Ғалым сөзі – нақлия
19.05.2017
1859
0

Академик Оразалы Сәбденнің ел экономикасы саласы мәселелерінің мәні мен себебін анықтап, шешімін ұсынған еңбектері бүгінгі күн үшін аса құнды. Одан бөлек, «Абай және қазақ елінің болашағы» кітабы (Алматы, 2016) оқыған адамды толғанысқа түсірмей қоймайтыны рас. Әлқисса, экономикалық тығырықтан шыға алмай, сан жыл сансыраған қазіргі ел жайын өз санасына салып, көкірек сүзгісінен өткізіп, ашып айта білген, сонымен қатар, мемлекетті жаңаша басқарудың өзіндік моделін алға тартқан автор осы кітабын неге «Абай»  деп атады екен? Рационалды ғылымдар санатына жататын экономика саласы мәселелерінде төл поэзиямыздың асқақ шынары саналатын Абай хакімнің орны қандай болуы мүмкін?

Философ Ғарифолла Есім былай  деп айтады: «Батыс философия­­сында рационализм мен сенсуализм атты бағыттар болған. Осы екі бағыттың бірі ақылды, екін­шісі се­зімдік танымды жоғары қояды. Шығыс философиясында  ақыл мен сезімді мұндай қарама-қарсы қоюшылық жоқ».
Ақылдың барлаушысы, рухтың қозғаушысы – сезім, ақыл мен се­зім үйлессе, рух деген аруақты күш ті­рі­леді.  Алапат  рух – ағыны қатты өз­ен, өзі қалаған арнасына түсіп бол­майынша, бөгет атаулыны бұ­зып-жарып, еш нәрсеге бой бермек ем­ес. Ендеше, экономикалық  күй­зе­ліс­тен оңалу жолында неге «Абай» де­ген асқақ рухты идеяны ту етпеске?!
Абай қара сөздерін кітабының өзегі етіп алған ғалым халқының мұң-мұқтажын, мәдениетін, қоғамдық-философиялық ойларын, көркемдік ізденістерін жаңа сапаға көтеріп кеткен Абайдай хакім-ғұламаның тұлғалық биігін жаңаша қырынан айқындап береді.  Абай ғақлияларының ұзын саны 45 болса, академик Оразалы Сәбден соның ішінен өзіндік ой-концепциясының сүйегі болады-ау деген түйінді-түйінді ойларын іріктеп, екшеп алып, оларды ел да­муының қазіргі жағдайына, келешекке бағыттап, байланыстырып, тетіктерін көрсетіп беруге тырысады.
«Абай және қазақ елінің бо­ла­ша­ғы» кітабындағы автор ой-тол­ғам­дарының жиыны – он бес.
Абай қара сөздері мен өлеңде­рін­де «мал», «дүние» ұғымы – бай­лық­тың, дәулеттің жалпылама көрсеткіші. Малды адал еңбекпен табу – Абай арманы. Алайда, қа­зақ­тың адал еңбекпен  дәулет жиюына қазір қандай жағдай жасалып отыр? Автор өз кітабында қазір­гі қоғамда еңбек пен капи­тал­дың қайшылығы көп екенін, бай мен кедейдің арасы алшақтағанын, табиғи байлық шетелдік инвесторлар мен ұлттық олигархиялық топ­тардың, компаниялардың мүд­делеріне тәуелді болып отырға­нын өткір сынға алады. Абай көкжиегін өз еңбектерінде көкірек көзімізге жақындатып беріп жүрген фило­соф-ғалым Ғ.Есім: «Басыңда еркің болсын десең мал табудан арланба, адал еңбек етуден арланба. Осы Абай айтқан экономикалық прагматизм халқымызға әбден керек-ақ», – деп ой түйіндесе, («Таным көкжиегі»,  Астана, 2016. 14-бет), бі­лік­ті экономист-ғалым Оразалы Сәбден  қазақтың адал еңбек етіп, әл-ауқатын өркендетуіне кедергі келтіріп отырған бірқатар факторды нақты атап көрсетеді. Олар: ел­дегі технологиялық дағдарыс, білім мен ғылымдағы кері кету­ші­лік, бизнес пен кіші кәсіпкерліктегі әлі түйіні шешілмеген мәселелер, әлі күнге дейін зауыт пен фабрикасы жоқ, шикізатпен қамтушы ел санатында отыруымыз, ел ішінде еркін етек жайған жемқорлық індеті, т.б.
Халқымыздың дана да дара кемеңгері Абай  хакім надандық – білімсіздік белгісі екенін айтады.  Ғарифолла Есім ғылым-білім жайында айтқан сөзін түсіндіре келе: «Біз, әдетте, білімсіз деп ұстаз алдын көрмеген адамдарды айтып жүрміз. Әрине, кейбір жайларда дұрыс та шығар, бірақ кейде жоғары білімді жандардан да білімсіздік кездеседі», – дейді. («Таным көк­жиегі», 17-бет). Елімізде жалпы бі­лім беру жүйесі жолға қойыл­ға­нымен, бұл саладағы  толық пісіп-жетілмеген реформалар мен нәти­жесіз эксперименттердің тым ұзақ­қа созылып, бір ізге түспеуі  ше­шімін күткен маңызды мәселе ретінде басы ашық қалып отыр. «Егеменді ел болғалы 24 жыл өтті. Қазақстанның білімі мен ғылымы дүниежүзілік, халықаралық дең­гей­де (кейбір жетістіктерді айтпа­ғанда) елеулі жетістіктерге жетті деп айта алмаймыз», – дейді экономист ғалым өз кітабында. («Абай және қазақ елінің болашағы», 39-бет). Сол сияқты, О.Сәбден
2000 жыл­дан бастап көп жылдар бойы ел экономикасы еселеп өс­кен­де, (жыл сайын жалпы ішкі өнімнің өсімі 9-10%),  елдегі ғылым мен білімге басымдылық берілме­генін, сондай өсіммен ғылымға қар­жы бөлінбегенін, осы күні ма­те­риал­дық-техникалық база ескіріп тоз­ға­нын ашық айтады. Ғылыми ака­­демияның жабылып қалуының өзі елдегі ғылым-білімнің дамып-өркендеуіне алдағы уақытта айтар­лықтай  ақтаңдақ із қалдыра­тыны айтпаса да түсінікті. «Ғалымдардың ақылы толық болғанымен, қалтасы тесік», білімге келер болсақ, жоға­ры білімнің деңгейі төмен, бірақ оқу ақысы шетелдік айтулы ЖОО салыстырғанда аса қымбат, ал жас мамандардың біліктілігі сәйкес емес және алып шыққан маман­ды­ғы еңбек нарығында сұранысқа ие ем­ес екендігін сынға алады ға­лым.
Адамзат жаһандық өтпелі дәуір­де индустриалды кезеңнің соңына келіп жетті. Әне-міне, әлемдік постиндустриалды өр­ке­ниет­тің уақыты есік қағып тұр.  Ға­лымның ойынша, «орнын
пос­т­индустриалды өркениеттің инновациялық экономикасы алмастыратын нарықтық эконо­ми­каға көзқарасты өзгерту қажет. Ол жаңа білімге, ғылым мен жоғары технологияларға, руханиятты­лық­тың барлық түрлері мен құн­ды­лықтар жүйесін жаңартатын адам капиталының бәсекеге қа­білет­тілігіне негізделуі тиіс». Ка­пи­тализм мен социализмнің то­ғыс­қан тұсында тарих бетіне бе­дер­леніп шыққан адамзат да­м­уы­ның үшінші жолы – инновация­лық экономикаға негізделген
постиндустриалды өркениет кезеңін автор «инновационизм жолы» деп атапты. Бұл өзгерістер қоғамдық қатынастардың жаңа типіне кө­шуге алып келеді. Рухани құнды­лық­­тар мен адамгершілік принциптерге негізделмеген эко­номи­каның түбі дағдарыс пен құл­дырауға алып келетінін тарих дәлелдегенін айта келе, автор ендігі кезекте  жаһанданудың тұрақсыз ғасырында қоғамды ізгілендіру туралы идея халықтар мен мемлекеттерді жақын­дас­тыру­дың факторы болуы мүмкін екенін тілге тиек етеді.
Автор үшін ел экономикасын қайта құрумен қатар, қоғамды ізгі­лендіру, рухани және моральдық құн­дылықтарды жаңғыртудың маңызы зор. Абайдағы нұрлы ақыл «Адам – Ақыл – Таным – Ізгілік – Же­тілу мен Кемелділік» сынды асыл сипаттардың айналасында тоғысатынын қайталаудан талмай­тын  ғалым ұлт руханиятын жаң­ғыр­туда Абай дүниетанымына – Абайдың ой өркениетіне жүгінеді.  Айталық, «Жаңа Түркістан»  атты Халықаралық ұлттық мега жобасы ұлттық рухани  жаңғырудың  жетік үлгісі, «ғылымның даму арнасын Шығысқа бұрудың» орайлы сәті, Ұлы Жібек  жолын жандандырудың бастауы.
Жаңа постиндустриалды өрке­ниет бірінші сатыға  адам факторы мен рухани сананы қояды. Сон­дық­тан өзіңнің ұлттық ерек­шелі­гің­ді тану,  тіліңді білу, діліңді же­те түсіну  – Абайдың «толық адам» ілімімен тығыз байланысты. Бұл кезең – Абай армандаған заманның туу кезеңі.
Абайдың ой өркениетін жете зерттеген философ-ғалым Ғари­фол­ла Есім: «Данышпандарды аң­сау – «толық адамды» аңсау, Абай лексикасында олар: хакімдер, кәміл мұсылмандар», – дейді. («Таным көкжиегі», 21-бет).
«Жаңа Түркістан – Рухани Ас­тана» жобасы аясындағы Ұлы Жі­бек жолында «Абай атындағы рухани академия» ашуды ұсынған экономист-ғалым  Оразалы Сәб­ден­нің бұдан былайғы уақытта дү­ниежүзі Абай феноменіне жаппай көңіл қоятын кезі алыс емес ек­еніне сенімі кәміл.
Жүйелі ой тарқату, қуатты идея тудыру,  оны жүзеге асыру жолында талмай тер төгу –  «толық адам­ға» тән харекет.  Ғылым – жан азабы. «Абай және қазақ елінің бо­лашағы» кітабы өр мінезді ға­лым­­ның – Абайша «толық адам­ның» жан азабының  сәулелі нәти­жесі.

Анар Кабдуллина,
әдебиеттанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір