ІШТЕ ПІКІР ӨЛГЕНШЕ
12.05.2017
2076
0

Исраил Сапарбай


(Соңы. Басы өткен сандарда)

5. Сөз төркіні
Марқұм Білгір (Бельгер) ағам­ның «Чепухасын» оқып тұрушы едім. Айтар сөздің өткір де ұтқыр әді­­сін тауып, тақырып аясын әр ­түр­лі мақамға салатын. «Айдалаға оқ аттым, атқан оғым жоғалттым» дейтіндей емес, керісінше, аты, жөні, ныспысы бар нысананы дәл көздейтін машығы бәрімізді тәнті ететін. Кейде топтап ұшқан тор­ғай­ды топырлатып атып алады. Кей­де қырғиды да қырып салатын­дай қатты шүйлігетін. Әлгі бытыра­мен. Ол құрғырдың оғы құмыр­с­қа­ның боғындай болған соң ба, қыр­­­ғиың қыңқ етпейді. Бірінші-ден, ол биікте  (біздің билік сияқ­ты), то­­пырлап ұшатын торғай емес. Екін­шіден, қырғидың аты – қыр­ғи, ұясы қырғы үйде. Қырғи мен қырғы үйге жеткенше бытыраңыз­дың  дені шашырап-пышырап, халі бытықай-шытықай болады. Үшін­шіден, жә, жарайды…
Ана бір жолы «ДАТ»-тан осы кө­кемнің қазіргі қазақ поэ­зия­сы­ның хал-қадары хақындағы ой­мақ­тай ойын оқыдым: «У казахов во все времена было много выдающихся поэтов. Сам казахский язык создан для высокой поэзии. Я о том говорил и писал не раз. Тем не менее нынешняя казахская поэзия чудится мне в подавляющим большинстве однообразной, застойной, безликой… То есть нет гор, нет уте­сов, пиков, а есть холмы, сопки, бугорки в плоской , ровной степи… В чем дело? Гете в «Поэзии и правде» говорит: «Любая национальная поэзия пуста и неминуемо будет пустой, если она не зыждется на са­мом важном – на великих собы­тиях в жизни народов и их пастырей, когда все, как один человек, стоят за общее дело».
Тағы да саусақ бүгуге тура ке­ле­ді. Біріншіден, арғы-бергі қазақ да­ласында ағын да төгін ақындар ле­гі аса көп болған деу артық. Олай болып жатса әлдеқашан-ақ «Ақын­дар ауылын» немесе бүгінгідей «Ақын­дар қауымын» бас-басы­мыз­ға құрып алмас па едік! Бірақ біз  әу бастан  ақынжанды халық­пыз. Ана сүті сұйылмаса, әке белі бүгіл­ме­се, қанға сіңген қасиет бүдан кейін де сақтала бермек. «Әр за­ман­ның өз сұрқылтайы» болған, бо­ла береді де, бірақ бәрі шетінен ұлы емес!.. Оны білмесек, біле тұра көзге ілмесек, жер басып жүр­ге­німізге жол болсын.
Екіншіден, қазақтың бүгінге қа­ра өлеңі, қайсыбіреулер айтқан­дай, әбеқоңыр, әлсіз, әрсіз, нәрсіз, сөл­сіз, өңсіз емес. Керісінше, өр, өжет, мінезді, кіді, кірпияз… Кейін­гі ширек ғасырдың бергі бе­делінде «Жетім қозы тасбауыр, оты­ғар да жетілердің» күйін кешіп ке­ле жатса, оған айыпты ақындар әулеті емес, аумалы-төкпелі заман ауанын не алдын ала, не дер кезінде тамыршыдай тап басуды білмей де, үйрене алмай да жүрген ала-құла билік, шала-пұла қоғам, әбеқоңыр әлеумет.
Рас, бұрынғы бабаларымыз ба­тыр да болған, бағылан да болған, ақын да болған, оғылан да болған!.. Ба­тыр жаугершілікте, ақын жай­гершілікте. Екеуі де елдіктің егіз негізі. Құдай аламантасыр алапаттан, апат-опаттан сақтасын… Ба­тыр­дың атақ-даңқы шығуы үшін Ал­ладан арасат майданын тілеп қай­тейік, бірақ бүгінгі ақынның же­ме-жемдегі бес қаруы – СӨЗ. Елі-жұртының ұлттық «Мені» мен­мұндалап тұрмаған соң, ақын амал жоқ, сөз қаруына қол созады. Мей­лі, саясат билесін, мейлі, «арасат» орнасын,  Ақын табиғаты ешуа­қыт­та, ешқашан да екінші планда – елеусіз кезекте қала алмайды! Оның орны – алғы шеп. Бәлкім, осы ретте СӨЗ иесінің алғашқы «жекпе-жегі» сырттан емес, іштен та­былып қалуы бек мүмкін. Қа­лай болғанда да, дәл қазір, әсіресе, ақын үшін көшеге найза, шоқпар ұстап шығатын заман емес. Кешегі Сегіз сері, Ақтамберді, Махамбеттер үлгісі бұған дәлел.
Үшіншіден, ақын жаратылысын ол туып-өскен ел мен жердің жағрапиясынан бөліп қарау әбес­тік. Қүдайға шүкір, Олжас ақын айтқандай, бізде тау да бар, дала да жеткілікті. Демек, қазақ  ақыны­ның көкжиегі кең, кемелі биік, келбеті келісті. Оның бірден-бір Анасы – баяны белгісіз бай тілі. Ал панасы… ауыз толтырып айта алмаймын. Тілді жұта тұруға тура келеді. Себебі әмбеге аян.
Төртіншіден, Гете сөзінің дұрыс-бұрыстығын, шынтуайтына келгенде, әр ұлт-ұлыстың өз тағ­дыр-талайы мен Уақыт деген ұлы мәртебелі таразбен шешеді. Дәл қазіргі  ахуал-аужайымызға ғайып­тан келіп көз салса, сол Гетеңіз әл­гіндегі сөзін қайтып алар ма еді, кім білсін… Сонан соң – Білгір аға­­мыз да.
Ақынға жатарға жайлы төсек, құс жастық, атарға ауладағы ит, құс, та­тарға қазы-қарта, жал-жая аса қажет бола қоймас. Барға мәзір, жоққа әзір. Қаншырдай қатқан сүй­рік те бір, құс ұйқылы ашқұрсақ шайыр да бір. Жан азығы – жарық дүние. Жан азабы – айтып жеткісіз. Сол Гетеңіз емес пе еді: «Егер жұ­мыр жердің қиян бір шетінде титтей сызат білінсе, ол сөз жоқ, ақын жү­регі арқылы өтеді…» дейтін. Сіз­ді қайдам, бізге осы мақұл. Не үшін? Мына артында қалып бара жатқан ертеңінен хабарсыз, бүгі­ніне амалсыз жұртына оймақтай ойы мен қаймақтай сөзін аманатқа қалдыру үшін…
Мынау тозақы дүниеде қазақы ақын қай кезде де қалғып-мүлгіп күн кешкен емес. Кеше де солай болған, бүгін де, ертең де солай бо­лады! Еленбей жүрсек, әл­декімдердің елемеуінен емес, бәл­кім, керісінше шығар?..

6. Абырой
Ата-бабадан қалған қандық қа­сиеттің бірі де бірегейі – Тектілік. Тектіліктің тамырында Ар, Абырой, Ождан, Ұят, Намыс, Өжеттік, Өрлік, Ерлік, Ерендік сипатты, т.б. адами атрибуттар тұрақтайды. Имам Исмаил Бұхаридің «Ақиқи хадисінде» айтылғандай, Иман дарағы алпыстан аса бұтақтан (пәлсапалық теңеу) тұрса, бұлар соның бірен-сараны ғана. Әлемдік аядағы он ғұламаның бірі Ошоның адами қасиеттердің (жақсысы бар, жаманы бар) әрқайсысына тоқтала отырып, ой толғайтын отыздан аса кітабы бар. Өз басым әзірге олардың бес-алтауын ғана оқыдым. Қал­ғаны қолға түспей жүр. Қазір бізде, өзгені қойып өзімізді-ақ алайық­шы, жоғарыда аталған айшықты қасиеттерден азды-көпті қалған жұғын-жұрнақ бар ма, қалай ойлайсыз? Жоқ деп кесіп айтуға, бар деп бөсіп айтуға болмас. Дегенмен… ойды он саққа, сананы сан сақ­қа сенделтетін секемдер жет­кілікті. Ақын ретінде де, азамат есе­бінде де мені көбірек алаң­да­татын жәй – қазіргі қазақы болмы­сымыздағы Абырой ахуалы.
Есіңізде болар, Тәуелсіздікке тәу­бе айта жүріп, жаңа өмірге тәй-тәй басқан кезімізде өзімізді-өзіміз жаңа тапқандай болып, ата-баба рухымен төркіндеп келген қыз­дайын жылап көрістік емес пе?! Жел­кемізге мінген жетпіс жыл жеті атамызың талын бұтарлап, тамырын қиып міскіндік халге жеткізе жаз­дағанда… Жаппар ие жар болып қай­та түлеп, қайта өндік. Әйт­кен­мен, «әләуләйшіл» эйфория, «әриайдайшыл» экзотика таң ал­дындағы тәтті түстей лезімде ізім-қайым жоғалды. Әйтпегенде, сол жылдардағы  сәйгүлік мініп сал жел­ген «Жігіттің сұлтандары», сәу­келе киіп сәнденген «Қазақ арулары» қайда бүгін? Әсіресе, соңғы­лары…
Қай кез-кезеңде де ел мен ердің Темірқазығы – Ана! Хауа-Ана болмаса, Адам-Ата ішқұсалық індетке бой алдырып, бағзы заманда-ақ мы­нау жарық дүниеден баз кешер ме еді?.. «Құдай – шебер» дегеніміз, міне, осы! Мен айтар едім: мынау іргеміздегі ормандай орекең бидай өңді орыс қызы болмаса, армандай бүгініне аман-есен жете алмас еді. Бір кездегі түпкі жұртынан түнере түңіліп, күңірене көшкен түрік (Түр­кия) ағайын атажұртының ан­тын ақтап, салтын сақтап қал­мағанда бүгіндері жетпіс миллионды еңсерер ме еді?! Бізбенен өмірі өзектес өзбек бауырлар өздерін өлердей жақсы көруімен тұрмай, өзгені де өлермендікпен қан-жы­нына сіңдіріп жібермесе, отыз мил­лионнан асып жығылар ма еді? Ал біздің осы күнге дейін өне алмай да өсе алмай жүргеніміздің не­гізгі себебі, несін айтасыз, әлі күнге дейін қазақ қызының Қағ­басын қастерлеп, Құбыласын түзей алмай келе жатқандығымызда. Бағдарсыз өмір баянсыз. Мем­лекеттің басты байлығы – Адам екені бесенеден белгілі. «Айта-айта «Алтайды» Жамал апам қартайды» демекші, Кеңес заманы да мұны на­ша мен нашатырды қосып құла­ғымызға әбден құйған. Айтыңыз­шы, «Адам факторы» қай заманда күн тәртібінен түсіп еді? Ендеше, біз­дікі қай қылық, қай құлық? Не­ге өспейміз? Алланың қарғысына ұшырай қоятындай аса бір қамсоз да қамсыз ел емес едік қой?
Береке, байлық бейнетпен ке­ле­ді. Қадырсыз қасиет жоқ. Тек­тілік заты тереңде жатыр. Ол де­ге­ніңіз бүгін тауып, ертең қазып ала қоя­тындай көмір, не темір емес қой?! Қазақтың әрбір қызының алтын екенін өзімізден гөрі өзгелер жақ­сы біліп отыр бүгінде. Білген­діктен де бірі шүйлігіп, бірі килігіп, бірі үймелеп, бірі кимелеп «Е!» де­генімізді елемейтін халге жетті. Ашын­ған аз да басынған көп. «Қымызды кім ішпейді, Қызды кім айт­тырмайды…» – айттырып та жат­қанын шыққыр көзіміз көріп отыр. Есіктен сығалаған «күйеу бала», мына бейғам, берекесіз әре­ке­тіміз тұрғанда, ертең төрден бір-ақ шығады! Көреген дейсіз бе, кө­ріпкел дейсіз бе, Абай мұны әл­деқашан-ақ айтқан:
«…Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?..».
Кешелі-бүгінгі бір аңыз есіме тү­сіп отыр. Бәйтеректің басына ұя салған Көкқұтан сарыауыз бала­пан­­­дарына сонау ит арқасы қиян­нан жем іздеп жүріп өлдім-талдым әрең жетсе, ұясына кәдімгі сіз бен біз білетін Қарға қона жайғасып алыпты. «Жә, жарайды, мен сияқты бұл-дағы құстың бірі ғой, шар­ша­ған, болдырған шығар, аз-кем демала қойсын деп…» қайта ұшып кетіп қайтып оралса, әлгілер қа­ра­сын көбейте түскен екен. Жал­ғыз­дың көпке әлі қайдан келсін, не қона алмай, не үркіте алмай сор­лының күйін кешіп отырғанда көк­тен үш жүз-төрт жүздей Көк­құ­тан ұшып келіпті де, әлгі мән­жубас­тың түте-түтесін шығарыпты. Мұ­ны көріп, үрке шошынған қар­ғалар қауымы қас-қағымда қара­сын батырыпты…
«Торғай екеш торғай да,
Балапанын қорғайды…», –
дегеннің бір мысалы – осы.
Абырой – ардың ісі. Ар – адам­ның құны. Адам құны ақшаға айырбас қоғамда «Қызға қырық үй­ден тыйым» болмаса, ел ертеңі не­ғай­был. Мұны ата-бабаларымыз бағзы-баяғыдан бері айтып келген. Бүгін елемесек, «асқынған ауру­дың» ертең бой алдырмасы анық!.. Бұл – бір. Екіншіден, «Тиым» деге­ніңіз тиын, бұйым емес –  Таным, Тәлім, Тәрбие. Қазақ осы қағи­да­мен өскен, өнген, көгерген! «Еркін­дік» деп елден безудің, «Демократия» деп  деліқұлға айналудың аяғы қарақан басқа «Арасат майданын» аңсау ғана!..

7. «Арасат майданы»
«Қатыгез заман, қайырсыз қо­ғам…» дейміз. Заманның ішін кім ақ­тарып, қоғамның ісін кім ат­қа­рып жүр? Әрине, біз, өзіміз. Өзін-өзі (мақтамаса) кім кінәлай қой­сын… Әсіресе, қазір. Өзгешілден өзім­шіл өктемірек, өтімдірек болып тұрған мына мезетте Өмір шір­кін әркімнің тақымында, Өне­ге, Өсиет әлуеті әр үйдің қоқы­мын­да кете барса өткен күннен не қайы­рым, келер күннен не айырым қал­мақшы? Өсиеті мен қасиеті азайып барады деп онсыз да қам­көңіл қарияны жазғырудан, ақса­қал­ды азғырудан әріге аспаған ас­тамшыл ұрпақтан жақсылық күту неғайбыл.
Қария неге қамкөңіл? Қасында қауымы, алдында ауылы жоқ. Бар бағымы бәйбішесіне қарап қалған, онда да қасында қарайып жүрер бол­са. Ақсақал неге азаншыл? Өйт­­кені, оған алдындағы неме­ре­лерінен гөрі аузындағы Алласы жақын. Амалын қайдам, аманы мен заманын күні-түні тілейді де отырады. Өкіметтен де, өзгеден де емес, Алладан. Сөйткен баласы мен оның бала-шағасы оған опа берсе жақсы-ау… Бермесе де өкін­беуге бейім. Қолдан іс, ауыздан тіс кеткен соң тіл байғұста не жазық – сөйлейді, өй дейді, бүй дейді. Сөй­теді де бірде болмаса бірде жазып қалады. Кемпіріне, келініне, баласына… Іштен налыған кісіні сырттан келген адам қайдан айналып- толғана қойсын, ол бейбақ та есіктен шалқайып емес, еңкейіп кіріп жүрген жоқ па?..
«Үй ішінде кө­нең болса,
Жазылулы хатпен тең.
Үй сыртында төбең болса,
Ерттеулі атпен тең»-нің заманы келмеске кеткені қа-ша-ан!.. Жақында ғана фейсбуктан көзім шалып қалды, жүзден әлдеқашан асып кеткен бір тірі әруақ «құдай мені мүлдем ұмытып кеткен болса керек…» деп наланамасын қаузап отыр. Бұдан артық қасірет бола ма?.. Қазақ аузындағы «жақсы қартай…» сөзінің бір кері осы ма деп қалдым. Пенденің пешенеге жазғанын көрмеуі, білмеуі мүмкін емес дейтіндей өз басым өте кеткен әсіре-әулиешілдердің әулетінен емеспін. Бірақ қартаюдан кім қаша алсын. Ақсақалдың ендігі қалған аз-кем күнде алды-артын қатар ойлауы осыдан. Осы орайда қала қартын қатты аяймын. Ке­шіріңіз, қазымыр да сол, қауқарсыз да сол. Кемелдікті қайдам, кең­дік­тен кенде. «Ұшпақ» қалада қыспақ көп. Дауа кем де ауа тар. Еңсе тік­теген қабат-қабат, қатар-қатар қара үйлер еңкіш тартқан адамның өк­шесін басады, өкпесін қысады. Сол үйдің біріне бала-шағасының ар­қасында кіріп алғанына тәуба айтады ішінен. Үйсіз, күйсіз жүрген­дер қаншама… «Қарттар үйін» қал­ған күнінің қалт-құлт құжыра­сына балап, ай-күнін санап жүр­ген­дері де жыл сайын қара көбейтіп барады… Баяғыдай қора-қопсы, мал-жай, үй сыртындағы әлгі «тө­бе» түсіне кіре ме, кірмей ме… о да ­беймәлім. Шыққыр көзіміз көр­генінен    жазбай жүр: қайсыбірінен бата сұрай қалсаңыз, ұзын-ыр­ғалы тілек айтып тілінен жаңылып қалатынын байқайсың. Бірақ бас­ты шайқай алмайсың – орта бөлек, опа басқа. Дана шалдары­мыздың бала қылығы бар кейде. Мұны да мүлтіксіз айтып кеткен бұрын­ғылар…
Әлдебір тексіз де тежеусіз, тебеген де тегеурінді Күштің ұлтсыздық қабет алып бара жатқан бейәдеп ұсқыны қадымнан қалыптасқан салт-санамызға ұйыса, ұжым­да­са ­кері ықпал жасап жатқаны өне­рі­міз­ден (өнерсымағымыз десек, бек жарасар) де, өмірімізден де Есе­ниннің «Қара адамындай» қараң-құраң бой көрсетіп жүргені кімге өтірік? Ал дәстүрлік даралық пен салттық сана-сезімнің саралығы қай заманда кімге залал болыпты?! «Өз күніңді өзің көр»-дің аяғы да соңы өзімшілдікке келіп тірелсе, кімді сөгіп, кімді кінәлай алмақ­пыз? Сол кесел бізге – бүгінгі қаза­ғымызға қайдан, кімнен жұқты? Жаяуға ат үстінен сәлем беретінді, кеткенге де, келгенге де маңғазсып, мардамсып кеуде керетінді қайдан шығардық? Кеше әр кәлләда бір қиял еді, бүгін әр кеудеде бір «құ­дай». Қуыршақ құдай болған соң кіші әріппен әдіптеп жатырмыз. Көрмеген соң қайдан біліппіз: сол кеудеге, сол қуысқа «құдай» кейіпті ібіліс, жын-шайтан кіріп алып, шықпай қойса қайттік? Абай айт­пақшы, алдыңыздағы адамыңыз біреу емес, әлденеше пошым-пі­шімде бой көрсетсе, оны әлгі іштегі індеттің заматта мың құбылып, өң-түс бермеуінен дөп түсінетін жан иесі бар ма, жоқ па? Адамның хайуан, адалдың харам, достың қас, жақынның жауыз болып шығуы, қаласаңыз да, қаламасаңыз да осыдан.
Ертеде, яғни Антикалық әлем мифологиясында құдайлар көп бол­ған. Зевс, Прометей… демекші. Эварист Парнидың «Құдайлар со­ғысын» оқыдыңыз ба? Несін ай­та­­сыз, сол құдайлар соғысынан әлем әлемтапырық күй кешкен: жел тұр­ған,  дауыл соққан, жай ойнаған, бұлт өртенген, көк сауыры сөгіл­ген…
Аспандағы айқас бүгінде жерге ауысты. Андағы «құдайлар» екі- үшеу, ары кетсе оншақты болса, мұндағылар жүздеп, мыңдап саналады. Аспандағы соғыс айналайын ғой, жердегі айқасты айтсаңшы?! «Бес қаруын сайланған» эпостық әсіре-гиперболаңыз әдірем қалады. Қазір қарудың нешеме түрі бар: арасат қаруы, саясат қаруы, ақпарат қаруы, оқ борат қаруы… Сізге біреу, не сіз біреуге ұнамай қалсаңыз бол­ды – астыртыны бар, ашығы бар, жа­сырыны бар, небір қитұрқы құ­быжықтар алдыңыздан андағайлап шыға келеді! Бірінен қорқасыз, бірі­нен үркесіз. Өңіңіздегі аз бол­ғандай, түсіңізден шошып оянасыз. ­Жарты әлемді жаулаған жаһан­гер Әмір-Темір ұрпағына қал­дырған «Өсиетнамасында»:
«Мен жаулап алған ұлан-ғайыр им­периямды өле-өлгенше өз уысымда, яғни үрей мен үміт құша­ғында ұстадым…» депті. Бұл осыдан 700-800 жыл бұрын айтылған сөз. «Айтылған сөз – атылған оқ». Әлі күнге дейін жеті қат жер астына түскен жоқ, алты қат аспан үстін шарлап жүр. Зымыран болып, зымыстан болып… Әлгі көріпкел Вангаңыз да қайдағы заманнан қай­тып келген кейіпте Ақырзаман­ды аузына жиі алатын болыпты. Құдайым «Арасат майданын» адамзат қауымынан аулақ қылсын. Одан өзге не дейік енді…

8. Абай әлемі
Абай әлемі… Өткен-кеткен мен бүгін-ертеңнің тылсым тынысын, болмыс-бітімін түп-түгелімен тұла бойына дарытқан даңғайыр бір дүние, әфсанауи әлем. Онымен толайым қауышуға болар, тақ-тұқ тауысу талайлы тағдыр иесінің пешенесіне жазылмапты. Абайды таныған сайын өзіңнің табиғатың мен бәндәуи тіршіліктегі тапқан-таянғаныңды, тіпті, ішкі-сыртқы өлшем-пішіміңді таразыға салып саралай бастайсың. Салмағың қанша, алғаның қанша? Көрмегің қанша, бермегің қанша? Мұны да Абай мезгілінде меңзеп, тұспалдап, тұжырып айтып кетіпті…
Бұл не сонда? Көріпкелдік пе? Болжампаздық па? Дүниенің арғы- бергісін алдын ала оқып, біліп қою үрдісі тек Абайға ғана тән деп тағы да айта алмаймыз. Адамзат жаратылысында мұндай айырықша туған Ақперендер (феномен) бұрын да болған, бұдан кейін де бола бермек. Құдай-тағала құп көрген бұл құбылыс ілкі сәтте ілуде бір келе­тін, соның өзінде жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың ғана ен­шісі екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Бір қызығы, адам бала­сы­­­ның интеллектуалдық  зе­­йін-зердесі кемеліне келе кеңе­йіп, телегейге ене тереңдей түскен сайын аталмыш құбылыс­тың астар-сыры ашыла, айқындала, айшықтана түседі, бірақ толайым толық емес. Біздің бақытымызға бұйырған басыбайлы, асыл ойлы Абайымыз, міне, осындай жан ие­сі.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарында тағдыр ауанымен Тәңір бұйырып, Өзбекстандағы Қа­зақ елшілігінде азды-көпті қызмет ат­қарғаным бар. Сондағы бір көңілге қонған игі шара әлі күнге есім­нен шыға қойған жоқ. Ел Пре­зиденті ресми сапармен келген әр­бір шетел басшысын өз ордасында емес, әуелі аумақты алаңның тө­ріндегі Әлішер Науаи ескерт­кі­шінің алдында күтіп алатын. Жа­ғымды рәсім, жақсы үрдіс. Бірақ кейін келе оның қаншалықты жал­ғасын тапқанын айта алмаймын. Көпшілік назарын аударатын тағы бір көрініс – Ташкент шаһарының қақ ортасындағы «Ақындар аллеясы». Кеңестер Одағы кезінен бері. Бара қалсаңыз, әлем ақындарының небір дүрдана ұлылары алқалаған Науаи алдымен көзіңізге шалынады. Қызығасыз, таңданасыз, тамашалайсыз. Сонан соң… өзіңізді оңа­­шаға алып шыққан бетте, неге екенін қайдам, Абай есіңізге оралады… Сыбырлайсыз… күбірлей­сіз… Іштегі, не түстегі Абаймен қай­та қауышасыз – күнде болмаса да, кәдімгі, әредіктегі ақын болмысымен:
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла:
Мен бір жұмбақ адаммын,
оны да ойла!
Соқтықпалы, соқпақсыз
жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым,
кінә қойма!…».
Жұмбақ шешілді ме? Өмірге келе тұрып, жарық дүниені көре тұ­рып өзінің жұмбақ жан екенін қай пенде айта алады? Бір түрлі естілмей ме? Бірақ Абай айтты ғой… Ортасынан оза туған кемел адам кейпіндегі Алланың сүйікті ұлы­ның ғана тілінен емес, ділінен там­ған ілудегі бір інжу-маржан дер­сің мұны!.. Демек, «Ақынның аузына сөзді Алла салады» деген хадис қағидасының айна-қатесіз рас болғаны да. Тәкен көкем осы тұс­та бір ойланып-толғанып көріп еді ғой, сонау бір жылдары… Одан бері де ең кемі – ширек ғасыр өтіп­ті. Біраз еңбектер жазылды, жазылып жатыр. Әркім… әл-қадарын­ша… Жыл сайын екі мәрте атап өті­леді – туған күні, қайтқан мер­зімі. «Абайтану» ғылымы да үзіліп қал­мағандай әсер қалдырады. «Абай әлемі» атты танымдық-та­ғылымдық орталықтар да әр жер-әр жерде ашылып жатыр. «Абай оқулары» да ұмыт қалмай өз үрдісін жалғастыруда. Ақын өлеңдерінің текстологиялық төркін-тегі де зерт­теуші ғалымдар тарапынан тү­бе­гейлі тиянақталған тәрізді. Бі­рақ… кешегі Абай мен бүгінгі Абай арасы әлі  тым шалғай көріне­ді де тұрады маған: күндіз күмән, түнде тұман… Неге? Неліктен? Мұ­ның жауабын зерттеуші адамның жазған-сызғанынан ғана емес, әсі­лі жалпы-жәми қазақтың өне­бойы­нан, кешелі-бүгінгі болмысынан іздеуіміз керек шығар. Бы­­­­­лай­ша айтқанда, күнделікті жү­ріс-тұрысымыздан, қимыл-әре­кетімізден, пейіл-пиғы­лы­мыздан, өзара қарым-қатысымыздан, ойлау жүйемізден, тәлім-тәрбиемізден, таным-білімімізден, тағы-тағы­ларымыздан… Оған біз әзірміз бе? Әзір болмасақ, қашан жетеміз? Бү­гінгі өгізаяңмен бе? Бәлкім, заттық зауық (материалдық) пен жан дү­ниелік (рухани) жағдаяттың өзара жанасып, жарасым табуынан кейін шығар? Дәл бүгінгі порым-по­шы­мымызда біздің бұл абзал арманымыз қашпаған сиырдың сүтінен дәметудің әрі-берісі ғана болып жүрмей ме? Енді қайттік?
Бір айғақ – алыс-жақын болсын, Абайдың бізге келе жат­қан­дығы. Анық-қанығы – Тәуелсіз­дікке тәу еткелі  бері, тағдырымызға тәубе еткелі бері. Әзіз мейман, әз қонақ… Ана бір жолы қазақы ақ­жарма салт-дәстүрімізбен қарсы алмаққа әппақ-әппақ үйлерді тігіп тастадық. Кесене-кешен бой кө­тер­ді. Іштік, жедік, қайттық. Бі­рақ…  Абайды көзбен көре алмадық. Себебін кейін сезіндік. Бұл жолы ұлы ақынның әруағы разы болды. Ниетімізге, дархан дастарха­ны­мызға. Ал, шындығында, ол кісі өз за­манында да мұндай аста-төк көңіл, бейілге кенде болмап еді.
Атқа қонған құт қонақтың  дала бойлап, қона жайлап ақыры бір діт­теген жерге жетері хақ. «Әруақ разы болмай, тірі байымайды». Тігілген үй, жайылған дастархан­ның қайырымы Алладан. Ата­дәстүрдің бір қадыр-қасиеті осы. Жанынан садаға қазақ жадынан жаңылмаса екен деп тілейік. Күні кешегі Абай күні, Абай жылы бізге осыны аңғартты. Бұрынғыдай емес, есін жиған елдің алқа ұсынған ақыл мен келелі кеңеске көбірек көңіл аударғанын көрдік. Маз­мұнды мәміле, мағыналы отырыс алға озды. Ұлы ақынның әруағын алқалай отырып, рухына тағзым ету байқалды. Демек, Ақын көші Шың­ғыстаудан бері асты деген сөз!
«Бақ қонбалы, Рух ұшпалы» де­ген ежелгі сөз бар. «Рух туралы сіз­дерге аз мәлімет бердік…» дейді Құран сүресі. Мұның аужай-аста­рын ақыл-еспен пайымдауды өзін сауатты һәм саналымын деген әр қазақтың еншісіне қалдырсақ игі. Ал енді «төрт құбыла» мәселесін қа­лай түсінсек болады? Көрші-қо­лаң немесе шет-шалғаймен шекара бөлісу ме, жоқ әлде?.. Менің қа­зақы ұғымымда бұл басқаша есі­тілетін сияқты. Сол төрт құбыланы біз түгендеп болдық па? Әйтпесе, әлі оның алғышартында жүрміз бе? Дәлірек айтсақ, қазіргі қазақтың осыдан шамасы екі ғасырлық әрі­дегі Абай қазағынан қанша­лықты айырмашылығы бар? Өсу, өнуді былай қойғанда, лексиконы­мыз­дағы «озу», «азу», «юзу» деген іркес-тіркес сөздерді бәріңіз де білесіздер. Қайсысына бүйрегіңіз бұрады? Озу ойымызда, ал азу, тозу бойымыздан табылып жатса, не істей алмақ­сыз? Екеуге біреудің әлі келе қоя­тын заман ба бұл? Уақыт амалынан да, заман талабынан да табыла ал­маудың ақыреттен де азапты еке­нін бір сәт сезініп көрдіңіз бе? Тым болмаса, ойша, өзіңізбен өзіңіз қал­ғанда…
Жеке адам, аса бір иісалмас на­құрыс болмаса, өз жүріс, тұры­сын­дағы кемшілік пен артықшылықты өзгеден гөрі жақсы біледі, сезеді. Ал тұтас қоғам ше? Қазіргі қазақ қоғамы… Дәл осы араға келгенде амалсыз, шарасыз күйге түсесің. Амалсыздығың – дүмше дүниенің бейопа билігі сенің қолыңда емес. Ішкі арманыңды сыртқы парман езіп-жаншып тастайды. Сен жал­ғызсың. Ал жалғыздың аты озбайды, шаңы шықпайды. Бұл әрі-беріден соң, Абай заманынан бергі ақ езу аксиома. Ал шарасыздығың амалсыздығыңнан асып түседі: «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ»! Бәрін көріп, біліп, сезіп тұрсың – бүгініңді, ер­теңің­ді… бірақ  дегбірің дерт емулі, өзе­гің өртенулі. Адам өз ауруын, ерте болсын, кеш болсын, ішкі ағза­сы­ның иіс-қоңысынан сезеді. Шамасы келсе күреседі, шамасы келмесе «келместің кемесіне» біржола бет бұрады. Ал қоғам дерті…
Ішкі іріңді сыртқы түрің ал­ғау­сыз аңғартып тұрады. Жауырды жаба тоқу бұрынғы ат мінген қа­зақтың қарабайыр ғана амалы болатын. Қазіргі ат, әсірелеп айтсақ, жылқы тұқымы  алдымен нойыс­тың да, ноянның да, ноқайдың да сойыс малы, сонан соң ғана үзік-созық бәйге мен азын-аулақ көк­парсы­мақ­тың дәнекері. Ал енді… күн­де­лікті аста-төк той-думан, сах­на­да­ғы сайтани ойын-сауық, саяз-таяз сайқы-мазақпен өзін-өзі алдап-сұлдап жүрген даңғой-дабыра топ пен тоңмойын то­быр­дың тоқмейіл берекеті мен ашкөңіл әрекетіне көзің сүрінеді, бірақ сөзің жүр­мей­ді. Содан болса керек, сопылықтың дәру-дәргейімен соқа басын әрең сүй­ретіп жүрген біз сияқты «бәдәуи бәдік бәнделер» болмаса, дені қа­заққа әзір Абайдың қажеті шамалыдай көрінеді. Турасын айтсақ: «Абай әлеміне» енуді былай қой­ғанда, «Абай жұмбағын» шешерлік хал-ахуал бізде жоқ. Ал анау жыл сайынғы қайталанып келіп отыратын жер-жердегі ресми қалыптан шықпайтын салмақсыз сарытап іс-шаралар, мектеп шәкірттерінің ақын өлеңдерін жабыла жатқа оқудан әрі аспайтын жалаңқия жарысы («…Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін…») күндердің кү­нінде біз бейбақты жалық­тыруы­мен қоймай, келе жатқан әз қонақтың игі сапарын кешіктіре түсе ме деген қауіп бар. Себебін сұрасаңыз, оны да ортаға салуға болады… Анығына келсек: біз әлі күн­ге дейін ақын әлемінің айнала-төңірегінде ғана қара көрсетіп жүрміз. Кодын тауып, кілтін қолы­мызға ұстағанда ғана «Жұмбақ адам­ның» есігі айқара ашылмақ!
«…Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың…».
Абай сөзінің астарлы емеурініне құ­лақ ассақ, әлі біраз адасатынға ұқсай­мыз. Ал іздеген, ізденген адам­ға адасу да айып емес!..
Менің ұғымымдағы Абай тұ­ғыры аттан да, тақтан да биік! Ай­нала төңірекке, көрші-қолаңға ой көзімен, ақыл тезімен үңіле қа­расаңыз, адамзат қауымына ауадай қажет ортақ игілік пен өнеге же­терлік. Ал біздегі өнеге ертеңгі күні өзгенің де қажетіне жарап жатса – Абай әлемінің толыға, молыға түс­кені. Сондағы «өзге» кім? Әри­не, ең бірінші – көрші-қолаң, сонан соң – адамзат қауымының өзге де алыс-жақын өкілдері. Бұл тұста да Абай ізі алдымызда сайрап жатыр: Ге­те, Пушкин, Лермонтов, Крылов, ол аз десеңіз, бүткіл Шы­ғыс шайыр­ларының абзал әфса­на­лары, назды, сазды назымдары!..
«Абай шығармалары аударылмайды…» деген сөз қауқарсыз, әл­сіз, әлжуаз әңгіме. Оған да кінәлі өзі­міз. Тәржіме өнеріне талап қой­ған адамға ең алдымен дәмі дә­негінен табылатын жолма-жол тәр­жіманы түпнұсқа негізінде дәл­ме-дәл дайындап бере алмадық. Өткенде кеткен бұл олқылықтың орнын бүгін толтыруға болады ғой? Гәп осында екен, анау П.Ан­токольскийді, В.Воз­несенскийді, Е.Евтушенконы, т.б. кінәлап неміз бар?
Ана бір жылы Республика кө­ле­мінде «Жаңа ғасырға – жаңа ән» деп аталатын барынша аумақты да ай­тулы жабық ән байқауы өтті. Қа­зақ ән өнерінің сабақтас, салалас аталымдары (номинация) түге­лінен қамтылған бұл байқауда он­шақты романс та қазылар ал­қасының талқысына түскен болатын. Дені – Абай өлеңдерін өзек еткен өміршең шығармалар. Сол ала­ман бәйгеден оза шауып, жүлде алған романстар қазір неге айтылмай жүр? Әлде, бүгінгі әнсүйер әлеумет әлемдік руханияттың ең биік жетістігі саналатын романс жан­рын қажет етпей ме? Бұлай деу­ге ешкімнің де дәті бара қоймас. Бірақ… дәл қазіргі сөзден жүйе, әннен кие кеткен мына бір мезі мез­гілде бәрі-бәрі де мүмкін-ау… Сонда деймін-ау, сығандардың аузы­нан түспейтін, Тютчев, Есе­ниндердің өлеңдеріне жазылған әл­гі  романстар  біздің  танымы­мыз­ға жат, табиғатымызға бөлек болғаны ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір