Үздік дарын
12.05.2017
2589
0

(Қазақстан Республикасының қайраткері, Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нәзікен Алпамысқызының поэзиясы жайында)

Жырларында  қазақтың жарқын да парасатты болмысы тұнып тұрған  ақын Нәзікен Алпамысқызының поэзиясын оқыған жанның шыңға шыққандай тынысы ашылып, ойы шарықтап кетеді. Сананың қатпар-қатпар түйткілінен ақын салмақты ойды сезім қармағына іліп алып ширықтырып жібергенде  оның қаламынан пайымды да фәлсафалы жырлар төгіледі. Осылай ол оқырманның ой-сезімінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, тереңіне сүңгітеді.  Сөйтіп, мына тұңғиық дүниенің мән-мағынасын сезім, сана саңылауынан өткізіп іздетеді.

Сондықтан:
Шыңыраудағы шындықтар,
Аспандап кеткен ақиқат!
Жоқтаумен сені қор болды
Қаншама бастар бор болды.
Бар қызығын тәрк етіп,
Бар ғұмырын сарп етіп,
Ойымен шарлап жер-көкті
Естілер қыруар тер төкті, –
деп жырлаған көркем де салмақты ой иесі, сыршыл ақын Нәзікен Алпамысқызы   поэзияның күрделі әлемінің құпиялылы­ғын, құдіреттілігін терең сезінетіні оның шығармашылық ізденістерін кеңейте тү­се­ді. Шымыр да терең ойды сезім кәуса­рына қанықтырып бере білу – шеберлік. Ол әркімнің  үлесіне тие бермейтіні хақ. Мына шумақ соның айғағындай:
Тас жүректен от кесер ой-жасынын,
Бір ғасырды көтерер бір-ақ тұлға,
Іздеп табар бір-ақ жан Ой асылын! – дейді ол  Абай рухына арнаған жырында.
Нәзікен Алпамысқызы поэзия әлеміне кемелденген шағында келіп, көркем сөз құнын көкірек көзімен көре алған ақын.Оның ой-өрісін кеңейткен 1960-шы жылдары өркендеген әдеби зиялы орта еді. Нәзікеннің жырларына жүрекжарды пікірлерін білдірген  Қадыр Мырзалиев, Асқар Сүлейменов, әдебиеттанушы, ға­лым Мүсілім Базарбаев, Герольд Бельгер,  Зейнолла  Серікқалиев, Төлеген Тоқбер­ге­нов,  Совет Мазғұтов сияқты қазақ әде­бие­тінің ірі ақын-жазушылары, сыншылары болды.  «Нәзікеннің поэзиясы – ой сезімнің қаймағы. «Адам рухы шыңдалған әр кезеңнің өз бұғауы, кісені, шынжыры бар», – деп тек үлкен ақын ғана айта алады» деген екен Қадыр аға.
1995 жылы «Халық кеңесі» газетінде  ал­­ғаш жарияланған өлеңдерін оқып, қа­зақ­тың үлкен жазушысы, сатирик Ғаббас Қабышев,   Жазушылар одағына  Нәзікенді  шақырып,  мүшелікке өтуге өтініш жазды­рып,  комиссия бірауыздан оны  қолдаған екен.
Нәзікен  Алпамысқызының  осындай ерекше дарынының қуат алып, туып-өс­кен жеріне, өмірге көзқарасын қалыптас­тыр­ған   ортасына зер салайық.
Нәзікен Алпамысқызы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сарыбай ауылы, (бұ­­рынғы  «Қарасу» колхозында ) 1937 жы­лы  дү­ниеге келген екен.  Әкесі Алпамыс пен  анасы Бақтылының   жалғыз перзенті Нә­зі­кен болды. Әкесі жылқы және қой фер­маларының  меңгерушісі, Алматы облыс­тық кеңестің депутаты қызметтерін ат­қарып, Қарасу колхозының іргетасын қаласқан.  Әке-шешесі бар ғұмырларын сол ауылдың шаруашылығын дамытуға арнаған кісілер. Әкесі Шапырашты руы­ның  Төбе биі болған Оңғардың ұлы, анасы да осы рудан шыққан Шалтабай ше­шен­нің қызы.
Нәзікен 1954 жылы Қарғалы  қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Қа­зақ Мемлекеттік университетінің эконо­мика факультетіне  түсіп, оны үздік бі­ті­реді. Қызыл диплом алған қызға уни­вер­ситеттің  ғылыми кеңесінің ұсы­ны­­­сы­мен Мәскеудің Мемлекеттік универ­сите­тінің аспирантурасына жолдама беріледі. Осындай жолдамамен сол кезде қазақтың қазіргі  ірі экономист ғалымы, қоғам қайраткері, атақты академик Көпжасар Нәрібаев та Мәскеудегі Қаржы  экономика институтының аспирантурасына түседі. Сөйтіп, Нәзікен  Ал­па­мысқызы   Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы университетінің  ірі майталман профессорлары, академиктер. Кеңес Ода­ғын­да есімдері кең таралған Сергей Кузьмич Татур және  Шеремет  Анатолий Дани­лович­тің шәкірті болды. Бұл атақты про­фессорлардың және бір шәкірті Гаврил Харитонович Поповпен Нәзікен бірге оқиды. Кейін Ол Мәскеу қаласының бі­рін­ші Мэрі (Әкімі),  қазір академик, Ха­лы­қаралық экономика университетінің  президенті болды.  Нәзікен бұл досымен, оның отбасымен  қазір де араласып тұра­ды. Нәзікеннің 75 жылдық мерейтойына  денсаулығына байланысты келе алмай Гаврил Попов өзінің жүрекжарды құттық­тауын жіберген болатын. Мәскеуден тап­қан және бір көңіл қимас жандар – Ресей­дің  Халық әртісі Алла Демидова мен оның анасы Александра Дмитриевна Харченкомен ол ұзақ жылдар тығыз араласты.  Студент кездерінен аралары үзілмей келе жатқан курстас достары, еліміздің экономика саласын дамытуға зор үлес қосып, мыңдаған шәкірт дайындап, халқымыз үшін зор қызмет атқарып жүрген ғалым-академиктер – Сағындық Сатыбалдыұлы, Көпжасар Нәрібаев, Кенжеғали Сағадиев және Нұрғали Мамыров. Нәзікен Алпа­мыс­қызы асыл достарына, сырлас болған зиялыларға арнаған жырында:
Асылдар ұмыт болмас-ты,
Асыл тас жерде қалмас-ты.
Ризамын жомарт тағдырға,
Танытқан талай алмасты! –
деп тебіренеді.
Адамның жан-дүниесінің, сана-сезімі­нің, дарынының  дамуына заман, уақыт, орта, сол ортадағы тұлғалардың ой-өрісі­нің деңгейі әсер ететіні хақ.  Нәзікен Ал­па­мысқызы  Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (бұрынғы Алматы халық шаруашылығы универ­си­теті)  50 жыл педагогикалық қызмет атқарды. Ғылыми жұмысын, ізденістерін үзбей дамытып жүріп, экономика ғылымының докторы деңгейіне көтерілді. Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Экономикалық талдауға өз үлесін қосты. Соңғы 30 жылда ұстаздық пен ғылым жұмыстарымен қатар шығармашылықпен айналысып келеді. Өзі ұзақ жылдар қыз­мет еткен сол  университеттің 50 жыл­ды­ғында Нәзікен Алпамысқызына  алтын медаль тапсырылды.
Нәзікеннің ақындық жолы да ерекше. Ол бала кезінен жыр-дастандарға құмар болғанымен, ақындық тынысы  сол 80-ші жылдары ентікпе ауруына душар болған кезеңде Алматының айналасындағы биік тауларға қысы-жазы 25 жыл шығып тұрды. Бірде   Алатаудың 3500 метрлік Құмбел  төбесіне шыққанша қараңғы түскен. Сол шыңда жартасты жарып  шыққан шетенді көрген ол өз жүрегінен сондай қайсарлық­ты іздеді. Нәзікен таудан түнделетіп қай­тып келе жатқанда, тылсымнан ұйытқып келіп, Алатау бөктерінде, Майтөбеде туып-өскен перзентінің жүрегінен сол сәттегі атқылап шыққан  жырлар,  шын мәнінде, тау қызына берілген ерекше қуат­ты құбылыс, ата-бабалар рухының жаңғырығы шығар, бәлкім. Қазіргі әдебиет зерттеуші,  ғалым Серік Негимов Нәзікен жырлары жайында: «Жоғары ақындық мәдениет пен көркемдік қабілеттен туған бітімі  бөлек, қыран мінезді тегеурінді жыр-өлең өлкесіндегі  күрделі құбылыс деуге лайық», – деген екен.
Поэзия – құпия бір шарайна,
Кең ғарыштан ақтарылған арай ма? –
деп Нәзікен өзі де сол тылсым әлемді  айтып тұр және:
Сегіз қырлы сөздер қайда өретін,
Жалынға өртеп саф алтынын беретін.
Жыр көрігі – алаулаған шарайна,
Жан тірлігін зерлеп өру оңай ма?!  –
мұнда  поэзия деген ұйытқыған сезіммен ойдың ішінен асылы мен арындысын қаламына іліп алып, апарып жүректерге қондыру қиын­ның қиыны екенін, ол тек хас та­лант­тардың, тағдырмен арпалысқа түскен жандардың ғана үлесіне бұйыра­тынын айтады ақын.
Нәзікен Алпамысқызының дара  дарынын ашқан құдіретті күш оның өз туған жері – Алатаудың, ата-бабаларының рухани қуатында жатыр. Жаратушы шыңдап та, қырлап та,  сомдап та шығаратын сол да­рынның құпиясы мен халықтың  рух-сезімінің бастауы талант құдіретінде екенін:
Талант деген құдірет,
Тәңірің бермей қонбайды.
Қырланбаса алмаспен,
Таланттың бағы жанбайды.
Қиянатшыл қара күш
Талантты жоя алмайды.
Алтын діңгек таланттар
Намысын елдің қорғайды.

Үздік талант жоқ жерде
Халқың да үздік болмайды!
Нәзікен ақын  терең ұғады.
Өнердегі шынайы бекзаттылық пен ұла­ғат­тылық алдымен  ұлттық терең тамырлар мен  ұстанымдардан  нәр алып, бүгінгі өмір­мен қабысып жатады. Әйтпесе, рух өспейді. Халқымыздың бүгінгі еркін­дік­ке қол жет­кізіп отырғаны да сол киелі сөз арқылы бойына,  ойына  ұялаған зор сенім – Рухтың арқасында екенінде күмән жоқ. Осыны ұшқыр парасаттылы­ғымен, пер­зент­тік адал жүрегімен тебірене жеткіз­ген ақын:
Күн астында киесіз жер болмайды,
Аңызы, сенері жоқ ел болмайды.
Тіршіліктің тұтқасы – Құдірет бар,
Сыйынары жоқ елде құн болмайды.
Нәзікен Алпамысқызының жырлары­ның тамыры тереңнен –  Шығыс фило­софия­­сынан, қазақ архаикалық дүниета­ны­мынан, орыс пен еуропа классиктерінен  нәр алып,  олар толыққанды, сындарлы, айқын да абзал көркем ойшылдықпен бапталған құнарлы дүниеге айналғаны  сөзсіз. Алатау бөктерінде заңғарлықтың қасиетіне тамсанып, бұла өскен  Нәзікен ақынның бүкіл болмыс-бітімінде көкке құштарлық пен еркін рух бар.  Биіктегі тас­ты жарып өскен  күрең шетеннің қай­сар­лы­ғы мен өршіл сымбаты, өміршеңдігі ақынның өзінің табиғатына етене жақын, өзімен тағдырлас екені оның «Күрең шетен» атты жырында бейнеленген.

Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда,
Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда.
Бір бастың көңіл кірі бұйым боп па
Жарқырап аспанымда күн тұрғанда!
Бұл тірлік қаңтарылып қалмас тұрып
Бір ұрпақ бір ұрпақты  алмастырып.
Өмірдің өрмегінен үзілмеспін
Адамның асқақ рухын жалғастырып!
Халқымыздың ірі ақын-жазушылары, сын­шылары бірауыздан мойындап өз бағаларын берген, олардың біразымен пі­кір­лесіп, дос болып араласып, өзінің білімділігімен, пайымдылығымен, адами үздік қасиеттерімен, ерекше дара да парасатты поэзиясымен алдыңғы қатар зиялы қауымды тәнті еткен Нәзікен Алпамыс­қызы ақындар елінде, қасиетті де киелі Сүйінбай, Жамбыл аталар жерінде туып- өскен. Сондықтан:
Өсіп ем ақындарды көріп жастан,
Тасқындап жыр төгетін өріп дастан.
Толқитын сері жайлау, ән де қалқып,
Теңселіп ай жұлдызға еріп аспан!

Жазатын дәуір жырын ойып тастан,
Ақынын ардақтаған халық бастан, –
деп тебіренген  Нәзікен ақынның мерейтойы құтты болып,  ақын жырлары қазақ халқымен бірге жасай берсін!

Жадыра Дәрібаева,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір