Латынға көшу – тілді түзеуге мүмкіндік
02.06.2017
1353
0

Бексұлтанның мақаласы бәрімізді ойландыруы керек. Біресе «Ай, қап!» деп, біресе «Әттеген-ай!» деп келе жатқан халықпыз. Қашанғы өкіне береміз, мүмкіндік туып тұрған сәтте батыл шешім қабылдап, батыл қадам жасауымыз керек деп ойлаймын.

Мәселе біздің шет тіл сөздерін айта алуымызда, айта алмауымызда емес, қазақ деген халық­тың өз тілі, оның өз заңдылығы бар ма, жоқ па сонда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» деп айшықтап ат қойып, болашағымызды рухани жағынан бекітуге арнайы көңіл бөліп, Елбасының беріп отырған десін енді біз дұрыс пайдалана ала­мыз ба, біздің мойнымызға жүк­телген негізгі сын – сол.
Бексұлтан қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды белгілейтін «ә», «ө», «ы», «ұ», «ү» әріптерін өзгеріс­сіз қалдырыпты да, тек «і» әрібін «ы»-ға ұқсас таңба деп «ь» әрібін таң­дапты. Сонда «ы» мен «і» (ь) ұқ­сас болып шығыпты. Меніңше, сөйт­кені дұрыс болған.
Бізді негізгі қинайтын нәрсе – орыс тілі арқылы енген қыруар сөз­ді қалай жазуымыз болса керек.
Бексұлтанның «мүмкін­ді­гін­ше» дегені – құптарлық. Мүм­кін­дігінше өз тіліміздің заң­ды­лығына бағындыруымыз керек. Мәселен, Бексұлтанның өзі өзгертпей алып отырған «мил­лио­нына» келіспеймін. Қазақ оны «міліиөн» дейді. Деуге еш көнбейтін сөздерге амал жоқ.
Бір қарағанда, «фильм» сөзін «филм» дей салуға болатын сияқ­ты, бірақ меніңше, үндестік заңы­на сәйкес сөйлеу үшін, «фи­лім» деп, жіңішкелік белгінің ор­нына «і» әрібін қосқанымыз сөз­дің әуезділігін сақтайды. «Кон­церт» деп жазып, «кәнсерт» деп айтып жүрміз ғой, айтуымыз бен жазуымызды бір ізге түсіріп «кәнсерт» десек, одан мағыналық еш­қандай кемшілік шықпайды.
Бексұлтан «негізгі ережелер» демей-ақ, «негізгі емлесі» десе де бол­ғандай екен. Өйткені, менің ойым­ша, «Орфографиялық сөз­дік» дегенді қойып «Емле­сөз­дік» дегеніміз дұрыс. «Орфоэпиялық сөздік» жасай қойғанымыз жоқ-ау деймін, оны жасай қалсақ, «Сөй­леусөздік» дегеніміз дұрыс сияқ­ты.
Кеңес заманында-ақ Бекең «Қателіктер заңдылыққа айналып барады» деп дабыл қаққан еді. Мына мақаласына қарасам, сол қателік әбден асқынған екен. Егер жазу емлемізді ертерек түзеп алсақ, тіпті латынға көшпей-ақ қой­сақ та болатындай ма деп қал­дым. Бірақ ол уақытты өткізіп алып­пыз. Енді тек іске сәт деуіміз к­ерек.
Дұрыс жазудың дұрыс сөй­леуге ықпал ететіні даусыз. Ке­зін­де республика комсомолын бас­қар­ған Өзбекәлі ағамыз «лауреат» деген сөзді айта алмайтын. Енді ойласам, о кісі қазақы бол­мы­сы­нан сөйтеді екен ғой, қатар кел­ген екі дауысты дыбыс тілі­міз­ге жат. Егер «лауреат» немесе «лаурейат» десек, дұрыс бол­ған­дай екен.
Шындығын айтсақ, «махаббат» дегенді екі «б»-мен жазсақ та, бәріміз «махабат» деп бір «б»-мен» сөйлесеміз, осы сәйкес­сіз­діктің бәрі тіл білімінің қорда­лан­ған түйткілдері шектен шық­­қанын көрсетеді-ақ.
Біздің баспасөзде де біраз мін бар, қазақ сөзіне қырағы емес. Мә­селен, «прозашы» демей, «про­заик», «комбайыншы» демей, «комбайнер», «бокысшы» де­мей, «боксер» дей салады. Сол дей салудан басталады бәрі.
Қысқасы, тілді түзеу – ұлттық мә­селе. Оған бәріміз де өз шама-шарқымызша үлес қосуға мін­деттіміз. Үндемей жүре беруден, бұғып қалудан аулақ болуымыз керек.

Қуанышбай Құрманғали, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір