Сынның озығы мен тозығы
26.05.2017
1879
0

Сын – сымбатты жанр. Тағы, ол – шығарма бағын ашып, әдеби ортада қаламгердің маңдайын жарық етуімен қоса, оңдырмай «тоқпаштап», кей тұста бәзбіреудің обалына қалып, бетің бар, жүзің бар демейтін қуатты да қызба жанр. Дегенмен де, туынды ескіретініндей, әдеби сынға Уақыттың талап-тілегі мен ойлы оқырман талғамы биігінен қарасақ, «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» екенін түсінеміз. Ұмыт болған туынды да, сын мен сыншы да көп. Ескі тігінділерді қарап, баспа өнімдеріне ден қойсаңыз, соған көз жеткізесіз. Жазарман көңіліне, тамыр-таныстыққа қарамайтын, қара қылды қақ жаратын әділ де адал сыны қалыптасқан, толықтай орныққан әдебиет әркез бақытты. Себебі, жоқты бардай, барды дардай етіп көрсету үрдісі белең алғаны соншалық, жазуға еш қатысы жоқтардың өзі «асыл сөзді» ермек қылып жүргені намысқа тиеді. Әдеби сыны мықты әдебиет – ұлы әдебиет. Өйткені, сын функциясы қаламгерді тұқырту, оны ұялту, оны асыра мақтау я болмаса бас көтертпестей талқандау емес, керісінше өз әдебиетіне деген асқан жанашырлықпен қарап, соның өнуін, дамуын, түрленуін, мүлде өзге кеңістікке шығуын ойлаудан туған іңкәр көңіл мен нәзік сезім қажет деп білеміз. Сонда ғана сын сын болмақ. Жүсіпбек Аймауытовтың 1923 жылы жарық көрген «Мағжан­ның ақындығы туралы» мақаласында былай ой қоры­туының өзінен-ақ сол кез­­дегі қазақ сыншылық ойының өс­кенін байқаймыз, айталық: «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзiндей «тiлге жұмсақ, жүрекке жы­лы тиетiн» үлбiреген нәзiк әуез қа­зақ­тың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректiң қобызын шерте бiледi, оның жүрегiнен жаспен қаны аралас шыққан тәттi сөздерi өзгенiң жүрегiне тәттi у себедi. Мағжан не жаз­са да сырлы, көркем, сәндi жазады. Оқушының жүрегiне әсер ете ал­майтын құрғақ өлеңдi, жабайы жыр­ды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелдi жа­за ма, тарихи адамдарды ма, ер­тегi айта ма, ұран сала ма – бәрiнде де ақынның ойлағаны, сезгенi, жү­регiнiң қайғыруы, жанының күйзелуi, көңiлiнiң кiрбеңi көрiнiп тұрады. Қай өлеңiн оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегiңмен, не ел жүрегiмен сырлас­қан­дай боласың. Ақынның өзi көрiн­бейтiн өлеңдерiн оқысаңыз да, ерiксiз бiр сезiм туғызады. Әлде өкiндiредi, әл­де мұңайтады, әлде жылатады, әл­де аятқызады, әлде есiркетедi, әл­де жiгер бередi». Соған қарап қазақта классикалық сын үлгісі түзілгенін ешкім жоққа шығара алмас. Жалғыз нәрсе – Біз сол дәстүрді қаншалықты жалғай алдық? Сыншылық ареал қалыптастырған, білім-білігі, қарым-қа­білеті, парасат-пайымы, оқу-тоқуы қатар жүрген әдебиетшілер болған. «Бірақ бүгіндері сын жанры не­ліктен өз бағыт-бағдарын айқын­дай алмай келеді? Бұрындары жа­зыл­ған сын қаншалықты ескірді?» – де­ген сауалды қаламгерлерге жолдаған едік.


Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы

Ұмытылған шығарма да, сын да жетерлік

Сын жанрының қалыптасқан академиялық үлгісін саралап, не ескіріп, не жаңарғанын байыптауға өрем жете қоймас. Есмағамбет Ысмайылов, Әуелбек Қоңыратбаев, Мұхамеджан Қаратаев, Айқын Нұрқатов, Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Серікқалиев, Зәки Ахметов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев, Бақытжан Майтанов (өмірден өткендерін ғана айтып отырмын) және басқаларының бұл салада қалдырған өшпес мұрасы ғасырларға жалғасатыны анық. Көркем дүниенің бағын ашып, сорын да қайнататын қуаты тасыған жанр екеніне қарамастан бұл сын дегеніңіз өткеннен, бүгіннен – бәрінен: уақыттың талабынан, биліктің ауанынан, оқырманның талғамынан нысанасына іліккен әлгі объектісіндей басыбайлы тәуелді боп өрістеп дамуда. Сол тәуелділікке тұншығып қалмай, суреткерлік болмысын айқындап кеткен жоғарыда аталған тұлғалардың жөні бір басқа.
Классик ақын, жазушыларымыздың сынға атсалыспағаны кемде-кем. Кәсіби сыншылардан гөрі бұлардың талдап зерттеулері (бұрын да, қазір де) әлдеқайда терең, кең тынысты. Шәкәрім, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасовтың сыны басқа да шығармаларындай тырп еткізбейді оқырманын. Алайда, ескіру, ұмытылу заңдылық болса керек. Бүгінгі баспасөз бетін толтырған құлаш-құлаш сын мақала, зерттеулердің ертеңге жалғасатынына күмәндімін. Белгілі бір жасқа толған қаламгер, қайраткерлерді жер, көкке сыйғызбай мақтап жазуды да сынның бір түріне айналдырдық. Тірі кезінде жүргені, тұрғаны, түшкіргеніне шейін тасқа басылып, не жазса да өнеге ретінде ұсынылар тәжірибеден арылар емеспіз. Лауазым, атақ иемденген қоғам қайраткерлері шетінен сыншы, мемуарист, белді, беделді басылым беттерінде көлденеңдеп жатып алатынына әбден дағдыландық. Тәуелсіздік жылдарындағы ірілі, ұсақты табыстарымызды өз үлестеріне теліп, күнделікті қарадүрсін атқарған еңбегін ерлікке теңеуге көше бастады ақсақал абыздарымыздың алды. Ұлт, тіл мүддесін қорғаудағы Ахмет Байтұрсыновтың төңкерісі, Темірбек Жүргеновтің батылдығы,  Сәкен Сейфуллиннің батырлығы, Қаныш Сәтбаевтың ірілігі, Ілияс Омаровтың қамқорлығы, Ақжан Машанидың жанкештілігі, Өзбекәлі Жәнібековтың ізденісі жоқ танымал авторларымыздың бойында жақсылығы мен қасиеті жеке қам-қарекеттерінен ешқашан асып көрмеген белсенділік қана сызаттанады жазып сызғандарында.
Біразымыздың бұған жаман үйренгенімізбен әбден машықтанған қолтаңбамыздың ескіргені былай тұрсын, күні ертең ізі де қалмай жойылып кетуі мүмкін. Алайда, сол сын нөпірінің ішінде бірде-бір қаламгеріміздің ұмытылғанын қаламаймын. Өйткені, өмірден өткен небір дарынды қаламгерлеріміз атаусыз қалуда. Бір ғана мысал. Орта Азия әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш романист, «Замандастар», «Қыр қызы», «Әйел бақыты», «Мейірім», т.б. кітаптардың авторы, орыс, қазақ тілдерінде бірдей жазып, «Казахстанская правда» газетінде тілші болған алғашқы қазақ қызы Сара Мыңжасарованы ұлықтау мақсатында туған өлкесі Ақтөбе мен келін боп түсіп, өсіп-өнген, талай жыл журналистік, партиялық қызмет атқарған Талдықорған қаласынан көше, кітапханалардың біріне есімін беру үшін облыстық әкімшіліктерінен  қоғамдық ұйым, құзырлы мекеме атынан талай рет өтінгенімізбен, билік басындағылар мұндай қаламгерді халық білмейді дегендей сылтау айтады. Кезінде жүздеген мың данамен таралған кітаптары, қазақ баспасөзі мен әдебиетін насихаттау үшін жанын сала еңбектенгені, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы түсірген Сара Мыңжасарованың «Жарқын бейнесі», естелік мақалаларымыздың ықпалы тимей тұр. Тарих қойнауынан жүздеген, мыңдаған батырларымызды қалай аренаға сүйреп шығарсақ, әрбір ақын, жазушымыздың да аттарын солай мәңгілікке қашаудың жөнін қарастырған жөн.
Ұмытылған шығарма да, сын да жетерлік. Алда-жалда өткен ғасырдың газет, журнал, кітаптарының сарғайған беттеріне үңілсек, сананы селт еткізер жаңалық таба қояр ма екенбіз?  Бір-біріне қарсы шыққан топтардың пікірлер ағысы, фамилия, аты-жөндердің қақтығысы, түрлі измдердің қағидаларына құрылған айтысы. Әйтеуір ондаған, жүздеген жылдардың әдеби жаңалығы – жылнамаларымен қауыштыратыны жақсы. Естен шыққанына қарамастан хронологиялық сипатымен тартымды. Сынның ұмытылуының әдебиетке ықпалы шамалы екенін түсінсек те ақпараттық маңызын бағалаймыз. Дәл сол кезеңнің рухани келбетімен, әдеби ортаның деңгейімен, сұранысымен танысуына мүмкіндігі бар әр жаңа ұрпақтың.         Күні кешеге дейін халықтың не көріп, не оқуы алдын-ала шешіліп қоятын болса, қазір бұған қоса түсімізге де кірмеген азғындық, жауыздықты жазу, бүге-шігесін тәптіштеу үдеп барады, тіпті сынау арқылы да жамандықтың насихатталып жатқаны өкінішті.


Нұртас ИСАБАЕВ, ақын

Сын ескіре ме?

Заман өз­ге­р­ді, жаңарды, көз­­қа­ра­сымыз да ай­тар­лықтай өз­гер­ді, сон­дық­тан әде­­биет­пен бірге сын да жаңаруы керек. Бұрынғы социалистік қоғамдағы түрі ұлттық, мазмұны социалистік болуы керек деген теориямен жазылған шығармалар бұл күнде көп оқылмайды, себебі ескірді. Жаңа өмірді жырлайтын, еркін ойлы шығармалар керек. Ендеше, сын да жаңа заманға қарай өзгеруі тиіс. Бұрынғы біржақты идеологиядан арылып, ұлттық  идеяға , әдебиеттің мәң­гілік категорияларына, заңдылық­тарына сүйенген парасатты, әділ сын керек. Кейінгі кезде сын жанрының  дағдарысқа ұшырап, азайып кеткені жасырын емес. Сын жазуы үшін сыншы әдебиетті ақын-жазушылардан артық білуі тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе, ол әдеби  шығарма­ларды әділ, дұрыс талдай ала ма?
Совет кезінде цензура, рецензиялық, редакторлық тексеру деген болатын. Қазір ол жоқ. Сондықтан болар, сапасыз шығармалар қаптап шығып жатыр. Ақшаң, танысың болса жазғанды кітап етіп шығару қиын емес. Кім-көрінген өлең жазатын болды. Әдебиетті осындай шөп-шалаңнан тазартатын әділ сын ауадай қажет болып тұр. Ненің жақ­сы, ненің жаман екенін айтып, анықтап, оқырмандардың талғамын бұзатын нашар шығармаларға тосқауыл қоятын кез жетті.
Бізге тек қана мадақтайтын немесе кем­шілікті ғана тізіп сынайтын емес, шы­ғармаға жанашырлықпен қарап, тал­дап, жаңалығын, жетістігін, анық­тай­­тын әділ сын керек. Оқырманға жар­на­малаудың, талғамын тәрбиелеу­дің бір ама­лы осы болар еді. Тамаша сыншы та­лант­­тың бағын ашады, мерейін өсіреді.
Өткен уақыттың, заманның ық­палы­мен жазылған шығармалар, сындар ескіргенімен, уақытқа бағынбай-тын, білікті, талантты, классикалық шы­ғар­малар ескірмейді деп ойлаймын. «Көр­кемөнер көркемөнер үшін» қағи­дасымен жазылған туындылар заман ағымына төтеп бере алады. Мысалы, Абай мен Пушкинді, «Абай жолын», «Ұлпанды» қанша оқысаң да жалық­пай­сың. Сол секілді, Белинскийдің, Лес­сингтің шы­ғар­маларын қайталап оқысаң, өкін­бейсің. Ендеше, бізге сондай тағы­лым­ды, шыншыл, парасатты, ескірмейтін, жаңа сын керек. Санамыз жаңғырып, сынымыз жаңара бер­сін деп тілей­мін!


Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
жазушы

Дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының жемісі

Жалпы, қаламгердің көзіне де, өзіне де, көкесіне де қарамайтын, қара қылды қақ жаратын алдаспан әдеби сыны бар халықтың көркем әдебиеті әманда сұранысқа ие. Әманда әлем әдебиетінің көшбасында. Сол ұлы көште біз бармыз ба? Бар болсақ, оның қай қолатында жүрміз?
Сын жайлы әңгіме көтерілген екен, онда арғы-бергі шежіреміздің қоқысын қопармай-ақ, өзімізге біршама көзтаныс өткен ғасырға түтін салып кеп жіберелікші: сынға жарымаған жұрт екендігіміз жарқ ете қалады. Мейлі сен, мейлі сенбе, шынайы сынның, мәдени-көркем  сынның дәстүрі қалыптаспапты бізде. Дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының жемісі. Әрине, өткендегі білімі мен біліктілігі, қарымы мен дарыны қамшы таспасы секілді қабаттаса өрілген бір шоқ әдебиетші-ғалымдарымыздың болғандығы рас. Оларды жоққа шығарудан аулақпын. Менің айтпағым – солардың тәп-тәуір басталған, сынды шын айтқысы келген дүниесінің жүре-бара жалпақшешейлікке, жағымпаздыққа, көңілжықпастыққа ұласып кетуі. Міне, біздерде сынның осындай сүйкімсіз дәстүрі қалыптасқан. Сынымыз жүре-бара өзінің негізгі міндеті  –  ұлттық әдебиетіміздің өсіп-толысуына, дамуына ықпал етуді екінші қатарға ысырып, іштарлық пен мерездік дертіне шалдығып, жекелеген тамыр-таныстардың сойылын соғуға, атақ-даңқына, әлдекімдердің қас-қабағына қарап қызмет жасауға бағыт алыпты. Өтірік деңізші! Айта алмайсыз. Әлі күнгі солай. Өтірік деп айта алмайтыныңыз: бұл «спектакль» көз алдыңызда өтіп жатыр. Қазақтың көркем әдебиетінің әлі күнгі бауырын сыздан көтере алмай жатуының себебі де, салдары да осында.
Қазіргі күні бәрі былығып кетті: оқырманның (егер де ол бар болса) басы әңкі-тәңкі. Нені оқырын, қай авторды іздерін білмейді. Проза арбасын алдыңғы толқынның сарқытын ішіп, көзін көріп қалған бір шоқ қаламгерлер сүйреген болып жүр. Ал поэзия… Он қазақтың тоғызы ақын боп кетті тәуелсіздіктен кейін. Миқойыртпақ. Ең сорақысы – сахналық поэзияда. Әндерде. Поэзияны қорлау мен зорлаудың, мазақ пен тозаққа айналдырудың көкесі сонда. Жаның түршігеді. Тыңдап отырып, көріп отырып өзіңнен-өзің шашыңды жұлып өкіріп отырып жылағың, қасқыр боп ұлып мынау сұрықсыз дүниеден безіп кеткің келеді. Драматургиямыздың да бойы, ойы өсіп кеткені шамалы.
Міне, осы кемістіктеріміздің барлығы әбден тозығы жетіп, шапаны іріп-шіріп кеткен әдеби сынымыздың «арқасы». Көркем әдебиет – халықтың автопортреті. Оның рухани төлқұжаты. Бізге, егемен Қазақстанның тәуелсіз жұртына тәуелсіз жаңа әдебиет, тәуелсіз, жас та сауатты сыншылар қажет. Жарық көретін әрбір әдеби шығарма – мейлі проза, мейлі поэзия, мейлі драма, тіпті жоғарыда ауызға алған әнге жазылған өлең, сахналық көріністер, әзіл-сықақтар болсын, барлығы-барлығы қатаң елеуден, екшеуден өтуге тиіс. Шынайы, әділ сынымыз өркендесе жон арқасы жауыр, ғұмыры митың-митың шоқырақтан асып  көрмеген кино өнеріміз үшін де бөтен жұрттардың алдында жер шұқымаспыз. Халыққа баратын дүниенің  сауатты тезден
өтуі – міндет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осыны меңзейді. Әйтпеген күнде майға орап берсең ит екеш иттің өзі аузына салмайтын шығармалардың күпінің битіндей өре беретіні, оны оқыған дені дұрыс қазақтың күніне мың мәрте өле беретіні, санасындағы ұлттық оттың сөне беретіні шындық.


Саят ҚАМШЫГЕР, ақын,
«Серпер» сыйлығының лауреаты

Сын дер кезінде айтылса…

Сын әдебиетті дамытады. Қаламгер үшін де, оқырман үшін де сын керек-ақ. Әсіресе, жас ақын-жазушылар үшін сын ауадай қажет. Кімнің қандай жетістігі бар, қандай кемшіліктері бар, сыншы дер кезінде соны айтып, жазып отырса, шығармашылықты жанына серік етем деген жас қаламгерге одан артық көмек жоқ деп білемін.
Мұхамеджан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Серік Қирабаев, Сайлаубек Жұмабек, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов сияқты сыншылардың жазғандары бүгінде көп оқылмайтыны шындық. Кеңес Одағының идеологиясы мен партияның алғышарттары бірінші орынға шыққанда сыншылардың біразы коммунистік көзқарас тұрғысынан шығармаларды сынағанын білеміз. Бірақ ішінде іліп аларлық сындар да бар болатын еді ғой. Қазірде сыншы боламын деген талапты жас алдыңғы буын сыншылардың жазғандарын біраз оқып алмай алға көп жылжымасы рас.
Қарапайым оқырман болса алдыңғы толқын – аға буынның сынын оқып жатпайды деп ойлаймын. Сыншы боламын, ақын-жазушы боламын деген шығармашылдық адамы барлық сыншылардың ой-пікірлерімен танысып шығуы шарт.
Бүгінде сын дамымай, тұрып қалған жайы бар. Оны дамыту үшін мемлекет түрлі бағдарламаларына сынды да қосып, түрлі байқаулар жариялап тұрғаны жөн болар еді. Жас сыншыларды ынталандыру үшін түрлі іс-шаралар өткізу керек. Қаламақыны жөнге қойса, әдебиетке сыншылар шоғыр-шоғырымен келер еді. Қазіргі әдебиет сынсыз алдыға қарыштап дами алмасы сөзсіз. Әдебиетке көңіл бөлінбесе, осы құлдырауымыз – құлдырау. Қоғам әдебиетсіз рухани жетім екенін түсінетін кез келді.
Қазіргі әдеби сынға жаңалықтар керек. Бұрынғыдай көркемдегіш элементтерге қарай талдайтын көзқарас ескірген. «Заманың түлкі болып қашса, тазы болып шалатын» кез. Бүгін егер сын айтылмаса, жазылмаса, ертең бәрі кеш болады. Сын дер кезінде айтылса, ол қоғам үшін өте пайдалы. «Ауруын жасырған – өледі» деген мақал осы жерде дәл келеді. Егер әдебиет арқылы өмірге, қоғамға әсер етеміз десек, сынға көп көңіл беруіміз қажет.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір