрағына интернеттегі Google-ден тез әрі нақты жауап ала алады. Оны толық­тыратын видео, аудио материалдар да осы интернеттің ішінде. Тек те­ті­гін тауып іздей білсеңіз бол­ды. Ен­деше, бүгінгі білім – ақ­парат емес. ХХІ ғасырдағы білім – жи­на­ған ақпаратты сіңіріп, оны қол­да­нысқа енгізу. Қазір тамыр-таныс, дос-жаран, жекжат-жұрат­тың арасынан дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ, яки табысы мардымсыз бол­ғасын өзге жұмыс істеп жүр­­ген кем дегенде екі-үш адам табылады. Бұл осы күнгі білімнің ақпарат емес екенін, яғни білім ту­ралы түсініктің тү­бегейлі өзге­ріске ұшырағанын нақ­ты көрсетіп отыр.
– «Білім туралы түсінік өзгерді» дейсіз. Қоғамның білім туралы жаңа заманауи түсінігін қалыптастыру үшін не істеу керек сонда?
– Ең алдымен адамдарға дип­лом алу үшін оқудың маңызды емес екенін түсіндіру керек. Қазір бір адам экономика саласында оқып диплом алады. Осы салада жұ­мыс таба алмаған соң заң саласын меңгеруге кіріседі. Оқуын оқы­ғанмен жинаған білімін қаже­тіне жарата алмайды. Бұл үрдіс экономикалық тілмен айтқанда, дипломның құнының түсіп кетуіне әкеп соқты. Ал біздің ел соны көріп біле тұра ары қарай тағы басқа мамандық бойынша диплом алуға кіріседі. Бұл парадокс!
– Бұл үрдістің осынша етек жаюы­на не себеп деп ойлайсыз? Жә­не оны реттеудің қандай да бір жолы бар ма?
– Ең алдымен елге ақпарат дұ­рыс берілуі керек. Халық өз ­тү­сі­нігінің шеңберінде бір ұста­ным­ды бетке алып соның жетегімен жүре береді. Заманның жылдам өзгеріп жатқанын түйсіне бермей­ді, тү­сінсе де мән бергісі келмейді.Халықтың білім жай­лы түсінігі «дип­ломың болса же­р­де қалмай­сың» деген ХХ ғасыр­да­ғы түсініктің ауылынан алшақтай қойған жоқ.Бұл ұғым сейілу үшін ақпарат құ­ралдары барынша нақты әрі дәл ақпарат таратуы керек. Дип­­­­ломы бар бала емес, нақты бір кә­сіпті игерген баланың жерде қал­­майтынын түсіндіргеніміз абзал. Көзіқарақты қауым жақсы бі­леді, Елбасы әр жолдауында балалардың қабілетін анықтай отырып, белгілі бір кәсіп­ті меңгеруіне жағдай жасау керек деп айтады. Бұл қоғам үшін үлкен бағ­дар. Алайда, қоғам өзіне беріл­ген бағдарды жылдам түсініп қа­был­дай алмай жатыр. Басымызды тауға да, тасқа да со­ғамыз, бірақ бү­гін­гі заманның талабы кәсіп игеру екенін түсінгіміз келмейді. Са­наны өзгертіп, қазіргі заманның талабын түсінгенде ғана балала­ры­мызға дұрыс бағдар бере аламыз.
– Біздің қоғам жаппай ағылшын тілін үйренуге бет бұрды. Бұл үрдіс­тің етек жаюына да қоғамдағы қа­жет­тілік түрткі болып отыр деуге бо­ла ма?
– Бұл да менің ойымша уақыт­ша құбылыс. Байыптап қарасаңыз, кәсіп игеремін деген адамға ағыл­шын тілі аса қажет емес. Қазір әлем­де ағылшын тілді адамның 70% -ы жұмыссыз. Яғни ағылшын ті­лін меңгерсеңіз жұмыссыз қал­майсыз деген түсінік те қате. Димаш Құдайбергеновті мысалға алайық. Мәселен, ол шет тілін же­тік меңгермей-ақ, өз талантынымен бүкіл әлемді мойындатты емес пе? Ол танылған соң әлемде қазақ ті­лін үйренуге ниет танытқан адам­дардың көбейгенін көз көрді…Өз арамыздағы «ағылшын тілін білмесең әлемдік көштен қаласың» де­п қорқытатын адамдарға бұл үлкен сабақ болған шығар? Шет тілін білген дұрыс, бірақ асыра сілтеу артық болатынын ойланған жөн. Бүгінде біздің қоғам әлем та­бынған Димашты да сынап үл­герді. Жалпы, бұл байырғы қазақ психологиясына жат үрдіс. Ал үш жүз жыл орыс империясының боданды­ғы мен жетпіс жыл қызыл империя­ның езгісінде болған ел үшін қа­лып­ты құбылыс. Намы­сымызға келетіні рас. Бірақ «ауруын жасырғанды өлім әшкере­лей­тінін» ескерген жөн.
Біз біраз жылдар бойы өз ұлтын жамандайтын, яки асыра мақтай­тын әдеттің қайдан пайда болатынын зерттедік. Сол зерттеуден өз қанда­сын, өз ұлтын, өз бауырын бойына құлдық психология әбден сіңген ада­мдар ғана жамандайтынын анық­тадық. Бұл сөзім көп адамның шамына тиюі мүмкін, бірақ бұл шындық. Бұл сөз қай адамның шамына тисе, сол адам да құлдық са­надан арыла қоймаған. Мұны мен ойдан шығарып отырған жоқ­пын, бұл психология заңды­лығы. Екінің бірі «Қазақ десең өзіңе тиеді», «Қазақ жүрген жерде…» деп өз ұлтын аямай сынайды. Қо­ғам болған соң адам міне­зі­нің түр-түрі болатыны белгілі. Дегенмен, сені ренжіткен, яки саған ұнамаған бір-екі адам үшін бүкіл ұлтқа то­пырақ шашу, бұл да құлдық пси­холо­гияның нышаны.Психоло­гияның заңдылығы бо­йынша, жеке басының қателігі мен әлсіз­дігін мойындай білген адам ғана одан арыла алады. Мұны қазақ «Жақ­сы­лар жақсымын деп айта алмайды, жа­мандар жақсы­мын деп айқай­лай­ды» деп бір ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Бұдан асырып айту мүмкін бе?
– Кез келген салада қолға алы­на­тын реформа ең алдымен жергілік­ті халықтың менталитетіне, ұлттық та­нымына ыңғайланып жасалуы ке­рек деген пікірге қалай қарай­сыз?
– Ұлттық таным, ұлттық рух ұлт­тық тамырдан алыстамаған адам­да ғана сақталады. Бұл – аксиома. Өздеріңізге белгілі, қазіргі билік басындағы азаматтардың басым көпшілігі орыс не ағылшын тілді азаматтар. Олардың өз ұлты­ның мен­талитетіне сай, ұлт келе­шегі үшін аса тиімді реформа жасай ала­ты­нына сенесіз бе? Менің күмәнім бар. Бейнелеп айтқанда, қыр баласы тау баласын, құмда ержеткен бала мұхиттың жағасында өскен баланы түсінбейтіні сияқты дүние.Мәсе­лен, қазір біз білім беру жүйесіндегі советтік технологияны ысырып, ағылшынның білім беру жүйесінде­гі әдіс-тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Бұл – Қазақтың білім жүйесі Кем­бридждің бағдар­ламасына көшсе көсегесі көгеріп шыға келеді дегеннің кебі. Бұл – қауіпті қателік. Кешегі Елбасының бүкіл халықтық талқылауға түскен мақаласында не айтылды? Ұлттық кодты табуымыз керек деді. Ұлттық кодты табу деге­німіз – кез келген салада өз ерек­ше­лігімізге сай жүйе жасау керек деген сөз. Сонда ғана біз өзгелердің жо­лын қайталамай, өз сүрлеуімізді та­бамыз. Шеттен келген жон-жо­сықтың ешқайсысы бізді жетістікке жеткізе алмайды. Бейнелеп айтсақ, шетел мен Қазақстан бірінде тұщы, бірінде тұзды су құйылған екі құты секілді.Екеуінде де балық өмір сүре­ді. Екі балықтың бір-бірінен айыр­масы жоқ секілді, екі елдегі адамдардың айырмасы жоқ, психологиясы ұқсас, қабілеті бір. Сырт қарағанда ұқсайды, алайда тұщы су­дағы балықты тұзды суға апар­саңыз немесе тұзды судағы балықты тұщы суға апарсаңыз өмір сүре ала ма? Немесе екі суды араластыр­саңыз балықтар мықты боп кете ме? Қазіргі білім беру саласындағы шет­елдік технологиялардың бар­лығы осы тұщы су мен тұзды суды араластырғандай қойыртпақ дү­ние. Ол қойыртпақта адамдар адас­пай қайтсін?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында не ай­тылады, Білім және ғылым ми­нистрлігі қандай реформа жасайды? Екеуін бір-біріне тоқайлас­тыр­саңыз мүлдем кереғар екенін түсіну қиын емес. Бұны мен ғана ай­тып жүргем жоқ. Көптеген көзі ашық көкірегі ояу азаматтарымыз айтып шырылдап жүр.
Мемлекеттің, қоғамның, білім беру орындарының, ата-ананың алғашқы міндеті – баланың қабі­летін ашып, оның мамандығын таңдауға көмектесу. Қоғам өзінің азаматтарына сол қоғамның тетігін тауып қалануына жағдай жасай алмаса, мемлекет өзіне адал азаматынан, қоғам өзінің толыққанды мүше­сі­нен, білім беру орындары азамат­тар­дың сенімінен, ата-ана бақытты ұрпағынан көз жазып қалу қаупі бар.
– Сіз басқарып отырған орталық бұл орайда нендей іс атқарып отыр?
Біздің орталық кез келген ба­ланың білім-білігі мен қарым-қа­білетін анықтайтын диаг­нос­тикалық жүйе жасады. Әлемде бі­рін­ші рет «Мамандық таңдау әліппесін» шығарды. Әлемдік статистикаға сүйенсек, 1965 жылдан бері 35 мың мамандық жойылып кеткен. Дүниежүзінде 50 мың ал Қазақстанда 7 мың мамандық­тың түрі бар көрінеді. Сол маман­дық­тар әлеміне біздің жастары­мыздың именбей енуіне көмектесу мақ­сатында бұл туындыны «Әліп­пе» деп атадық. Мұны мамандық таң­даудың алғашқы қазақстандық моделі деп айтсам, артық болмас.

Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІРЛЕР1
Шолпан 04.06.2017 | 14:56

Дурыс айтасын Гани. Казир сойлей алатындардын, сойлеуге муикиндиги барлардын бари оздерин керемет билимдимин деп кеудесин кагады. Солар Абай жолын окыппа, казактын кай жазушысын биледи екен, оздерин казахтын камкоршысы деп санайды.
Казахтын кокейнде журген маселелерди котерип жургенин ушин саган улкен рахметимди айтамын. Елиннин сенин кадиринди билер…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір