Ақ самал ақын жанын тербеткенде…
05.05.2017
1866
0

Ғалым Қалибекұлы


АТАЖҰРТ
Естисің бе, есіл мекен,
жүрегімнің дүрсілін.
Сен – саялы бәйтерексің,
Мен – бүр атқан бүршігің.
Сенің түйір тасыңды да
сағынбасам кіммін мен!
Көңілімнің төріндесің
Атажұртым – Күршімім.

Ән тербеген киелі жер,
жырға қосқан ақындар,
Саған деген махаббатым
Жалын болып лапылдар.
Бабамыздың қаныменен
бізге жеткен құт өлке,
Ит сарыған шиіңді де
аялауға хақым бар.

Еліңді де, жеріңді де
сүйіп өтем өлмесем,
Жер бетінде жалғызым – сен,
бақытым – сен,
Кен де – сен…
Құм бораған бораныңды
ақ самалға балаймын,
Сор татыған бұлақтарың
бал татиды шөлдесем.

Пешенеме жазған бақыт,
Тәңір берген сыйымсың.
Тұз жаласын дұшпандарым,
ағайын-дос сүйінсін.
Мойнымдағы бойтұмарым –
Қасиетті Күршімім,
Сенің алтын топырағың
дәм біткенде бұйырсын!

«ҒАНИ САЛ»
Тарпаң тағдыр бізді де салды ағысқа,
Бұл аңыз – кешегіден қалған нұсқа.
Ғанидың күнде айтатын бір әні бар:
«Жылқымды айдап салдым «Жалқамысқа»…

Астында Ғани салдың кершолағы,
Алдында сартап болған жол сорабы.
Қолында бұзау тісті дырау қамшы,
Қысы-жаз ел кезеді, жер шолады…

Жүреді үй қыдырып, жұртын сынап,
Біреудің тонын киіп, мүлкін сұрап.
«Халықтың адамы ғой Ғаниым» деп,
Ахат шал отырады мұртын сылап.

«Көзінің қарасын да, аласын да»,
Есіл қарт бағалайтын бар асылға.
Қырыққа жасы келген сүр бойдаққа,
Көк етікті ұрғашы қарасын ба!

Сомадай жалғыз ұлы – мақтанары,
Қыдырып қайсы жақтан бақ табады.
Ұлына «қатын ал» деп қақсай-қақсай,
Ахат шал бақилыққа аттанады.

Жын ұрды қай тараптан, кім үшкірді,
Кәрі бойдақ күтпеген бір іс қылды:
Айды аспанға шығарды шаңқай түсте,
Бес баламен қатын ғып Ырыскүлді.

Есірген тұтам күндік алданышқа,
Ғанидың серілігі қалды алыста.
Бес бала мен қатынын арбаға сап,
Зым-зия көшіп кетті «Жалқамысқа».

Көбейді дүйім жұрттың таңғалысы,
Осылай болады екен жалған ісі.
Ғаниды содан қайтып көргендер жоқ,
Ит білсін,
қай түкпірде «Жалқамысы»?!

БІР ТҮП ЕМЕН
Ж.Бөдешке
Ілкідегі ақжауын сіркіреген,
Күздің желі жер-көкті сілкілеген.
Жар қабақта ілініп тамырына
Ұшып кете жаздайды бір түп емен.

Бір түп емен
Қиылса қыршынынан,
Қажет болмай қалады-ау күн-шұғылаң.
Жоным тосып дауылға мен де келем,
Жолым болмай тағдырдың қырсығынан.

Желге қарсы сен-дағы қырсығасың,
Тұншығасың, тірлікке құлшынасың.
Қайсарлығым менің де кімге керек,
Мың бұралып тұрсаң да бір сынасың.

Қу жаныңның білемін сірі екенін,
Көнтерінің мен-дағы бірі екенмін.
Сен менің тағдырыммен егіз болсаң,
Мен сенің қасиетіңді жыр етемін.

Жұлынбасын тамырың,
Бір түп емен,
Мен де сендей тәңірден нұр тілегем.
Күз өтіп, көктем келсе тірілерсің,
Маған да медет болар, мүмкін өлең!

ШЕШУІ ЖОҚ ЖҰМБАҚ
«Бүгін тәңертең Алматыда
16 жастағы ару биік көпірден секіріп мерт болды…».
(Жаңалықтардан).

Қан құсты жас шайырдың қаламынан,
Қар жауды Алатаудың қабағынан.
Қапыда аяқталды қыршын ғұмыр,
Үзіліп түсті бір гүл сабағынан.

Үзілді бір жапырақ жел үрлеген,
Қабырғам қайысады сөгілмеген.
Ажалға құшақ ашқан, қарағым-ай!
Осы ма бағасы жоқ өмір деген!?

Бір жусан айырылды көк бүртіктен,
Бір тамшы сырғып түсті от кірпіктен.
Өлімді құлай сүйді періште-қыз,
Ойпыр-ай қандай сұмдық көпті үркіткен!

Жетелеп алып кетті сырғасынан,
Бір сәуле ағып түсті күнге асылған.
Жұмбағын жас арудың шешпесек те,
Көреміз жас қабірді қыр басынан.

Ел едік берекесі шайқалмаған,
Кезіп жүр жын-шайтандар қайқаңдаған…
Осындай шешуі жоқ жұмбақтармен
Қажытты қайырымсыз сайқал заман!

ЖОРҒАТОРЫ
Жайлаудың жасыл сонысы –
Бабамның ескі қонысы.
Түсіме жиі кіреді
Әкемнің Жорғаторысы.

Еске алып бала кезімді,
Сарсаңға салдым сезімді.
Жорғаторымен жүретін
Сағындым, әке, өзіңді.

Дариға-дәурен өтті күн,
Өтті күн – қайғы-шаттығым.
Қормал әке де жоқ бүгін,
Жорғаторы да жоқ бүгін.

Әкеден қалған бір белгі –
Береке қонған отбасы.
Торыдан қалған бір белгі –
Таспалап өрген ноқтасы.

АҚКҮНГЕЙТІ. АҚЫН НҮКЕН
«Дүние – сен ақ қоян секеңдеген…»,
Төсіңде сайран салып өтем деп ем.
Ақын көрдім ақ жүрек Нүкен деген,
Ақкүнгейті жайлауын мекендеген.

Бойыңнан мін таппадым тарыдайын,
Алдыңнан туа берсін жарық айың.
Самырсын саптаяқпен жұтып тұрмын,
Сап-сары қымыз емес – сарыуайым.

Еруміз сауырында пұшық қырдың,
Әзілмен түйрейді кеп пысық құрбым.
Нүкен дос сары қымыз құйып тұрдың,
Мен сенің көз жасыңды ішіп тұрдым.

Сен мынау белжайлаудың егесі едің,
Еңсең түсіп езілді емешегің.
Ақкүнгейті басында қоштасқанда,
Жанарың жасқа толды неге сенің?!

Ақ самал ақын жанын тербеткенде,
Сағыныш көздің жасын селдеткенде…
Көңілің тыншымайды-ау біз кеткенде,
Ойжайлау құлазиды-ау ел кеткенде.

Уақыт жетпесе де сырласуға,
Тең болды бір күніміз – бір ғасырға.
Ақкүнгейті аспаны жылап тұрды,
Қол бұлғап Нүкен қалды қыр басында…

КӨЗ ЖАСЫ
Саздау жерге тамыр тартқан шоқ талдай –
Бір әкеден төртеу едік соқталдай.
Қарсы жүріп дауылдарға есейдік,
Өмір-өзен ағып жатты тоқталмай.

Төрт ұл барда төрт құбыла тең еді,
Жотасынан атан аспас бел еді…
Бір ұлынан айырылғанда әкешім
Құзға соқты жел айдаған кемені.

Үш ұл қалдық үш бұтындай ошақтың,
Жазымышқа мен де егесіп тас аттым.
Әжем өтті,
Әкем өтті онан соң…
Сиреп кеттік қалдығындай масақтың.

Асау тағдыр мың шиырға салса да,
Жанарымды улы жасқа малса да…
Тасқа айналып кетер болды жүрегім
Ет жақыннан айырылған соң қаншама.

Бәрін-бәрін көріп келді өз басым,
Тән жүдесе, төзіміміз тозбасын.
Анам аман болсыншы деп тілеймін,
Балалардың көрмейін деп көз жасын…

АНА
Анашым,
Сен не деген көркем едің!
Қадіріңді кеш білген еркең едім.
Тентектігім шегінен асып кетіп,
Күйдіріп ем жаныңды
өртеп едім.

Мен бүгін өмір атты сапардамын,
Тілегім – таусылмасын татар дәмің.
Ойлаушы ем: «Меккеге де жеткізем» деп,
Мына тұрған Түргенге апармадым.

Мәз болдың ұрпағымыз бүр жарғанда,
Шаттандым жанарыңда нұр жанғанда.
Сен мені әлі сүйреп келесің ғой,
Мен саған не көрсеттім бұл жалғанда?!

Өзіңсіз зәу биікке самғасам да,
Жол таппай аласұрдым анда-санда.
Мен саған гүлден басқа не сыйладым,
Сен маған ғұмырыңды арнасаң да…

ТӨРТ ТІРЕК
Әкемнің қарындастарына

Жанының жайлауына еру қонып,
Жүргенде қызғыш құстай көлін қорып…
Әкені сансыратып кеттіңдер ғой,
Төртеуің төрт ауылға келін болып.

Мәз болып оралғандай би кешінен,
Көштіңдер ұлы өмірдің күймесімен.
Адасқан жолаушыдай ақ боранда,
Мен-дағы ойпыл-тойпыл күй кешіп ем.

Жан әкем арамыздан ерте кетіп,
Келемін үмітімді желкен етіп.
Басымнан сипасаңдар мәз боламын,
«Ағаға тартқан ұл» деп еркелетіп.

Білмеймін не боларын ертеңімді,
Хат жазсам қаламымнан шер төгілді.
Сағынып жүргенімді кімге айтамын,
Жанымдай жақсы көрген төртеуіңді.

Білемін сынған айна құралмасын,
Бәрің де ақ тілек пен дұғамдасың.
Төртеуің келіңдерші төркіншілеп,
Әкемнің әруағы бір аунасын!

АҚЫРЗАМАН
Бұл өзі қандай наурыз –
Қандай көктем?!
Дүниені шөл басты
таңдай кепкен.
Баянсыз мына дәурен өтіп жатыр,
Бұлтындай Алатаудың
тамбай кеткен.

Көктемнің қызық болды
алданғаны –
Шілде келіп,
тірі жан тал қармады.
Көктөбенің бауыры күйіп кетті,
Алатаудың басында қар қалмады.

Мына жұрт шоқ шайнай ма,
от қармай ма,
(Арыстан не істесін шапқанда айға).
Көк аспан төңкеріліп кетті, білем,
Баяғы тамыз қайда,
ақпан қайда?..

Сәні кетті көктемнің,
сары күздің,
Жасауындай қуарды кәрі қыздың.
«Ақырзаман туады», – деді бір шал,
Өз басыңа көрінсін,
Кәрі құзғын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір