ЖАРҚЫН ДЕСЕ ЖАРҚЫН
21.04.2017
2874
0

Тiршiлiк көзiне, өмiрге, адамшылыққа бала  қаршадайынан ұмтылады ғой. Мына бiз бiлетiн Жарқынның өмiрге ұмтылысы тiптi бөлек едi.
Құрманғазы атындағы консерватория жатақханасының кiреберiсiнде  студенттер демалатын бөлме болушы едi. Оқудан бос уақытта кеш батқаннан  түннiң бiр уағына дейiн  Жарқын жалғыз өзi сол жерде отыратын. Қатарлас студенттер: «бiздiң Жарқын жазғыш», – деп әзiлдеушi едi. Сөйтсек, ол бала кезiнен-ақ ауыл арасында «Жақияның тас зерттеушi баласы» атанып, бүкiл ауыл-аймағына аты шығыпты. Туған жерi Шығыс Қазақстанның Үр­жар ауданындағы Таскескен ауылы ма­ңы­нан мыңға тарта таңбалы тас пен бес тас мүсiн тауып, сол туралы жаза бередi екен. Осының бiр куәсi «Үшбұлақ – Таскескен таңбалары» деген  көлемдi зерттеу мақа­ласы («Лениншiл жас» газетi, 1969 жыл, 27 маусым) академик Әлкей Марғұланның назарына iлiктi. Әлекең мақала жарыққа шыққан  күнi-ақ Жарқынды үйiне ша­қырып, Таскескен өңiрiндегi көне мә­дени мұралар жөнiнде ұзағынан әңгi­ме­лескенi есiмiзде.  Содан бастап Жарқын  Әлкей Марғұланның мәдени мұра жөнiндегi өкiлi болып жүрдi.
Сол жылдары елiмiздегi негiзгi мерзiмдi баспасөз беттерiнде Жарқын жазған және Жарқын туралы мақалалар жиi және үзбей жарияланды. Тiптi, Ресей ғалымдары да Жарқынның Таскескен  мәдени мұралары жөнiндегi жаңалықтарына көз тiккенiн байқатты. («Советская культура» газетi, 1976 жыл, 24 тамыз).
1968 жылдың 25 маусым күнi Жарқын­ды сол кездегi Қазақ ССР Мәдениет ми­нис­трi Iлияс Омаров қабылдауына ша­қы­рып, мән-жайын сұрастырып, әң­гi­мелес­кенi де естен кетпейтiн сәт. Жар­қын Таскес­кен­дегi 11 жылдық мектептi бiтiрген соң, кон­серваторияға дейiн Қара­ғандының Тәттiм­бет атындағы музыкалық учили­ше­сiнде оқыған ғой. Сол жылдары Қара­ған­дыда жүрiп, жұртшылықты елең еткi­зерлiк үш бiрдей  көлемдi мақала жазыпты. Iлекеңнiң Жарқынды өзiне тар­туының басты себебi де  жарыққа шыққан сол ма­қалаларына байланысты болып шық­ты.
Олар:  1967 жылы 24 қыркүйек күнi «Ор­­талық Қазақстан» газетiне шыққан «Күй­шi Аққыз», осы газеттiң 1968 жылғы 15 наурыз күнгi санына шыққан «Мәди хақындағы мағлұмат» және 1968 жылдың 18 мамыр күнi «Лениншiл жас» газетiнде жарық  көрген «Талғам және Осакаровка­лық домбыралар» мақалалары болатын.
– Балам, – дептi сонда Iлияс Омаров, – Аққыз күйшi жайлы алғаш қалам тарт­қаның, Мәдидiң әлi күнге дейiн қолымызға түспей жүрген аса құнды фотосуретiн тапқаның, Қарағанды облысындағы Осакаровка селосына арнайы барып, ондағы домбыра жасайтын фабрика жайлы кезек күттiрмейтiн «проблема» көтеруiң мына жұртшылыққа терең ой салдырды. Бұ қай бала болды екен, түрiңдi көрейiн, дом­бы­ра­­дағы күйiңдi естиiн деп арнайы алдырттым. Биязы, елгезек екенiң көрiнiп тұр. Осы талпынысың ұзағынан сүйiн­дiр­сiн қалқам, – деп батасын бердi.
Сонда Жарқын бар-жоғы жиырмадан ендi ғана асқан бозбала жiгiт едi.
Жарқынның мiнезi,  шын мәнiнде бала кезiнен елгезек ақжарқын, кiшiпейiл. Бәлкiм, осы қасиеттерi оны алға жетелеген де шығар. Ол шешеден 10 жасында айы­рылып, қаршадайынан қиын­шылық­ты көргенi де рас. Шешесiн сағынғанда, зират басына жиi барып көңiлiн толқытып, соны медет тұтатын кездерi аз болмаған. Бала кезiнен далаға әуес болуының себебi осы. Шеше демекшi, Жарқынның анасы Базарғайша Шәкәрiмова 1927 жылы ол кезде Алматы облысына қараған Аягөз ауданындағы  Мыңбұлақ совхозын ұйым­дастыруға атсалысып, сауыншысы болып iрi көрсеткiштерге  жеткен  алғашқы «ста­хановшылардың» бiрi.  Содан 1935 жылы Қазақ АССР-ның IХ сайланған Советтер съезiне делегат болып және осы съезде Сә­­кен Сейфуллин, Темiрбек Жүргенов, Құ­дай­берген Жұбанов, Ораз Исаев, Ұзақ­бай Құлымбетов, Жанайдар Сәдуақасов  тәрiздi Алаш ардагерлерiмен  қатарлас бiр тiзiммен  Қазақ АССР Атқару комитетiнiң мүшесi болып  сайланды.
Республиканың алғашқы сайланған депутаты ретiнде Мәскеуге барып,  Одақ кө­ле­мiндегi малшаруашылығы жетiстiгi көрмесiне қатысты.  Сол сапарында Сталин жекелей қолын ұстап, марапат­та­ған­дар­дың iшiнде – қазақ қызы  Жарқынның шешесi Базарғайша Шәкәрiмова да болды.  Ал әкесi Жақия  жоғары бiлiмдi маман ре­тiнде көп жылдар бойы малшаруа­шы­лы­ғы саласында еңбек еттi.  Ол ақын­жан­ды, өнерпаз адам болды.
1974 жылы Жарқын жұртшылықты елең еткiзген тағы бiр жаңалық әкелдi.
Ол – Мәскеудегi КСРО  Мемлекеттiк Орталық мұрағатының дыбыс жазу бөлi­мiнен қа­зақ­тың ұлы әншiсi Әмiре Қашау­баевтың 1925 жылы  фонографқа жазылып алынған 7 әнi мен, Санкт-Петер­бургтегi фоно­граф­қа жазу мұраға­тынан Ахмет Жұбановтың 1931 жылы домбырада орындаған 9 күйiн тапты. («Социалистiк Қазақстан» газетi, 1974 жыл, 12 наурыз).  Жарқынның бұл табыстары тосын сенсациялық жаңалық ретiнде қабыл­данып Республикалық бар мерзiмдi баспасөз беттерiнде ерекше аталынды.
Қазынаға асыл қазақтың тынышын кетiрген,
Тулатып жүрек тигенде қолы шетiнен.
Қуаныш жасы Жарқынның шықты көзiнен,
Аққандай болды шаттанып менiң бетiмнен, – деп жырға қосты көрнектi ақын Ораз­-
а­қын Асқар сол жылдары «Әмiренiң әнi» поэ­масында.
Жарқынның Мәскеуге барып Әмiре орын­даған әндерi жазылған фонограф таспасын тапқанын естiп, шексiз қуанған ақын Мұзафар Әлiмбаев табан астында «Iздегенге iнжу iлiнер» деген  нақыл шы­ғар­ғаны да баршаға аян. («Ана тiлi» газетi, 1998 жыл, 5 наурыз).
– Бұл нақылдың шығуына мен себепкер болдым, – деп Жарқын әзiлдейтiн кей сәттерiнде. Тiптi,  Мәскеуде шығатын «Неделя» газетi «Жаркын Шакаримов находит клад» деп бүкiл дүниежүзiне осы жаңа­лық­ты мәлiмдеп  айды аспанға  шы­ғарды. («Неделя» газетi, 1975 жыл, 24 қараша, Мәскеу қаласы).
Жарқын Шәкәрiм  1976  жылы Алматыда өткен Қазақ ССР мәдениет және та­рих ескерткiштерiн қорғау қоғамының  II съезiне делегат мүшесi болып сайлануы оның  жүрген ортасындағы белсендiлiгiн таныта түстi.
Сол тұста Қазақ ССР Мәдениет ми­нист­рi­нiң орынбасары қызметiнде жүрген Өз­бекәлi Жәнiбеков пен қазақ көне музы­ка­лық аспаптарын зерттеудiң атасы саналатын Болат Сарыбаевтың  ұйытқы бол­уы­мен Республикалық музыка аспаптары мұражайы ашылатын болып, мұра­жай ашу жөнiнде Қазақ ССР Министрлер кеңесi қаулы қабылдады. Осы қаулыға бай­ланысты Қазақ ССР Мәдениет минис­т­рi Жексембек Еркiмбеков 1980 жылдың
9 қыркүйек  күнгi  № 556 бұйрығымен Жар­қын Шәкәрiмдi мұражайдың тұңғыш дирек­торы етiп тағайындады. Осылайша Жарқын Шәкәрiм бұл мұражайды да аяғынан тiк тұрғыза бiлдi. Мұражай жанынан ұлттық «Сазген» ансамблiн ұйым­дастырып, оның тұңғыш көркемдiк же­тек­шiсi болды.  Тоталитарлық кеңестiк жүйе кезеңiнiң өзiнде Жарқын көне түркi дүниесiне ден қойып, көне музыкалық аспаптарды жаңғыртуға, көне күйлер мен көне аспаптар ансамблiн насихаттауға үлес қосты.
1983 жылы Мемлекеттiк Қазақ телера­дио­комитетiнiң сол кездегi төрағасы Камал Сейiтжанұлы Смайыловтың бұйры­ғымен Жарқын Шәкәрiм Қазақ те­леди­дарының музыка редакциясының редакторы болып қызмет ауыстырды. Мi­не, содан берi осы  киелi қарашаңырақта тап­жылмай бiр орында қызмет атқарып, 2010 жылы құр­метті зейнеткерлікке шық­ты.
Жарқын кезiнде Қазақ ССР Орталық мұрағатында жылдар бойы жатып қалған Күләш Байсейiтова, Қанабек Байсейiтов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Жамал Омарова,  Дина Нұрпейiсова, Әли Құрманов тәрiздi өнер саңлақтарының сақталып қалған бейнетаспаларын теледидар эфирiнен көрсетiп,  олардың дауыс­тарын тыңдатып «Замана бұлбұлдары» және «Музыкалық киножылнама»  тәрiздi хабарларын  алғаш рет  жұртшылық назарына ұсынды. Мұнан да басқа «Шашу», «Терме», «Домбыра сазы», «Күй шежiре», «Iнжу-маржан», «Жетi саз» хабарлары, сондай-ақ жүздеген концерттерi бұл күн­дерi қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы тұр. Осы орайда оның Қазақ теледидарының ыстық-суығына көнiк­кенiн, жылдар бойына елеулi еңбек сiңiр­генiн атап өтуiмiз парыз.
Жарқын өнерiнiң тағы бiр өшпес қыры – оның домбырада орындаушылығы және күйшiлiгi. Ол  Абай атамыз қолына ұстап, әндерi мен күйлерiн орындаған үш iшектi домбыраны қайтадан жаңғыртушы, да-мытушы музыка қайраткерi.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қолына ұстаған үш iшектi домбырадағы сарындарды ол музыкалық формаға айналдыра бiлдi. Сөйтiп «Жорға аю», «Ой толғауы», «Қыз мұңы», «Сыңсу», «Қабанбай» тәрiздi басқадай да күйлердi  «Күпi киген қазақтың қара өлеңiн, шекпен жауып өзiне қайтарамын» деп, Мұқағали Мақатаев айтқандай, атадан жалғасқан көне сарындарды халық күйлерi ретiнде халқына қайтарды. Бұл – Жарқынның қа­зақ  халқының  аспаптық  музыкасын­дағы күй мұраларын дамытудағы шексiз еңбегi едi.
Осы орайда, ендiгi әңгiме өзегiн Жар­қынның пайымдаған ойларының әсерлi­лi­гi жайында өрбiтсек деймiз.
Соның бiр-екеуiн қысқаша да болса кел­тiре кетейiк.
Басында атап өткенiмiздей, ол жүзден астам зерттеу мақалаларын жазды дедiк.
Мәселен,   ежелгi парсы жұртында да, түркi дүниесiнде де кездесетiн «Ас» сөзiне алғаш рет ерекше мән берген осы Жарқын едi. Ол  Дон өзенiнiң Азау теңiзiне құяр тұсындағы көне қаланың аты Тана атал­ғанын,  сол Тана қаласында тұратын жұрт­тың аты «Алан» және «Тана» тайпалары бол­ғаны жөнiнде қызықты тарихи тұ­жырым жасаған. «Алан» жұрты мен «Тана» жұртының Тана қаласында қоныстануына байланысты  қаланың орталығы Астана атануы  әбден мүмкiн деп ой тұжырым­дайды Жарқын. Әрине, бұл ойға ол жылдар бойы  көп зерттеу, iздену  нәтижесiнде келген.  «Тана қаласын түрiк тайпалары ғана емес, аландар да өз орталығымыз деп санаған», – дейдi одан әрi ол, Аландардың Тана қаласындағы Тана тайпасымен бiрлесiп қоныс тепкен замандағы аты «Ас» екенiн бiз бiлемiз бе? Иә, Аландардың көне ат­ауы «Ас». Кейбiр деректерде «Яс» де­лi­нетiнi де кездеседi.
Ал В.В.Радловтың Санкт-Петербург баспасынан 1893 жылы шыққан  «Опыт словаря Тюркских наречий» деген кiта­бының I томының 535-шi  бетiнде  «Ас» – аландардың ертедегi аты деп тайға таңба басқандай жазуы, бұл ойымызға тапжылтпайтын дәлел бола алады. Олай болса, бiздiң заманымыздың басында Тана қаласы «Тана» тайпасымен «Ас» жұртының да қонысы болған.
Тана кең әлемге шығатын сауда жолын­дағы қақпа тәрiздi қала болғандықтан, бұл маңнан ағыл-тегiл өткен әр елдiң сауда­герлерi жергiлiктi тұрғындар атымен, екi тайпа атымен бiрiктiрiп, бұл Орталықты  Ас-Тана жұрты деген. Осылайша ел аузында Астана атанған.
Астана жұртын айналып,
Байтағым деп зарланып, –
деген сөз осындай орталық, көпшiлiк жұр­ты деген ұғымнан шықса керек, – дей отырып Жарқын Шәкәрiм: «Тана қаласы то­ғыз жолдың торабында едi. Волгаға, Орта Азияға, Солтүстiк Кавказға, Қытай­ға, Дербент арқылы Иран мен Араб елде­рiне, жалпы айтқанда, жер әлемнiң бар өңiрiне бұл қаладан сауда жолдары шық­қан.  Алыс елдермен айырбас, сауда-саттық жасау  «Астар» мен «Таналар» жұртының атын дүниеге танытуға себепкер болған. Саяхатшылар мен ғалымдар­дың жазған деректерiне сүйене отырып тарихқа көз жүгiртсек, Астана аталуы қай қы­рынан, қай жағынан болсын осы тұ­жырымға жетелейдi. Ас – Иран тiлдес тай­­па. Тана – Түрiк тайпасы. Астана болып бiрiккенде, екi елдiң этникалық екi түбiрлi компоненттерiнен тұратынын бiлдiредi», – деп тұжырымдай түседi. («Ана тiлi» газетi, 1999 жыл, 15 сәуiр).
Осыған қалай иланбайсыз. Және дәл осыны Жарқыннан  бұрын кiм қашан, қай жерде  жазып едi?  Бұл сөз Астана атауына байланысты зерттеушiлерге  тереңнен ой салдырар тұжырым екенi даусыз. Әрине, бұл Жарқынның өз ойы. Және осыны алғаш айтқан адам Жарқын болып тарихта қалатыны және шындық.
Жарқынның тағы бiр терең ойлы сөзi, ұлт­тық музыкамызды жаһандануда қа­лай­ша айшықтау, арашалау  керек екендiгi жөнiнде  болды.
Ол:
«Бүгiнгi таңда қазақ әндерiн, қазақ ән­шiлерi домбыра сүйемелдеуiнен басқа сандаған түрлi шетел музыкалық аспаптарымен сүйемелдеп әндер орындайды.  Елiмiзде қалыптасқан заман талабы осындай.
Дәл кәзiргi таңда қазақ жерiнде орындалып жүрген әндер үш түрлi ерек­шелiк­термен үш өрiсте дамуда.
Бiрiншi өрiс:
Ұлттық төл музыкалық аспаптарымен және халық аспаптары оркестрлерiмен, сондай-ақ ұлттық фольклорлық-этног­ра­фиялық ансамбльдерi  сүйемелдеуiнде орындалатын қазақ әндерi.
Екiншi өрiс:
Мазмұны – ұлттық, түрi – еуропалық рең беру арқылы көркемдiк танытқан, ше­телдiк музыка аспаптары қосынды­сын­да­ғы эстрадалық, джаз, симфониялық, ка­ме­ралық оркестр сүйемелдеуiндегi қа­зақ тiлiнде орындалатын қазақ компози­тор­ларының әндерi.
Үшiншi өрiс:
Түрлi коммерциялық ағымдармен жет­кен бейнекөрiнiс пен аудиокассетадағы насихатталып таза еуропалық, амери­ка­лық, африкалық үлгiдегi сол елдердiң ән­шiлерi орындайтын , сол елдердiң  ұлт­тары тiлiнде орындалатын шетел ком­пози­торларының әндерi.
Мысалы, түрлi байқауларда, әншiлер кон­курстарында орындалып жүрген қазақ әндерiнiң көпшiлiгi еуропалық музыка аспаптары үнiмен сүйемелденедi.  Ойлап қарасаңыз, бұл әндердiң сөзi және әншiнiң дауысы қазақтiкi де, сүйемелдейтiнi скрипка, гитар, труба, виолончель   тәрiздi мүлдем бөлек елдердiң музыкалық аспаптары.  Оның үстiне, бұған қоса  әндер  сүйе­мелдеудi кәдуiлгi компьютермен келтiретiнiн қайтерсiз.  Бұл өзi мәселен, екi түрлi елдiң музыкасы үндерiнiң бiр ағымға түсiп, ортақ екi халықтың да музыкасын ортақтастыру деген ұғымға саяды. Немесе төл (өзiмiздiкi) мен бөгденiң  (басқа ұлттың) жарасымдылығы ғой деп те ойлайсың, сонда осыны таза қазақтiкi деп айта  аламыз ба?» – дей отырып, Жар­қын тағы да намысты ойға жетелейдi.
Бiр қарағанда, оның тұжырымы сөз қозғауға тұрмайтын тәрiздi көрiнедi. Неге десеңiз, ол айтып отырған үш өрiс «стихиялы» түрде дамып отыр ғой. Ел iшiне кеңiнен таралуда.  Жоқ олай емес екен. Жарқын осы үш өрiс идеясы арқылы қайткенде өз ұлтымызға пайдалы жағын қарастырады. Ол қазаққа қай өрiстегi дамудың пайдалы екенiне ой тастайды. Ол қазақ тiлiнде орындалып жүрген әндердi сүйемелдейтiн музыкалық аспаптардың  қазақ үшiн  қайсысы шала, қайсысы қоспа, қайсысы таза екенiне  көз жүгiрте отырып, болашақта қайсысын таңдауымыз қажет деген қағидаға жүгiнедi.
Бұл – Жарқынның өмiрден көрген-түйгендегi  тәжiрибелiк  һәм теориялық ойы. Бар болғаны – осы.
Оның түркi дүниесiндегi «Ас» пен «Та­на» атаулары жайлы жазғаны және қазақ ән­дерi насихатындағы «Үш өрiс» тұжы­рымы сөз жоқ,  өзгеге тереңнен ой салдырды.  Жарқынның идеясы бұл.
Жүздеген мақалалары мен күйтабақ­-
та­рын және үш iшектi домбырадағы күйшiлi­гiн былай қойғанда, Жарқын осы ғұмы­рын­да сегіз кiтаптың авторы атанды. Жiп­ке тiзгендей бұларды да келтiре кетейiк.
Олар:
1977 жылы жарыққа шыққан «Әмiре», 1978 жылы  жарыққа шыққан «Ән жұл­ды­зы»,  1980 жылы жарыққа шыққан «Амре Кашаубаев» (орыс тiлiнде), 1988 жарыққа шыққан «Ән асқары», 1997 жылы жарыққа шыққан «Малайсары биден Шәмiлге де­йiн», 1998 жылы  жарыққа шыққан «Құр­ман­ғазы» (ғылыми кеңесшi), 2001 жылы жарыққа шыққан «Таскескен тағылымы»  (Бауыржан Айтқазинмен бiрлесiп жазған), 2003 жылы жарыққа шыққан «Нұрғиса Тiлендиев» (Дариға Тiлендiкелiнiмен бiрлесiп жазған), 2006 жылы жарыққа шыққан «Әмiре Қашаубайұлы» және 2016 жылы жарық көрген «Амре в Париже» деп аталатын орыс тіліндегі кітабы.
1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Жарлығымен Жарқын Жақияұлы Шәкәрiмге көп жылдар бойы елі­міздің музыка өнеріне және оның насихат жұмыстарына қосқан елеулі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» құрметтi атағы берiлдi. 2007 жылы 60 жасқа толуына байланысты Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Құрметті азаматы атағымен де марапатталды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бұл, әрине, Жарқын еңбегiнiң  бағаланғандығы едi. Ол шын мәнiнде қазақ өнерi үшiн жаратыла қалған  қайраткер, тұлға. Мен бұл мақаламда Жарқынның бойындағы өзiм бiлетiн қасиеттерiне ғана тоқталдым. Оның осы өмiрiндегi елiне атқарған ерен еңбектерi жөнiнде бiр мақаламен шектелу аз екенi және түсiнiктi. Айтар ойымның тобықтай түйiнiнде – Жарқын Жақияұлы Шәкәрімнің 70 деген қасиетті жасқа толуына байланысты,  әлi де асылың жайнай түссiн, халқыңа алаңсыз қызмет атқара бер, ұзағынан сүйiндiрсiн дегiмiз келедi.

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi,
өнертану профессоры,
ЕҰУ-дің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір