Заманауи аранжировака мәселелері
21.04.2017
4847
0

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай атамыз айтқандай, музыка адам өмірінің ажырамас бөлігі. Тіпті әнсіз, күйсіз  өмірімізді елестету қиын. Қазақ даласында сонау
VIII ғасырдың өзінде-ақ музыкалық мәдениет ән түрінде (вокалды музыка) және күй түрінде (аспаптық музыка) көрініс тауып, музыкалық жанрлар сараланып үлгерді. Тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі дала жұртшылығының жан серігі болған ән өнерінің қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні халқымыздың санасынан бір сәт тысқары қалған емес.

Біздің санамызға «му­зыканың тілі ортақ, музыка – интерна­ционалдық өнер, жақсы музыка кез келген ұлтқа түсінікті» деп келетін ұшқары пікірлер сіңі­ріліп келді. Нағыз төлтума музы­ка­ның тілі сөйлеу тіліне қарағанда ұлттың болмысына көп жақын. Тарих зобалаңына тап болып, сырт күштің экспансиясына ұшыраған ұлттың ең алдымен өмір салты ас­симиляцияға ұшырайды. Сонан соң тұрмыс-тіршілігі, киген киімі, моральдық-этикалық нормалары сырттан ықпал еткен өктем күшке мойын ұсынып еліктейді. Ұлттық қасиеттен ең соңғы ассимиляцияға түсетін – музыка. Әлеуметтік-та­ри­хи жағдай халықтың болмысын өзгертпей қоймайды. Қазіргі ақпараттар ағымы, урбанизация мен рухани ассимиляция үрдісі бұ­рын-соңғыдан  ерек қарқын ал­ды. Ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен  музыка өнері бұл шаблонға еліктеуден шет қалған жоқ. Еуро­па­ның классикалық музыка үлгісі қа­зақ даласына ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында келді. А.Затаевич қазақтың 1000 әнін жинастырып, нотаға түсіріп жинақ қып шығарып, қазақтың музыка мәдениетіне өшпестей еңбек сіңір­ді. А.Жұбанов 1934 жылы ең ал­ғаш қа­зақтың халық аспаптар ор­кес­-
т­рін ұйымдастырып, қазақ­тың клас­сикалық кәсіби музыка өнері­нің негізін қалады. Міне, осы тұстан бастап музыкалық шығар­ма­ны өңдеу, яғни аранжировка, ор­кестровка түсініктері біздің музыка мәдениетімізге ене бастады.
Оркестрлік музыка өнерінде шығарманы өңдеу, аранжировкалау қажеттілігі табиғи заңдылық. Өйт­кені, белгілі бір шығарманы ор­кестрмен орындау үшін, ол шы­ғар­маны оркестрге лайықтап өңдеу, аранжировкалау, аспаптандыру (инструментовка), оркестр­лен­діру (оркестровка) қажет. Аранжировка (француздың arranger деген сөзі. Сөзбе-сөз аударғанда – ретке келтіру) деген мағына бе­ре­ді. Яғни музыка тілінде, музыка­лық шығарманы автордың нұсқа­сы­на қарағанда, орындаудың басқа түріне бейімдеу, өңдеу. Нақтылап айт­қанда, музыкалық шығарманы бас­тапқы түріне қарағанда өңдеп, айрықша етіп көрсету өнері. Оркестрлеуден ерекшелігі, музыкалық ма­териалдың түпнұсқасын дамыту үшін қолданылатын түрлі әдіс­тер – гармониясын өзгерту, транспозиция және модуляциялар қол­дану, қосымша кіріспе, аяқтау сияқты жаңа музыкалық материал­дар пайдалану. Аранжировканы оркестрлендіру  немесе аспаптандыру деп те түсініп жатады. Менің­ше, бұл әрқайсысы әр түрлі ұғым­дар.  Аспаптандыру –  ноталық ма­териалды белгілі бір аспаптық құрамы бар ансамбльге не оркестрге түсіру болса, яғни музыкалық шығарманы орындаудың бір тү­рінен (домбыраны форте­пьяноның сүйемелімен орындауды) басқа түрге (оркестр­мен сүйемелдеуге) бейімдеу. Яғни фортепьяно орындайтын партияны, оркестрдегі ас­паптардың дауысына  лайықтау.
Бүгінгі күні елімізде оркестрлік музыка өнері өте жоғары деңгейде дамыды деп айтуға толық негіз бар. Алғаш кәсіби музыкалық білім ошақтары ашылғалы бері Қазақ­станда қазақтың халық аспаптар оркестрімен қатар симфониялық, опералық симфониялық, үрлемелі ас­паптар, эстрадалық-симфония­лық, орыстың халық аспаптар ор­кестрлері,камералық-симфония­лық, джаз оркестрлері, хор ка­­пел­ласы, вокалды-эстрадалық ансамбльдер, 1980 жылдардан бері қарай фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлер көптеп ашылды. Қазір әрбір облыс орталықтары түгілі, әрбір қалалар мен аудандарда, ауылдарда да өнер ұжымдары бар­шы­лық. Бұл – аранжировка, яғни шығарманы өңдеу өнері де дамы­ғанын көрсетеді. Музыкалық шы­ғармаларды өңдеудің бірнеше түрі болады. Шығармаларды үлкен оркестрлерге – халық аспаптар, сим­­фониялық, эстрадалық-сим­фо­ниялық, камералық, үрлемелі оркестрлеріне арнап өңдеу, бұл классикалық үлгісі. Фольклорлық, вокалды-эстрадалық ансамбльдерге, квартет, квинтет, секстеттерге арнап әндер, күйлер, аспаптық шығармалар өңдеу, т.с.с.
Елімізде 1970-ші жылдары ал­ғаш вокалды-эстрадалық ансамбльдер пайда болғаннан бастап эстрадалық музыканың даму үрдісі қарқын алды. Бұл ретте елімізге бел­гілі вокалды-эстрадалық ас­пап­тар ансамбльдерінің алғашқы қарлығашы «Дос-Мұқасан» ан­самб­лін айтуға болады. Дос-Мұ­қа­сан ансамблі қазақтың халық ән­дерінің бояуы мен нақышын бұз­­бастан заман талабына сәй­кес­тендіріп бейімдей білді. Оның ерек­шелігінің сыры да осында. Мысалы, ансамбль дүниежүзіне әйгілі ли­верпульдық «Битлз» тобы­ның сти­ліне қазақтың халық әні «Құда­шаны» бейімдеп, өңдеп халыққа тарту етті. Атақты «Гүл­дер», «Ай­гүл» ансамбльдері де қазақ эст­ра­дасының өсіп-өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосты. Аталған ансамбльдердің орындауында эстрадаға лайықтап өңделген көптеген халық әндері ха­лық  жүрегінен орын алды. 1980 жыл­дың бас кезінде «Арай» ан­самб­лі қазақ эстрадасын жаңа кә­с­іби деңгейге көтерді. Фольк­лор­шы­ ғалым, профессор Болат Са­­­ры­баевтың баласы Талғат Бо­лат­ұлы Сарыбаев домбыра аспабына Құрманғазының «Адай», қобыз аспабына Ықыластың «Жез киік» күйлерін және көптеген халық әндерін ұлттық нақышын сақтай отырып «Арай» ансамбліне арнап өң­деп түсірді. Талғаттың төл туындысы М.Мақатаевтың өлеңіне жа­зылған «Наурыз» әні әлі күнге дейін Наурыз мерекесінің көркін кір­гізіп, гимніне айналғандай. Оның сыры әннің өңделу тәсілінде қазақтың ұлттық нақышының сақ­талуында жатыр. Бұл – ком­по­зи­тордың кәсіби шеберлігімен қатар, ұлттық музыка аясында тәрбиелен­ген­дігінің, биік талға­мының айға­ғы.
Сол 1980 жылдардың орта тұ­сын­да вокалды аспаптар ансам­бль­дерінің аспаптық құрамында электронды синтезатор аспабы пай­да  бола  бастады. Синтезатор­дың бұрын­ғы ионика аспабынан айыр­машылығы, бір синтезаторға эстра­далық, симфониялық, джаз және басқа да оркестрлердегі бар­лық аспаптардың дыбыстары және синтезделген дыбыстар жинақтал­ған. Үлкен сахнада жүрген кәсіби эстрадалық ансамбльдер осы син­те­заторды кеңінен пайдалана бас­тады. Нәтижесінде оркестрлік ас­паптардың дауыстары синтез ды­быстармен алмастырылды. Өйт­кені, жаңа дыбыстар, барлық ас­пап­тардың дауыстары қол астыңда,  шы­ғарманы өңдеу ыңғайлы. Оның үсті­не гастрольдік сапарларға шы­ғып тұратын ұжымдарға эконо­ми­калық жағынан тиімді болды. Бір му­зыкант бірнеше аспаптың ор­кестр­лік партиясын ойнайтын бол­ды. Сөйтіп, 1990 жылдың бас ке­­зін­де елімізге шет елдерден қол жетімді синтезаторлық аспап қап­тады. Бұрынғы оншақты өнер­паз­дың басын қосқан вокалды-ас­паптық эстрадалық ансамбльдер тарқап, орнын синтезатор ойнайтын және ән айтатын екі  адам бас­­ты. Міне, арзанқол аранжиров­ка­ның дәуірі осылай басталған еді. Кейін 1990 жылдың орта тұсынан бастап түрлі компьютерлік музы­калық бағдарламалардың (Sonar, Cubase, Nuendo) пайда болуымен компьютермен аранжировка жасау үрдісі кең етек жайды. Аталған бағ­дар­ламалар синтезаторды  ығысты­рып, қазақ эстрада өнерінде фонограмма дәуірі  басталып кетті. Бар­­лық әншілер жаппай эстра­да­лық ән орындауға көшті. Өйткені, бұрын домбырамен ән салып жүр­ген әншілердің оркестрдің сүйе­­-
м­елімен ән айтатындары некен-саяқ еді. Оркестрмен ән айтатын әнші­лер көбінесе эстрадалық және клас­сикалық вокалды бітірген ән­шілер болатын. Компьютермен аран­­жировка жасау үрдісі, әнші­лердің барлығын,тіпті театр актер­лерін де эстрада әншісі етті. Оның се­бебі, жеке концертін, яки шығар­машылық кешін өткізетін әншіге концертке үлкен оркестрді қатыс­тыру материалдық жағынан өте тиім­сіз. Біріншіден,   барлық шы­ғар­маларын оркестрге лайықтап аранжировка жасату қажет. Ол де­геніміз – партитура жазу, партитура дайын болған соң әрбір аспапқа жеке-жеке партияларын көшіру керек. Екіншіден, оркестрмен дайын­далу жұмысы. Кез келген оркестр бір әншінің жеке шығар­ма­шылық кешіне дайындыққа көп уақыт бөле алмайды. Өйткені, өзде­рі­нің басқа да шығармашылық жос­парлары бар. Үшіншіден, бұл шаруа өте көп уақытты алады және қымбатқа түседі. Міне, сондықтан компьютерлік техниканың дамуы, компьютерлік аранжировка кез келген дарынды-дарынсыз, білім­ді-білімсіз әншілерге, атаққұмар өнерпаздарға, таланты болсын-бол­ма­сын, дауысы болсын-болма­сын үлкен сахнаға даңғыл жол ашып берді. Сөйтіп, фонограмма­ның, ми­нидискінің дәуірі басталып кет­ті. Ал компьютерлік аранжировка үл­кен бизнеске айналды. Ком­пью­терлік аранжировкамен жоғарыда аталған музыкалық бағ­дарлама­лар­ды меңгерген, аздаған музы­ка­лық қабілеті бар кез келген адам ай­налысатын болды. Олардың басым бөлігінің ешқандай музыка­лық білімдері жоқ, тіпті нота танымайтындар. Әйтеуір гитарада үш ак­кордпен ән айта алатындар аран­жировкамен айналысатын бол­ды. Бұл үрдіс қазақтың эстра­далық өнеріне залалын тигізбей қоймады. Бір сахнада қазақ өне­рінің мэтрларымен бірге   арзанқол студиялардың арқасында танымал болған  той-думандарда жүретін ән­шісымақтар қатар ән салатын бол­ды. Олар қазақ радиосы мен те­леарналарын жаулап алды. Нә­тижесінде қазақ эстрадасының са­п­асын түсіріп жіберді. Қазір қа­зақ радиосын тыңдау мүмкін емес. Бұл жағдай тыңдарманның да тал­ғамына кері әсерін тигізері сөзсіз.
Осы жерде компьютерлік аранжировка турасында аздаған түсінік бе­ре кетейік. Компьютерлік аран­жировканың, яғни компьютермен музыкалық шығарманы өңдеудің оркестрлік аранжировкадан айыр­машылығы өте көп. Белгілі бір ор­­кестрге арналып жасалған му­зыка­лық аранжировка жанды ор­кестр­мен тамаша дыбысталса, ту­ра сол музыкалық аранжировка виртуалды дауыстармен анық шық­пайды. Сондықтан белгіленген ере­желерді сақтамай жай ғана аранжировка жасай салу жеткі­ліксіз. Жасалған аранжировка өз кәсіби деңгейінде дыбысталуы үшін оның ережелері, заңды­лық­тары сақталуы шарт. Қандай жағ­дай­да да компьютерлік аранжировка басым бөлігінде техникалық және музыкалық мүмкіншіліктерге ие. Компьютер сапалы аранжировка жасаумен, фонограммалар жазу­мен қатар сіздің барлық шығарма­шылық қиялдарыңызды іске асы­ру­ға мүмкіндік береді. Сон­дық­­тан шығармашылық адамдарға өзінің бар талантын, дарынын қол­данатын жер табылады.
Аранжировка жазудың әрбір адам білуі тиіс өзіндік заңды­лық­тары мен ережелері бар.  Музыкалық шығарманы өңдеуші, аранжирока жазушының ең алдымен болашақ композиция турасындағы идеясы болуы шарт. Идеясыз толыққанды дүние тудыру мүмкін емес. Аран­жи­ровка жазушы шығарманың фак­турасын білуі керек, яғни  ансамбльдің, болмаса оркестрдің ас­паптарын дұрыс топтастыра білуі қажет. Ол үшін барлық аспап­тардың дыбыстарын, дыбысталу заңдылыған, дыбыс ауқымын жатқа біліп,  әр аспапқа, аспаптық топқа тән партияларды меңгеруі  шарт.  Әрбір аспаптың дыбысын ес­ти білу, оны тыңдап сараптап, шығармада қанша аспаптың дыбысы бар және әрбір аспаптың дыбыс тембрін атқаратын функциясына са­раптама жасауды үйрену қажет.
Жинақтай келгенде аранжиров­ка жазушы түрлі музыкалық ағым­дар мен стильдерді ажырата білуі, ең бастысы драматургиядан хабары болуы керек.
Аранжировка жасаушы ком­пью­­терлік техниканы қанша жақ­сы мең­гергенімен  музыкалық сауаты жоқ, кәсіби тұрғыдан жетіл­­­меген бол­са халыққа шала-шарпы музы­калық дүниені ұсы­нуды тоқтат­пайды. Ал халық кәсіби музыканың дәмін татпаса, жақсы-жаманды ажы­­ратпай талғам төмендей бермек.

Самат Мәлімбай,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Өнер, мәдениет және спорт институты
Музыкалық білім және хореография
 кафедрасының аға оқытушысы,
дирижер, композитор,
ҚР мәдениет қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір