ТЕЛЕАРНАЛАРҒА ТЕЖЕУ КЕРЕК
02.06.2017
1656
0

Қазіргі телехабарлардың тақырып аясы тарылып, әртістердің жүрген-тұрғаны мен «концерттерінен» басқа көрсетері жоқ болып бара жатқанын баспасөз арқылы бұрын да қозғағанбыз. Уақыт пен Заман, Ұлт пен Ұрпақ,Тіл мен Діл қамын ойлап айтқан сол пікірімізді газеттер арқылы қолдағандар да болды. Ең өкініштісі – біз сөз еткен мәселеге қатысты телеарналар басшылары тарапынан әлі селт еткен оңды өзгерістер байқалмайды… Неге?..

Көптің көңілінде жүрген осы мә­селені қайта қаузап, бұрын айт­қан ойларымыз бен ұсыныс-пі­кір­ле­рімізді тағы да толық­ты­рып, оқыр­ман-көрермендер назарына ұсы­нып отырмыз.
Әсіресе, жастарымыз батысқа елік­теп басы қатып, ұлттық тәр­бие­нің үрдісінен адаса жаздап, кү­німдік пайда үшін жанын салып, даңғаза жарнама насихат құ­тырып тұрған қазіргі қым-қуыт за­манда ақпарат құралдарының ішін­дегі тиімдісі де, беделдісі де, ел на­зарына жедел жететіні де – те­ле­хабарлар екені рас. Алайда, сол көк жәшікте ұлттық тәрбие мен Ел бола­шағы, өткен тарих, бүгінгі ең өзекті проблемалар туралы хабарлар мүлде азайып барады. Бар бол­са, саусақпен санарлық қана. Не­ге бұлай?! Қайсы телеарнаны қос­саң да, болсын-болмасын елді қы­тықтап күлдіріп, ақша табуға ты­рысқан, тақырып аясы тым тар, от­басы-ошақ қасылық «әзіл-ос­пақ», арзан күлкілі «концерттер», «Шоулар». Жерге сыймай бара жатқан «жұлдыз» әнші мен орыс­тарға еліктеп «комик» болғысы келген пысық әртістердің мәнсіз де, әлсіз, мазмұнсыз «қойылым­-
­да­ры».
Әлгіден жалығып біткен соң, ке­лесі арнаны қарасаң, бірде асаба, енді бірде әнші, тағы бірде теле­жүргізуші боп жүрген «пысық өнерпаз» ініміз бен қарын­дасы­мыз­дың жаңадан салдырған ақ са­райдай үйін, мініп жүрген қым­бат автокөлігін, арыстандай дәу итін, неше көйлегі, қанша туфлиі ба­рын, сәндік киімдерін қайда жә­не қанша мың долларға тік­кі­зе­тінін, қай шет елде демалғанын, ен­ді қайда баратынын жіпке тіз­гендей көрсетіп жатқаны.
Бұған тойып бітіп, діңкелеген соң келесі арнаны қоссаң, сәбилі бо­лып перзентханадан шығып келе жатқан «жұлдыз» әнші мен оның жары. Бұларды қошаметтеуге кел­ген «жердегі жұлдыздар»… Шам­пан атып, ысқырып, бақы­рып қаптап жүр. Оны аз де­сеңіз, асаба боп ел арқасында та­быс­қа кенеліп жүрген бір «іскер ән­шінің» мына кризиске байланыс­ты қалтасының жұқарып бара жат­қаны… Тағы бір әртістің тойда ән салу үшін самалеттен түспей сапар­лайтыны… Қанша келі сал­мағын жо­ғалтқаны… Бетіне қандай бояу жа­ғатыны… Әнебір әнші мен мы­на ­бір әнші арасындағы кикілжің. Ана әртістің қашан ажырасқаны. Қайтадан тұрмыс құрғаны. Әлгі мен мынаның не үшін соттасып жат­қаны. Жерге сыймай бара жат­қан «жұлдыздардың» жүргені мен тұрғаны. Күлгені мен жылағаны. Махаббаттасқаны. Шатақ­тас­қа­ны. Бәрі-бәрі бүге-шігесіне дейін айтылып, бүкіл қалың көрерменге бес-он мүйнет емес, кемі жарты са­ғат, кейде одан да көп уақыт эфир­ден түспейтін болды. Бұл не үшін және кімнің құрметі үшін ке­рек?! Эфирді жаулап алған әлгі жер­дегі «іскер жұлдыздардың» аты-жөнін тізбелеп атасақ, соларды ұялмай күнде насихаттап жүр­ген телеарналардың тізімін санама­лап келтірсек, газеттің бетіне сый­мас еді. Оны бәріңіз де көріп, бі­ліп жүрсіздер.
Ұлты мен ұрпағының қамын жеп, сол жолда қалам қарымымен де қыруар істер тындырған кешегі Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Шерхан Мұртаза, Мұх­тар Мағауин мен Мұхтар Шахановтар, өзі өлсе де артында асыл сөздері қалған Әбіш Кекілбаев, Мұ­қағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Ка­мал Смайылов, Асқар Сүлей­ме­нов, Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқаи секілді ірі тұлғалар жайлы хабарлар неге бе­рілмейді?!
Кемеңгерлік пен ел алдында адал өмір сүрудің анық көрінісі бо­латын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражай-үйін телеар­наларда көрсетсе, жауапты қыз­мет­тегі тектілік, ынсап, азамат ары­ның тазалығы дегеннің не еке­нін бүгінгі обырлар ұқпаса да, жас ұрпаққа сабақ болар еді. Сондай хабарларды беруге кедергі не?..
«Мына телеарналар қалың кө­рермендердің қалтасымен байыған пысықай әртістердің малайы боп кеткен бе!?» – деген ой келеді кейде… Артық айтсақ, Алла өзі кешір­сін.Елдің сөзін сөйлеп, мұңын жоқ­тай­тын кешегі Сағат Әшімбаев жүр­гізген «Қарыз бен парыз», «Жү­рек­тен қозғайық», Сұлтан Ора­залинов эфирге шығарған Ғабит пен Ға­биден, Сәбит секілді ірі тұлға­лар­дың Ұлт пен Ұрпақ, Адам мен Заман жайлы хабарлары, Ақселеу Сейдімбековтің әйгілі әнші Жә­нібек Кәрменовпен сырласа отырып, Қазақ мәдениетінің арғы-бер­гі тарихы, әннің қадірі мен ұлт­тың намысы жайлы айтатын ай­шықты ойлары қазір телеарналар эфирінде неге жоқ?!
Кезінде «Қа­зақстан-1» Ұлттық телеар­на­сын­­да Қасым Аманжолов жүр­гізе­тін «Шынның жүзі» хабарында белгілі тұлғалар аузымен айтылған ел­дік, ұлттық мәселелер неге ұмыт қал­ды?! Сол Қасым се­кілді ұлты­ның намысы үшін барын салатын жігіттер неге телеарналардан шет­тетіледі?! Көрермен көп­шілікке те­лежүргізушілердің сыртқы сымбаты ғана емес, терең білімі мен ұлт­жандылығы, ашық әрі әділ ай­тар орынды ойы мен құнды пікірі керек.
Ірі қызметте отырып, қазы­на­ның ақшасын қымқырып, бірінен кейін бірі сотталып жатқан ашкөз шенеуніктердің, мемлекет қаржы­сын ұрлап-бөрлеп, шетел асырған қашқын алаяқтардың жиіркенішті қылықтарын індетіп іздеп, зерделі зерт­теу жүргізіп, өзгелерге ой са­лар­лық дәлелді хабарлар беруге не­ге болмайды?!
Ұлт пен ұрпақ, тіл мен мәдениет, елім деп шеттен келіп, кейде бас­пана­дан, енді бірде орыс тілін біл­ме­гендіктен жұмыссыз қалып, қи­налып жүрген оралмандар жағ­дайы… Шалғай ауылдардағы ауыз су мен жол мәселесі… Аудандар мен қалалардың кешегі және бүгінгі кел­беті, оның өткен тарихы мен бо­лашағы туралы… Жастар пробле­масы… Елді алаң ғып отырған Жер мәселесі… Жұмыссыздық… Кәсіп­керлерді қолдау… Ауыл спорты… Ойы жеткен жерге қолдары жет­пей қиналып жүрген фермерлер өмірі… Экология… Демография… Атбе­гілік пен құсбегілік… Ай сайын, апта сайын басқа шығып қабынған қымбатшылық, Ұлттық өнер тақырыптары неге көтеріл­мейді?
«Осы біз не тындырып жатырмыз?» – деп өз жұмысына есеп бе­ре­тін телеарна басшылары бар ма қазір?!
«…Айта берсін!» деп дабырадай айдар тағып қойып, әртістер жайлы өсек-аяңды эфирге алып шығу – не үшін және кімнің құр­меті үшін керек!? Осы мәселе жай­лы ақпарат құралдарының бе­тін­де бұрын Республикалық те­ле­арна­ның жауапты басшылары­ның бірі болған, белгілі қаламгер, ұлтжанды азамат Марат Тоқашбаев та кезінде орынды пікірін айтты. Оның ойларын толық қуаттап, қол­дауға әбден болады. Әсіресе, те­леарна басшылары біздің бұл ой-пікірлерімізге кеш те болса назар сал­ғаны жөн.
Ақпарат құралдарының ішінде Мемлекеттік қаржы ұйымдарынан мол қаражат бөлінетін телеарналар осын­дай ізденісі жоқ қалпында, дайын «концерттермен», өзін «жер­дегі жұлдыз» санайтын пысықай әншілердің отбасы-ошақ қасылық өмірлерін қайта-қайта көрсетіп, сонымен ғана эфирді толтырғаннан арылу керек.
Ішін-ара берілетін ой қозғар бағ­дарламалардың өзін ел орта­сын­дағы жанды әрекеттермен емес, төрт қабырғаның ішінде ғана /студияда/ түсіріп, ұзын-сонар әң­гіме қозғайтын «шоулар» көбейді…Те­леарналар жұмысының тақы­ры­бы мен мазмұнын, сапасы мен актуальдылығын қарап, басшылық жасайтын кім?.. Ұлт пен Ұрпақтың, Ел­дің жайына қатысты сүбелі ха­бар­лар ұйымдастырыңдар деп та­лап қоятын, күнделікті эфирден не өтетінін сараптап, бақылайтын басшы-мамандар қайда? Бар болса олар кімдер?.. Бұлар неге әрекетсіз отыр?.. Ұлттық телеарнаның тізгі­нін енді қолына алған белгілі саясаткер, іскер азамат Ерлан Карин мыр­за осынау айтылған мәселелер­ге дұрыстап назар аударатын шығар деп үміттенеміз.
Жалпы, кез келген газет пен жур­нал, радио мен телеарналар ең ал­дымен елдің, ұлт пен ұрпақтың, бү­гінгі күннің ең өзекті тақырып­та­рын қамтуға тырысуы керек емес пе!? Бізде қазір осы жағы кемшін соғып жатқаны шындық. «Теле­-
ха­барлар шынында да неге кө­рермен көңілінен шықпай отыр?» – деген сауалға жауап іздеп, намыстарын қайрап, жігерлерін жанып, ізденіс­пен ілгерілеуге ұмтылса, сөзіміздің жел­ге ұшпағаны…
Жатса да, тұрса да ұлты мен ұр­пағын ойлайтын қаламгерлер ара­сында өзекті мәселелерді қозғап, кең ауқымда орынды ойлар айта ала­тындар баршылық. Егер те­леар­налардың басшылары шынымен маман тапшылығынан қи­на­лып отырса, шақырсын танымал қа­ламгерлерді хабар ұйымдас­ты­рып, жүргізуге. Ұлт пен ұрпақ, өт­кен тарих пен бүгінгі заман келбеті, тіл мен діл, имандылық, ар тазалы­ғы жайлы жазылған шығармалар ав­торларын арнайы телебағдар­ла­ма­ларда сөйлетіп тұрсақ, әсіресе, жас ұрпаққа оның тәлім аларлық пайдасы мол болар еді. Осы мәселені ке­шіктірмей қолға алған жөн.

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, бұрынғы тележурналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір