Ер сыбағасы
19.05.2017
1346
0

Мырзекең туралы, қазақтың біртуар перзенті, ғұлама ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткері Мырзатай Жолдасбеков туралы қалам тербеуге ниет еткелі біраз болса да, іркіле берген екенмін. Соның себебін енді ойласам, ең бастысы, алдымыздағы асқар тау ағаның, күрделі тұлғаның бірнеше қыры қабаттасып, көз алдыма бірнеше бейне елес береді екен. Сайып келгенде, ол кісінің қай қасиетін жоғары қоясың десе, бір мінезін, бір ісін, бір ерекшелігін тап басып айту қиын секілді. Әр жылдағы, әр кезеңде алуан іс-әрекетімен, қилы-қилы қарекетімен оқшауланып бой көрсетіп Мырзатай аға шын мәнісінде бір тұжырымға сия қоймайтын кесек бейне болса керек.

Жоғары оқу орнында Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов секілді ғұламалар­дан дәріс тыңдап, ұлттық деңгейде ойлау қа­білеті қалыптасқан Мырзекең өзі де ғы­лым­да соныдан сүрлеу салып, тыңға түрен тарт­қан екен. Қазақ әдебиеті төркінін дәуір­леуді көне ғасырлардан бермен зерде­леуді ғылыми негіздеген ол Бейсенбай Кен­жебаевтың азаматтық ерлігін алғаш қол­даған екеудің бірі болып, тәуекелге бас тігуі арқылы о бастан-ақ жаңашыл ғалым болып қа­лыптасады. Күлтегін жазуларының тәр­жімашысы, зерттеушісі ретінде Көктүріктер мұрасының шырақшысына айналуында да осындай терең сыр жатыр.
Күлтегіннің кие қонған жұртында,
Күлтегін деп ат қоймайды жұрт ұлға.
Бабаларды ұмыттырмай жүретін,
Керек бізге өзіңіздей бір тұлға!
деп сөз арнауымызға осындай еңбегі себеп болған екен.
Отыздан жаңа асқан жас ғалым Мырзатай Жолдасбеков Ұлттық университетте оқып жүрген бізге – Асқар Егеубайға, Тұр­сын Жұртбайға, Несіпбек Айтұлына, Нама­залы Омашевқа –терең мағыналы дәріс­тер оқып, алдымызға ұстар үлгіге айналды, жөн сілтеп жол нұсқады. Біз әлі күнге, өзіміз аға жа­сына жетсек те, мұғалімімізді көргенде бая­ғы бала шәкірт қалпымызға көше бере­тініміз сондықтан.
Қасиеттеп тірісінде тіріңді,
Іріні – ірі,
Пір деу керек – піріңді.
Құбыласын түгендеген қазаққа,
Өзіңіздей керек екен бір Үлгі!
Талдықорғанда ректор, Оқу министрі қызметтерін абыроймен атқарып, Орталық комитетте идеология бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылап келген Мырзекең баяғы жас шәкірттерін бауырға тарта жүрді. Өзі темекі шекпейтін ұстазым үлкен үйде өздеріне бөлінетін «Қазақстан» дейтін тәуір сигареттерді маған жинап отыратын да, мен ыңғайсызданып, жоламай жүрсем, жұма күні телефон шалып, шақырып алып, әлгілерді қойны-қонышыма салып беретін. Бір қарағанда сәл ғана нәрсе болып көрі­нетін осы әрекеттің аржағында ініге деген ізет, кішіге деген қамқорлықтың ға­жайып көрінісі жатқан жоқ па! Сол қамқор алақан­ды Тұрсын Жұртбай, Не­сіп­бек Айтұлы үшеуміз әлі күнге дейін үнемі сезі­ніп келеміз. Елбасының тапсырмасымен Еуразия Ұлттық университетіне ректор болып келген Мырзатай аға Тұр­сынды Отырар кітапханасына директор етіп тағайындап, осынау көрнекті алаш­танушының алдынан даңғыл жол ашып берсе, Несіпбекті де өз төңірегіне үйіріп, шығармашылық қуатын еселеуіне себеп болып жүр. Менің өзімді университетке алдырып, айтысты зерттей­тін зертхана ашып беріп, Астанадан пәтер сыйлап, ақын­дар айтысымен бірыңғай айналысуыма жағдай жасады. Жалғыз біз емес, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара секілді ардақты ағаларымызды өз маңына топтас­тырып, ел астанасында зиялы қауымның орнығуына ұйытқы болды. Көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиевтың:
Отырмын өзім ойланып,
Бекіндім осы ойға анық.
Бірте-бірте Астана.
Барады Мырзатайланып, –
деп әзіл өлең жазуына осындай жағдайлар себеп болып еді. Еуразия университетінің еңсесін тіктеп бер­ген М.Жолдасбеков кейін Пре­зи­дент­тің мәдениет орталығын басқара жүріп, сол жерге өнер мен мә­дениеттің белгілі қай­рат­керлерін топтастырып, бәрімізді бас қаланың руханиятын жандандыру жұмыс­та­рына жекті. Дәл осы жыл­­­да­ры ол қа­зақ­­тың айтыс өне­­рін жүйелі жүр­гізуге ай­рық­ша үлес қос­­­ты. Ата­мұ­ра өнеріміз үшін ол талай есіктерді ашып, сұсты ка­бинет­тер­дің жүзін
жы­лыт­ты. «Қа­зіргі ай­­тыс­тардың» үш томдығын жа­­­рия­лауға бас- көз болып, жас ай­тыс­кер­лерді тәрбие­леу­ге өлшеусіз үлес қос­ты. Осы жерде айта ке­тейік, сонау 90 жылы құзыретті қызметін пайдаланып, үш бірдей өнерпазға – Әсия Бер­кеноваға, Әселхан Қалы­бе­коваға, Қонысбай Әбіловке «Қазақ­станның халық ақыны» деген құрмет атақ­ты бір күнде алып берген де осы Мырзекең еді. Жаны жомарт, жүрегі жайсаң ағаның қадірін ақын інілері бағалай білсе қанеки! Еуразия уни­вер­ситетінде «Айтыс» деген бөлім ашып, жас айтыскерлерге жоғары кәсіби білім беруді қолға алған Мырзекең кейін Астананың Өнер академиясында да факультет аштырып, жаңа дарындарды қанаттандыруға жол ашып қойғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ескі жайлы естілерден сұраңыз,
Түлемей ме сонда тарих, жыр, аңыз.
Сүйінбайды, Жамбыл менен Кененді,
Қастерлейтін керек бізге бір Абыз.

Қоламтадан шоқ шықпай ма үрлесең,
Қылшылбыр да күрмелмей ме – күрмесең.
Кісіліктің қасиетін дәлелдер,
Керек бізге өзіңіздей бір Көсем.

Қамырықсам – көңілімде тұрды атың,
Өкпелейді өзек жарған жырға кім.
Еліңе – ес,
Еріңе – сесболатын,
Бұл заманға қажет Сіздей бір Хакім! –
деген жү­рек сөзімізді ұлы ұстазымызға арнауы­мыз­ға ол кісінің осындай өнегелі істері өзек бол­ған еді.
Сөзіміздің басында Мырзекеңді көп қыр­лы, күрделі кесек тұлға дедік. Ғалым, педа­гог, мемлекет қайраткері, дип­ломат, жо­ғары мектептің ұйым­дастырушысы М.Жолдасбековтың ақын, сазгер, музыкант екенін жақсы білеміз. Қазір сөзіне ел тоқтайтын абыз ақсақалға айналды. Ұлттық руханияттың көш басында келе жатқан Мырзатай ағаның бүкіл өмір жолы даңғыл болды деп айта алмаймыз. Оны да аяқтан шалушылар, жанын жарақаттап, жүрегін жаралаған сөз айтушылар аз болған жоқ. Сондай бір мұңайған, мұқаған, жасыған тұстарында «Жаны аяулы жақсы қалды ма?» деп мақала жазып, өлең арнап едік. Сол өлең­мен осы эссені аяқтайық:

Ер сыбағасы
Бар болса да майыспайтын емендер,
Нар болса да қайыспайтын кемеңгер.
Тіл-көзінің сұғы бар ғой қазақтың
Кемеңгерге кемеңгерсің демеңдер!

Шешем бекер жеген бе деп қалжасын
Құмыққанда жұтсын көздің ол жасын.
Ел бақыты ердің қасіретінен
Құраларын өз басынан болжасын.

Інің жылпос, болатынын қарттың сұм
Ұғынғанда қан жыласын. Шарқ ұрсын.
Аярлықтың суына шөл қандырып
Ақылының азабына қарпылсын.

Мойынын сәл оздырғанда ортадан
Білсін жұрттың бермейтінін жорта мән.
Білсін ешкім сипамасын маңдайдан,
Білсін ешкім қақпайтынын арқадан.

Кемеңгер ұл кісілікті оятқан
Сыбағасын жесін әбден таяқтан.
Көрсін жұрттың көпшік қойып тұрған боп,
Қан қақсатып шалатынын аяқтан.

Қазағым деп қапылып ол жүр босқа,
Қамыққанда кісі таппас сырласқа.
Данышпан бол, ақылман бол, бәрібір
Қазақ болып туу деген бір басқа.

Тәңір деген тағдыр құрған тор барда
Кемел туып, пешенесін қарғар ма?!
…Озбыр заман өңешіне кептелсең
Оңай емес айналуың мәрмәрға!

Жүрсін Ерман.


«Асылдарым»

Алма ҚЫРАУБАЕВА,
фиология ғылымының
кандидаты, доцент

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОЛАУШЫ

Кейде М.Жолдасбековтің Орхон ескерткіштерінен соң, бірден Жамбыл шығармашылығын зерттеуге ойысып кетуі мәселеден шегіну сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ жыраулық поэзия тұрғысынан келсек, байқағанға бұл екеуі бір мәселенің басы мен аяғын құрап, тұтас композициялық құрылым түзіледі. Түрік (түркі) әдебиетіндегі анық дерегі жазылып қалған Тоныкөк жыраудан тамыр тартқан жыраулық үрдістің Жамбыл шығармашылығында тоғысуы, іріленіп бүгінгі күнге жетуі – әдебиеттану үшін қызықты құбылыс. Кеңес дәуірінде жыр дүлдүлін тамырынан бөліп алып қараса, кеңестік заман туғыза қалғандай етіп көрсетсе, М.Жолдасбеков Жамбылды тұтас мектебімен алып келді. Алда Тоныкөктен Жамбылға дейінгі жыраулық поэзияның даму үрдісі мен теориялық негіздері, оның әлемдік құбылыс ретіндегі заңдылықтарын бүгінгі өреде  талдау мәселелері жатқанын да ойластырып қояр дейміз.
Біз М.Жолдасбековтің ғалым, ұстаз бейнесінде көзге көрінетін жағын ғана әңгімелей аламыз. Мұзтаудың мұхит ішіндегі беймәлім бөлігі – өз алдына бір тақырып. Ол Мырзатай ағаның мемлекет қайраткері ретіндегі қыруар қызметі болуға керек. Әзірге білгеніміз: нағыз адам ғана өзі жеткен рухани биігінен түспейтінін дәлелдей  жүрген азамат екендігі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір