«ӘЛІППЕДЕН» БАСТАЛҒАН ӘЛЕК

0
143 қаралды

«Алпамыс батыр» жырында ба­тырдың өзі басқа жақта жау­гер­шілікте жүргенде келіп, «Жи­делібайсын» жерін, елін шауып, барымталап кеткен қалмақ ханы өзінен кек алуға «суға салса, бат­пай­тын, отқа салса, күй­мей­тін» алып күш иесі келе жатқанын ал­дын ала түсінде көріп:
«Заманым менің қағынды,
Қағынбаса, не қылды?.. –
деп күңіренген екен. Ол – бірін-бірі шауып, барымталап жатқан за­ман еді, қазір мамыражай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» ке­зең, олай «аһ» ұрудың еш реті жоқ дейтін де шығар қайсы­біреу­лер. Жо-жоқ, олай деуге әлі ертерек екен. Өйткені, кеше ғана «қар­­сы қарап шабынған» бір бура тіл­дің тамыры – «Әліппе» мен «Ана тілін» күлтөкпеге лақтырт­ты. Нағыз қасірет осы емес пе! «Же­ті өлшеп, бір пішетін» қа­зақ­пыз ғой, күрсінген шығармыз, күңірене қойған жоқпыз. Екі ұр­ты­ның «бірі май, бірі қан» (Абай) боп жүрген халқына ілім мен білім егейін деп бірі сол «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының не­гі­зін қаласа, екіншісі «Оян, қа­зақ!» өзге озықтар қатарына қо­сыл деп зар илегендердің ар­уақ­тары өре түрегелді. Тірілер қос құлағы­мыз­ды салбыратып отыра бер­дік.
Апырым-ай десеңізші, Алаш­тың алыптары жасап кеткен оқу­лық кімнің қай жеріндегі жарасы­на тұз болып себілді екен?! Қазақ ті­лінің кесепаты ұрғыр сол не­ме­нің өзі жасатқан «Сауат ашуын» өзіне оқытып, қазақша сауатын аш­тырар ма еді… Ол – барып тұр­ған күнәһар. Себебі, ол бір тол­қын жас өскін ұрпақты еметін білім уы­зынан («Әліппе») айырды. Екін­шіден, «Әліппені» тә­мәм­дап, «Ана тілі» оқулығымен ұштас­ты­рар тұстағы ұлан-асыр шатты­ғынан қақты. Білім, ғы­лым­ның тіз­гінін ұстаудан садаға кеткір «Шошимын кейінгі жас балалардан».
Өткенде қария жасындағы та­рихы бар білімнің қарашаңы­ра­ғы астында үлкен ғалымының мерейтойы тойланып, сонда Президенттің құттықтауынан бас­тап ыстық ниет танытушы күл­лі республикалық мекемелер басшыларының бәрі қазақша ті­лек тілеп жатқан кезден «бүй­рек­тен сирақ шығарып», Білім, ғы­лым министрлігінің өкілі ғана орыс­ша «гапырды». «Е-е-е, мейлі» дей салдық. Ана тілін өрістетеміз, өркендетеміз деп ұлардай шулап жүр­генімізде жауапты министр­лік­тің мемлекеттік тілге жауапсыз қарап отырғаны қабырғаңа ба­та­ды-ақ. Бірақ дымымыз іші­міз­де өледі.
Шынтуайтына келгенде осы ми­нистрліктің ұстанған діңгегіне тү­сінбей-ақ қойдық. Елбасымыз әлім­сақтан бергі бүкіл өмір ше­жі­ресін «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сымен бағыттап беріп отыр­ғанда тарихымызды көкпарға са­лып, дүрліктіргені тағы бар. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын теңге алдырып, қыз қуу жасамасақ та «Бәйгетөбеде» шаңды аспанға шығара той­ла­ға­нымыз рас. Бірақ арғы тарихымызды зерделеуге зердеміз жетің­кі­ремеді ме, қазіргі замандікінен ар­ғы тарихты оқытуға дәтіміз шы­­дамай отыр.
Осы орайда қазіргі оқыту бағ­дар­ламаларымыздың өзі ат үр­кі­тетіндей екенін несіне жа­сы­райық. Мәселен, бұрын то­ғы­зын­шы сыныпты тәмамдау емтиханында әдебиеттен мазмұндама жаз­дыртатын. Ал қазір үшінші сы­нып оқушысынан шығарма жазу­ды талап етеді. Шығарма жаз­­­дырту өз алдына, Желтоқсан кө­терілісі, Тәуелсіздік күні мере­ке­леріне «тақпақ» жазуды мін­дет­тейтінін қайтерсіз. Әдебиеттік оқу кітабындағы тапсырмасында «Тақпақ жазу» деген сөз саптасына қарағанда оқулықтың осы бір тұсын жазуға қатысқан қайсыбір ағайынның әдебиетке «туыс­қан­дығы» мысық пен жолбарыстың бажалығындай-ақ болса керек. Әйт­песе, «тақпақ жазу» емес, жал­пақ тілмен өлең арнау демеу­ші ме еді. Оның үстіне шығарма, тақпақ жаза қоятындай шә­кірт­тердің барлығының қабілеті бар ма екен? Қазақ мектептерінің 7-8 сынып оқушыларына «Ағылшын тілі» пәнінен 1000 сөзден тұратын көр­кем, не ғылыми тақырыпта шы­­ғарма жазу қажеттігін туын­дат­қанда, қазақ тіліне деген күр­сінісің әдірем қалады. (Жа­пон­дық­тар өз ана тілімізді шұ­бар­лайды деп, жетінші сыныпқа дейін өзге тілді оқыттыртпайды екен.) Мұның бәрін ескерер болсаңыз, дүниеге келетін ұрпақ анасының құрсағында шығармашылық ада­мы болып жаратылуы керек екен. Осындайда бір ақын досым­ның: «Мектептегі балаларыма та­қырыптық өлеңдер жазып бе­ре­мін деп жүріп, балалар ақыны бо­лып барамын» дегені бүйректі бүлк еткізеді.
Хо-о-ш, дейік те төмен қарай құл­дилайық. Нөлінші, былайша айт­қанда, мектепке барар ал­дын­дағы дайындық сыныбының та­лаптанушыларын қандай білім нәрімен «жарылқап» жатқаны­мыз­ға назар салып көрелік. Сан үй­рету жағы санаға сіңерлік. Бі­рақ төртке бесті қосудың өзіне он саусақты көмекке шақырып жүр­гендерге белгісіздікті табуды тықпалау қай жетіскендігіміз еке­нін түсіне алмадық. Оны үшін­ші сыныптарда оқытса да кеш­тік жасамас еді-ау. Білім на­ры­ғындағы бәсекеге дайындаймыз деп жүріп, балдырғандардың миын ашытып алмас па екенбіз. Өрескел қинау ғой.
Қыстың қарлы күндері болатын. Ерке өскен Әлихан атты не­мерем:
– Ата, жүр, аю іздейміз, – дей­ді.
– Балапаным-ау, қыстың кү­ні қырауда қайдағы аю? – дей­мін.
– Жүр, жүр, ата, қардың астынан тауып аламыз, – деп өзеу­рей­ді. Сөйтсем, оған сол күні үйрет­кен «Қ» қарыбы бойынша «Аю» де­ген өлеңді жаттауға беріпті. Өлең:
Тауға шықсаң қалың қар,
Сайға түссең қалың қар,
Шырша үстінде қалың қар, (?)
Байқаңдар, қар астында
Ұйықтап жатқан аю бар, –
деп жосылтады. Немеремнің аю іздейміз деп жүргені сол екен. Бұл айналасын енді тани бастаған балаларды шатастыру ғой. Онан да аюдың қыс бойы үңгірде табанын сорып жататынын айтса, әлдеқайда қызықтырақ болар ма еді. Енді «С» қарпіне қатысты «Са­ғат» өлеңіне назар ауда­райық.
Сағат деген уақыт,
Маңызды әр уақыт.
Бағала әр минутты,
Уақыт деген бақыт, –
деп «төгілтіпті» шіркінің. Шабыт қат­ты қысса керек, уақытты бүл­діршіндердің басына бақыт қып «қондырыпты». Автор балаларға не айтып, нені үйреткісі келгеніне жіп таға алмадық.
«Н» әрібін жеткіншектің миы­на шегелеп тастағысы кел­ген-ау деймін, «Нан» деген өлеңді жат­тауға беріпті.
Нанды қылма келеке,
Нанды жесең, береке.
Дастарханның төрінде
Наның тұрса, мереке, –
деп, берер «тағылымын» ақта­рып-ақ тастаған екен «ақын». Әдет­те «келеке қылу», «келекелеу» дегенді адамға қаратып айтып жатушы еді. «Мазаққа ай­лан­дыр­ма», «келемежге ай­­­­ландырма» тір­кестерінің си­нонимі ғой. Нанды ысырап қылма, аяққа баспа, киесі атады дейтін әке-шеше­ле­рі­міз. Тіпті, Құраннан да биік қояр ұстанымдары да бар болатын. «Нанды келеке қылу» де­ген­ді таскерең құлағым әзірше ести қоймапты. Бұл жерде біз «өлең сөз­дің патшасының» «теп-тегіс жұмыр келер» көркемдігіне назар аударуды ысырып қойдық. «Қа­былдағыш милыларға» не үй­рететініне, «тілге жеңіл, жүрекке жы­лы тиер» тұстарына ғана көңіл бөлумен шектеліп отырмыз.
Осымен тізгін тарта тұралық. «Ақын» балдырғандарға «бала­лық ой» айтқан екен дей саламыз ба, қайтеміз?! «Әліппені» де лақ­тырып тастағандарға бұл «бы­ла­мық» не тұрар дейсің.
Осыларды көріп отырып, ай­қай-шумен қайтарылмақ «Әліп­пе» мен «Ана тілі» оқулығы қан­дай «даналық тағылымдарды» жи­нақтап оралатынын көзге елес­тетуге жүрегің дауаламайды.
Хо-о-ош делік. Енді осы білім са­ласында соқтықпай кетуге бол­майтын тағы бір кілтипан бар. Бұрын Жәутіков атындағы рес­публикалық физика-ма­тематика мектебі мен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқы­татын республикалық мектептер ға­на дараланып айтылатын. Ал қазір «дарынды балалар» мектебі дегенді шығарып, оқушыларды дел-сал күйге түсіріп қойдық. «Да­рындылар» мектептері қа­ла­ның ана шеті мен мына шетінде. Оған апарып, әкелуге ата-ана­лардың әлеуметтік жағдайлары көтере бермейді. Әрі әр оқу жы­лы­ның соңында құлақ түрсеңіз, сол дарындылар мектебін бітіріп жатқандардың жапа-тармағай оқуға түсіп жатқандары да бай­қалмайды. «Талант тас жарады, тас жармаса, бас жарады» демек­ші, ана бейімділігі, мына бейім­ділігі бойынша суырылып шы­ғып жатқандарын да көріп, естіп жүрген жоқпыз. Керісінше, жәй мектептерді тәмамдағандардың топ-тобымен оқуға түсіп жатқан­дарын еміс-еміс құлақ шалады. Сонда олар қалай іріктелген «да­рын­дылар». Ұлы сөзде ұяттық жоқ, ата-бабаларымыз «болар ба­ла боғынан» деп жататын. Бүй­ректен сирақ шығарғандай «дарындылар», «дарынсыздар» деп оқушылар арасына жік салып жүр­гендер олардың нәжістерін иіс­кеп барып ажырата «жіп та­ғып» жүр ме екен!
«Қазақ әдебиеті», «Ұлан», «Бал­дырған», «Алматы ақшамы» га­зеттерінде өлең, ертегілері, ма­қалалары жарияланып, шығарма жазудан қаладағы мектептер ара­лық байқаулардың үш-төрт дүр­кін жеңімпазы атанған немерем Айдана:
– Ата, мен неге жай мектепте оқи­мын, дарынсызбын ба? – дей­ді.
Ертең кім, қандай маман­дық­тың иесі болып шығатынын қай­дан білейін.
Үндей алмадым. Сөйтсем, ана-ау шеттегі ерекшеленген мек­тепке апарып, әкелетін көлігі жоқ көр­ші­лерімнің балалары да әке-ше­ше­лерін «Мен жәй мектепте неге оқи­мын?..» деп мазалайды екен.
Тағы бір өкініштісі, талай жыл­­дық тарихы бар, жұртшы­лық­тың Қазақстанның түкпір-түк­пір­лерінен келіп, жоғарғы оқу орнына емтихан тапсырғаннан бетер сын­нан өтіп барып оқуына қа­был­дағанын мақтан тұтатын Жәутіков атын­дағы респуб­ли­ка­лық физика-математика мекте­бі­нің маң­дай­шасындағы жазуын өзгертіп, зият­керлік мектептің қол­тығына кіріп алғаны көңіл көн­шітерлік «жаңалық» бола қой­ған жоқ.
Мінеки, сөз қадірін, тіл тағ­ды­рын, жалғасар ұрпақтың ерте­ңін ойлар болсаң, «Заманым ме­нің қағынды-ау…» деп күр­сін­бей көр.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Пікір қосу