Атына заты сай еді

1
1 895 қаралды

Әл-Фараби бабамыздың  «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп кесіп айтқан ақиқаты Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып қызмет еткен Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевтің өмірлік кредосы болған еді. Әулеттің аға буынынан тараған шапағат нұрын өзінен кейінгі бауырларына, әріптестеріне жақсының шарапаты етіп шаша білді. Тағылымды ұстаздарының  талантты шәкірті болды, талапшыл студенттерінің «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын» «аға дос» сүйікті ректоры атанды.

Ғалымжан Жұмабайұлының еңбек жолы негізінен жоғары білім саласымен байланысты. 1979 жыл­дан 2012 жылға дейінгі 33 жыл ішінде қарапайым оқытушыдан жоғары оқу орнының ректорына дейін көтерілді. Ғалекең 2004 жылы қайтара ашылған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына басшылыққа тағайын­дал­ғанға дейін де жоғары мек­теп­тегі лауазымды қызметтердің біразын атқарып, студент жастарға білім мен тәрбие берудің, оларды ғылыми ізденістерге баулудың, қоғам­дық белсенділігін арттыру­дың қыр-сырына мейлінше қа­нық­ты, шынықты, шыңдалды, тә­жірибе жинақтады. Содан да болар, жаңа оқу орнына басшы­лық­қа келгенде алғашқы күндер­ден-ақ ешқандай абыржу, іркілу, жауапкершіліктен сескену тәрізді кінәраттарды ойында да, сөзінде де, ісінде де байқатқан жоқ. Аз ғана уақыттың ішінде жаңа ұжым­ның ұйымдастыру мәселелерін ше­шіп, оқытушылар құрамын қалыптастырып, студенттер құра­мын жасақтап үлгерді. Және мұ­ның бәрін бұрынғы сіреспе қағи­дат­тарға сүйенбей, егемен елдің жаңарған білім жүйесіне сай та­лап­тарға негіздеді. Институттың оқу-тәрбие процесінде жеке тұл­ғаға бағдарланған, ізгілікті ұлттық құндылықтарды алға шығаратын білім беру жүйесін қалыптас­тыруда ірі-ірі қадамдар жасалды.
Институттағы оқу-тәрбие үде­рісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағы­тын­да жасалған ірі қадамдардың бастамашысы бола білді. Респуб­ликада алғашқылардың бірі болып оқу жүйесіне кредиттік технологияны енгізді. Институт бір­неше мемлекеттік білім беру с­тан­дарттарының авторы атанды. Оның іскер басшылығының ар­қасында институтта ынты­мақ­ты, білім-білігі мол ұстаздар ұжы­мы қалыптасты. Парасатты, үл­кен­ге ізет, кішіге үлгі көрсе­­тер­лік­тей қасиеттері ерекше көзге түсетін абзал, атпал азамат студент жастар бойында шынайы адами құн­ды­лықтарды қалыптастыру, ізгілік пен қайырымдылықты насихаттау істеріне көп көңіл бөлді.
Ғалекеңнің басшы ретіндегі харекетінен небір қиыннан қиыс­тырып, жол тауып кетудің талай үлгісін көрдік. Бұл ретте шынында да жай көп жасағанның емес, көпті көргеннің өрелі сөз, өрісті істің өрен жүйрігі, нақ иесі екенді­гіне әлденеше рет көз жеткізгенбіз. Ғалекең дәл осындай сипаттағы көреген де, көргенді еді. Оның бастамашылық қабілетінің негізін мақсаткерлік пен жаңашылдық құрады-ау деп ойлаймын. Рек­торы­мыз­дың осы негізге сүйенген дегдарлығы институттың респу­б­ли­каның білім жүйесіндегі ре­фор­малардың алдыңғы легінде жүруіне себепкер болды. Ғалекең үнемі заман ағымындағы шаралар мен оқиғаларға дер мезгілінде үн қосуға шақыратын. Облыс, қала көлеміндегі әр түрлі саяси, мәде­ни-көпшілік шараларды өткізуде айырықша белсенділік танытатын. Әсіресе, осы шараларға студент жастарды көптеп қатыстыру­ды қолдайтын еді. Сондықтан да институт түлектерінің республикада бірінші болып Президент шақыруына үн қосып, «Дипломмен – ауылға!» және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүл­де­нуі!» акцияларының бастамашысы болуы кездейсоқ емес. Осының бәрі болашақ мұғалімді жан-жақ­ты даярлаудың бір жолы деп біле­тін. Жалпы, болашақ жаңа тұр­патты ұстаз тұлғасын қалып­­тас­тыру мәселелері үнемі басты назарында болды. Бұл ретте ол ұжым алдына «біз даярлайтын маман елдің индустриялық-ин­новациялық дамуын қамтама­сыз етуге өз үлесін қосуға бейім­дел­ген шәкірт тәрбиелеуге пәрмені бар мұғалім болып шығуы тиіс» деген талап қоятын. Тиісінше оқыты­латын пәндер тізбесін жа­сақ­тауда басымдық оқытушы­ның оқыту мүмкіндігіне емес, бітіру­шіден еңбек рыногы талап етіп отырған негізгі кәсіби құзіреттілік­терді қалыптастыруға берілуін жіті қадағалайтын. Бүгінгі жаңа­шыл, құзіреттілігі жоғары ұс­таз­дың басты белгісі – оның гу­ма­нис­тік сипаттағы биік тұлғалық қадір-қасиеттерден тұратын кес­кін-келбетін әйгілейтін әлеу­мет­тік белсенділігі екеніне де үне­мі назар аударатын. Институтқа ұс­таз­дыққа бейім жастарды тарту жұмысын ұйымдастыру барысында «бізге Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «мектептің жүрегі» бо­ла­тын, мектеп үшін де, шәкірт үшін де жаны ауыратын, бала­сы­ның жақсы азамат болып өсуіне жауапкершілігін ата-анасына сез­діре де сендіре де алатын, өз ісін жан-жүрегімен, бүкіл бітім-бол­мы­сымен сүйетін жастар ауадай қа­жет» дейтұғын. Оқыту мен тәр­биелеу ісінің ажырамас бірлігін институт ұжымы қызметінің бас­ты қағидатына айналдыру қажет­тілі­гін талап ете отыра, тәрбиені алға шығаруға жете мән берді. Бұл ретте «ұлттық рухты биік ұстанып, бағалайтын, рухани пәрмені зор ұрпағы бар ел ғана қандай да болмасын мәдени, саяси, экономи­калық дағдарыстардан сүрінбей, мойымай өтері хақ» деген қағи­дасын жиі қайталайтын-ды.
Профессор Ғ.Ж.Нұрышев ға­лым-ұстаз ретінде де артында айшықты із қалдырды. Оның ғы­лыми зерттеулерінің негізгі ба­ғыттары: ҚР ауыл шаруашылы­ғының экономикасы, білім мен тәрбие беру мәселелері. Ол 100-ден астам ғылыми еңбек пен бес монография авторы. Айтулы ға­лым алты ғылым кандидаты мен бір ғылым докторын дайындады.
Ғалымжан Жұмабайұлы об­лыс­тың қоғамдық, саяси-эко­номи­калық салаларын дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Облыстық мәслихаттың екі дүркін депутаты, мәслихаттың әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша комитетінің төрағасы ретінде облыстың рухани өмірін кемелдендіру ісіне қо­мақты үлес қосты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағасы міндетін абыроймен атқарып, ана тіліміздің келелі мәселелерін жүйелі түрде дамыту бағытында тынбай еңбек етті. «Мәдени мұра» бағдарламасын «Қазына» әдеби мұра жобасы атауымен Ақтөбе өңірінде жүзеге асыруда үлкен еңбек сіңірді. Н.Бай­ғаниннің жаңа таңдамалы­сы, бұрын еңбектері қалың жұрт­шылыққа жете қоймаған Ақтөбе өңірінің XIX-XX ғ.ғ. ақын-жы­рау­лары Жөкей Шаңғытбай­ұлы­ның, Сарышолақ Боранбай­ұлы­ның, Айса Байтабыновтың шығарма­лары жарық көрді. Мұндай игі істердің отандастар санасында қазақстандық патриотизм қағидаттарын орнықтыруда маңызы зор екендігін Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары, «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған іргелі міндеттер де растап отыр. Бұл да Ғалекең бастамашысы болған көп істің бірінің бе­ре­кесі мен өміршеңдігінің дәлелі.
Осылайша Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты бірте-бірте профессор Мұхтар Арын инс­титутқа басшылық жасаған өт­кен ғасырдың 80–90 жылдары кезіндегідей облыстың рухани орталығына айнала бастады. Жалпы, осы екі тұлғаның іскерлік қасиеттері, адами ұстанымдары арасындағы ұқсастықты жұртшы­лық өкілдері де, зиялы қауым өкіл­дері де әрдайым ерекше бір ризашылық сезіммен айтып жүру­ші еді, бүгін де сол сабақтас­тықты сағынышпен еске алады.
Саналы ғұмыр бойғы тынымсыз тірлік пен ізденіс өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Институт соң­ғы жылдары республика ЖОО Бас рейтингі бойынша педагоги­калық ЖОО арасында тұрақты түрде алғашқы үштіктен көрініп отырды. Ғалекеңнің ерен еңбегі жоғары бағаланып, ҚР «Құрмет» және РФ «М.Ломоносов» ордендерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі­мен, төрт мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен және «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін», «Білім үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қыз­меткері», «ҚР ғылымын да­мытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгілерімен марапатталды. Кембридждегі (Англия) Халықаралық Биография­лық Орталықтың шешімімен «Білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін 2008 жылғы 21 ға­сыр­дың Әлем таныған 2 мың аса көрнекті ақылмандары» қатарында аталып, есімі мен өмірбаяны Ха­лықаралық Биографиялық Ор­талықтың мұрағатына енгізіл­ді.
Арамыздан кеткеніне бес жыл толып отырған абзал азаматтың тағы да бір атап өтетін қасиеті – оның адамға, маманға, өз әріптес­теріне деген жылы қабағы, шынайы қамқорлығы, жақсылық жасауға деген риясыз құлшынысы. «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз!» деп Ж.Баласағұн бабамыз бекер айтпаған ғой. Ғалекеңнің «жақсымен» қарым-қатынасында осы бесеудің бәрі де Ұлы Абайдың «иманы гүл» қағидасына (үш сүю: Алланы сүю, адамзатты сүю, әді­лет­ті сүю) бағындырылып, адамды бірден баурап алушы еді. Қазақ айтқандай, «болмасын деген – оңбасын» ұстанымын ұнататын. Сонымен бірге, жалпақшешейлікті де қолдай бермейтін. Әдетте жақ­сыны марқайтатын да, жасты қартайтатын да – сырт көздің сыны. Дер мезгілінде, «жақсының жақсылығын айт» ниетімен беріл­ген баға кім-кімге де қанат бітіреді, шабыттандырады, қайраттан­ды­рады, одан да зор қадамдарға жетелейді. Керісінше, жаңа ғана желкілдеп келе жатқан жасты орынсыз жасқау, көре алмастықпен тұқыртуға тырысу – жақсы бас­шыға жат қылық екендігі баршаға аян. Ғалекең әріптестері­нің кәсіби де, адами да қасиеттерін бағалауда осы екі қылықтың аражігін шебер ажырата білді. Шын жақсыны үлкен-кішілігіне қарамай қадірлей білді, «жақсы» деп келгенінің «жайсыз» екендігіне көзін жеткіз­генде, одан іргесін аулақ салуға именбеді. Сөйтіп, институт ректоры жүргізген кадрлық саясат шынайы сындарлық сипатқа ие болды. Сондықтан да әріптестер арасындағы осындай әділеттілікке негізделген қызметтік қарым-қатынастардың сыйластықпен әдіптелген адами қатынастарға ұласуы тегіннен тегін емес. Ғалекең ­ ұжым мүшелері арасында осындай ынтымақтастықтың, бірауыздылықтың, жанашырлық­тың жаршысы, қолдаушысы бола білді. Ресми түрдегі ғана емес, шын мәніндегі ұжым көшбасшысы биігіне көтеріле алды. Мұның дәлелі – өзінің барында жанынан еліміздің небір жақсылары мен жайсаңдарының табылуы және ғапыл қаза хабары жеткенде қабырғасы қайысып, есеңгіреп қал­ған қалың жұртшылық пен бақилық сапарға шығарып салуға келген қарақұрым халық. Әйтпесе танымал қаламгер Мейірхан Ақдәулетұлы қоштасар сәтте «Мы­на заманда азайыңқырап кет­кен­дей көрінетін, сиректеу кезіге­тін, бірегей азаматтардың бірі еді Ғалымжан… Сирек азаматың кет­ті ортадан, Ақтөбе!» дер ме еді.
Бұл өмірге келген пенденің үш түрлі міндеті болады дейді ғой. Біріншісі – ұрпақ өрбітіп, әулет санын көбейту, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу, соңғысы – ілім-білім жинап, халқына қызмет ету. Ғалымжан Жұ­ма­байұлы мен Гүлімхан Бәй­кен­қызы өмірде жарасымды жұп құрып, ұлы мен қызына өмір сыйлады, келісімді, кісілікті өмір баянының соңғы сәттерін де бірге өткерді. Санжары мен Гауһары экономика саласының маман­дары, ата-аналарының ұлағатты өмірлерін жалғастырып келеді. Марқұмдардың сәулелі рухтары балаларынан тараған немерелерін желеп-жебей берсін. Білімпаз шәкірттері мен «сүйер ұлын сүй­ген» халқы «аға досын», «сүйінерге жарар» азаматын аңсайды, бүгінгі харекеттеріндегі жетістікке жету­дің алтын кілтін қимастарының кісілікті келбетінен, кәсіби, ғы­лыми мұрасынан іздейді. Өмір – ғұмыр сабақтастығының сабағы осыған меңзейді.

Абылай Мұхамбетжан.
Ақтөбе қаласы.

1 пікір

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.