Тал бойында міні жоқ Зекең еді
14.04.2017
1356
0

Зейнолла Сәнік! Бұл есім естілген жерде оны білетін кісілер елең етпей қалмайды. Өйткені «кісі парқын білмегеннің кісіге парқы болмайды» десек, Зекеңнің басты қасиеттерінің бірі – ол өзгенің парқын парықтай білетін үлкеннің бірі еді. Зекең ағамыз мәмлеге берік, еркіне би, арына құл, сыршыл кісі еді. Байқаған адамға Зекеңнің болмысы бөлек болатын. Сондықтан бұл мақалада оның жұрт білетін шығармашылығын қоя тұрып, ең әуелі жазушы Зейнолла Сәніктің мінезге бай адам екенін айту артық емес. Ұлылардан қалған: «Данышпан атану үшін әлемнен асқан ақыл аздық етеді; сол ақылыңды мүлт кетірмей сақтайтын көркем мінезің болу керек» деген ұлағат бар.

Жоғарыда айтқанымдай, мен ең алдымен Зеке-ағаның адами қа­сиетіне, кісілік болмысына тоқ­талғым келіп отыр. Зекең өзінің туы­лыс-жарылысына сай, өзін сырт­қы әлемге тепе-теңдікпен ұстайтын бекзат адам болатын. Ол ешкімді алалап, бөлмеуші еді. Әрі әлдебір шаруа үшін ешкімнің алдына бас иіп; біреуге бұйымтай, сырымтай айтып бармайтын; өз басын қастерлеген сырбаз кісі еді. Дүниеге көңілі тоқ жаралған, қа­на­ғатшыл адам болатын. Оның сон­дай ізгі қасиеттерін еске алған­да, атамыз қазақ­тың «барма биге, өзі келсін үйге, барма ханға, өзі ке­лер малға» немесе «бай алдына ба­­рып көр, бақыр болмасаң маған кел, қазы алдына барып көр, қапыл қал­масаң маған кел» деген нақы­лият­тарын еске алар едік. Яғни Зей­нолла Сәнік ағамыз өзінің ор­ны қай деңгейде, қай өреде екенін бі­ліп, өзіне се­німді түрде сыпайы жү­ретін дегдар адам бо­латын. Жә­не өзін жұртқа әйгілегісі кел­мейтін. Шығармасының алдына өзі түсіп алып, арқан бойы жердің тұсау бойы төте­лігін іздеп, күлді-көмеш дү­ниесін уағыз­дат­қы­сы келе­тін­дер­ден мүлде басқа еді. Бет мө­рін түсір­мейтін. Зекең мына біздің «кім­нің тарысы піссе, соның тауы­ғы» болатын, яки өз мүддесі дегенде бүлкілдеп желіп ке­тетін, ұсақ­шыл­дық көбейген заманда «сырты жі­бек, іші кеуек» дейтін пендегер­ші­лікке бармайтын. Іші-сырты бір­­дей, мұнтаздай болып таза жүре­­тін. Өзінің бек басын пенде ет­кі­­сі келмейтін. Біреулерімізше өз мүд­­десі үшін басы сыймайтын жер­­ге денесімен сұғынуды жек кө­ре­­тін. Бойы кербез, ойы сыр­баз, ұс­тамды, тоқтамды мырза кісі еді. Адам мен адамның «аспан мен жер­дей пар­қы бар, ешкі мен нардай нар­­қы бар» деген. Жанап кетсең «бояуын» жұқтыратын күйелі ағаш біреу­лер ғана күндемесе, Зекеңнің дұш­­паны жоқ, қалыс адам болатын.
Зекең мына біздің – қаршыға орнына қар­ғасын ұшыратын, тұй­ғын орнына тырнасын ұшы­ратын; тауыс құстың орнына тауығын көр­сететін заманда; көтеремін тұл­­пар, көгершінін сұңқар ететін за­ман­да; ала қарғадан азаншы, қара қарғадан қазан­шысы бар заманда, уақыт кінәратын өз бойы­на жұқ­тыр­май өтті. Мезгіл ауруын өзі­не жұқ­тырмады. Өзінің тумысындағы пәк қалпын сақтап өткен кісі болды. Яғни өмір­дегі ұстам-логикасы сондайлық берік еді. Және Зекең «бер» десең бедірейіп, «ал» де­сең жа­дырайтын; саусағы ішке ғана бү­гіліп, алақаны ашылмайтын қат­ты адамның сал­тынан емес-ті. Біреуден алғанына емес, бер­геніне қуанатын. Өзгені өзінің рухани пейі­­лімен, жақсы лебізімен қуанта алса, сол үшін көңілі өсіп, мар­қайып жүретін. «Пейі­лін бергенге пейілін бермеген кәпір» дегендей, Зекеңді білетін кімде-кім ол кісінің алдынан қия өтпейтін. Зекең дос­құмар еді. Қайталап айтқанда; «ас­­құмардың тәні се­міреді, досқұ­мар­дың жаны семіреді». Адам мен адам салыстырмалы түрде ерек­шеле­не­ді. Табаны бұдырсыз, таң­дайы бедерсіз та­ныс­тарың жүре ке­ле бір күні сыр беріп, көңіл қал­дырады, «жақсы екен деп жүресің, ісің түссе білесің» деген. Өзінің олқы жерін бәлен танысының бе­де­лімен жапқысы ке­летіндердің жө­ні басқа. Өзінде жоқ, өзгенің бет-беделін жамылу, мықты бір та­нысының абыройын малдану, сол арқылы мығым көріну – па­сық­тықтың белгісі. «Пасықтың көңі­лі биігі жаман, басыңды баға­ла­мас – күйігі жаман» дейді. Қазе­кең «жаман өзін білмейді; жақсы­лар­ды күндейді» дегенді де ойламай айтпаған.
Зекең ойға көсем, тілге шешен; ба­ла жү­рек­ті, баба тілекті кісі болды. Тегінде жү­рек­­ке салсаң – се­зімге тартады, миға салсаң – тө­зім­ге тартады… Ол екеуін тең ұстаған жер­де, қазы айтты деп бұқпақ жоқ, хан айт­ты деп ықпақ жоқ. Тарихшы қаламгер Зей­нол­ла Сәнік ақыл мен сезімді тең ұстайтын. Ал сезім дү­ние­сін мүлде ауыздықтап, тек ақыл­дың амал-айласымен ғана өмір сүргісі келетін пысықтар өзге тұр­мақ күлкісін де жасырып жүре­ді. Сезімі жабық жерде қанша ақыл­дының өзін сексен ауыз сөз ай­тып, селт еткізе алмайсың. Пейі­лі тас келеді. Зе­кең – өзгенің жан-дүниесіне үңіле білетін, ішіңдегіні айтқызбай ұғып тұратын жаны зерек, жақсылардың бірі еді! «Қа­нағатшылға барлық жер бас иеді» дегендей, Зекең ағамыз қана­ғат­шыл, тоқмейіл еді. Өз өмірінен тоят алған, көңілі тоқ, мығым мыр­за кісі болды. Те­гінде ақын-жазу­шы атаулы өзі туған хал­қының ақыл-сезім жиынтығы, ой басшысы, рухани жетекшісі десек те, артық айтқан болмаймыз. «Иса пайғамбар өз жолымен, Мұса пай­ғамбар өз жолымен» дегендей, зия­лы қауым мен ел басқарушылардың өзді-өз орны бар… Қорыта келгенде, Зейнол­ла Сәнік ағамыздай өз абыройын ардақтап өткен кәделі кісіні бір ауық орнымен әтуер­леп еске алып қойсақ, сауапты істің бі­рі бол­мақ. Жақсыға қайырылған жер­де қайыр бар.

Жанат Ахмади,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір