«Саясында алманың»
21.04.2017
2441
0

«Мерей» баспасынан белгілі өнертанушылар Нұржан Жанпейісов пен Мұрат Әбуғазының құрастыруымен Қазақстанның халық әртісі, күміс көмей, жезтаңдай әнші, композитор Дәнеш Рақышевтың әндері жеке жинақ түрінде жарық көрді. Кітапқа Шәкәрімнің «Жастық туралы», Жәнібек Кәрменовтің «Толғау», Мұқағали Мақатаевтың «Соқ жүрек», Оразақын Асқардың «Жан-жақтағы бауырлар», Шона Смаханұлының «Жеңешем», Хамит Ерғалиевтің «Қарақат көз, қалқаш-ау», Тоқбай Исабековтің «Жетісу», Несіпбек Айтұлының «Арманым аққуым», Әбен Дәуренбековтің «Белжайлау», Смағзан Сімәділовтің «Сәулешім», т.б. белгілі ақындардың өлеңіне жазылған алпыс әні енген.

Дәнеш – қазақтың ән өнеріне әсем ән­дерімен, орындаушылық шебер­лігі­мен үлкен үлес қосқан, саналы ғұмырын­да жеке әншілік мектеп қалыптастырған әнші. «Саясында алманың», «Же­тісу», «Балжан-ай», «Соға кет» сияқты ән­дері халықтық сарынмен астасып, өзін­дік әуен ырғағымен ерекшеленіп тұратын жүзге тарта ән шығарған. Бел­гілі жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің «Дә­нештің домбыра қағысында дәлдік, әсем­дік, саздылық, құбылып жататын үнділік кейбір әншілердің даусынан әл­деқайда анық та қанық, сазды естіле­ді. Ал оның даусында тыңдаушысын жай сүйсіндіру ғана емес, баурап, билеп кететін күш, жүректі шым-шым еткізіп, діріл қақтыратын саз адам жанына қуат беріп, қанаттандыратын сұлулық бар», – деуі әнші әуеніне берілген үлкен ба­ға.
Дәнеш Рақышевтің өзі: «Өнерге қия­нат жасамай, әуені мен сөзі астасып жа­татын әндерді  халыққа  өз нақышын­да жет­кізгеннен артық орындаушы үшін ас­қан міндет жоқ деп білемін. Сон­дықтан да айтқан әніңізден халық­тың үні, дәстүрі, әдет-ғұрпы сезіліп тұрса екен деймін. Сонда ғана ән – көңіл­дің ажары болмақ», – деген екен.
Әншінің әндері мәдениет қайрат­кері, белгілі әнші, шәкірті Нұржан Жан­пейісовтің орындауында, музыка зерт­теушісі, күйші Мұрат Әбуғазының но­таға түсіруімен берілген.

Дәнеш Рақышев және шәкірті Нұржан Жанпейісов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір