Әшірәлі
28.04.2017
2041
0

Омар ҚЫЙҚЫМОВ,
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


«Кішкентай ауыл» қойылымы. Демесін – Әшірәлі Кенжеев. Бала – Арыстан Омарұлы.

Мен білетін Әшірәлі

Үзік-үзік сәттерден тұратын өт­кен өмір еміс-еміс естеліктерден қа­йта құралады. Ойлап қарасаң, адам өмірі ақша қарға басқан табан­ның ізі іспеттес. Күн шыға еріп кете­тін наурыздың қары секілді, бү­гін бар да ертең жоқ. Бірақ к­і­сі­нің­ ет­кен еңбек, төккен тері мен айналасына жасаған жақсылығы, өнеге боларлық адамгершілігі мен иманы, ары артқа тастаған тәрбие-тәлімі болса, ол кейінгі буын ұр­пақтың есінде қалады.
Мен білетін Әшкөн аға (Әші­р­-
ә­ліні інілері осылай атайтын) осы қа­сиеттердің бәріне лайық жан еді. Сексенінші жылдары әскери борышымды өтеп, елге оралған соң оқуым­ды жалғастырдым. Әшірәлі есімін сол кезде біле бастадым. Ағамыздың қылшылдаған жас деуге келмейтін, жігіт ағасы қата­рына қосылып қалған шағы. Қараса көз тоярлық зіңгіттей, қыран қабақ, қою қара қасты, қара мұртты, дөң­ге­лек жүзді, қызыл шырайлы сымбатты жігіт. Түр-тұлғасы, бітім-болмысы нағыз сахнаға лайық азамат болатын. Байқап қарасам, ағамыз киноға да түскен, бірақ саналы ғұмырының көбін сахнаға арнаған жан.
«Ол кездері біздер – шыбық,
сен – терек,
Маңайыңда жүруші едік еркелеп», –
деп, артынан ерген біз інілік қал­жың-әзілмен ағамызға еркелейтін едік. Мен білетін Әшірәлі ағам көз алдыма осылай келеді. Ол кезде ағамыз қатарластарының қасында салмақты, сабырлы, байыпты, байсалды көрінетін. Кей адамдардың сыртқы келбеті мен ішкі дүниесі мүлде қабыспай, түсініксіз көріне­тіні рас. Ал Әшкөн ағамен араласа келе, сыртқы келбеті қандай сымбатты болса, ішкі дүниесі де сондай рухани байлыққа толы жан екені аң­ға­рылып тұратын. Қандай жағ­дай болсын бәрін асықпай таразылап, ақылға жеңдіріп шешетін. Ұшып-қону, тыз етпе мінез о кісіде атымен болмайтын. Қара ағаштай қайсар еді. Етінен ет кесіп алса, беті бүлк етпейтіннің өзі болатын. Көңі­ліне жақпай қалсаң, бар айтатын зілді сөзі: «Ой, ішіңді ұрайын!», – деп жүре беретін. Аздап домбыра шер­тетін, кереметтей әнші болмаса да, өзіне тән бояуы бар бала жұбатар әншілігі бар-тын.
Ал енді сол кезде қараған көздің жауын алып, төңірегі таңдай қаға тамсанатын, талантты актриса, тамаша әнші, лауазым-атақтан да кенде емес, айналасына өнерімен аты шығып қалған Торғын апайдың Әшкен ағамыздың етегінен ұстауы бекер емес қой. Әшекеңнің адамгер­шлігі, азаматтығы, пайым-парас­а­т­ты­ның кемелдігіне қарап, ғашық болған шығар деп ой түйесің. Екеуі айдында жүзген қос аққудай жұп­та­ры жарасып, қараған жанның кө­зін тойдыратын. Бұлар орталарына абыройлы, беделді отбасы болды.
«Көз тиеді, көз тимесе сөз тиеді» деген сияқты кейде Әшкөн ағама көз тиді ме деп ойлап қаласың. Мүмкін бұл ойым пендешілік шы­ғар. «Жаратқанға да жақсы керек» дейді ғой. Пешенесіне жазылған ғұмыр осы болар. Сәндеп қыз, әр­леп ұл тәрбиеледі. Өмір болған соң өкінішсіз тағы болмайды. Өкініш­тісі сол, Әшкөн ағам өзі желкілдетіп өсірген ұл қыздарының қызығын енді көремін дегенде татар дәмі таусылды.
Мен білетін көрнекті актер, Қа­зақстанның Халық әртісі Әшірәлі Кенжеев осындай адам еді.

Өнер жолымыз

Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылына гастрольдік сапар. 1984 ж.

1982 жылы оқуымды тәмамдап, қазақ өнерінің қара шаңырағы аталатын Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актерлар сапына жұмысқа қабылдандым. Бұл шаңы­рақта жұмыс істеу әр актердің арманы екені рас. Сол бақ маған бұ­йыр­ды. Құдайға шүкір, осы күнге дейін қызмет етіп келемін. Театр актері болған соң Әшкөн ағаммен бұрынғыдан бетер жақын, қоян-қолтық араласа бастадым.
Театр деген үлкен бір әулет. Қасиетті шаңырақ. Сан тағдырлы, сан түрлі өзіндік ерекшеліктері бар көп жанды отбасы секілді. Сахнада бірің әке, бірің бала, бірің дос, бірің ана, бірің жау болып ойнап, біте қайнасып өнер-өмір сүресің.
Әшкөн ағамды жақын тануым­ның, жақсы білуімнің бастауы гастрольдік сапарлардан басталды. Әке де баласын жолда сынайды. Бірде Халық әртісі Бикен Римова апайдың 60 жасқа толған мерейтойына Талдықорған облысына сапарға шықтық. Ойлап қарасам, сол сапарға шыққан аға-апаларым­ның ішінде қазір көзі тірісі – Торғын әпкем, Астана жастар театрында қызмет атқарып жүрген Бекболат Құрманқожаев, жолдасы – Нұрзада Тәшімова және мен – жер басып жүр екенбіз. Сол сапарда бірге болған Бикен Римова, Хабиба Елебекова, Ғабдолла Сүлейменов, Есболған Жайсаңбаев, Уайс Сұл­тан­­ғазин, Шырынбек Сұлтанханов секілді апа-ағаларымыз ана дү­ниенің табалдырығын әлдеқашан аттаған. Жатқан жерлері жайлы болсын. Осы сапар маған үлкендер­дің тарапынан сын, өзіме өмірлік сабақ болды. Бұл менің гастрольдік жолымның тұңғыш қадамы бол­ғандықтан есімде жақсы сақталып қалды.
Осыдан ары қарай гастрольдік сапарлар жалғаса берді. Кейін бай­тақ Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Театр сахнасындағы жұмыс барысымен гастрольдік са­пардағы қойылымдардың арасында үлкен айырмашылық бар. Екеуі екі бөлек әлем десе де болғандай. Жолда қалып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып дегендей қызық-шыжығы мол сол күндерді кейде сағынасың. Кімнің кім екені сол кезде тайға таңба басқандай білінеді.
Бірде Торғай облысын 52 градус ыстықта бір ай аралағанымыз бар. Абай – Әйгерім спектаклі. Әшкөн аға Абайды, мен оның досы Ерболды ойнадым. Әшкөн аға табиғаты­нан тершең еді. Бұл қойылымда қатары­нан бес алты рет киім ауыстыратын жері бар. Сонымен қатар, екі-үш киім қабаттап киетін де жерлері бар. Сонда Әшкөн аға түгел киініп шыға­тын. Жұмысына атүсті қара­май­тын, соншалықты бір ұқыпты жан еді. Кей қойылымдар қырман басында немесе қос қасын­да шыбын шіркей жегеніне қарамай, екі бағананың ортасына палатка тартып, сахна жасап, қойылым көр­сеткен кездеріміз болды. Сондай шақта Әшкөн ағаның сахнаға деген адалдығы мен көрерменге деген көңілінің тазалығын көріп, спектакль көруге келген жұрттың азы мен көбі, үлкені мен кішісі болмай­тындығын аңғардым. Қай жерде болсын қара шаңырақтың сахнасында тұрғандай, барын салып беріліп ойнайтын. Осыдан түйге­нім, ол кісінің сахнаға, көрерменге деген жанкештілігі қанына сіңген қа­сиеті екен. Әшкөн ағаның тағы бір қыры – көп актердің қолынан келе бер­мейтін жағдай, гримді өзі салатын. Бізде мықты грим салғыш Виктор Алексеевич Шербаков деген шебер болды. Сол кісінің бір рет салып берген гримін әрі қарай кө­шіріп, өзі сала беретін. Тіпті, кейде қасындағы әріптестерінің порт­рет­тік күрделі гримін салып жататын. Аға­мыз­дың гримге де жеңіл-желпі қараған кезін көрмеппін. Бұл – оның театрға деген шексіз махаббаты еді. Кей күндері күніне үш-төрт қойылым болады. Мектеп балаларына жеке қоямыз. Осындай қойылым­дармен жүргенде сағат түнгі бір-екілерді со­ғады. Енді бізді бас­қаша үлкен қойылым күтіп тұ­рады. Яғни халқымыздың аса қа­дірлі қасиеттерінің бірі – қо­нақ күту қойылымы. Сол қонақ­жай­лылықтың һәм қонақ болудың өзі үлкен мектеп. Күту­ші­лердің сенің шаршағаның­нан, болмаса ұйқың келіп тұрғанында шаруасы жоқ, түннің ортасы болса да дастар­қанын жайып, құшағын ашып
отырады. Ондай кезде шаршаған кейіп танытсаң, Әшкөн ағамның алара бір қарағанынан кейін лезде бойыңды түзейсің. Ағамның жүзі­нен шаршаған-шалдық­қан­дық­тың белгісі білінбейтін. Ол дас­тар­қан басының да сәні мен салтанатына айналып жүре беретін. Қонақта отыр­ғанда, алдымызға табақ тар­тылған кезде, оның ай­нала­сын­дағыларға мүше тартуында да терең қазақы білгірлік жататын. Ет турап, қазы-қарта кесуінің өзінде де бір ерекше мәдениет бар еді. Мұның өзі бізге үлгі, өнеге болды. Арасында домбыраға қол созып, оған Торғын әпкеміз қосылып, жұбымен жарасып ән салып, отырысты қызды­ра­тын еді. Ағаның бойында қазақы аңқаулығына жомарттығын қос­саңыз – тумысы бөлектігін тани түсесіз. Сапарда жү­ріп, кей кезде жастық желік буып, анда-санда ауыл жастарымен отырыс ұйым­дастырамыз. Бір күні сондай кезекті отырысымыздың бірінде Әшкөн ағамызды Торғын әпкемізге білдір­мей шақырып алдық. Арамызда сол төңіректе танысқан «құрбы­ла­рымыз» бар. Ішінде Әшкеңе жасы да қарайлас және ағамызға көзі түскен ең әдемі келіншек аздап әнші­ліктен де құралақан емес екен. Отырыс қыза түсті. Ол ауылдың алты аузын айтып, тамылжыта ән салды. Әнді тыңдап, тұңғиыққа батып кеткен Әшкөн аға кенет басын жұлқа көтеріп, шетте отырған бір жігітке тәтеңді шақырып келші демесі бар ма. Бәріміз аң-таңбыз. Амал жоқ, жаңағы жігіт Торғын әпкемізді ертіп келді. Әшкөн аға:
– Төке, мына қыздың дауысына құлақ салшы, – дегені. Артынан әнге Торғын әпкеміз де қосылды. Жұрт аузы аңқиып тыңдап, қыс­қа­сы, таңды әнмен атырдық. Содан түсінгенім, Әшкөн ағамыз өнерге қандай адал болса, Торғын әпке­мізге де адалдығы сондай екен.

Ырза көңілдің мырзалығы

Жомарттығына келетін болсақ, бір күні газет қарап отырсам, Әш­көн ағадан аумайтын бір полков­ник­тің суретін көрдім. Тура сойып қаптап қойғандай, дәл өзі. Ерінбей суретті қиып алдым да, мынадай өл­ең жаздым:
«Жарқ етіп көзге ұрады таныс бейне,
Әшекең мент болып тағы істей ме.
Бес минутсыз генерал бола тұра,
Білмеймін, көк іш дей ме, ақ іш дей ме».
Риза болған Әшкөн ағамыз қалтасына қолын сүңгітіп жіберді. Тағы бірде Уайс құрдасы бастаған бір топ жігіттер Әшкөн ағаны «айналдырып» тұр екен. Ол кісі көнер емес. Қастарына келдім де өлеңдетіп қоя бердім:
«Атаңыз мың жылқыны айдап өткен,
Әшеке, биік ең ғой майда көптен.
Бабаңыз әл-Фараби, әкең Кенже,
Жүректің жомарттығы
қайда кеткен?..».
Әшкеңнің ырза көңілі мыр­залыққа ойысты. Арты ұлан-асыр тойға ұласты. Ақ көйлек, ардың көңіл қайран ағамызда мұндай той­дың талайы болды. Өмірден кетсе де көңілден кетпес, түнекке кетсе де, жүректен кетпес бұл да Әшкөн ағаның сөз жейтіндігінің, сөз қадірін білетіндігінің белгісі еді.
Мен Әшкөн ағаның қай рөлді қалай жасағаны, қай образды қай деңгейге көтергенін саралап, жай-жапсарын жіктеп беретін сын саласының маманы емеспін. Алайда, Бикен Римова апамыздың: «Аб­ай – Әйгерімді» Әшірәлі мен Тор­ғынға арнап жаздым», – дегенін та­лай естігем. Демек, сұңғыла апа­мыздың Әшірәлінің бойы мен ойынан данышпан Абайдың бейнесін тап басып танығаны хақ. Әшкөн сомдаған Абай (Б.Римова «Абай – Әйгерім»), Қозы (Ғ.Мүсіре­пов «Қозы көрпеш – Баян сұлу») Оразқұл (Ш.Айтматов «Ақ кеме») Алшағыр (М.Әуезов «Қобыланды»)Баймағанбет (Н.Әбутәліпов «Өттің дүние…») Демесін (Д.Исабеков «Кішкентай ауыл»), тағы басқа рөлдерін қарасаңыз табиғаты, мі­незі, өзіндік көзқарасы, туын­ды­лық мені жағынан қандай қарама-қайшы кереғар болса, актердің танымдылық талғамы арқылы со­ны образдар бір-біріне ұқсамайтын мүлде жат бейнелер өрілді. Бұл деген сөз, Әшірәлі Кенжеевтің актер­лік диапазонының, құлашы мол­ды­ғы, тынысы кеңдігі, әрі ізде­нім­паз әртістің өлермен еңбек­қорлығының жеткен жетістік, шыққан нәти­жесі.
Ойлап қарасам, ортамызда жүр­се, сол қайран ағамыз биыл 70 жас­қа толады екен. Ол өмірден өт­кен жылдардың ар жақ, бер жағында театр­дың басына қара бұлт үйіріл­гендей болды. Атпалдай азаматтар бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып жатты. Алатаудай Ыдырыс Ноғай­баев, Нұрмұқан Жантөрин, Матан Мұраталиев, Жарқын Рамжанов, Мейірман Нұрекеев, Уайс Сұлтан­ғазин, Әнуар Боранбаев, Әлиайдар Қаржауовтардан айырыл­дық…
Театрдың жазылмаған заң секілді өзінің жолы бар. Ол өмірден өткен адамдарды еске алып, соларға құрмет көрсетіп, оларды аңсап, сағыну барысында өтіп тұратын шаралар. Соның бірі, міне 30 сәуірде көрнекті актер, Қазақстан­ның халық әртісі Әшірәлі Кенжеев­тің туғанына 70 жыл толуына байла­ныс­ты еске алу кешін ұйым­дас­тырып отырмыз. Театр өз іс-ша­расын өткізе жатар. Халқы­мыздың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзі бар. Демек, өліге құрмет – тіріге міндет. Әшір­ә­лі Кенжеевтің туған жері – Оң­түстік Қазақстан облысы, Сары­ағаш ауданы, Көлтоған ауылы. Сол аймақтағы мектептердің, Мәдениет сарайла­рының, көшелердің бірі Әшірәлі Кенжеев есімімен аталса, өскелең ұр­паққа, кемел келешекке үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие деген сол емес пе!

Ештен кеш жақсы

Құдайды құрметтеп, әруақты сыйлаған, асылын ардақтап, азаматын қадірлеген, өткенге саналы ойдың көзімен, келешекке жақсы үміттің қарашығын қадаған ел емеспіз бе?..
Әшірәлі Кенжеев ағамыз жайлы айтулы да әдемі шаралардың қуа­нышты хабарын еститін күн алыс емес шығар деген сеніміміз кәміл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір