Рулық сана мен ұлттық мінез
28.04.2017
2361
0

Қазақ халқының дүниета­ны­мындағы рулық сана оны өзге­лер­ден ерекшелеп, бөлек сипатын ай­қындап тұрса да, тарих парақ­тарын ақтарғанда рулық санамызды ең әлсіз тұсымыз ретінде пай­да­ланған сырт көз бармағымызды тіс­теткен кезең аз емес. Көрші-қо­лаң мен қоңсы қонған өзге ұлттар біз­дің бұл мінезімізге әбден қа­нық­ты. Ұлттың намысына тиер асау сөз айтыла қалса шамданып қой­май, рулық деңгейде қозғалған есер сөзге өре түрегелетін мінезіміз біз­бен әлі де ілесіп келеді. Сөйте тұра, кейде әсіре ұлтшыл мінез та­нытып қалатын жайттар да жоқ емес. Ал мемлекетшіл сананың арагідік болса да қылаң беруі көк­жиектен күлімдеген күннің тым баяу көтеріліп келе жатқан сәу­лесіндей шұғылалы. Қазіргі біз­дің қоғам өз тұрғындарының бойындағы осы мінездерді қалай тү­сініп, қандай баға береді? Оның бас­тауы мен дамып жетілуін я бол­­маса шау тартып қартаюын қа­лай байқауға болады? Біз бүгін осы тақырыпты кеңірек қозғау мақ­сатында саяси ғылымының кан­дидаты, Орталық Азия демок­ра­тияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбета­лиева мен ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директоры міндетін атқарушы, философия ғылымы­ның докторы, профессор Серік Нұрмұратов­пен әңгімелестік.
– Қазір біздің қоғамда мемлекетшіл сана, ұлттық сана, рулық сана үшеуі қатар өмір сүріп жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл үшеуінің бір-біріне ықпалы қандай?

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА,
саяси ғылымның кандидаты, Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры:
– Аталған сана түр­ле­рі­нің әрқайсысы қазір серпінді әрі белсенді түрде да­мып жатыр. Олардың арасында қарама-қай­шылық та, қақтығыс та бар. Мәселен, аза­­маттық сана рулық сананы ескірген, қа­жетсіз стереотиптерге толы деп сынға алып мойындай қоймайды. Бұған қоса ұлттық сананы да сынап, оның кері әсе­рін жиі көрсетуге тырысады, бірақ онысы сәтсіз. Сондықтан шартты түрде бұл көз­­қарас­тардың арасында елдегі эко­но­ми­калық, саяси-әлеуметтік үрдістерге ықпал ету­де бір-бірінен басым болу бәсекесі бар деп айтуға болады.
Бұл сана-сезім түрлерінің әрқайсысының қа­лыптасқан құндылықтары мен ұста­ным­дары бар, әрқайсысы әлемге өзіндік көз­қарас­пен қарайды және ол өз кезегінде ел­дегі азаматтардың жүріс-тұрысы мен мі­нез-құлқына әсер етеді. Мәселен, рулық са­на көп жағдайда қазіргі заманға сәйкес кел­мейтін әрі қажетсіз қазақы дәстүрлерге сүйе­неді. Солай бола тұрса да оның құн­ды­лығы зор, осы орайда қазіргі кезде дәстүр­лер­дің өте қарқынды түрде жаңғырып жат­­­қанын ескеруіміз керек. Әрі «рулық са­на­ның» түбегейлі өзгеруі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Олай дейті­нім, қазір ұлттық сана белгілі бір ұлттың ұлттық құндылықтары мен мәдениетіне бет бұра бастады. Әзірге біздің елде «ұлт-мемлекет» деген ұғым қалыптаса қойған жоқ, біз қазір ұлттық сана туралы ойлан­ғанда белгілі бір ұлт­тың, атап айтқанда қазақ ұлтының мүд­делері мен құнды­лықтарын бетке алып жүр­міз. Азаматтық сана енді-енді қалып­та­сып келеді, әрі ол алдыңғы екеуінен жы­рақ­тау. Менің ойымша, бұлардың әр­қай­сысы әр түрлі қарқын­мен дамып келеді, кей­де жолдары түйіседі, алайда бірін-бірі мойын­дағысы жоқ. Сол себепті де олар бір-бірі­не сынай қарайды, және өзара «күресіп» жүр.

Серік НҰРМҰРАТОВ,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және
дінтану институты директоры міндетін атқарушы, философия ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дікке қол жеткізген кезеңнен бастап жаңа сипаттағы мемлекет қалыптастыру үде­рісін бастады. Кеңестік социалистік қо­ғамның ұстанымдарын жаңа типтегі егемен Қазақстанның ұстанымына ауыстыру тұр­ғындарға біршама ауыртпалық туғызды. Әри­не, елдің байырғы халқы – қазақ халқы өз­дері аңсаған ұлттық сана түкпіріндегі идея­ның жүзеге аса бастағанына қуанса, бас­қа ұлт өкілдерінің сана­сы КСРО кеңіс­тігіне, оның ұстанымдарына, құндылық­тарына үйренісіп қалғандықтан жаңаша сипатта қалыптасып келе жатқан тәуелсіз елдің бағдарын бірден мойындай қоймағаны белгілі. Сондықтан ұлттық са­наның жаң­ғыруы жолында елімізде біршама қай­шылықты кезеңдер болғанын атап өту керек. Жалпы «ұлт» деген ұғымның әлемдік гуманитарлық ғылымда екі түрлі түсін­дірмесі бар. Біріншісі, тарихтағы этностың бір­шама кемелденген шағында эволюция­лық жолмен ұлтқа айналу үрдісі деп түсін­дірілсе, екіншісі, ұлттың азаматтық мағы­на­дағы түсіндірмесі. Ол негізінен белгілі бір мем­лекет азаматтарының саяси-әлеуметтік топ­тасуы, қауымдастықтың базалық құн­ды­лықтар төңірегінде біртұтастануы деп алы­нады. Осы екі түсіндірменің екеуінде де ұлт­тың сипатталуы рулық деңгейдегі оқ­шауланудан жоғарырақ тұрады. Сондықтан қазіргі тарихи кезеңде тек рулық сананың мүддесіне басымдық беру «прогрессивті емес әрекет» деп танылады. Дегенмен, әрбір ха­лықтың өз тарихы, ғасырлар бойы жи­нақ­таған құндылықтары бар. Осы тұрғыдан ал­ғанда Жеті атасын түгендеген қазақтың кейбір этникалық ерекшеліктерін қазіргі жаһан­дану заманында да ескеру қажет. Өз хал­қымыздың ерекшелігін ғылыми сараптау, этномәдениетімізді түгендеу тұрғы­сы­нан құны жоғары рулар туралы ақпарат ұлт­тық тұтастығымыз бен бірлігімізге, біре­гейлігімізге сызат түсірмеуі шарт. Рушыл­дық ұстанымды асыра дәріптеген азаматтың қателігін айтып отыру зиялы қауымның па­рызы. Қазақстан Республикасының мем­лекеттігін бекітуге міндетті рухани күш­тер­дің алдында осы елде тұратын азаматтардың бойына ұлты мен нәсіліне қарамай отан­сүйгіштік сезімді қалыптастыру міндеті тұр.
– Кеңес Одағы тұсында барынша тұм­ша­лан­ған ұлттық сана одақ тараған соң осы кеңіс­тіктегі барлық елде қайта жаңғыра бас­тады. Бұл үрдісті біздің ел де бастан кешіріп отыр. Ұлттық сананың жаңғыруы мем­ле­кет­шіл сананың қалыптасуына қаншалықты жол ашты?
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
– Кеңес одағы тараған соң ондағы бар­лық республиканы байланыстырып отыр­ған көпір үзілді, ендігі жерде ол рес­пуб­ли­каларға да, бізге де жаңа саяси кеңістікте арада байланыс орнататын соны дәнекер керек. Ондай дәнекер көбіне мәдениет, тіл, дәстүр. Алайда, осы аталғандардың барлығы да нақ біздің елде ұзақ уақыт «жаншылып» дамымай қалды. Ұлттық сананың құнды­лығы өте зор, ол азаматтық қоғам қалыптас­тыруға негіз бола алады. Бірақ біздің елде этноцентризм мен шовинизмнің өрістеп кетуінен қорқып, ұлттық сананың дамуына кү­дікпен қарау дағдысы бар. Ұлттық са­наның дамуына түсіністікпен қарау аза­маттық қоғамның дамуына жол ашатынын тарих өзі дәлелдеген, оның мысалын Еуропадан көруге болады.
Менің ойымша, ұлттық сананы жоққа шы­ғару немесе оған қысым жасауға тырысу, шектеу мен күстәналау оның өзін-өзі қорғау жолындағы агрессиясын, ашу-ызасын тудыруы мүмкін, ол кезде біз бір ұлтқа немесе этникалық топқа басымдық беру проблемасымен бетпе-бет келеміз. Көптеген ел­дердегі зерттеу жұмыстарының қорытын­ды­сы көрсеткендей, ұлттық сананың да­муынсыз азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Бірегей ұлт қалыптастыру жолында не­гізгі діңгек бола алатын – ортақ мәде­ниет­тің, ортақ құндылықтың, ортақ тілдің болмауы үлкен кедергі. Сол себепті ұлттық сана мен рулық санаға тым кінәм­шілдікпен қарау жалғаса берсе азаматтық қоғамның дамуы да тежеле бермек.
Азаматтық сана өте нәзік дүние, ол кез кел­ген уақытта «қирап қалуы» мүмкін. Мә­селен, Еуропада бұл сұрақ көптен бері еш­кімді мазаламаған, көпшілік өзін еуропалық немесе космополит санап жүр еді, алайда, Еуропаға Араб елдерінен ағылған миграция бұл сұрақтың маңыздылығын алға тартты. Бұл бізге «еуропалық» деген ұғымның діңі бос екенін және кез келген уақытта жойылып кетуі мүмкін екенін көрсетіп тұр. Қа­лай болғанда да дәл қазір бізге азаматтық са­наны қалыптасыру ұлттық сана мен ру­лық санаға қатысты мәселелерді шешіп бе­реді деп үміттенуге болмайды. Және бұл үш са­наның біздің күнделікті өмірімізде бір-бі­рімен жолығысып, кейде бәсекелесіп, кей­де озып, кейде қалып отырғаны қалыпты дү­ние деп санаймын.
Серік НҰРМҰРАТОВ:
– Ұлттық сананың өркендеуі тәуел­сіз­дік­тің саяси-экономикалық, мәдени тұр­ғы­да нығаю үрдістерімен қатар жүрді. Ұлт­тық сананың жаңғыруы мемлекеттік са­на­ның жаңа форматтағы құрылымының қа­лыптасуына мүмкіндік берді. Бұрын әлемнің дамыған өркениетті мемле­кет­тері­мен, түркі тілдес яки мұсылман елде­рі­мен тікелей қарым-қатынас жасау қиын болса, ен­ді оған ешқандай кедергі жоқ. Ілкіде шет­елдің жоғары оқу орындарына санаулы аза­маттар ғана іліксе, енді кез келген талапты азаматтың білім алып келуге мүмкіндігі бар. Шетелде өмір сүріп жатқан қазақ диас­по­расының өкілдеріне Атажұртқа қарай жол ашық. Елімізде өмір сүріп жатқан бір миллионға жуық қазақ шетелден осы тәуел­сіздік жылдары оралған екен. Бұл айтылған жайлардың барлығы қоғамдағы ұлттық сананың қанатын кең жайғанының көрінісі. Қазақстан тарихи маңызы бар халықаралық шараларды өзінің этносаяси кеңістігінде өткізуге қол жеткізді. Бұл еліміздегі азамат­тар­ды мемлекетшіл, отаншыл болуға ша­қыратын фактор. Әрине, ұлттық сананың еркін дамуына кедергі келтіретін жағдаяттар да аз емес. Мәселен, жаһандану үдерісінің әлемге таратып жатқан тұтынушы мәде­ниеті, ұлттық келбетті солғындататын ни­ги­листік әдеттерді жастарымыздың санасына сіңіріп жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл проблема Қазақстан ғана емес, сонымен қатар дамыған елдерге де әжептәуір рухани қауіп төндіріп отыр. Кез келген халық өзі­нің ұлттық мәдениетін жоғалтып алмауы керек, онсыз барлық қауымдастықтар жай ғана тұтынушылық мақсатты көздейтін тұр­ғындар санатына қосылады. Оған ұлт­тың ерекшелігін танытатын тіл де, дін де, діл де аса қажет болмай қалады. Адам­зат­тың болашағы үшін де, еліміздің мәдени кеңістігінде де «көптүрліліктің бірлігі» ұста­нымы басымдық еткенде ғана әлеу­меттік даму қарқын алады.
– Мемлекетшіл сананың бір арнаға то­ғысуы жалпы алғанда ұлттық бірегейлік идея­сын жүзеге асыруы мүмкін бе?
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
– Менің ойымша, басты идея мен үздік мақ­сат – Қазақстанның дамуы, ал оның қа­лай жүзеге асатыны жөнінде идея өте көп. Мен барлығымыздың бір идеяға байланып және бір сызықтың бойымен жүргенімізге қарсымын. Оған азаматтық сананың сәйкес болуы да міндет емес. Тағы да Еуропаның мы­салына жүгінсем, көптеген оқымыстылар еуропалық «Еуро одақ» жобасында «еу­ропа­лық» мүддені көздеп, ұлттық санадан бас тарту осы одақтағы бүгінгі проблемалардың тууына себеп болды деп санайды. Бұл жоба бойынша еуропалық бірлік пен еуропалық сана ұлт бірлігін (италяндық, неміс, француз) алға шығарады деген үміт болып еді. Алайда, өмір өз заңдылығын жасады. Сон­дықтан азаматтық сана мемлекеттің дамуына ұдайы ықпал ете алмайды. Меніңше, аза­маттық сана ұлттық санамен бірігіп екеуі­нің ықпалы қатар жүргенде ғана мем­лекеттің дамуына ықпал ете алады әрі Ұлт­тық сананың дамуынсыз азаматтық сана біздің елде көп нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Серік НҰРМҰРАТОВ:
– Ұлттық бірегейліктің қалыптасуына ық­пал ету кез келген мемлекеттің абыройлы міндеті. Шын мәнінде біртұтастыққа ұм­тылмайтын ел алауыздыққа, топ-топ болып өзара текетіресуге бейім тұрады. Мә­селен, Сирия мен Ауғанстандағы саяси-әлеуметтік жағдай осы ұлттық біртұтас­тық­тың болмауынан туындап отыр. Де­ген­­мен, қоғамдағы біртұтастық күшпен, ал­даумен, агрессиялық, қиратушы идеялар­дың көме­гі­мен жүзеге аспауы қажет. Қо­ғамдағы әрбір азаматтың таңдау құқығын құр­меттеу өркениеттілік белгісі. Қазіргі за­ман­да тек рухани құндылықтардың төңі­регіне қауымдасу, топтасу арқылы ғана діңі бе­рік қоғам қалыптастыруға болады. Қа­зақстан өзінің саяси, мәдени және ұлттық таң­дауын үйлесімді даму жолына қарай өр­бітуге ниетті. Осы қадамның нәтижелі бол­уы үшін әрбір азаматтың шынайы бел­сенділігі қажет-ақ.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір