Кемелді келешекке…
21.04.2017
2042
0

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын  талдауға арналған басқосу 20 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында өтті. Басқосуды Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізді.

«Өздеріңізге белгілі, Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы қазір бағ­дарлама деңгейіне көтеріліп, ха­лықтың талқысына түсті. Үл­­кенді-кішілі қаламгер­лер бұл та­қырыпқа бір кісідей атсалысып жатыр. Қазақстанның бо­ла­шағы рухани жаңғыруға тікелей қа­тысты. Бүгін сіздерді осы ма­қа­лада айтылған мәселе­лердің өміріміздегі маңы­зы туралы ой-пікірлеріңізді тыңдауға ша­қырып отырмыз.
Мақалада екі нәрсе баса айтылды, біріншісі – ұлт коды сақ­­тал­маған кезде ешқандай ру­хани жаң­ғыру болмайды. Ар­ғы-бер­гі­де біз үлкен-үлкен эко­но­мика­лық жаң­ғыруларды, реформалар­ды бастан өткердік. Нарық­тық экономикаға көшкен алғашқы жылдары әуелі экономика мен саясатты, одан кейін барып рухани кеңістігімізді бүтін­дей­міз­ дегенді Президен­ті­міз айт­қан. Мі­не, сол рухани ке­ңістікті бү­тін­дейтін тарихи құ­жат өмірге келді. Оны жалпы халық қолдап, тал­қылап отыр. Ұлт коды деген сіз бен біздің тікелей тақыры­бы­мыз десек, артық айтпайтын  шы­ғармыз. Іліп әкетіп шығарма жаз­саңыз да, талдап мақала жаз­саңыз да айналып келгенде ұлт­тық кодымызды сақтауға үнд­е­ге­ні абзал. Екінші мәселе – ұлт­тық кодты сақтаймыз деп, со­ның ішінде бұйы­ғыланып қал­май, жаңа за­манға ілесетін­дей, жаңа заманға лайық қанат жая­тындай жас ұрпақ тәрбиелеу. Жаңыл­масам, 1992 жылы болуы керек, Елбасымыз «Тарихи сана – ұлттық сананың негізі» деген ой-пікірін жариялаған. Содан бері қарай батыс пен шығыстың ор­тасында отырсақ та, өз жолымызды  та­буға ұмтылып, бола­шақ­қа қадам басып келеміз. Ма­қалада ай­тылған тапсырмаларды жүзеге асыру  үшін Пре­зи­денттің жанынан ұлттық комис­сия құрылды. Оның құра­мына қоғамдық пі­кірді өріс­тетуге ық­пал етіп жүр­ген әр са­ланың мамандары мүше болды. Олардың ішінде Қазақ­стан Жазушылар одағы­ның қаламгерлері де бар. Елбасы бұл мақалада Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық Ғылым ака­демиясы, тиісті ғы­лыми орта­лықтар осы айтылған ойларды арсенал етіп пайдалануы керек  дегенді меңзеді. Біздің  арсеналымыз – кітап. Көркемдік ойлау кеңіс­тігімізді қалыптас­тыру­дың, ұлт  жанын, ұлт кодын сақ­таудың  бір­ден-бір  көзі – кі­тап. Сондықтан жұдырық болып жұмылып жүз кітап, жүз тұлғаға қатысты ойларды толықтырып қана қоймай, орындалуына күш  жұмсасақ  жыр­тығымыз бүтін­деледі деген сенім­демін.
Осы қазір ғана Министрлік та­рапынан хабар алдық. «Мә­дениет туралы» заң Сенаттың тал­қы­лауынан өтіп, Президентке  жолданды. Қаламақы мәсе­лесі шешілді, ол үш бағытта жүзеге асатын болады. Біріншісі – шы­ғарманы қа­былдау, яғни сатып алу, екінші – жарыққа шы­ғару, үші­нші – тарату. Бұрынғы Кеңес­тер Ода­ғының кеңісті­гіндегі мемлекет­тердің бір­де-бірінде мұндай жүйе жоқ. Пре­зи­денттің іргелі бағдарла­масымен тұспа-тұс келген қуа­ныш құтты болсын! Ендігі жерде әдебиеттің өркен­деуіне жол ашылады деп нық сеніммен айта аламыз», – дей келе Нұрлан Ора­залин бас­қосуға жи­налған қалам­герлерге сөз бер­ді.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
«Жұлдыз» журналының бас редакторы:

– Елбасының бұл мақаласы жұрттың көптен күткен жа­ғымды жаңалығындай болды. Шынын айтқанда, та­ри­хымыздың тереңдеуін қаламайтын және біздің терең­дегі тамырымыздан өзімізді ажыратуға тырысатын қауым­ның бары рас. Ағылшын жазушысы Джон Миль­тон­ның мынандай сөзі бар: «Өзін-өзі басқара алмаған ел, өзінің қанағатына тыйым сала алмаған ел – басқаның бо­данына ұшырайды». Мақаланың басты идеясы – қайта оралу. Ата мұра мен мәдени мұраға оралу. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауда аталмыш ма­қала өте құнды деп есептеймін. Оған қоса, мақаладағы «100 оқулық» тақы­ры­бына баса назар аударғым келеді. «100 оқулықтың» аясында әдеби шығар­ма­лардың аударылуы сапалы болса екен деймін. Елбасы тапсырмасымен құры­латын Ұлттық аударма бюросына Жазушылар одағының әсері тиюі ке­рек. Аударылар «100 кітаптың» тізгінін Жазушылар одағы жүргізсе, сапалырақ дүниелер шығар еді. Тағы бір айтарым: «Әлем әдебиеті» деген журнал қар­жы­лық себептерге байланысты шықпай жатқанына біраз уақыт болды. «Ли­те­ратурный Казахстан» журналы да дәл осы жағдайда. Аудармаға бөлінер қар­жыдан аталған журналдарды қайта жүргізсек, әдеби өрісіміз кеңіп қалар еді.


Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Ана тілі» баспасының директоры:
– Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласының ұстанымдары ықылас ұйытып, ұйғарым­дары иландырып, көптен көкейімізде жүрген  мәселелер­мен қайта қауышқандай болдық.
Адам – қоғамның қазынасы мен қасиеті. Оның сапасы мен сымбаты санаға байланысты. Қазір ісіміз ұқсас, сөзіміз жаттанды, санамыз самарқау бізге соны серпілту керек, көтеру керек, кемелдендіру керек.
Өркениеттің ортасынан орын алу үшін, күн сайын өзгеріп жатқан жаһан­дық үдерістерден қалмау үшін барлық салада бүтіндей қайта жаңғыруы­мыз керек. Оның бағыт-бағдары мен жолдары жаңғыруда тайға таңба бас­қан­дай етіп көрсетіліпті.
Әсіресе, тіл, әдебиет, тарих, туған жер, ғылым, мәдениет мәселелері жө­нін­де­гі тұжырымдар мен тапсырмалар нақпа-нақ айтылып, көкжиегімізді көз алдымызға әкелгендей жаңа серпінді істерге құлшындыра түседі.
Осынау жасампаздығы мол жұмыстарда Жазушылар одағының ролі мен қыз­меті қаламмен қанат бітірер игілікті істерге, жұмыла түсер жауапкершілікке то­лы болуын діттейді.
Өзгеру мен өрлеуге бастайтын жаңғыруға атсалысу әрбір қаламгер үшін па­рыз әрі жауапты да сауапты іс. Жаңғыру – келешекке, кемелдікке бастайды. Өзгерген қазақ өркениетке де ілесе алады.


Любовь ШАШКОВА,
«Простор» журналы бас редакторының орынбасары:
– Елбасының мақаласында айтылған ойлардың не­гізінде еліміздегі шығармашылық ұйымдар үшін  өздерін қоғамға таныта алатын мүмкіндік туып тұр. Елбасы Қазақстан Жазушылар одағы мен өзге де шығармашылық ұйымдардың рухани жаңғыру жолындағы маңызы туралы анық әрі нақты айтты. Көптен күткен рухани идео­логияға жеткілікті көңіл бөліне бастағандай. Өйт­кені, бұған дейін мемлекет 1990 жылдары тоқыраған дүниелерді қайта қалпына келтіріп, нығайтуға күш жұмсады. Ендігі жерде ұлттық сипатты сақтау, қайта жаңғырту ісі бұрынғыдан да қарқынды жүре бас­тайды. Осы жылдар ішінде әдебиет, оның ішінде ауыз әдебиеті біздің ұлт­тық кодымызды сақтап келді. Әдебиеттегі ұлттық сипатты сақтаудың бас­тауында Мұхтар Омарханұлы тұр десек, қателеспейміз. Ол кісінің жолын жалғаған көптеген жазушы ұлттық әдебиетке қызмет етіп келеді. Елбасы бізге осы мақаласында нақты тапсырмаларды айқындап беріп отыр. Заманауи әдебиетті БҰҰ-ы қолданатын алты тілге аудару мәселесінде біз ең алдымен «Жұлдыз» бен «Простор» журналдарының маңыздылығына тоқталуымыз керек. Өйткені, қазіргі заманғы әдебиет көбіне осы екі журналдың ішінде жи­нақталған. Ендігі жерде Білім және ғылым министрлігінен осы мақалада айтылған жобалар аясында жоғары оқу орындарының, орта мектептердің «Жұлдыз», «Простор» журналдарына жазылуын қамтамасыз етуді талап етуі­міз керек. Өйткені, студенттер мен оқушылар бұл журналдарды өздері оқитын оқу орындарындағы кітапханалардан таба алмайды.
Екінші – аударма мәселесі. Қазақ тілінен орыс тіліне көркем аударма жасайтын жастар аз. Біз оларды қамқорлыққа алып, олардың еңбегін елеп, аудармамен алаңсыз айналысуына жағдай жасауымыз керек. Қазір көркем аударма жасап жүрген жастардың алды қырық жасқа толып қалды. Олардың орнын басатын жас буынды тәрбиелеу – ең маңызды іс. Сапалы аударма жасап жүрген қыз-жігіттерді Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдаған жөн. Ресейлік аудармашыларға иек артып отыра беруге болмайды. Әрине, оларда аударма мектебі жақсы дамыған, бірақ оны біз өз елімізде қалып­тастырып, көркемдігін нығайтсақ болар еді.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Драматургия секциясының жетекшісі:
–    Елбасының ма­қа­ласындағы латын қа­рпіне қатысты мә­селені толыққанды қол­даймын және балалар оны түсінбей қа­ла­ды дегенге өз басым сеніңкіремеймін. Жә­не бұның өскелең ұрпақты сауатсыз­дыққа ұрындыруы мүмкін емес.
Әлемде ең мықты бизнес – кітап саудасы екен. Оны сату, тарату, насихаттау жұ­мыстары біздің елімізде де сауатты жүргізілсе екен деймін. Елбасының бастамасымен құрылар Ұлттық аударма бюросына Жазушылар одағының тікелей қа­тысы болғаны дұрыс. Бұл – өте өзекті мә­селе. Латын әліпбиіне асуымыз – үлкен жаңалықтардың бастауы болмақ. Әсіресе, қа­зақ әдебиетінде бір өзгерістің болары анық.


Сарбас АҚТАЕВ,
аудармашы, «Парасат» орденінің иегері:
– Аударма мәсе­ле­сі туралы ойымды ай­тар болсам,  орыс ті­лін орыстан кейінгі жақсы сөйлеп, жақсы біле­тін халықпыз. Десек те, шығар­мала­ры­мыз орыс тіліне жоғары деңгейде аударылмай жүр. Көп халықтардың ішінде орыс тіліне нашар аударылып жүрген һәм ау­дарылмай жүрген осы қазақ жазушылары. Өкініштісі сол, балаларымызға орысша сөйлеуді үйреткенімізбен, көркем әде­­биетімізді аударуға баулымаппыз. Бұл – бір түйіні күрмелген мәселе болып отыр қазір. Менің ойымша, орыс тілді басылым­дар біздің насихатшымыз болуы керек. Ал олар керісінше сыншымызға айналғандай. Өз дүниемізді өзгеге көрсете алмаса, олар­дың басылым ретінде шығып жүргені кім­­­ге керек?!


Ахметжан АШИРИ,  
жазушы,  ұйғыр әдебиеті секциясының жетекшісі:
–    Президенттің   ма­қаласында зиялы қауым мен қалам­гер­лер жайында жылы ле­біз бар. Мен соған қуандым. Және туған жерімізге, әсіресе, кіндік қанымыз төгілген ауылымызға қандай көмек бере алатынымыз, нендей ой қоса аламыз, оған қоса нақты жоспар ке­ректігі айтылады.  Ауыл-ауылға  барып, ты­ныс-тіршілігімен танысып, өзекті мә­селелері болса, неге жазбасқа?! Ауыл өмі­рінен, әсіресе, ондағы хикметті адамдар мен тәуелсіздік жолында тер төккен арда азаматтарымыздың ахуалын барлап отыр­сақ, бұл біздің шығармашылығы­мыз­ға да оң әсерін тигізер еді. Сонымен қатар, ұлт­тар достығын да байқатары анық. Жазушылар қауымы осы мәселеге байланысты арнайы жоспар құрып, бел шеше, білек сы­бана кірісуіміз керек.

Бетті дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір