Бір сәт. Бір бауырсақ. Бір шумақ өлең
02.06.2017
2024
0

«Қазақ әдебиетінен» Асағаң (Асанәлі) туралы көлемді мақала оқып, тарлан тұлғаның талан­ты­ның тағы бір қырын, ашылмаған сы­рын, ағалық ақылын, арманы мен үмітін, кей өкінішін тағы бір те­реңдеп танығандай болдым. Та­ғы бір тәнті болып, тағы бір табын­дым, сыйындым, сыйладым.
Есіме Асағаңды алғаш қалай көр­генім түсті. Ол да бір өмірдің жарқ етіп өткен мыңнан бір мезеті екен-ау… Асағаңды күнде көріп жүр­ген адамдар үшін бұл селт ет­кі­зер уақыт емес шығар. Ал біз үшін (ауыл адамдары үшін) бұл сәт елу жылда бір көрінетін тағдыр жұл­дызын көргеннен бір кем бол­ған жоқ.
Иә, 2002 жылы. «Инара» кафесі. Біз «Самалдағы» 131 мектептің бір топ тіл-әдебиет мұғалімдері, әлде­бір мерекені атап өтпекпіз. Кенет құрбым «Қыздар, қыздар, тура қа­сымыздағы столда Асанәлі Әші­мов отыр» деді аптыға сыбырлап. Қойшы, шын ба? деппін ғой. Қа­лалық құрбыларымыз дәл біз се­кілді әлем-тапырық күйге түс­кен жоқ. Жай қарады да қойды. Қа­ланың тақыс тартымдылығын әлі қабылдай қоймаған әлгі құр­бым екеуміз ауылбайский ақ көкі­ре­гімізбен ақ жарыла қуандық.
Енді ше? 70 жылдар жаста­ры­ның арман тұлғасы Асанәліні, тірі Асанәліні көріп тұрған жоқпыз ба. Сәттің әсері сондай – әлдебір шу­мақ өлең ойыма келіп, тіліме орал­ды.
– «Еңселігі екі елі
Егіз қоян шекелім».
Сенен ұқты қазағың
Шын таланттың не екенін
Шын тағдырдың не екенін.
Тұяғы кетік тарланым,
Тексіздікке бармадың.
Өтесің-ау өмірден
Соңғы әнін шырқап Майраның.

Ай, қартымыз, қартымыз,
Қарттықтан бойды тартыңыз.
Қырандай қиғаш қарасаң,
Әлі де қатты зарпыңыз.
Өнерде бүгін өлшем жоқ,
Сиятын сіздің нарқыңыз…
Құрбыларым мәз. «Енді мұны тез қағазға жазу керек. Әйтпесе ұмы­тып қаласың» дейді әбіржіп. Ен­ді қағаз тапсақшы. «Қағаз, қа­лам­сыз демалу» деген мұғалімдерде бір салт бар. Солай келгенбіз ғой. Ә­йтеу біреуден бір қалам тауып, өлең­ді тура салфеткаға жаздық. Та­ғы да әлгі көсем құрбым сөз бас­тады:
– Қыздар, осындай адамдардың қасында отырып, түк көрмегендей бе­дірейіп тамақ ішіп отыра береміз бе? Көргенсіздік болады бұл, жүрің­дер, барып амандасайық, – деді, – онымен де қоймай, – әлгі өлең­­ді оқып берейік, – дейді. Мен шо­шып кеттім:
– Ойбай, қойшы, біздің өлеңді қайтсін бұл кісілер.
– Жоға, – деп өршеленді құр­бым, – керісінше, танымал адамдар қарапайым болады. Олар атақ­ты ақынның өлеңін күнде тыңдап жүрген шығар, бірақ қарапайым мұ­­ғалімнің қолма-қол туған өлеңін күнде естіп жүрген жоқ шы­ғар. Осыдан көресің ғой. Өле­ңің ол кісілерге ұнайды. Не керек, ақыры тәуекел етіп, орнымыздан дүрк көтеріліп, Асағаң­дарға келіп, жапырлай аман­дастық. Столда Әшірбек Сығай, Әзімхан, тағы біреу – әйтеу кино саласының адам­дары отыр екен.
– Асекеңді жұбату шайға ша­қыр­ған едік, – деді Әшекең. Столда ет, қымыз, бауырсақ тұрды. Асе­кеңнің анасы қайтқан кез-ау дей­мін. Біз де көңіл айттық. Көңіл­­ді көп атынан мен айттым:
– Асаға, сіздің қайғыңыз – халық қайғысы. Тәңірім «Таудай қайғыны таудай адамға берем» деген дейді. Есіңізде ме, Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман жастай қайтыс болғанда, Жамбыл ақын Абайға не деп көңіл айтып еді:
– Жаңғаққа біткен асыл-ай.
Тасқанда Тәңір басуы-ай.
Нар көтермес ауырға
Арқасын тоссын жасымай, – деп­ті. Мен де сізге бүкіл ауыл қа­за­ғы атынан көңіл айтам дедім. (Ондай правоны кім берді де­сеңіз­ші).
– Өздерің кімсіңдер? – деді Әшірбек.
– Біздер – мұғалімдерміз.
– Мұғалім болғанда жай мұға­лім емес, әдебиетшісіздер-ау дей­мін.
– Иә, аға, мен ақынмын, – деп­пін ғой мақтанып кетіп. Олар бізге жас балаға қарағандай кеші­рім­мен әрі қызықтай күле қарап отыр.
– Аға, – дедім еркінсіп кеткен мен, – осы қазір ғана туған бір-екі шумақ өлеңім бар еді. Оқып берсем бола ма?
– Оқы, оқы, шырағым, – деп жа­тыр. Сол кезде біз ол кісілерге күлкілі көрінген шығармыз. Мен барынша мәнерлеп, шабыттанып тұрып өлеңімді оқыдым. Бір сәт бәрі тынып қалды. Мен күтпеген жағдай болды. Асағаң алақанымен бе­тін басқан күйінде солқылдап жы­лап отырды. Салалы сау­сақ­та­ры­ның арасынан сорғалаған жас әлі көз алдымда… Енді ол кісілер бізге шындап назар аударып, шын­дап әңгімелесуге бейіл берді. Өз столдарына қосымша орындық қой­ғызып, ал ас алыңдар деді. Біз бір-бір бауырсақ жедік.
– Асаға, – дедім әбден еркін­сіп, – мына отырғандардың бәрі 70 жылдың бойжеткендері. Өзіңіз бі­лесіз, 70 жылдардың бойжет­кен­дері бәрі сізге ғашық болып, бір көруді арман еткен. Жиырма жас­та армандаған сол арманға бә­рі бүгін қырықтан асқанда жетіп отыр, – дедім. Бәрі ду күлді. Мұ­ны­мен де қоймай, «Қыз Жібекке» «тал­дау» жасауға кірісіп кетсем ке­рек. «Аға, сіздің, яғни Бекежан­ның бейнесін ана бір деталь керемет ашып тұр. Сол режиссердің ше­шімі ме, әлде өз тапқырлығыңыз ба?» деп едім, Әшірбек маған аң­тарыла, жүзі нұрлана жалт қа­рап:
– Айналайын-ау, сен сыншы­сың ғой, – деді. Міне, тап осылай деген. Сыншы деген атақты осыдан 15 жыл бұрын Әшірбек Сығай беріп еді. Қабілетімді танып еді… Қайран, сабаз-ай! Қоштасар сәтте Аса­ғаң: «әлгі өлеңді маған бере ғой» дегені.
– Ойбай, аға, ол салфеткаға жа­зылған еді. Содан ұялып тұр­ға­ным. Ол кісі еш асықпай өлеңді өз қойын книжкасына көшіріп алды. Енді аяғына аты-жөніңді жаз деді. Мен жеке өз атымды ғана жазуға құрбыларымнан ұялып, «Сізге мәңгі ғашық 70 жылдың қыздары» дей салдым.
Арада аттай 7 жыл өткен. Аса­ғаңның «Менің жанрым – күн­делік» ат­ты кітабын оқып отырғам. Ішін­де сол баяғы салфеткадағы өлең жүр. Мұндай қуанбаспын. Қыздар, қыздар, менің өлеңім! – деп айғай­лай бергем ғой.
– Е, не бопты сіздің өлеңіңіз­ге?
– Ойбай-ау, менің өлеңім Асан­әлі Әшімовтің кітабында жүр.
– Қойыңызшы! Енді олар аң-таң. Жүгірісіп келіп жапырласа қарап жатыр. Сұрақ та жауды:
– Сіздің өлеңді ол кісі қайдан алған?
– Сіз өзіңіз апарып бердіңіз бе?
– Сіздікі болса неге аты-жө­ніңіз жоқ? Бұл кезде өлеңдер жи­нағым шығып, он жылдай айтыс ақыны ретінде танылған менің ақын­дығыма олар шек келтіріп тұрған жоқ. Бірақ дәл мына өлең­нің Асағаңның кітабына қалай кі­ріп кеткеніне қайран. Бас-ба­сы­на түсінік беріп жату, тіпті қи­ын. Со­дан сол сенбегендерге дәлелдеу үшін мен «Ана тілі» газетіне «Аса­ға-ау, айтыңызшы мыналарға» де­ген мақала жаздым. Бұл – 2009 жыл еді. Жарқ етіп өткен жалғыз сәт. Бірақ соншалықты көңіл тол­қытқан, қуаныш пен әсер сый­ла­ған сәт. Танымалдылықтың бір қыры – қарапайымдылық екен-ау… Ауырмаңыз, Асаға! Сіз туралы ес­телік емес, эсселер жазыла бергей…

Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір