Жүрмін бе әлде жоқты іздеп, кім біледі…
28.04.2017
2091
1

Рафаэль Ниязбек


Ақиқаттың ауылы

Ұлы – күнге, айналған айға – аруы,
Ақиқаттың, білмеймін, қайда ауылы?
Қуып айдап кетті екен, айтыңдаршы,
Замананың бораған қай дауылы?!

Жұртты қайтем жазғырып, түсін түстеп,
Шындықты айтпай жүр әлі тілін тістеп.
Шағаладай шарқ ұрып мына өмірде,
Ақиқаттың ауылын жүрмін іздеп.

Бұлақтардан іздедім жырлап аққан,
Шөл даладан іздедім мұңға батқан.
Теңіздерден іздедім
Толқындары
Аласұрып ақырып тулап жатқан.

Қанша бөрі күйіктен қыр асты ұлып,
Қоғам дерті әлі де тұр асқынып.
Сірә, таулар қалды ма мен бармаған,
Ақиқаттың ауылын сұрастырып.

Уақыттың сейілмей тұр тұманы,
Саясат па,
Сайтан ба,
Кім кінәлі?
Жер-жаһанды кезсем де,
Ақиқаттың
Арлы ауылын таба алмай жүрмін әлі.

Тапсам егер көзімде күн күледі,
Көңілімде бір аспан күркіреді.
Мына арсыз тірлікте ат арытып,
Жүрмін бе әлде жоқты іздеп, кім біледі.

Желбуаздар маңына жолатпады,
Бір торғай-мұң кеудеме қонақтады.
Ақиқатын жоғалтқан елде жүріп,

Кімдер өзін, ағайын, жоғалтпады.

Тас аттың-ау…

Жазушы Қали Сәрсенбайдың терең сезім,
қуатты қаламмен жазған «Шал мен шындық»
кітабына енген бір әңгімесінен:
 «Біреу жанталасып өмір мен өлімнің арасында жүреді, ал біреу соны тұқыртқаннан ләззат алып («рухани вампир») жүреді» деген жолдарды оқығанда өзім жақсы көретін бір інімнің маған жасаған қысастығы есіме түсіп, көкірегім қыжылға толып, осы өлең туып еді. Бәлкім, сол інім, Қали айтпақшы, рухани вампирдің бірі шығар, кім біледі.
Автор.

Қара мұртың майланып ержеткенде,
Неге сонша өшіктің келбетті елде.
Мен емес пе құм көмген арнаңды ашқан,
Шалғай жерден шалдығып сен жеткенде.

Тұла бойым сауытпен тұр қапталып,
Құлатам деп ойлама бұрқап қалып.
Мына сырқат қоғамды емдей алмай
Жүрсем жүрген шығармын сырқаттанып.

Кер заманда қабағы тұнжыраған,
Қиянатқа жалғанда кім шыдаған.
Ақын ба едің сен әлде ішіңде анау
Қызғаныштың қаншығы қыңсылаған.

Тіршіліктің қым-қуыт дүрмегінде,
Жұлдыз болып жана алмай жыр көгінде,
Тас аттың-ау, қайтейін, сырқаттанып,
Әрі-сәрі хал кешіп жүргенімде.

Бәлкім, мұрат көрмедің текті елімді,
Неге сенің көзіңнен кек көрінді.
Жүзіп келе жатқанда қалт-құлт етіп,
Неге қиғың келді, айтшы, желкенімді?!

Сардар аз да, сатқын көп бұл өмірде,
Дел-сал күйде сарсылып жүрем күнде.
Сырқат жанға шипа боп жетер едің,
Бір қасиет болса егер жүрегіңде.

Жүрсең егер ой толғап, жыр қамында,
Неге таза ағыс жоқ бұл қаныңда.
Тас аттың-ау,
Ажалдың ауызында
Бозторғайдай шырылдап тұрғанымда.

Алланың сынағы

Дүниенің қым-қуыт базарында,
Жүзіп келе жатырмын таза ағында.
Билік мені көзіне ілмесе де,
Жүрмін, бірақ, Алланың назарында.
Сап, сап көңіл!
Өмірді жеңіл деме,
Өз тағдыры адамның еркінде ме.
Сүйген құлы болмасам Жаратқанның,
Жіберді, айтшы, қатерлі дертін неге?!

Тіршілігін там-тұмдап құрағалы,
Өмірге адам келеді шыдағалы.
Хақ тағала ауыртқан шығар, бәлкім,
Менің өршіл рухымды сынағалы.

Алай-түлей ұйтқыған бұрқасында,
Өлім тілеп бір сайтан тұр қасымда.
Кім ойлаған дәрменсіз күн кешем деп,
Жетпіс үшке қараған бұл жасымда.
Арбаға да ұқсатам кейде өзімді,
Қалып қойған жүгі ауып қыр басында.

Таң сәріде албырап ескен арай,
Неге солғын тартады кешке қарай.
Азап, сордың біледі не екенін,
Тауқыметін тағдырдың кешкен талай.

Ойы озықты қақтаған көрігінде,
Кімге күліп қарасын өмір күнде.
Көктемеде жылғадай жылап аққан
Шерлі өзен көп өксіген көңілімде.

Мұқалсам да жүзіндей ұстараның,
Кетер деме қолында ұстағанның.
Қайрағанда қайыра жетілетін
Қабырғалы қартымын құз-даланың.

Мұңдасыма айналып жалғыз қайың,
Неге,
неге көзден қан ағызбайын.
Дертке дауа табылмай жылдан-жылға,
Келеді әлі созылып сағыздайын.
Қатер бұлтын төбеме төндіргенде,
Тау күйзеліп, аһ ұрған мөлдір көл де.
Жаман ауру жеңетін шығар, бәлкім,
Менің өжет рухымды өлтіргенде.

Өлең болып көзінде от өрілген,
Сардар ермін топ жарып, төте жүрген.
Қай сырқат та дертінен айығады,
Сынағынан Алланың өте білген.

Алмас қанжар

Сардаласын той-думан, сайран көрген
Алты алашқа сатқындық қайдан келген.
Шөлдеп келе жатқанда хан Кенеге
Жапандағы жалғыз үй айран берген.

Адамы азып, заманы бұзылғанда,
Кімдер айла таппаған қысылғанда.
Кенесары саспады,
Үй иесі
У қосылған ақ айран ұсынғанда.

Кісі емес пе жетілген жігерлі елде,
Кімді сұспен жеңеді түнергенде.
Айран түсі өзгеріп, тұна қалған
Қанжармен осып-осып жібергенде.

Дүр дүние тұрғанда дөңгеленіп,
Жұрты оны үйренген өрде көріп.
Кенесары айранды сімірді-ай кеп,
Бара жатса, қайтеді, шөлден өліп.

Жұмбақ ханның қыр-сырын кім біледі,
Ол бар жерде, әйтеуір, күн күледі.
–Улы айранды ішсе де неге өлмеді, –
деп жаулары ызалы дүрлігеді.

Тіршілікте көрді ме қалғып арман,
Асыл қанша жойылып, нарқы қалған.
Айрандағы бар уды осқан кезде

Алмас қанжар бойына тартып алған.

Тамырына қан құйған құба белдің,
Бәлкім, рухы қолдайды тұлғалы елдің.
Қандай у да бойына дарымайды,
Алмас қанжар қынында тұрғанда ердің.

Күтем сені, күндерім

Қайғы, мұңның тербеліп қайығында,
Жүрмін елдің адасып қай қырында.
Күтем сені, күндерім!
Кеме салып,
Еркін неге жүзбедім айдынында.
Тағдырымның, ендеше, қай сасқаны,
Өжет,
асқақ рухымның қайда асқары?
Күтем сені, күндерім!
Туған елге
Нұрын төгіп тұратын айлы аспаны.

Аламанға қосылмай атым арып,
Жүрмін неге тірлікте қапы қалып.
Бақытты өмір кешіп жүр,
Не істеймін,
Бақытымды біреулер тартып алып.

Сенген барлық жақыным жатқа айналып,
Рас, ғұмыр кештім қақпайланып.
Сарсылмаған, тәйірі, күнім бар ма,
Мына ойсыз ортаға жақпай қалып.

Күндерімнің жүк артқан көшін түзеп,
Жүрсем де ылғи жақсының көзімін деп,
Кейде өзімді жоғалтып,
Көп сабылам,
Қалың елдің ішінен өзімді іздеп.

Қалай ғұмыр кешемін тұлғаланып,
Заңның өзі тұрғанда бұрмаланып.
Кімнің бағын ашады
Сұм дүние

Қызыл қанға тамырын тұрған малып.

Сағынышын сарнатқан туған айдың,
Бәлкім, өзі шығармын нұрлы арайдың.
Күтем сені, күндерім!
Арман бар ма,
Шыңына егер шығарсаң ұлы Абайдың!

Жоғалған іздер

Өлең арнап жазсам да елге күнде,
Қайғы жоқ деп ойлама келбетімде.
Жер бетінде қалмаса ізім егер,
Жүріп қайтем қалқайып жер бетінде.

Көңілінің сәулесі шыңға асылып,
Тіршілікте жүрмейді кім тасынып.
Жас күнімнің іздерін таба алмадым,
Бәрін түгел үлгерген құм жасырып.

Қырық түрлі күй кешіп келте күнде,
Жапа шекпей тұра ма ер тегінде.
Тасқа түскен ізімді, шара қайсы,
Жаңбыр шайып өшірген ертеңінде.

Жолымды ашпай тағдырым қарысқалы,
Атқан жебем ұшпады алысқа әлі.
Топандарға көмілген ізім қанша,
Бұрқағанда Уақыттың ағыстары.

Жұпар атып тұрғанда гүлдің бәрі,
Ізім егер қалмаса – кім кінәлі?
Сардаланың шалғынын кешіп өткен
Ізімді де таба алмай жүрмін әлі.

Тозбайды деп ойлама сауыт денем,
Жоғалған ізімді іздеп шауып келем.
Өзім тауып бермесем, келер ұрпақ,
Таба ала ма?
Әй, қайдам…
Қауіптенем.

Қауіпті

Қылығымыз жоқ емес-ау пері атқан,
Кейде өзен секілдіміз кері аққан.
Елдің езі құласа аттан қайғырып,
Қуанамыз жығылса егер ері аттан.

Бұрқанасың не сұмдықты көргенде,
Маңайыңнан кісі таппай өр кеуде.
Талантсыздың тірісінде бағы артып,
Таланттының бағы жанған өлгенде.

Алыс жолға аттанғанда жас арман,
Тағдыр кейде тас қаптырып қасарған.
Қателіктен кейде білмей жіберген,
Қателіктер қатерлі
Қасақана жасалған.

Елге қалай баянды бақ орнайды,
Жандар аз ба қыран көрген торғайды.
Солар неге аруақты қорғамай,
Аруақты қорлағанды қорғайды.

Сардары жоқ,
Сарбазы жоқ сауытты,
Елдің қашан жаны дерттен сауықты.
Аруақты қорлағаннан
Қорлағанды
қорғағандар қауіпті.

ПІКІРЛЕР1
Рабиға 01.05.2017 | 17:03

Моншақтай тізілген, жан айқайы үзілмеген мәні терең өлеңдер екен. Бірақ сол жан айқайын еститін құлақ бар ма? Ағамыздың ауырып жүргенін білеміз. Бірақ сонда да ақынға тас лақтыратындар бар көрінеді. Алла ағамызға жар болсын! Тезірек жазылып кетсін. Өлеңдерін оқып, көңіліме мұң ұялады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір