Парасат пен парыз
21.04.2017
2460
0

Құлбек Ергөбек,
филология ғылымының докторы


Бір кездері «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көретін ғұмырнамалық шығармалардың қатарында қазақтан шыққан тұлғалардың, қайраткерлердің өміріне арналғандары сирек еді. Кейіннен аталған серия бойынша Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан қазақтың айтулы азаматтарының өмірін зерттеген біраз (Шоқан, Сәкен, Қаныш, т.б.) деректі ғұмырнамалық туындылар жарық көрді. Кешегі  болмысы бөлек  ұлт перзенттерінің  өнегелі істері мен ғибратты ғұмыры  баршамызға үлгі болды. Қазір «Жизнь замечательных людей»  сериясы «Өнегелі өмір», «Тамаша адамдардың өмірі» деген атаумен шығып жүр.  Өткенімізге үңіле отырып, ертеңімізге көз тастасақ,  бүгінгі жарыққа шығып жатқан шығармалар келешек ұрпаққа мұра болып қалатыны белгілі. Осы орайда «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен шыққан шығармалар жайлы филология ғылымының докторы, әдебиет сыншысы  Құлбек Ергөбекпен әңгімелескен едік.  

– Бізде «Тамаша адамдардың өмірі» се­рия­­сымен кітап шығару мектебі қа­лыптасты деп айта аламыз ба?
– Бұл өзі кешеге дейін М.Го­рь­кий негізін қалаған серия деп келдік қой.
Шындығында, ХІХ ғасырда Поляков секілді әдебиетші қа­лыптаған дүние болатын. Өз басым «ЖЗЛ» сериясы өнімдерін раритеттік басылым ретінде ал­ғашқы кітабынан «би тәңірісі» атан­ған, «Қазақ ССР-і халық әр­­тісі», екі мәрте Социалистік Еңбек Ері «Галина Улановаға» (кездесіп әңгімелескенмін) дейін­гі  өнімдерін  мүмкіндігінше алып, Түркістанда ұйытқы болып ашқан «Түрік тілдес ха­лық­тар кітапханасында» сақтап ке­­лемін. Өзімді бұл серияның қа­­тардағы оқырманы ғана емес, проблемаларын жан-жақты қау­зап жазумен келе жатқан жанашыры санаймын.
– Оған нендей себеп, аға?
– ХХ ғасырдың 1978 жылы жас­­тар газетінде қызмет етіп жү­ріп «Өнегелі  өмірге кең өріс…» // «Лениншіл жас», 11 қа­зан, 1978 ж.) аталатын пробле­ма­лық мақала жаздым. Ма­қа­лада тап осы өзің айтып отырған мә­селені көтерген екенмін. «ЖЗЛ» сериясы бойынша «Молодая гвардия» баспасынан жа­рық  көрген Т.Кәкішевтің «Сә­кен Сейфуллин», И.Стрел­кованың «Друг мой, брат мой…» (Ш.Уә­ли­ханов), «Вожаки комсомола» се­кілді деректі, деректі ғұмыр­на­малық шы­ғармаларға шолу жа­сай келе осы серияны неге Қа­зақстанда қа­лып­тас­тыр­масқа деген пікір айтылады. Қазақтан шыққан тұңғыш елші, «Темір­қазық» журналын шығарған Нәзір Төреқұлов, «Түр­кістан респуб­ликасын» бас­қарған, «Ақ жол» газетін шы­ғарған Сұл­танбек Қожанов, Ға­нимен жарыса жас­тар же­тек­шісі болып жалындап шыққан, Тимерязев академиясын бітірген тұңғыш қазақ Садықбек Сапарбеков секілді бірсыпыра қай­рат­керлер есімі аталады. Өзбек­стан­­да аты аталған адамдар жайын­­да мақа­лалар, тіпті кі­тап­тар жарық көрген, біз неге олардың атын атауға қорқамыз деп те жібе­ріппіз. Олардың әлі ақталмаған кезі. Шамасы әкедей әзіз Бейсекең – Бейсембай Кен­жебайұлымен, документалист жазушы Жүсіпбек Арыстановпен жиі әңгімелесудің әсері, әй­теуір Қазақстанда атын атауға бол­майтын, әлі толық ақталып жет­пеген аяулы адамдар, айтыл­май жабық жатқан тұлғалар жайында өзің айтқан «ЖЗЛ»-дің қазақша сериясын ашып неге де­ректі, деректі ғұмырнамалық кі­таптар шығармаймыз? Неге де­ректі әдебиет саласына ма­ман­­данбаймыз? Алдымен қа­зақ­­ша жазып бастырсақ, кейін Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен шығармаспыз ба де­ген сауалдар тастаппын ортаға. Тиісті орындардан «мынауың не, қарағым-ау?» – деген ескерту естідік. Ұлттық мәселе көтер­сең басың­нан сипай қоймайтын кез ғой ол.
Сәл кейіндеу қазақ әдебиеті де­ректі, деректі ғұмырнамалық шығармаларға бетбұрыс жасады. Әлгі аты аталған шығармалар қазақ тіліне аударылып жарық көрді. Жаңадан осы арнада дерек­ті дүниелер туа бастады. Дейін жазылғаны бар, кейін ту­ғаны бар, деректі, деректі ғұ­мыр­намалық әдебиет өріс ала бас­таған соң «Өнегелі өмірдің» өрі­сі қандай?» («Қазақ әдебиеті», №33 (1851), 15 тамыз, 1986 ж.) «Ғұ­мырнамалық проза және кейіп­кер парасаты» («Жұлдыз», №1, 1989 ж.), «Естелік – рухани ес­керткіш» «Қазақстан комму­ни­сі», №1, 1991 ж., «Ертеңге бас­тай­тын жол…» («Қазақ әде­бие­ті», №4 (2234), 24 қаңтар, 1992 ж. «Бір кітап және бірегей серия…» («Қазақ әдебиеті», 1994), «Жал­ға­сын күтер жақсы іс» атап бұл са­ланың мәселесін сыртқы жанр­лық жүйемен шектелмей, ішкі құнары, кейіпкер жанын ашу мәселесіне дейін барып, талдап әңгіме еттік. Көңіліміз тол­ғаннан, толмаған сәт көбірек қау­залды. Сын көбірек айтылды. Өйткені, серия әлі қазақ әде­биетінде қалыптасып жетпеген болатын. Кейін баспагер Жа­рылқасын Нұсқабайұлы өзі басқарып отырған баспадан естеліктерді арнайы серияға айналдырып, бірсыпыра кітап шығарды. Өзіміз айтып отырған «ЖЗЛ» өнімдерінің  бірсыпырасы естеліктер ғой. Жарылқасын Нұс­қабайұлының бұл баспа­гер­лік әрекеті құп жарасып, серияны нығайта түсті. Тіпті, жарық дү­ниеден ертерек көшіп, ба­қи­лыққа аттанған, өзі ғана емес, көз­көргендер қатары да селдіреп қалған әдебиет қаламгерлері, қо­ғам қайраткерлерін де ыжда­ғаттылықпен «тірілтті». Бастау сә­тіндегі екпініне қарап естелік­тер сериясы орыс әдебиетіндегі екі айналыммен жарық көрген «Литературные мемуары» серия­сы секілді жөндем жүйе түзер де­ген ойда болған едік. Өкініші, соң­ғы кезде бұл серия бойынша кі­тап шығару тоқтап қалды. Бұл дұ­рыс емес. Нұрмахан Ораз­беков «Ғибратты ғұмыр» атап «Қа­зақстан» баспасынан серия жа­сақ­тап «Шоқан Уәлиханов» (Ж.Бейсенбайұлы), «Нәзір Тө­ре­құлов» (Т.Мансұров), «Сұл­танбек Қожанов» (Б.Қой­шы­бай­ұлы), «Төлеген Тәжібаев» (М.Асылбеков), «Райымбек Сейт­мет» (Ә.Сығай) секілді бір­сыпыра кітап шығарып, серия­ның бұғанасын ғана бекітіп қойған жоқ, іргесін де кеңейтті. Өкініші, тау өзеніндей арқырап, сарқырап басталған бұл серия да соңғы кезде ақабадай сиыр­құй­ымшақтанып барып сарқылып тоқтады. Әдебиетсүйермен ректор Ғалымқайыр Мұтанов ҚазҰМУ баспаханасынан «Өне­гелі өмір» сериясын жасақтап елуге тарта деректі, деректі ғұ­мыр­­на­ма­лық кітап шығарды. Серия­ның бұрынғы талпыныс­тары бақилыққа көшкен ірі тұлғалар өміріне арналса, университет өзінің көзі тірі даңқты түлектері жайында да әп-әдемі деректі дү­ниелерді қалыптап келеді. Се­­рияның 25 кітабын жиып алып «Тағдырлар тол­ғамы» («Ақи­қат», 31 сәуір, 2014 ж.) атап жур­нал бетінде арнайы талдап сөйлегенім де бар. Баспа­герлерді кезіндегі партократтар өмірін қаузау мен жалған бедел қуалап кітап шығарудан сақтан­дырдым. Ғұмырнамалық кітап бүгін бар да, ертең жоқ – мемле­кеттік қыз­мет­керге емес, қазақ халқы­ның мәңгілік перзент­теріне арналуы жөн!
Бір қарағанда, өзіңіз айтып отырған «ЖЗЛ» қазақ әде­бие­тін­де қалыптасты деуге де болады осымен. Өкініп айтарымыз – біздің баспагерлік ісімізде бел­гілі бір жүйе бола бермейді. Со­дан да жақсы басталған іс сәт­ті сабақталмай, белгілі бір ме­жеге жетер-жетпесте аяқсып қа­ла береді. Бұл баспагерлік мә­дениеттің төмендігі. Ми­нистр­лікте баспагерлік саясаттың дұрыс жүрмей отырғанын көр­се­тетін жәйт. Бірақ оған қара­мас­тан қазақ қаламгерлері елі­міз­ге еңбегі сіңген тұлғалар жа­йын­да  деректі, деректі ғұ­мыр­­на­малық кітапты тынбай жазып жатыр, жазылған еңбек арнайы серия құрамаса да, түрлі баспадан кітап болып тоқтаусыз жа­рық көріп жатыр. Соңғы кез­дері жарық көрген бір жақсы ғұмыр­намалық дүние деп Сұл­тан Хан Аққұлұлының Шымкент­те ба­сылған «Әлихан Бөкейхан» ата­латын екі кітаптан тұратын ең­бегін атар едім.
Соңғы кезде деп қалдық па? Кейін­гі жылдары Москвадағы «Мо­лодая гвардия» баспасынан М.Сәрсекенің «Қаныш Сәт­баев», «Евней Букетов», Е.Сы­ды­қовтың «Шәкәрім»,  Ж.Бей­сенбайұлының «Шоқан Уә­­­лиханов» аталатын қай жағынан алып қарасаң да, ба­рынша лайықты ғұмыр­на­ма­лық шығармалары жарық көрді. Кең таралымды жарияланымды қазақ әдебиетінің үлкен табысы деп қараймын. Сол сияқты, се­рия­ның да абыройын көтере­тін еңбектер деп білемін.
«Өнегелі өмір» сериясының өріс алуына орай, осы саланың өз­бек, қарақалпақ, татар, баш­құрт әдебиеттеріндегі өрісін бай­қастап «Топдиму йуқотма­дим» (Таптым, алайда жоғалт­па­дым) («Егемен Қазақстан»), «Адам бекерге жасамайды» («Ана тілі», №49 (1150), 2012 ж.) се­кілді ма­қалалар жарияладым.
Демек, «ЖЗЛ» сериясын орыс баспаларынан бастап, тү­рік тілдеріндегі, қазақ тіліндегі өріс, өркенін бақылап, қадаға­лап, мақала жазып, тіпті тұтас кі­тапта («Баянғұмыр», 1992 ж.) тал­­дап келе жатқан жайым бар. Тұл­­ғаларға тағзым сипатында жа­рық көріп келе жатқан ең­бек­тер легі қуандырады. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алмақ кемеңгерді!?» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, өз кемелімізді кемеңгер тұтып ат­қарылып жүрген ісіміз кісі сүй­сінерлік. Дей тұрсақ та, осы де­ректі, деректі ғұмырнамалық кі­тап өнімдерін шашыратпай ми­нистрлік бір баспаға байлап бер­се, тіпті ғанибет болар еді-ау деп ойлаймын.
– Адам болмысын ашу, ішкі жан дүниесін зерттеу, оның ерек­шелігін тану оңай шаруа емес қой. Біз сол тұлғалардың, қайраткер­лердің жаратылысын қанша­лықты аша алдық?
– Өзің айтып отырған «ЖЗЛ» әлем­дік серия. Рас, советтік ке­зеңде жарық көрген кітап­та­рын­да туындыгерлер кейбір қай­раткерлерге кеңестік кезең өл­шемімен қарады. Содан да се­рияның біраз өнімі революционерлер өміріне арналды. Айталық, Раиса Островская «Николай Островский» аталатын кітап жазды. Радий Фиш «Назым Хикмет» туралы кітап жаз­ды. Бірі естелік, келесісі күн­делік аралас толғам. Жалпы, «ЖЗЛ» өнімдері мемуар, ғұмыр­на­малық очерк, естелік, күн­де­лік, эпистолярия секілді болып келеді. Мәселе қандай форматта жа­зылғанында емес, қалай жа­зыл­ғанында, әрине. Ғабең жа­рық­тық, Мүсірепов, айтар еді: «Шығарманың атын «Әзірет Әлі» атасаң да, кейіпкеріңнің жанына үңіле алмасаң, жазу­шы­лық шеберлік таныта ал­ма­саң бәрі бекер…», – деп. Ғабең айт­қандай, кейіпкер жанына үңілу – жалпы «ЖЗЛ» өнімдерін­де аздау, біздің авторларда тіпті жадаулау деп ойлаймын. Бәлкім, сондықтан да шығар, кезінде «Ғұмырнамалық проза және кейіпкер парасаты» («Жұлдыз», №1, 1989 ж), «Естелік – рухани ескерткіш», «Қазақстан ком­мунисі», №1, 1991 ж.,) атап мақа­ла жазғанмын. Кейіпкер жанына терең бойламасаң – әдебиет жоқ. Мейлі ол деректі, деректі ғұмырнамалық әдебиет болсын, мейлі ол таза көркем туынды болсын, бәрі бір өлшем – жан-жақты тұлғаланған образ болуы керек. Образ болуы үшін – кейіпкеріңнің сырт тұлғасын емес, ішкі жан-дүниесін бере білуің керек. Кейіпкер адам. Адам­ның жан дүниесі адами аңсардан, арманнан, адасулардан, ішкі қайшылықтардан, со­дан туындайтын күйзелістен тұ­рады. Деректі, деректі ғұмыр­намалық әдебиетте де бетке ала­рың осы болуға керек. Тамаша жазушы Ирвинг Стоунның Ван Гог, Д.Лондон, Микеланджело, Ч.Дарвин, Ю.Дебс туралы шығармаларының әлемдік классика саналатыны, Андре Моруаның Бальзак, Дюма, Гюго туралы ғұмырнамасының оқы­ла­тыны жазушы-кейіпкерлері­нің жанына үңіле білушілік. Смир­новтың «Бресть қамалы» қа­рапайым жазбасының жауын­гер жанына үңіле алуымен ерекше, Д.Н.Граниннің «Обратный билет», «Зубр», «Клавдия Вилор» секілді деректі шығар­ма­лары нәзік психологизмімен бөлек тұрады, В.Шкловскийдің «Лев Толстой» ғұмырна­ма­сын­да­ғы ойшылдығы, И.Андрони­ков­тың «Лермонтов: поиски и на­ходки» аталатын ғұмырна­ма­сын­дағы дерек тапқыштық кі­сі­ні баурайды. Айта берсе алдымызда үлгі көп-ақ. Көбі соның кейіп­кер жанына үңіле білу­ші­ліктен бастау алады. Архивтік де­ректің дәлелді болуы, ой­шылдық қарапайым жанр туын­дыларының әруағын аспандатып жібереді емес пе?! Ольга Ко­валиктің «Галина Уланова» аталатын шығармасында балет жолына түскен жас арудың перзент көру, ұрпақ сүю әлде биден бақыт табу жолайырығындағы қиналысы мені баурады. Отан со­ғысы жылдары Алматыға ығы­сып келіп, бірсыпыра уақыт тұ­ратын «би құдіреттің» ұлты­мызға, қазақ өнеріне қатысты сәттері де көңіліңді құрсан ете­ді. Ольга Коваликтің кітабы Га­­лина Сергеевна туралы жал­ғыз шығарма емес. Бұрын аме­рикалық фотожурналист Альберт Канн «Улановамен өткен күн­дерім» аталатын кітап жаз­ған болатын. ХХ ғасырдың сек­сенінші жылдары Академиялық мемлекеттік үлкен театр (ГАБТ) гастрольдік сапармен Алматыға келгенде Галина Сергеевнамен сұхбаттасу үшін журналист ра­йында дайындалу процесінде олар­дың бірсыпырасымен оқып та­нысқанмын. Бұрынырақ «Жизнь в искусстве» сериясымен арнайы деректі кітап жа­зылған. Виктор Шкловскийдің әлгі сериямен жарық көрген «Сергей Эйзеншштейн» аталатын ғұмырнамалық шығарма­сында да қазақ халқына деген құр­мет байқалады. ЦГАЛИ-де (Орталық мемлекеттік әдебиет және өнер архиві) Виктор Борисович Шкловскийдің жеке ар­хивтік қорында жұмыс істеген­мін. Олар жайында «Қазақ әде­биеті» газетінде «Моги­кан­ның соңғы жұрағаты…» атап ма­қала жазғанмын.
– «Жизнь в искусстве» сериясы туралы айтып қалдыңыз…
– «ЖЗЛ»-мен табиғаттас та­ма­ша серия. Ол да деректі, де­рек­ті ғұмырнамалық еңбектер сериясы. Айырмашылығы – бұл серия өнер адамдары тағ­дырына арналады. «ЖЗЛ» сериясынан біздің бірсыпыра қаламгер­лері­міз ұлт тұлғаларын көтеріп де­ректі, деректі ғұмыр­намалық кітаптар шығарғаны жұ­баныш. Алайда, «Өнердегі өмір­лер» сериясы бойынша де­ректі, деректі ғұмырнамалық ең­бек шығара алмай жүргеніміз кем­шілік. Жазушы Сара Лә­тие­ваның өнердегі «Чудомыз» (Ғ.Мүсірепов) – Күләш Бай­сейі­това тағдырынан жазылған «Бұлбұл» аталатын туындысы, Зәкір Асабаевтың Ермек Серкебаев тағдырынан жазылған «Маэстро» аталатын кітаптарын аударып ұсынса, көзін тауып әлгі сериядан шығарса деп армандаймын.
– Бұл бағытта бұрын талпыныс жасалмаған ба?
– «Өнер» баспасы ашылған жыл­дары Ш.Жиенқұлова, Қ.Байсейітов, Қ.Бадыров, Е.Өмірзақов, Б.Ри­мова, А.Тоқ­пановтың ес­телік кітаптары жарық көрді. Р.Нұрғалиевтің Ж.Шанин туралы, Т.Жұрт­байдың Қ.Қуа­ныш­паев жайында жазған ғұмыр­на­масы, М.Төлебаев, С.Қо­­­жамқұлов өзге де айтулы дарындар жайын­да ұйымдас­тырылған естелік кітаптары кезіндегі жақсы бас­тама болатын. Аяқсып кеткені өкіндіреді.
– Бізде «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен кітап шығару жолында үлкен талпыныстар жа­сап, бүкіл ғұмырын арнауға даяр адамдар аз секілді. Осының се­бе­бі неде?
– Жоқ демейік. Бар. Бар дү­ние­­мізді ғұмырнамалық әдебиет се­риясына айналдыра алмай отыр­сақ ол баспагерлік мәде­ние­т­тің төмендігі. Кітап шы­ғару­­ды жоспарлай білмейміз. «Өнер­­дегі өмірге» келетін бол­сақ, кезінде Өзбекәлі Жәнібек «Қа­зақтың ұлттық киімі» туралы кітап жасады. Слайдтарын Ал­манияда жасату керек болды. Баспа қиналды. Баспа қиналған соң автор қиналды. Кітап көп кедергімен бірсыпыра жылдарға кешеуілдеп жадап-жүдеп жарық көрді. Ө.Жәнібектей қайраткер этнологтың өнер жайлы кітабы әбіржіп, жадап-жүдеп жарық көруі­нің өзінен-ақ бірсыпыра сыр­ды аңғаруға болады. Серия өнім­дері тарихи суреттермен бе­зен­дірілуге тиісті. Ол қымбат. Министрлік серияның маңыз­ды­лығын емес, алдымен қым­батқа түсерін ойлайды да кейінге шегере береді.
Әйтпесе, «Өнер» баспасы «Өнер­дің ықшам тарихы» атап, әлемдік өнер тарихын, сурет­ші­лердің көркем альбомдарын шы­ғара бастаған еді. Тәуелсіздік алумен ол да тоқтады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Райым­бек Сейтметов, Сәбит Ораз­баев сын­ды тар­лан­дары­мыздың ғұмырнамасын серияға айналдырып кітап етіп жариялады. Сапалы дүние болатын. Бү­гінде ол серия да көзге түсе бер­­мей­ді…
Қысқасы, біз қандай да серияны ұлт тарихына, ұлт тағды­ры­на сабақтастыра отырып жүйе­­лі жоспарлауды, үзіп-жұл­қымай жүйелі жарыққа шы­ғару­ды ойлауымыз керек. Бар мә­се­лені бүгінмен шектеп, бас­па­герлік қызметімізді бүгін ат үстінде жүр­ген азаматтарды дәріптеуге ғана арнасақ, тәуелсіздікке тар кезеңнен тарығып шыққан, зарығып жеткен ұлтымыздың тарихын ұмытқанымыз, онда ертеңгі ұрпақ үшін, еліміздің, мем­лекетіміздің ертеңін кемел­дендіруге жұмыс істемеген болып шығамыз.
– Адам тағдырын ашуда, шын­­дықпен бетпе-бет келуде ұлт­тық менталитетіміздің тигізер әсері қандай? Ал осы мәселеге бас­қа ұлттар қалай қарайды? Мә­­селен, орыс халқы бұған өте се­­зі­мталдықпен, шын­шылдық­пен, ерекше жауапкершілікпен қарайтын секілді. Бүгінде қазақ ғұ­мырнамалық шығармалары кемеліне келген уақыт десек те, әлі де аражігін ажырататын мә­селелер аз емес сияқты. Осы ту­ра­лы пікіріңіз қандай?
­– Әңгімеміз сериялық ең­бек­терге қарай ойысқан секілді. Өзің айтып отырған «ЖЗЛ»-да «Жизнь в искусстве», «Литературные памятники», «Литературные мемуары», «МСП», т.б. толып жатқан сериялық еңбек­тер жүйесі бар орыс әдебиетінде. Кешегі кеңестік кезеңде болған, бүгін де бар. Жалғасып жүйелі түрде шығып келеді. Әрқайсы­сы­ның өз ерекшелігі бар. Бірін-бірі қайталай қоймайды. Соның дені естелік, эссе, эпистолярия, күнделік дегендей мемуарлық әдебиеттің ішкі жанрларынан тұрады. Ғұмырнамаңыз да сол! Мемуардан тамыр тартады. Мемуар – шыншыл болуы керек. Қазақ әдебиетіндегі мемуар саясат соғып кетеді. Содан да автор­дық ақиқат сөзінен гөрі заманаға «күйлеуі» басым шығып, шығар­маның бәсін түсіреді. Естелік – рухани ескерткіш. Әңгіме жоқ. Әдемі анықтама. Алайда, ес­телік айту үшін (жазу үшін) – кісілік мәдениет, әдеби әдеп ке­рек. Әдетте біз өзге (тұлға) тура­лы айта бастап, өз жайымыз­ды күйттеп кетеміз. Әйтпесе, кейіп­керімізге шаң жуытпаймыз. Адами кемшілігін көрмей­міз, көргіміз келмейді. Содан да қолдан құдай жасаймыз. Жалпы, кемшіліксіз жұмыр басты пенде болмақ емес (бір Құдай­дан өзге). Кейіпкеріңіз өз заманына тән кемшіліктерімен көр­кем. Онсыз әдебиеттегі «бі­рың­ғай теорияға» ұрынамыз да шы­ға­мыз. Жазушы шеберлігі деге­н­і­міз не? Керекті жерінде кемші­лік­ті кейіпкерді көркем образға айналдыру жолында қалауын тауып қалай білуі. Бахтиннің кез келген жазушы өзі өмір сүр­ген қоғамның тұтқыны. Оны «тұт­қыннан» әдебиетші шы­ғара­ды деуінде үлкен мән бар. «Л.М.» сериясы бойынша ХҮІІІ, ХІХ, ХХ ғасыр тұлғаларының мемуарлық әдебиеті түгелге жуық жарық көрді. А.С.Пу­ш­­киннің әсіре қыз­ба­лығы, Ф.М.Достоевскийдің құмар­паздығы, И.С. Тургеневтің би­кештерге келгенде «әлсіздігі» (Л.Н.Толстоймен арасы), «Ақын болу өз еркің, Азамат болу міндетің!» дейтін Некрасовтың патшаға жағынып халықты қырғынға ұшырататыны (К.Чу­ковский «Поэт и палач»), баспаханасын иемденіп алу үшін ғана ерінен ажыратып Панаеваға үйленетіні, карта құмарпаз­дығын сол серияның естелік әде­биетінен оқып білдік. Бірақ ұлы тұлғаларға деген біздің ықы­ласымыз суыған жоқ. Ве­ресаевтың Пушкин, Гоголь туралы, Сергеев-Ценскийдің Пуш­кин туралы шығармалары ұлы кейіпкерлерінің «пен­де­шілігін» көбірек қаузайтын
туындылар. Бірақ одан ұлы жазу­шыларға түсіп жатқан көлеңке тағы жоқ.
Олай болса, бүгінгі әңгімеге тамызық болған деректі, деректі ғұмырнамалық әдебиетте ұлы тұлғалардың образын жасау жолында оларды өмірде болған, басынан өткен кемшіліктерді жасырып жабу емес, асқан шын­шылдықпен айта отырып, аса шеберлікпен тұлғалау шарт екен. Сонда һәм өмірдегі шын­дық­қа, һәм көркемдік шын­дыққа жетеді екенбіз.
Бүгінгі таңда көркем әдебиет бағ­дарынан адасып тұрған, оның ақ-қарасын ажыратып, ба­ғыт беретін эстетикалық өл­шем таразы басын баспай тұрған шақта оқылмайтын әдебиет жайында әңгімені азайтып, оқылымды әдебиет жасау­дың амалына көшуіміз керек. Жасырмай-жаппай ашығын айт­сақ, деректі, деректі ғұмыр­намалық әдебиет бүгінгі таңда анағұрлым көбірек оқылады. Тек талапты төмендетпей, тал­ғамды ұштай жаза білейік! Ал жалпы шынайы әдебиет жасау – парасат ісі, көркем әдебиет пе, де­ректі, деректі ғұмырнамалық әде­биет пе, ақ-қарасын ажыратып талдау сөз айту – парыз бол­мақ!
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір