Мақсатым – парасат әлемі
26.05.2017
1848
0

«Қазақ әдебиетінде» жарияланған материалдарды, әсіресе көркем әдебиетке қатысты дүниелерді қадағалап оқып отырамын.
Жуықта газет қызметкері Маржан Әбіштің елімізге танымал басты-басты республикалық журналдарға жасаған шолу мақаласы еріксіз назар аудартты. Талайдың тұсауын кескен қарт  «Жұлдыз» (№ 18. 5-11 мамыр, 2017 жыл) атты материалда «Тағдыр сыйы» деген әңгімем жайында айтылған екен.  «…Егер осы аталған болжамымыз автордың (Толымбек Әбдірайымның) назарына іліксе, үнсіз қалмаса екен дейміз», – деген авторға алғыс-рахмет айта отырып, қолыма қалам алдым.

* * *
«Тағдыр сыйы» әңгімемді әуелі «Қазақ әдебиетіне», одан соң «Жұлдыз» журналына ұсын­­ғаным­ды көңілге сыйымсыз деп бас­тай­ды Маржан Әбіш. Бұл сауал­ға айтар уәжім: қазіргі таңда «Қа­зақ әдебиетінің» де, «Жұлдыз» жур­налы­ның да тиражы аз. Екі ба­сылымның таралымы небәрі 20 мың. Жоғары­дағы қос басы­лым­ның бірін алса, бірін алмайтын қазақ оқырманы оқыса деген ниетпен ұсынған едім… Ал мем­ле­кеттік тапсырыс­пен шыққан кітап­тарымның бірде-бірі кітап дүкендеріне түскен емес. Бұл – менің басым­да­ғы жағдай емес, күллі қазақ қалам­герлеріне тән үрдіс… Дегенмен, орынды сынды қабыл­даймын.
Шығармаларымның еш­қай­сы­­­сын қиялдан, ойдан құрас­тыр­­ған емеспін. Өмірде қилы-қи­­лы оқиғалар көп. Олардың бә­­рін дерлік жазушы қағазға тү­сі­ре берсе не болады?! Ол – қойырт­­пақ, бос сөз болып шы­ғады.
Жазушыға Алла берген та­лант­тан соң керегі – білім һәм ең­бекқорлық және көркем әде­биет­ке деген сүйіспеншілік! Қа­лам­герлік қасиетке – өнер деп қа­рау! Бұл орайда сөз зергері, көр­некті ғалым Зейнолла Қаб­до­лов бүй дейді: «Нәзік сезім­тал­дық. Өзін қоршаған өмірден әр­қашан тың құпиялар іздеп, ай­рықша әсер алу, көз алдың­да­ғы құбылыс­тар­ды ерекше сезіну, нәзік түй­сіну, сезінген-түйсінген шын­ды­ғына бейтарап қала алмай, тер­беле тебірену, көкіре­гін­де көл-көсір сыр ұялату. Бақы­лау. Жіті бақылағыштық. Қиял. Твор­честволық фантазия. Бақы­лап білген, сезген шындық­ты кең өріс­ке шығаратын қанатты твор­честволық қиял – талант­тың се­рігі…».
Елең еткізер бір оқиға немесе де­таль көңіліме айрықша әсер етсе, сол күні қағазға түртіп қоя­мын. Ол оқиға басымда піскенше жа­зуға отырмаймын. Бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» га­зе­тін­де жарық көрген «Ұшқалақ» әң­гімемнің оқиғасы миымда отыз жыл жүрді. Қиюы келген, кіл­тін тапқан күні қағазға түсті. «Тұнжыр» повесімді жазып болып, үстел тартпасында төрт жыл сақтадым. «Тағдыр сыйы» да солай. Тоғыз-он жыл бұрын естіген оқиға, 2015 жылы пісуі жетіп, тез жа­зылды.
«Тағдыр сыйы» арқылы адам бойындағы мейірім-қайы­рым, адам­гершілік, сабыр, кеші­рім, көр­кем мінез, «ыстық жүрек, нұр­лы ақыл, жылы жүрек» (Абай), яғ­ни парасат мәселесін көр­сеткім келді.
Жаңалық ашып отырғам жоқ, белгілі жәйт; он сегіз мың ғалам иесі, Жалғыз Жаратушы адам баласын жәннат бағында өмір сүру­ге, өсіп-өнуге жаратқан. Оған оттан жаралған, періштелер қауымына ілім үйреткен іші тар, қызғаншақ, тәкаппар Ібіліс лағ­нетолла араласып, Адам-Ата мен Хауа-Ананың бейіштен қуылуы­на себепші болды…
Имандылық мәселесі мәң­гі­лік тақырып!.. Қозғасам, әңгіме өрі­сі ұзап кетеді.
«Махаббатсыз – дүние бос», – дейді хакім Абай. Жасы елуден ас­қан, отбасы бар Берікқан Алтынайды жақсы көрді. Алтынай да кет әрі емес. Ол ағасының ор­нықты мінезін, адамгершілігін, жанашыр-қамқорлығын көріп жүр. Екеуінің жұмыс орындары жа­қын болған соң, түскі ас ішуге күнде бірге барады. Уақыт өте келе біріне-бірі бауыр басады. Бір күні… иә, бір күні қыздың үйінде Бе­рікқан түнеп қалады. Бар жағ­дай осы кезден басталады.
Әңгіменің мазмұнын бастан-аяқ сыдыртып баяндаудан ау­лақ­пын. Керек-ау деген, қадау-қадау тұс­тарын тілге тиек ете­йін.
Маржан Әбіш: «Біздіңше, ав­тор шығарма нүктесін әр оқыр­ман­ның өз еркіне қалдырып тұр­­ғандай…» деп жазған екен. Кө­зіқарақты оқырманға әңгіме оқиғасын ежіктеп түсіндіру шарт емес. Әр оқырман өзінше байлам жасайды. Жазушы қай тақы­рып­ты болмасын көтереді, бірақ ше­ші­мін шығармайды.
Пайғамбарымыз Мұха­мед-Мұс­тафа (с.ғ.с.) ислам дінін таратып, қасында сахабалары, та­би­ғин, табаған-табиғиндері, сар­­­баздарымен Медина қала­сы­на бет алғанда бір сахаба:
– Ардақты Расуль-Алла, үл­кен жиһадтан (соғыстан) қайтып ке­леміз. Бұл – исламның абыройы! – деген кезде, пайғам­ба­ры­мыз:
– Жоқ, бұл кіші жиһад, үл­кен жиһад алда, – депті.
– Қалайша? Бұл – үлкен жиһад емес пе?!
– Үлкен жиһад – адамның өзімен-өзінің, яғни нәпсімен күресі, – деп жауап қайтарады Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
Адам бойындағы нәпсінің үл­кені – тәкаппарлық, өзім­шіл­дік, менмендік, іштарлық, яғни эгоистік көзқарас.
Оған төмендегі диалог дәл­ел:
«Кейінгі кезде күйеуі жұмыс­тан кеш оралатын болды. Бұл әде­ті жиілеп бара жатқан сияқ­ты. Бір күні кешкілік шай үстінде себебін сұраған.
– Жұмыстың көп екені рас, – деді сөзін күмілжіп бастаған Берікқан. – Бір жағдайды айта алмай жүр едім.
– Әкесі өлгенді де естіртеді ғой…
– Тартынудың реті жоқ.
– Сезіп едім… – Ақшабақтың жүрегі алабөтен соқты. Сезімге берілгіш ғадетімен көзіне келген жасты да ірікпеді.
– Бүлінген дәнеңе жоқ… Бір қызға ғашықпын мен…
Әйелі шәй ішіп отырған кесе­сін қолынан түсіріп алды.
– Не деп отырсың?! Ғашығы не?!
– Қыздың менен аяғы ауыр…
– Солай де-е!..
– Болары болды, бояуы сіңді!
– Тоқ етерін айт.
– Оған үйленем!..».
Екі перзентінің анасы, жас­тайынан сүйіп қосылған жан жа­рына мұндай сөзді екі адам­ның бірі айта алмайды. Батыл, жү­ректі адам ғана айтады!.. Бе­рікқан бүгежектеген жоқ, шы­нын айтты! Айтты да, шеші­мін өзің шығар дегендей, жұмыс ба­бы­мен іссапарға аттанды. Өз от­бастары бар, тұрмысқа шық­қан екі қызы бөлек тұрады. Оларға барып сырын жайып салу, әкелерінің әбестеу қылы­ғын жет­кізу ұят. Ақшабақ үйде жал­ғыз. Тағдыр оған ойлануға, тол­ғануға жағдай жасағандай… Кіммен сыр бөліссем, кімнен ақыл сұрасам деген тұста ойына құрбысы Күлтай келеді. Ақша­бақ­­тың әңгімесін тыңдаған құр­бысы дәнеңе болмағандай жай­барақат. Ақшабақтың сөзін сөй­леуді былай қойып, өзіне салмақ тастайды. Ақшабақты қостай қоймайды.
«… – Қорғансыз ба едің соншама?! Есіңде болсын. Бір нәр­сенің басы ашық. Берікқан сені тастап кетпейді. Меселін қайтар­ма күйеуіңнің. Екі отбасын ұс­тау­ға ақылы жетеді… Ауылда ша­руа­шылықтарың, қалада бір­неше пәтерлерің бар…».
Берікқан өзіне сенімді болмаса, қыздың басын қатырмас еді. Ол Алтынайды ұнатты, қа­зақ­­тың бір қызын бақытты еткісі келді. Әлі қартайып тұрған жоқ, елудің ішінде, материалдық жағ­дайы да көтереді… Жұбайы Ақ­шабақ түсінер деп түйді.
Ақшабақ құрбысы Күлтай­мен, одан соң мешіт имамымен арада болған әңгімеден соң, бойындағы қызғанышты жеңе білді. Әу баста ашу-дұшпанға ерік бергенімен, соңында пара­сат­қа, ақылға жүгінді. Әрі күй­еуі Берікқанның мінезін жақсы біледі. Өйткені, күйеуі айтқанын орындайтын кісі.
Бір сәттік нәпсінің құлы болып, арам ойы іске асқан соң, ай­нып шығатын екі жүзді еркектер аз ба?! Кейбір көрсеқызар қыз­дарды да ақтағым келмейді… «Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» тегін­де…
Алтынай Берікқан ағасына сенді… Болашағы болжаусыз бол­са да… сенімі, сезімі алдамаған екен!.. Жақсы көретін адамынан жүкті болу, ана атану – әйел затына зор қуаныш, баға жетпес бақыт!.. Жан дүниесі таза, адал, ал­ғаш сүйген жігітіне әне-міне тұр­­мысқа шықпақшы болып жүр­генде опық жеп алдануы се­бепті, тағдырына налыған Ал­тынайдың тағы біреуді жақсы көруге, оған тұрмысқа шығуға моральдық құқығы бар ғой! Әрі… сол сүйген жігітіне қатты ұқсай­тын Берікқан ағасына қыз ға­шық!..
Алтынайдың мына бір сәтіне назар аударыңызшы:
«…Кейінгі кезде адамдардың бәрі ерекше мейірімді, аяулы кө­рінетін Алтынайға. «Өмір қан­дай тамаша, қандай ыстық!..», – деп жиі толғанатын.
Қыздың хош иісті гүлдерге есі кетті. Үйінің қасындағы гүл сататын дүкеннен бірнеше талын сатып әкеліп, күн шуағы себездеген терезе жақтауына, шыны вазаға су құйып салып қойды».
Күн шуағы себездеген терезеден түскен сәуле – деталь!
Алдағы шуақты күндерге деген меңзеу!
Жолы жіңішке аяулы қызға деген – Алланың алқауы!..

***
Шығарманың немен аяқтал­уын автор шешпейді дедік. Қо­ры­тынды жасау үшін оқырманға ой тастайды… Автор ретінде ме­нің болжамым, Берікқан Алты­найға үйленеді… Бұл жерде Ақ­шабақтай ақылды, парасатты әйелдің де орны ерекше!.. Ондай ақылды ана-әйелдер қазақта болған, қазір де бар!..
Сондай аяулы, ардақты ана­лар­дың арқасында қазақ, қазақ­тық қалпын, салт-дәстүрін, кісі­лік кескін-келбетін сақтап келеді, сақтай да бермек!..
Берікқан – парасат иесінің көркем образы!..
Берікқан үшін – Алтынай тағдыр сыйы!..
Аталмыш әңгіменің жалға­сын жазу әзірше ойымда жоқ. Уақыт көрсетер…

Толымбек Әбдірайым,
жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір