Жүрегімнің төріндегі Жарасбай
26.05.2017
2190
0

«Жарасбай – патриот болатын. Көбіне туған жер, атамекен, тіл туралы жырлап өтті.  1975 жылы Ақмолада тұрған кезімізде республикалық семинар өтетін болып, Алматыдан Қасым Қайсенов бастаған бір топ ақын-жазушы­лар келді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» мен «Коммунизм нұры» газеттерінде Жарасбайдың «Тіл ұстарту» деген өлеңі шығып, Жәкең де, газет басшылары да жоғары жақтан сөз естіп, у-шу болғаны бар. Бұл күндері Жәкеңнің туындылары ұмытылып қалмай, оқырманына жете берсе екен деген ниетпен ғұмыр кешіп жатырмын», – дейді ақын жары, ардагер журналист Қазина Нұрқанова. Әңгіме әрі қарай жарастығын тапқандай болды.

Қазина НҰРҚАНОВА,
ақын Жарасбай Нұрқановтың жары


– Жарасбай Нұрқанов екеуіңіз бір өңірдің түлегісіздер. Ақынмен бала күннен жақын, дос, сырлас болған шығарсыздар?
– Жоқ. Ағаңды бертінде, Жарасбай университетті бітіріп, ауылға мұғалім болып келген жылдары көрдім.
Әкем – Сәдуақас өткен ғасырдың басында туған. Шешем Шәмшия әкемнен он жыл ке­йін дүниеге келіпті. Өзі байдың қызы екен. Бірде ауылында бір қыз ұзаты­лады да, көрші Ақсу ауданына кеткен қа­лың­дықпен бірге жасы әлі онға да толмаған анам Шәмшия да шүпірлеген қыздармен қатар той-тойлап кете барады. Дәл сол уақытта нағашы атам Тәуірбайды барлық отбасымен бірге «Бай-кулаксыңдар» деп айдап әкетеді. «Қай­тып келсем, ел жоқ» деп еске алып оты­­ратын анам. Содан анам Сәдуақас әкемнің аға-жеңгесінің қолында өседі де, кейін әкеме тұрмысқа шыққан екен. Әкем мен шешем қосылса да, көп жыл перзент сүймепті. 1937 жылдары әкемнің ағасы Ыс­қақ та хабар-ошарсыз кетеді. Одан Есләм, Әбілқайыр, Зейнолла дейтін үш ұл қалады. Зейнолла ағам анасы қайтыс болғанда үш айлық, емшектегі сәби екен. Бірде үш жетім баланы балалар үйіне әкетуге құжаттарын даярлап, ауданнан кісі келген көрінеді. Біреуін Тобылға, келесісін Омбыға, үшінші­сін Орынборға жібермек екен. Үшеуін ат арбаға салып, әкеткелі  жатқанда шешем жылап-еңіреп, арбаның жолын кес-кестеп балаларды өз қолында қалдырып кетулерін өтінеді. Сөйтіп, үш бала әке-шешемнің қарауында қалады. Ұлы аталарының фамиясы өшпесін деп әкем үлкен ұлды Кәке­нов деп, әкесінің атын өшірмесін деп ортан­шы ұлды Ысқақов деп, үшіншісіне өзінің Алғожин деп тегін жаздыртқан екен. Зейнолла ағам үш айлығында қалды дедім ғой. Сол бала бірде үсті-басына жара шығып, әрі сүтке жарымай, талықсып өлетін халге жетіпті. Балаға жасар емі таусылған анам еш қайран болмаған соң сәбиді бауырына басып, іші-бауыры езіліп ұзақ жылапты. «Бір уақытта омырауым жып-жылы болып кеткенге шошып, баланы құшағымнан босатсам, құрсақ көтермеген, бала таппаған менің омырауымнан сүт тамшылап тұр», – деп еске алып отыратын марқұм анам. Содан аузына сүт барған Зейнолла ағам бір жетінің ішінде тәуір болады. Осы оқиғадан соң көп ұзамай анамның бойына бала бітіп, жеті рет құрсақ көтеріпті. Оның екеуі титтейінде шетінеген екен.
Әкем мен шешемді мен ата-әже деп өстім. Үш жасымда орысы көп «Кривощеково» совхозында тұратын Есләм ағатайым мен Меруерт жеңгемнің қолына берген екен. Орыс мектебіне бардым, тілім де, тәрбием де орысша болды. Мектеп бітірген соң құжаттарымды Медицина университе­тіне пошта арқылы жібердім. Арада бір ай өткенде хатым өзіме қайта келіпті, конверт­тің сыртында «қабылдау мерзіміне кешігіп қалдыңыз» деп жазылған екен. Содан Көк­терек ауылына, әке-шешемнің қасына ке­ліп, ауыл жастарымен бірге жұмысқа араласып кеттім. Жарасбай ағаң ол кезде мек­теп­те қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бе­ріп жүрген жас маман. Жастар ауылда өзі­мізше концерт қоямыз, ән айтып, би би­лейміз, өлең оқимыз. Бірде сахнадан Жарасбай Абай, Пушкин өлеңдерімен қоса өз өлеңін оқыды. Тірі ақынды тұңғыш көруім. Сол күннен Жарасбай дегенде жүрегім басқаша бүлкілдейтінін ұқтым. Сөйтіп жүргенде көрші ауылдан бір қарт адам келіп, маған құда түсіп, жеңгелерімнің келісімін алып, тіпті мені алып кететін күнді де белгілеп қойыпты. Мұндай тосын «жаңалықты» есті­генде мен бекер жылап, тағдырыма бекер налығым келмеді. Сүй­меген адамымның соңынан еріп кете бермей, жүрегім қала­ған адамға сырымды ашпаққа бекідім. Дәл сол уақытта Есіл тасып, Ақмолаға баратын жол жабылады. Герольд Бельгердің әкесі бізде дәрігер. Шешем ая­ғын сындырып, Карл Бельгер ше­шемді ұшақпен Ақмолаға алып кететін болады. Ше­шем­ді ауруханада жатқан уақытында күту үшін мен де баруым керек екен. Сол сәтті пайдаланып Жа­расбайдың інісі Сансызбай арқылы «Я вас люблю, женитесь на мне» деп тілдей хат жа­зып жібер­дім. Жәкең де іш­тей мені ұнатқанымен, он жас айыр­ма­шылық бар деп, мені жассынып жүр екен. Хатты алысымен әке­сімен ақылда­сыпты. Әкесі: «Сә­кеңнің қызы ғой, тағ­дырын саған сеніп тапсырса, жылатпа», – депті. Содан Жарасбай да менің соңым­нан Ақ­молаға жетеді. Мен ол кез­де ауруханада, шешемнің қасын­дамын. Мені сыртқа алып шығып: «Ертең алып қашуға келемін, дайын бол», – деген бір ғана сөз айтты. Есіл тасып жатқан уақыт, салмен өте алмаймыз, ұшақпен «алып қашып» келді. Кейін соңымнан әлгі құда түскен жігіт іздеп келгенде де, мені аралас­тырмай, өздері сөйле­сіп, мәселенің бәрін өзі реттеді. Маған: «Қо­рықпа, өміріңді маған сенген екенсің, сені жылатпаймын. Жоғарғы білім алғың келетінін де білемін. Оқуың үшін жағдайдың бәрін жасаймын», – деді. Ағаң сол сөзінде тұрды.
– Мектепті алтын медальға бітіріп, сол кез­дегі Кеңес Одағындағы «мен» деген уни­вер­ситеттердің кез келгеніне түсуге мүмкіндігі бар Жарасбай Нұрқанов басқа оқу орнын таңдамай, «М.Әуезовтің дәрісін тыңдағым келеді» деп, ҚазҰУ-дің филология факульте­тіне құжат тапсырады. Ондағы оқуын жақсы бағамен аяқтап, болашағынан үміт күттірер жас ақын ретінде таныла бастаса да, «ақын­дар ауылда туып, Алматыда өледі» дегенді біле тұра, дипломын қолға алысымен қайта­дан ауылына ат басын бұрады. Неліктен?
– Жарасбай ағаң қазіргі Шал ақын ауданы, Көктерек деген ауылдың түлегі.
Соғыс жылдары балалық шағына тұспа-тұс келгендер оқуға іңкәр болып өсті. Сол іңкәрлік бар, оған қоса Көктерек ауылдық мектебінің базасы да мықты еді. Сол мықтылықтың бір ғана себебін айтайын, Көктерек ауылында соғыстан кейін іркес-тіркес төрт медалист шықты. Негізі, бесеу шығуы керек еді. Жарасбай ағаңнан екі жас үлкендігі бар Герольд Бельгер соғыс жылдарында комендатураға тіркеліп, есеп беріп тұрғандықтан, ол кісі мектепті үздік бітірсе де, алтын медаль ала алған жоқ.
Медаль иегері ретінде әрі соғыстан кейінгі жылдарда жас кадрлар керек болған уақытта ағаң, шынымен де қалаған оқ­уы­на ешбір байқаусыз түсе алатын еді. ҚазҰУ-дің қабылдау комиссиясы да ағаңа соны айтыпты: «Сен бала, бізге келме. Барсаң, Мәскеуге, Шығыстануға бар. Медаль иегері ретінде оқуға кедергісіз қабылданасың», – дейді жанашырлық танытып. Оған Жарасбай көнбепті: «Осы оқу орнында Мұхтар Әуезов бар. Сол кісінің дәрісін тыңдағым келеді», – депті. Дәл осы сөздерді айтып тұрғанда, Мұхтар Әуезов аға ту сыртынан сөзін естіп тұрған екен. «Пәлі, бұл қай бала?», – депті Мұхаң. «Әуезовті бірінші көруім. Мұрным­ның ұшына дейін терлеп кетті», – деп отыратын ағаң. Ол кезде Алматыға оқуға кеткен балаға ауылы не бере қояды? Тақтайдан жасалған қызыл шамадан. Жарты банкаға жетер-жетпес май. Көйлек-көншек. Сосын кітаптарын салып алған екен. Әуезов қабылдау комиссиясын­дағы­ларға: «Қане, мына баланың құжатын алыңдар», – деп өзі ағаңды жетектеп үйіне алып барыпты. Есіктен кіре: «Аяғыңды шеш», – деп үйге киетін тәпішке ұсыныпты. «Тәпішке дегенді өмірде көрмегенмін, әрі ұят та болса айтайын, нәскиімнің кішкене жыртығы бар еді, оның үстіне екі тәулік бойына жол жүріп келгенмін, нәскиімді ауыстырып үлгермедім, не істерімді білмей, қолыма шамаданымды тас қылып құшақ­тап, есіктің алдында қақайып тұрмын», – деп еске алушы еді ағаң. Сонда Мұхаң: «Қал­қам, ана шамаданыңда, ары кеткенде жар­ты банка қаймағың бар шығар, оны ешкім алмайды, сонда қалдыра қой да, менімен жүр», – депті. «Отыр» деп жұп-жұмсақ орындықты нұсқады. Отыра қалып едім, ішіне күмп етіп түсіп кеттім.  Шаршап келіп едім, жұмсақ орындыққа отырып, денем жеңілдеп қалды», – дейтін ағаң. Кі­тап­тарын көрсетіп, қандай кітап оқу керегін айтып, Мұхаң екі шыныаяқ кофе алдыртыпты… Мұхтар Әуезовтей ұстаздың алдынан өткен, дәрісін тыңдаған Жарасбай оқуға бар ынтаммен, шын ықыласпен кірістім дей­тін.
Жарасбайдың өлеңдері мектепте жүр­генде-ақ қабырға газеттеріне шығып тұра­тын. Университетте де «Жас қалам» деген қабырға газеті шығады екен. Соған ағаңның «Жартас» деген өлеңі жарияланады.
Тынымсыз түртіп қужалап,
Толқынды толқын қуады.
Жартастың жүзін су жалап,
Тозаңын, татын жуады.

Сонда да жартас өкпелі,
Сазарып мойнын бұрмайды.
Аумалы да төкпелі,
Толқын қайтпай тұрмайды.
Осы өлеңді қабырға газетінен оқыған, өзінен жоғары курста оқитын Қадыр Мырзалиев Жарасбайды іздеп тауып, «Жарайс­ың» деп қолдау көрсетіпті.
Иә, университетті бітірген соң, ағаң бір­ден ауылға ат басын бұрған. «Қайтсем де өзім оқыған мектебіме қызмет етіп, өзімнен кейін өсіп келе жатқан балаларды әдебиет пен мәдениетке баулимын» дейтін бала арманы бар екен. Сол арманына адал болғысы келіпті. «Елге оралғанымның бір қуа­ны­шы  – саған үйлендім» деп отыратын. Өзімен бір­ге оқыған Төлеу­бек Қоңыров деген журналист, аудармашы жігіт Жарасбай жө­нін­де: «Жарасбай елге кетіп бір қате­лік  жасап, тағдырына, ақын­­ды­ғы­на қатты зиян келтірді. Жарас­бай­дың ойынша ел танып, еңбек адамын көзі­мен көріп барып, оларды жырға қосқысы келді. Ойлап қарасам, бұл оның қателігі емес, елге, еңбек адамына деген үлкен құр­ме­ті екен», – дей­тін. Мен осы сөзге қосы­ламын.
– Әуелі ауылда мектеп мұға­лімі болған Ж.Нұрқанов 1965 жылы Тың өлкесі құрылғанда белгілі қаламгер Сафаржан Хай­да­ров­­тың шақыруымен «Тың өлкесі» газе­тіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылды. 1966 жылы тұңғыш кітабы жарық көрді. Де­мек, елде жүрсе де Жарасбай Нұр­қанов әдеби өмірден алшақ кетпеді ғой?
– Дұрыс айтасың, ағаңның тыр­на­қ­алдысы 1966 жылы «Қара көздер» деген атпен шағын ғана кітап болып тасқа басылды. Редакторы Сағи Жиенбаев болатын. Ағаңды Жазушылар ода­ғына мүшелікке ұсынған үш адам­ның бірі де сол Сағи Жиенбаев еді. Мұзафар Әлімбаев, Еркеш Ибрагим, Сағи Жиенбаев – үшеуі де Жарасбай туралы ұсынысында: «аз жазады, аз жазса да саз жазады» деп көрсетіпті. Жарасбайдың өлеңдерін оқып көрген Ғабиден Мұстафин мен Әбділда Тә­жібаев ағалар: «Одаққа мүшелікке алыңдар, ақын екен», – деп батасын беріпті.
Иә, елде жүрсек те, әдеби ортадан тым алшақ кете қойғанымыз жоқ. 1967 жылы академик жазушы Сәбит Мұқанов бастаған бір топ қаламгер Ақмолаға келді. Олардың қатарында Мәриям апай, С.Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам апай да бар. М.Горький атындағы орыс драма театрында «С.Сейфуллин» атты пьесасының тұсаукесері өтті. Соңында Сәбит ағамыз бастаған зиялы қауым өкілдері ақмолалық жазушы, журналистермен жолықты. Тың өлкелік газеті редакциясында, облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада, қала мектептерінде кездесулер өтіп жатты. Кездесуден кейін жергілікті қаламгерлер Сәбит ағаға құрмет көрсетіп, жазушы Әскен Нәбиевтің үйінде қонақ қылды. Бір уақытта Сәбең «Алдыма жас келін келсін», – десе,  жігіттер дедектеніп мені ертіп барады. Ағамыздың сонда маған ет асатқаны бар еді. Жетпісінші жылдары Ақмолаға белгілі қаламгерлер Ғабит Мү­сі­репов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжі­баев, Жұбан Молдағалиевтар келді. Олармен де бір жүріп, әдебиет, мәдениет төңі­ре­гіндегі дәмді  әңгімеге қанықтық. Жас отауымыз­дың алғашқы қадірлі қонақ­тары Қасым Қай­се­нов, Жұбан Молдағалиев, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Сағынғали Сейітовтар болды. «Шаңыра­ғы­мызды енді көтердік. Сыйлы кісілерді ұял­май күтетін жөндем ыдысымыз да жоқ. Енді қайттік» деп ұялып едім, Жарасбай: «Үлкен кісілер­дің батасын алудың өзі қандай ғани­бет. Ол кісілер де жас болды. Біздің жағдайды түсі­нер», – деп жұбатты. Ол уақытта тоңа­зытқыш та жоқ. Сондықтан етті де сақтауға жағдай көтермейді. Жа­қында ғана ауылдан келген екі үйрек пен екі қаздың етін асып, ащы құртты ерітіп, дәмдеп қонақ­тарға тарту еттім. «Құстың етін тартты деп сөге ме» деп өзім қипақтап та барам. Дастархан басында отырғанда Қасым ағамыз: «Ақ­молаға келгелі қой етін жеп шаршадық. Жа­расбай ініміздің үйінен деликатес жеп марқайдық» деп жас отаудың көрсеткен құрметіне разылықтарын білдіргенде, сондай қуан­дым. Кейіннен Алматыда кездесе қалсақ: «Келін, үйрек пен қаз етінің дәмін ұмытқа­нымыз  жоқ, са­ғын­дық», – деп қалжың­­дап айтып жүретін.
1973 жылы Оқжетпес санаторийіне бар­сақ, Әбділда аға мен Сара апамыз демалып жатыр екен. Әбекең Жарасбай екеумізді бөлмесіне шақыртып алып, Жарасбайға өлең оқытады. «Соңғы жазғандарыңды оқы», – дейді. «Мына бес өлеңіңнің үш­еуі жақсы екен» деп бірден бағалап отыратын. Өзі де бірнеше өлеңін оқып береді. Сондай бір отырыста Жарасбайға: «Қалқам, сен ғажап ақынсың, бірақ ақындық жолың ауыр болады, шалғайда жүрсің. Жазғанда­рыңды көріп жүрмін. Сен бала, Алматыға көш», – деп ақыл берді.
1980 жылы Сапар Байжановтың шақыр­туымен  Орталық  аппаратқа  қызметке ауысты.
– Ол заман алматылық ақын-жазу­шы­лар­дың елмен, аймақпен байланысы қалай еді?
– Алматыға қоныс тепсек те, Жәкең ауылға жиі сапарлап тұрды. Елге барған соң ауыл-аймақпен, ел-жұртпен кездеседі. Өлеңін оқиды. Ағаңның өз ауылы Көктерек­те көк шатырлы үйінің алдындағы көкпен сыр­лан­ған орындықта ақ жаулықты Шәри­па апа отыратын. Ауылға келген-кеткеннен: «Жалғызымнан хабар-ошар естідіңдер ме?», – деп соғыстан оралмаған ұлының жайын сұрайтын. Сол кісі туралы:
Аңсап күтіп отырсың, әлі, шеше,
Арада жыл өтсе де әлденеше.
Жалғызыңның бейнесі көз алдыңда,
Аттандырып салғансың күні кеше.

Өтсін уақыт қаншама әлі, шеше,
Саған оның болғандай бәрі кеше.
Бір көруден ұлыңды күдер үзбей,
Кетесің-ау үзіліп, Кәрі Шеше!.. –
дейтін жыр жолы бар еді. Сол өлеңді бір кездесуде оқып бастағанда  көрермендер арасынан түбіт шәлі оранған, күпі киген бір кейуана сахнаға айғайлап жылап шыға келді. «Қалқам-ай, жалғызымды күтіп жүргенімді сен қайдан білдің, бүгін ешқайда да бармайсың. Жалғызыма сақ­таған сыбағамды үйге келіп жеп кетіңдер», – деп көптің алдында өтінішін айтты. Содан ауыл адамдары әжейдің жайын түсіндірді, кейін өз аузынан да есті­дік. Әжей­дің жолдасы 1937 жылы ұсталып кеткен. Күйеуінің туған-туыстары да жоқ екен. Апай жал­­ғыз ұлын құ­шақ­тап қалады. Соғыс бас­талғанда ұлын май­данға ша­қыр­тып, қаралы қағаз келсе де, «ұлым ке­ліп қалар» деп жыл сайын сы­бағасын сақтап, өткен-кеткеннен, әсі­ресе, соғысқа ба­рып келді дегенді естісе, солардан «ұлын көрген-көр­меге­нін» сұрас­ты­рып жүреді екен. Жыл сайын ұлына сы­баға сақтайды. Жыл соңын­да ба­ласының құрдас­тарын жиып, сыбаға­сын үлестіріп, келер жылғы соғымнан қай­тадан сыбаға сақтап жүретін көрінеді. Содан біз әлгі ауылда өзге ешкімдікіне бұрылмай, әжейдің үйіне баратын болдық. Әжей бізден сәл ертерек үйіне жетіп, ет салып, бөлмесін тездетіп жуып жатыр екен. «Шешей, мен-ақ жуа­йын», – деп қолыма сы­пырғы алып, үйді жи­нап, шәй жасасып жүрмін. Ескі, тозығы жеткен үй. Төрде газетпен қапталған ба­ласының суреті, суреттің сыртында қара қа­ғаз ілулі тұр.
Содан тамақ та даяр болды. «Менің жайымды өзің түсініп тұрған бала екенсің. Сағынышымды да біліп қойыпсың. Жыл сайын балама деген сыбағаны сен бала-шағаңмен жеп кетіп, менің мерейімді асырып кет», – деген өтінішін айтты. Содан әжейге жылына бір айналып соғатын болдық. Үнді шайын, пүлішін ала барамыз. Әжеміз бір литр банкіге бізге деп қаймағын сақ­тай­ды, бес-алты тауығы бар, алмаймыз дегені­мізге қоймай, жұмыртқасын береді…
Несін айтайын, ағаңның ел дегенде, жер дегенде жүрек соғысы ерек еді. Туған жеріне арнап жазған жырлары көп. Өмірінің соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Петропавл өңіріндегі елді-мекендердің байырғы аттарын табу, іздестіру жұмыста­рына көңіл бөлді. «Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын», – деп отыратын. Соңында дөп жазған туындылары қалған ақын ретінде; маған бер­ген сөзінде тұрып, адал жар болған азамат ретінде; қоғамға пайдасын тигізген үлкен тұлға ретінде есімі ел есінде қалғаны сол ғой, туғанына сексен жыл толу мерейтойына орай ел-елде, жер-жерде ағаңның шығармашылығын насихаттаған еске алу шаралары жиі өткізілсе деген тілек бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір