Батырлар бейнесін сомдаған
05.05.2017
1785
0

Смағұл Елубаев


Асанәлі Әшімов. Әйгілі есім. Атақ-даңқы айтпасақ та жеткілікті. Алаш жұртына әспетті. Алайда, әркімнің өз Асанәлісі бар, өзі қалыптастырған. Сондай бейне бізде де бар. Ол қандай? Ол – «Атаманның ақырындағы» чекист Чадьяров. Біздіңше актер жұлдызы осы бейнемен жарқырады. Ұлттың рухани көгіне көтерілді. Және содан бері бір сөнген емес. Тағдыр ғой. Сонау 70-ші жылдар басында бір фильмде тамаша драматургия, тәжірибелі режиссура, талантты актер бір жобада тоғысты. Нәтижесінде экранда толағай тұлға туылды. Ол – Асанәлі сомдаған сұрапыл чекист бейнесі. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батыр. Жырларымызда бар, бірақ экранда өз деңгейінде әлі де әдіптелмеген батыр бейнесі. Біз сияқты жастар болса қиялымызда кітаптан оқыған Алпамыс, Қобыланды, Қамбар тәрізді батыр болсақ деп өстік. Еліктеу үшін үлгі іздедік көзге көрінетін. Бірақ ондай батырлар кітапта бар болса да, экранда жоқ еді. Өнеріміздің бір олқылығы осы еді.
Сондықтан экранға Асанәлі – Чадьяров шыққанда, біз оны өзіміз қиялда тербеткен қазақ ба­тырларындай қарсы алдық. Фи­льм жеті басты жыландай айла­кер жауын жайратқан чекис­тің елге оралуымен аяқталады. Сүлік­торысын аяңдатып келе жат­қан батырдың алдынан жүгі­ріп құс­тай ұшып жары шығады. Қандай эпикалық финал! Батырлар жыры тура! Алпамыс болу­ды аңсаған, Қобыланды болу­ды көксеген біздерге сол ба­тыр­­лар экранда тіріліп келе жат­қандай көрінді.Бала қиялы­мыз­ды тербеген бейне көзге көрін­ген еді сөйтіп. Чекист бей­не­сінде болса да.
Ол тұс – 70-ші жылдары елі­міз еңсе көтере алмай отырған шақ, еркіндіктің жоғынан. Сон­дықтан бізге, әсіресе жастарға, батырлар керек еді, рухымызды көтеретін. Үлгі болатын. Сондай батырлар арамыздан шықса, оны ту қылып төбемізге көтеруге да­йын едік. Ке­шегі ақ сүйек ашар­шылық, алапат репрессиядан кейін қазақ санасы бір сілкінуді, серпілуді, жаңғыруды аңсайтын. Езіле бермей еңсе көтергісі келетін. То­та­ли­­тарлық тоқырау тұманынан шыққысы келетін. Ел бастайтын көсем, қол бастайтын батырларды аңсайтын, ең болмаса соларды экраннан көрсек деп. Асанәлі сомдаған батыр қазақ бейнесі дер кезінде сол сұранысқа сай келді.
Асанәлі «Қыз Жібек» филь­м­ін­де тағы бір эпикалық батырды алып шықты экранға. Сонымен көрермен көңілінде Асанәлі актер мен Асанәлі батыр бейнесі ­біте қайнасты, бірге орнады.Эпи­калық дәуірден шыққан хал­қы­мыз актер тұлғасын, сөйтіп, өзі аңсаған батырлар бейнесіне ба­ла­ды. Актерге деген халық махаб­баты астарында мінеки осын­дай эпикалық батырла­ры­ның аң­­саған халық сағынышы жатты.
Героикалық дәуірді аңсау, шынтуайтына келгенде, жалғыз қа­заққа ғана тән емес, жалпы әл­ем халықтарына да тән құбы­лыс екен. Оны бүгінгі Голливуд ки­ноларынан көреміз. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын супермендер сондықтан да Голливуд экшндерінің басты кейіпкерлері. Арнольд Шварц­неггер, Сильвестер Сталлоне, Джеки Чан, Стивен Сигал, Денни Трехо, Ван Дамм. Қарап отыр­сақ, бұлар бүгінгі зұлымдық­тар­мен алысып жүрген тура бая­­­ғы­ның батырлары.
Қазақ көрермендері әлі де өз батырларын аңсаумен келеді. Ел қорғаған ерлерін көксеумен ке­леді. Тарихи фильмдердің сұра­ныс­қа ие болып отыру себебі со­дан. Сондай батырлар арагідік экранға шыға қалса, халық жапырыла көретіні содан. Экранда қазақ батырларының образын сомдаған Асанәлі актерін алаш сондықтан сүйді.
Осыдан он жыл бұрын Алма­ты­дағы Республика Сарайында – Еуразия кинофестивалі аясында Асанәлі Әшімовтің 70 жыл­дығын ұлықтау болды. Конференция атышулы мерейтой иесін сахнаға шақырғанда, кісі лық толы алып зал аяғынан тік тұрып, ұзақ қол соғып тұрып ал­ды. Аяулы актерге деген ағыл-тегіл халық құрметі еді бұл. Батыр қазақты сомдағаны үшін оған білдірген алғысы еді.
Атышулы актер көрермен құрметіне бөленген чекист Ча­дья­ров тағдырын «Транссібір экс­п­ресі», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильм­дерінде одан әрі жал­ғас­тырды. Бұл саганың соңғысы – Голливудтік стильде түсірілген «Сіз кімсіз, Ка мырза?» экшні. Бұл – әйгілі чекистің егде тартқан шағында елге оралу тарихы. Ту­ған топырағына оралған қазақ батыры жасы егде тартқанына қарамастан әділет үшін арыстанша арпалысады. Өз елінде бас кө­терген жаңа заман мафияларымен майдандасады. Ақша дегенде атасын сататын кәззап­тар­мен жекпе-жекке түседі. Чекистің аты – чекист. Туған топырағына табынған Ка мырза қылмысты топтың талқанын шығарады. Қыры кетсе де, сыны кетпеген сапа­лы қазақ бейнесін бұл фильм­де де мінсіз алып шықты Асаға. Егер актер сапалы қазақ болмаса, сапалы қазақ рөлін қа­лай шығармақ? Егер, актер өмірде қорқақ болса, экранда батыр қа­зақ рөлін қалай сомдамақ? Осы жерде біз актер тұлғасына қатыс­ты бір теория үстінен шығып отырмыз. Актер ірі болмай, оның ойнаған рөлі де ірі болмайтынын байқап отырмыз. Демек, актер рухы мықты болмай, ол ойнаған кейіпкерлер рухы да мықты болмайды. Демек, актер сапалы бол­май, ол ойнаған кейіпкер де сапалы болмайды. Айналып кел­ген­де қазақ актері – әлем ал­дына шық­қан бүгінгі қазақ бей­несі. Үлкен экрандағы ұлт ел­шісі. Ұлтты та­ныту­дағы кино­ның үлкен жауап­кершілігі осында.
Бүгінде актер Әшімов, өзінің сексенге толған жасында, батыр чекист бейнесін тағы да экранға алып шығуға кірісіп жүр. Бұ жо­лы актер мақсаты – қарт батыр­дың кәрілік шағын сомдау. Жаңа кино жобада күллі ғұмырын шетелде өткізген әйгілі чекист қарт­тық шағын өз елінде өткізіп жатады. Ел­ден жырақ жапан дүзде ауа райын қадағалайтын бекетте жападан жалғыз тұрып жатады. Өмірде көрмегені жоқ, білмегені жоқ абыз кәрия оңаша ой кешеді; оны адам тағдыры, әлем тағдыры толғандырады. Санасында сәуе­гей­лік те оянған. Жұрт оны ақы­лы­нан алжасқан әпенді дейді. Ал шынында, бұ шалдың бойы тұнған даналық. Бүгінгі қоғамы­мыз шалдыққан қаныпезерлік, айналып келіп ай­далада жүрген кәрі чекисті та­бады. Шырқын бұзады. Алқым­нан алады. Алайда, бұндайдың талайын көрген чекист әділетсіз­дікті алқымнан алады. Зұлымдық­тың қолқасын суырып қолына береді.
Театр – актер өнерінің үлкен бір өрісі. Ол – сахнада сомдалған бейнелер әлемі. Ұлан-ғайыр әлем. Ол әлемнің есігін ашуға жү­рек­сін­дік. Оның есесіне айтулы тұл­ға­ның өзімізге жақын тағы бір қырына тоқтадық. Ол – Ас­-
а­ғаның қаламгерлік қыры. Қалам­­герлік – осынау өнер иесі­нің соң­ғы жылдары өрнектеп келе жатқан жаңа бір қыры. Оның ішінде де күнделік жанры. Бірақ Асанәлі күнделігі біздің клас­си­калық түсінігіміздегі эпис­толяр­лық жанрдан гөрі бас­қаша. Бұ күнделік күнделігі оңаша ой­толғауға ойыса береді. Адам, заман, қоғам туралы ой толғауға ауыса береді. Және сонысымен сүйкімді. Сонысымен де тәлімдік, тәрбиелік жүгі ауыр.
Осынша жасқа келген, кино мен театрдан осыншама тәжірибе жинаған кумирінен жас ұрпақ, әрине, үлгі күтеді. Сабақ күтеді. Сол сабақ, өмір сабағын абыз ак­тер күнделік беттерінде кең тарқатады. Қараңыз:
«Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүдде, мұра­тын көздейді. Талантты биіктете­тін намыс екінің бірінде жоқ. Патриоттық негізі – намыс». «Халыққа сенің атақ-даңқ, дақ­пыр­тың керек емес. Елді текті өнер басқарады. Өзіңді-өзің жиі сынамасаң, қажет болса отқа да, суға да түспесең, жақсы актер болу мүмкін емес». «Актер таза­лық­­ты, шындықты кішкентай бала­дан үйренуі керек». «Мені халық кинода сомдаған кейіпкер­ле­рім арқылы сүйді, басына кө­тер­ді». «Бізді құртып жүргені қа­зақ болғанына намыстанатындар шықты. Бұл дегеніңіз – надан­дық, түп тамырыңа балта шап­қан­дық. Өзінің тілін білмей жа­тып мәде­ниет­ті болғысы ке­леді, өзгеге үй­рет­кісі келеді. Ондай­ларды суқаным сүймейді». «Бір әйел адам жалаңаштана бас­таса, ұлт жалаңаштана бастайды». «Айналама қараймын. Қа­рай­мын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұр­пақ өсіп келе жат­қандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құн­ды­лық­тарға бай біз, ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаң­дай­­мын». «Адам­дардың пейілі, түсінігі, ішкі мәдениеті, туа біт­кен, ананың ақ сүтімен келген мейірім азайып барады. Осыдан қауіп­тенем». «Кішкентай балам­ның тағдыры не болады деп күйз­елем. Біреуге құл болып жүре ме? Жүрегім шыңылдайды соған».
Бұл – Асанәлі әлемінің бір қыры. Қағазға түскен абыздық қыры. Әйгілі актерді халқына од­ан бетер жақындата түсетін және ол туралы түсінігімізді терең­дете тү­сетін қыры. Оның әдебиетке деген ықыласы тіптен ерекше. Қазақ әде­биетінің жақсы үлгілерін насихаттаудан жалық­пайды. Жүр­генов ака­демиясының профессоры ре­тінде ол студент шәкірт­теріне әдеби шығармалар­ды көп оқыта­ды.
Осы күнделігінде Асаға әдемі картаю туралы ой қозғайды. Біз болсақ, ізін басқан інілері, әдемі қартаюды осы Асағаның өзінен үйреніп жүрміз. Үйренерлік үлгісі жетеді. Асып-таспайды. Кіші­пейіл үлкенге де, кішіге де. Ша­ма­­сы келсе қол ұшын береді, үл­кенге де, кішіге де. Әріптес­тері­нің жақ­сы­сына қуана біледі. Қолдап-қолпаштай жүреді. Ағалық пейілі кең. Тарылмайды. Алдымен жақ­сылықты көреді. Осының бәрі білгенге өнеге. Жастар үшін мектеп. Асанәлі мектебі. Біз үшін, өнер сүйер қауым үшін Асанәлі­дей біртуар абыз ағаның арамызда жүргенінің өзі байлық. Ал­ла та­ғала оның ғұмыр жасын ұзақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір