Өлінің қамын тірі ойлар
26.05.2017
1641
0

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі баспаға ұсынған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың тұсаукесері ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Зиялы қауым өкілдері, дін ғұламалары, көпшілік оқырман жиналған рәсімде кітаптың тұсауын Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, сондай-ақ Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов және көрнекті жазушы Смағұл Елубай кесті.

Шара барысында ҚМДБ тө­р­а­ғасы, Бас Мүфти Ержан қажы кітаптың шығу тарихы, жалпы, марқұмды соңғы сапарға аттандыру мәселесінің кітап болып тасқа басылуы жайында былай деді: «Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу исі мұсылман баласы үшін маңызды қадам. Кітап екі жыл бойы толықтырылды, барынша жинақтала келе жазылды. Оның қолжазба нұсқасы бірнеше рет талқыланып, қайта қараудан өтті. Міне, бүгін оқыр­манға жол тартты. Кітапты жазу барысында діннен де, шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімізден де алшақтама­дық».
Бұдан кейін сөз алған Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов: «Қазақстанда он бір мың екі жүз елу үш кітапхана бар. Соның ішінде 4079 кітапхана – көп­шілік, яғни аудандық, қала­лық, облыстық кітапханаға жатады. Қолдарыңыздағы кітап 11 мың дана болып жарық көрген екен. Бұл кітаптың әрбір данасы әр кітапханадан табылса, дұрыс болар еді. Себебі, бұл кітапты осын­да келген жастар оқыр еді. Қа­зір біздің оқырмандары­мыз­дың  жетпіс пайызы – жастар. Бұл кітап, әсіресе жастарымызға үлкен ой салар еді. Біздің Ұлттық кітапханада сирек қорымызда араб тілінде 1079 кітап, үш қол­жаз­ба сақтаулы. Сирек қордағы діни мазмұндағы кітаптарды зерт­­тейміз, насихаттаймыз де­сеңіз­­дер, біздің есігіміз әрдайым ашық», – дей келе, діни ағарту сипатындағы кітаптардың көптеп шығуы қазақ руханияты үшін үл­кен жаңалық екенін айтып өтті.
Жазушы Смағұл Елубай: «Кі­тап қолымызға тиген сәтте оқып, біткенше орнымыздан тұрмадық. Кітап оқырманға түсінікті тілде жазылған. Бұл, шынында да қазақ қауымында көптен айтылып жүрген мәселе болатын. Адам өміріндегі осы маңызды сәт неге бір ізге түспеген? Неге жерлеу дәстүрі әр ауылда әр түрлі? Адам өмірінің жауапты кезінде бірлік болмағанда, ұлттық бірлік туралы айту қиын емес пе? Осындай сұрақтар бізді көп мазалауы тиіс еді. Кітапта жазылғанның бәрі көңілге қонады. Біріншіден, иманшарттары сақталған, екін­шіден, дәстүрімізге сіңіп кеткен әдеттеріміз бар, оларға да дұрыс ба­ға берілген. Ақтық сапарға ат­тану – адамның Алла Тағаланың алдына алғашқы қадам басуы ғой. Баршамыз, түптің түбінде Ал­ланың алдына барамыз. Ендеше, бұл жауапты қадамды Жаратушымыз бекерден бекер бір тәр­тіп­ке бағындырмаған ғой. Әр­бір адамның өлімі – имани өнеге сияқты. Бүкіл қауымға, жақын жуықтарына Алланың ескертуі. Біз өлімді осылай қа­был­даймыз. Жаназаның, әсіресе кеңестік, атеистік жүйе­ден сенде­ліп шыққан қазақ сияқ­ты халық үшін маңызы зор. Сон­дықтан бұл кітап имани тұр­ғыдан жаңғыруға қадам деп есеп­теймін.
Кітаптың тағы бір ұнаған тұ­сы – зираттың басына кесене, құлпытастар қою туралы тәртіп. Бұл бізді толғандыратын жай. Кешегі атеистік қоғам бізді Алладан ажыратты да, қазіргі Алма­ты­ның мұсылман зиратына бар­саңыз, бәрінің басында қымбат ескерткіштер пайда болғанын байқайсыз. Бұның түкке де қа­жеті жоқ екенін қатты айтатын кез келді деп ойлаймын», – дей ке­ле, кітапты шығарған дін ғұ­ла­маларына зиялы қауым, жазушылар атынан алғысын біл­дірді.
Шара барысында елімізге бел­гілі ақын-жазушылар мен дін саласы мамандары кітап туралы пікір-пайымын білдірді. Мә­се­лен, ақын-жазушылар, ғалымдар: Сәрсенбі Дәуітов, Бауыржан Жа­қып және дінтанушы Ислам Жеменей кітаптың маңызына айрықша тоқталып өтті.
Кітапта хал үстінде жатқан жанның ахуалы, жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар, мәйітті жуындыру мен кебіндеу, жаназаға қатысты үкімдер, жерлеу рәсім­дері, марқұмның басына белгі қою, қабір басына бару мәселелері туралы егжей-тегжейлі жазылған. Он бір мың таралыммен жарық көрген кі­тапты Е.А.Оңғаров және С.З.Ибадуллаев баспаға дайында­ған.

Қ.Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір