Үйлесімдіктің сырын ұққан
21.04.2017
2035
2

Адамзат тарихындағы даналардың бәрі әлемнің құпиясын ашып, үйлесімдікке, гармо­нияға қол жеткізуге ұмтылғаны белгілі. Гармония сандар арқылы көрінеді, «дүниенің құпиясы – сандарда» деп тұжырымдаған антикалық философ Пифагор адамның жаны осы құпияны идеялар әлемінен алатындығына сеніп, өз ілімін «математика», яғни «ғылым» деп атады.

«Философия – физика неме­се математика сияқты қатаң ғы­лым болуы тиіс» деген ежелгі за­маннан келе жатқан талап өзек­тілігін ешқашан жойған емес. Осы ұстанымды мате­мат­и­ка­лық зерттеу әдісі арқылы іске асыр­ған  ғалым, ұстаз, философия ғылымының докторы, про­фессор, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Ұлттық Ғылым ака­­де­­мия­сының академигі, Қазақ­стан­­ға еңбегі сіңген ғылым қай­раткері, Қазақ ССР Мем­ле­кет­тік сыйлығының, ҚР Тұңғыш Пре­зидентінің мемлекеттік бей­біт­шілік және рухани келісім сый­лығының және тағы басқа отан­дық, шетелдік көптеген мара­паттардың иегері, әлемдік фи­лософия ғылымында ойып тұ­рып орын алған Әбдімәлік Ны­санбайұлы Нысанбаев 80 жасқа то­лып отыр.
Білім мен ғылымның беделі тө­мендеген қазіргі заманда жас­та­рымызға үлгі болар тұлғалар тура­лы көбірек айтуымыз керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Әбдімәлік Нысанбайұлы­ның өмірі мен шығармашылығы – мәнді өмір сүрудің нағыз үлгісі. Қызылорда облысының алыс ауыл­дарының бірінде дүниеге келіп, халық  жауы деген лақап­пен түр­меге қамалған әкесінен төрт жа­сында айырылған қазақ­тың қарапайым баласы өзінің білім мен ғылымға талпынысы, еңбек­қор­лығы, табандылығы және бі­різ­ділігінің арқасында бүгінгі биі­гіне жетті. Мәнді өмір туралы армандамайтын адам жоқ шы­ғар, бірақ құр қиял, арманмен шек­телу адамның өмірге кел­ген­дегі ең басты және ақырғы мақ­са­ты – адам болуға жеткізе алмайды.
Жастайынан математикаға бейім болып, физика және математика мамандығы бойынша үз­дік оқып, жоғары білімге ие бол­ған студентті философия ғы­лымына бағыттап, жол сілтеген атақ­ты академик Салық Зиманов екен. Қазіргі кездегідей емес, жиыр­масыншы ғасырдың 60-шы жыл­дары жаратылыстану ғы­лымының философиялық мә­селелерін зерттеуге ерекше на­зар аударылды. Фило­со­фия­ның барлық ғылымдардың бас­тауы, әдістемелік негізі екенін те­рең түсіне білген ғұлама заң­гер­дің көргенділігі таң қалды­ра­ды. Ол заманда аспирантураға тү­суден үміткерлер философия пә­нінен кандидаттық минимум тапсыратын. Емтихан кезінде оның осы ғылымға бейімдігін бай­қаған комиссия мүшелері Әб­дімәлік Нысанбайұлын Филосо­фия және құқық институтына ша­қырып, ол кейін академик Қа­ныш Сәтбаевтың ұсынысымен Мәскеудегі Философия инсти­ту­тының аспирантурасына тү­се­ді. Ғылымға құштарлы­ғы­ның, күні-тү­ні ізденуінің арқасында оны екі жылдан сәл астам уақытта біті­ріп, «Математикадағы ақиқат си­патын ашып көрсетудің сәй­кестік принципінің мәні» тақы­ры­бын зерттеуге арналған кан­ди­даттық диссертациясын сәтті қор­ғап шығады. Бұл дегеніңіз на­ғыз ерлік! Аспирантураны бел­гіленген мерзімнен бұрын аяқтау түгілі, бітіргеннен кейін де қор­ғайтындардың пайызы ол кезде өте аз болатын. Қазақ баласының білімін Мәскеудің философ ға­лым­дарының мүйіздері қара­ғай­дай өкілдері И.Кузнецов, Б.Кед­ров, Э.Ильенковтердің өзі мойын­дады. Бұл қазіргі жастар үшін «еңбек­тен­сең, алынбайтын қамал жоқ» де­ген ұстанымның нақты дә­ле­лі.
Әбдімәлік Нысанбайұлының тағы бір тұлғалық қыры – ол іс­кер ұйымдастырушы, дана басшы. Кеңес заманында қазақ­стан­дық философия мектебі одақтағы ең танымал үш мектептің бірі еді. Оның осындай биік деңгейге жетуіне ерекше үлес қосқан ға­лым Философия және саясаттану Институтын жиырма бір жыл табысты басқарды. Шынын айту керек, күні бүгінге дейін отандық философияның ең үздік өкілдері – осы институттың қызмет­кер­лері. Әр түрлі ұлттардың, әр түрлі фи­лософиялық бағыттың, әр ­түрлі буынның өкілдерінен құ­рал­ған ұжымды басқару – аса күр­делі жұмыс. Зерттеп жүрген та­қырыптары, өмірлік және ғы­лыми көзқарастары, мінез-құ­лықтары да әр басқа. Бірақ осындай күрделі Институт Әбдімәлік Нысанбайұлының басшылы­ғымен бір кісідей ұйымдаса қыз­мет істеп, шын мәнінде қыруар жұмыс атқарды және өздері бүгін сол кездерін көрген түстей, тамсана еске алады.
Ұжым осы жылдар аралығын­да зерттеген мәселелерді, дүниеге әкелген ғылыми еңбектерді, дайын­даған ғылыми жобаларды тізіп шығудың өзі оңай шаруа емес. Олардың бірқатарына ғана тоқ­талайық. Еліміздің тәуел­сіз­дікке қол жеткізуі қазақ хал­қы­ның бай рухани мұрасын, ерекше философиялық дүниетанымы­мен зерттеуге жол ашты. Елбасы «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласын­да рухани жаңғырудың бастамасы ретінде атап көрсеткен «Мә­де­ни мұра» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы­ның «Философия» се­риясын дайын­даудың басы-қасында Әб­дімәлік Нысанбайұлы болды. Әлем­­дік философияның үздік туын­дыларын қазақ тіліне ау­дару­ға отандық философтар бел­сене қатысқан сол бір кезең біз үшін аса қиын кезең болды. Екі тілді жақсы меңгерген фило­соф­тардың аздығы, олардың басым көпшілігінің Институт ға­лым­­дары сияқты арнайы ака­де­­мия­лық ізденіс мекеме­ле­рінде емес, жоғары оқу орындарында  қызмет атқаратындықтан уақыттарының тапшылығы және тағы басқа то­лып жатқан мәсе­лелерді табысты шешуге Әбді­мәлік Нысан­бай­ұлының басшы­лығы оң ықпал етті. Бір байқа­ға­нымыз, ол кейбір бас­шылар секілді бұйрық берумен шектелмей, іске тікелей ара­ласып, қажетті бағыт-бағдар, кеңес беріп отырды.
Осы жоба ғалымның ұлт­жандылығын тағы бір рет көр­сетті десек болады. Әрбір фило­со­фиялық терминнің қазақ ті­ліне дұрыс аударылуын қа­да­ғалап, аударма мәтінінің әрбір парағын мұқият тексеріп отырды, себебі осы аудармалар көп­шіліктің философия ғылымының тұңғиығына бойлауына апарар жол еді. Нәтижесінде қазақ тілін­де «Әлемдік философиялық мұ­ра» сериясының жиырма томы, «Қазақ  халқының  философиялық мұрасының» жиырма томы, түркі дүниесінің ұлы ғұламасы, әлем­дік философияда өшпес із қал­дырған әл-Фараби шығарма­ларының он томы жарық көрді. Қазақ халқының философиясын зерттеу ісін бүгінгі мерейтой иесі қа­зіргі таңда да жалғастырып отыр. ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру байқауында Ә.Ны­санбаевтың басшылығымен осы тақырып бойынша ұсыныл­ған жоба жеңіске жетіп, оның ая­сында жақын арада «Қазақ фи­лософиясының тарихы» се­рия­сының төртінші кітабы жарық көр­ді. Қай томды алып қарасаңыз да, іргелі еңбек! Ғалым бастаған топ енді бесінші томды дайын­дауға кірісті.
Әбдімәлік Нысанбайұлының тағы бір ерекшелігі – ол жан-жақ­ты ғалым. Өзінің зерттеу са­ла­сымен шектеліп қана қоятын кей­бір ғалымдардай емес, ол философияның барлық бағыт­тары мен мәселелері бойынша мол білімге ие. Қазақстан тари­хын­да философтарға жалғыз рет Мем­лекеттік сыйлық берілген бол­са, философия ғылымының диа­лектикалық логика саласы бойынша жазылған еңбектері үшін марапатталған төрт ға­лым­ның бірі – Әбдімәлік Нысанбай­ұлы. Өзі тікелей айналысқан жа­ра­тылыстанудың философия­лық мәселелерін зерттеуден бас­қа оның қазақ философиясының тарихы, философиялық антропология, мәдениеттану, дінтану, саясаттану, әлеуметтану, ғы­лым­ның тарихы және философиясы, техника философиясы және т.б. са­лалар бойынша жазған туын­ды­лары отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосты.
Академик Ә.Нысанбаев – ғұ­лама ғалым ғана емес, көптеген ғы­лым докторлары мен кандидат­тарын дайындаған Ұстаз. Өзі ұзақ уақыт басқарған диссертациялық Кеңесте қорғалған жұмыс ға­лым­дар қауымында оның сапа­сының жоғары екендігінің бір­ден-бір белгісі ретінде қабыл­данғанын айтсақ жет­кі­лікті. Екі тілде бір­дей сөз саптау­дың шебері, ең­бек­тері әлемнің жиырма бес тіліне ау­дарылған ғалым жас іздену­шілерге арнал­ған дәрістерін бір сәт те үзбей, жалғастырып келеді. Филосо­фияның болашағына алаң­дап, жаны ашитындығын, та­лантты жасты көрсе қуанып, қо­лынан келген жәрдемін аямай­тынды­ғының талай рет куәсі бол­дық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық Университетімен байланысы мықты, Фараби мұрасын зерт­теудегі еңбегі үшін универси­тет ректоры, түркі данышпаны фи­­лософиясының қазіргі за­ман­ғы Ренессансына мұрындық бол­ған академик Ғ.М.Мұта­нов­тың қолынан «Әл-Фараби» күміс ме­далін алған Ә.Нысанбаев «Философия» мамандығы бойынша тү­лектердің білімдерін бағалау ко­миссиясының төрағасы ре­тінде біз үшін ұстамдылықтың, әділ­діктің, ғылыми тереңдік пен жа­нашырлықтың үлгісі бола біл­ді. Бір оқиғаны баяндай кетейік. Өзі байқатпауға тырысса да, түске дейін емтихан тапсырған басқа оқу орны балаларының бі­ліміне оның көңілінің толма­ға­нын сезген біз ішімізден «Фи­ло­софтарымыздың білімдері қалай болар екен?» деп алаңдадық. Түстен кейін тапсырған магис­трант­­тар­дың бірінші жауабынан соң-ақ академик «Бүгін жөнді фи­ло­софиялық әңгіме естімей кетемін бе деп қорқып едім, бала­ларыңыз мықты» деп риза­шылығын біл­діріп, олардың әр сөзіне шын ние­тімен шаттанып, жетпей жат­қан жерін өзі қосып, көтермелеп отырды. Біз де иығымыздан ауыр жүк түскендей қуанып, жұмы­сы­мызды жалғас­тырдық. Бірақ көп­ке дейін осы оқиға жадымыздан шықпады, ғалымның біз бұрын­нан да қай­таланбас, қазір си­рек кездесетін үлгі ретінде қа­былдайтын салмақ­тылығы, се­зімді ақылға бағын­дыруы, бас­қаның жетіс­тігіне шын ниетімен қуана білуі, қай ортада болмасын өзін ұстау мәдениетінің тағы да бір көрінісін байқап, ойымызға түйдік.
Әбдімәлік Нысанбайұлы ғы­лым­да ғана емес, жеке өмірде де ба­қытты. Сүйікті жары Зейнеш Әшен­қызымен білімді де ұлағат­ты балалар мен немерелер тәр­бие­леген бақытты әке, ата.
Академик Ұстазды мерейтойымен құттықтап, деніне сау­лық, отбасына амандық, ұзақ ғұ­мыр тілейміз!

Гүлжиһан
НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Философия кафедрасының меңгерушісі.

ПІКІРЛЕР2
Өмірбек 23.04.2017 | 15:00

Академик Əбдімəлік Нысанбаев ағамыз жайлы мақала бір шынайы, үлкен адами көңілден, сыйластықтан шыққан, əдемі дүние екен. Ағамыздың жасы құтты болсын! Гүлжиһан Жұмабаевна Сізге де ағамыздың жетістігі мен жасын берсін!

Гүлжиһан Нұрышева 26.04.2017 | 17:49

Рахмет, Сізге! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, заңғар ойшылдарымыз туралы көбірек жазғанымыз дұрыс. Ел іздеп жүріп оқитын «Қазақ әдебиеті» газетіне философия ғылымына деген жылы көзқарасы үшін алғысымызды білдіреміз! Табысқа жете беріңіздер!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір