Мұғалімдер үшін арнайы жазылған спектакль
14.04.2017
2152
0

Періштедей аппақ болып киінген Оң қол мен қызыл түлкідей қутыңдаған Сол қол сахнада жұдырығымен де, пікірімен де сайысып жүр. Оң қол Адамды, яғни лауазымды креслоға қонжиған Басекені әділдікке, жақсылыққа шақырса, Сол қол «Жаратқаннан кейiнгi құтқарушы күш менмiн!» деп тәкаппарланып, жамандыққа, азғындыққа итермелейдi. Оң қол: «Қоғамға әдiл Адам керек. Иемiзден әдiлдiк күтейiк!» деп шырылдаса, Басекеге жылмыңдап жағымпазданған Сол қол жаңа қызметiне көрiмдiк, яғни пара бередi.

Мұны көрген Оң қол: «Параны алмаңыз, жоламаңыз жамандыққа, Сiзге ор қазып жа­тыр» деп жанұшырып араша түседi. Құлқынға кеп түскен ақшаға кетәрi емес Басеке: «Оң қол, сенi ылғи тыңдаймын… Бәл­кiм, шамалы… Арасында… Сол қолдыкi де жөн болар» деп шайтанның  арбауына  алданып қалады. Осы сәтте Сол қол: «Бе­ре­ген қолым алаған!.. Мiне, бүгiнгi заман!» деп параны Басекесінің қабылдағанына қуанып, шаттанады. Бұған ызаланған Оң қол: «Ей, адамдар! Параны алған да, берген де қоғамның қылмыскерлерi. Бiле бiлсеңдер, бұл заңға да, шари­ғат­қа да күнә iс…» деп зар қағады.
Оң қол мен Сол қолдың ара­сында қайсысының сөзін тың­дап, қайсысының соңынан еруді білмей, басы қатып, дәр­мен­сіздік танытқан Басеке ақыры арам ақшаны аспанға лақтырып, екеуін татулас­тыру­дың әрекетін жасайды. «Сен екеуiң де менiң қолымсыңдар. Әдiлдiк деп соққан менiң жү­ре­гiмнiң әмiрiн орындаңдар. Өмiрде  опасыздыққа,  әдiлетсiз­дiкке, жемқорлық пен парақор­лық­қа жол бермеңдер!» деп, кө­рермендерді пәлсапалық ойға шақырады…
Бұл драматург Сая Қасым­бек­тің қаламынан туған «Қол» атты әпсанадан үзінді. Таяуда бір апта бойына Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында сахналанған  осынау спектакль идеясының авторы, Мақтаарал аудандық білім бөлі­мі­нің басшысы Лесхан Қойлыбаевпен де  сәтін тауып, әңгімеге тарттық.
– Талайдан бері санамды ма­залап жүрген тақырып болатын. Қызметке алғаш келгенде ниет қылдым, алғашқы жарты­жыл­дықтан соң көпшілікке айт­тым, енді іске асырдым. Та­л­ай адаммен ақылдастым, ғаламторды ақтардым, сөйтіп, білім саласына қатысты пьеса жазылу керек деген тоқтамға келдім. Алғаш тақырыпты – педагогика саласына ғана қа­тыс­ты еткім келген, бірақ оның ауқымы тарыла бастады. Білім саласындағы  сыбайлас­тық күнделікке баға қоюдан бастап, барлық саланың арасын жалғау керек болды. Өйткені, осы сала­дағы тәжірибем – сыбай­ластық­тың алғышарты мектептен, яғни күнделікке, журналға өті­рік баға қоюдан  басталатынын  ұғындырды. Осыған тосқауыл болатын талай іс-шараларды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен  ұйымдастырдық. Өңір басшысы кезінде Білім және ғылым министрі болып  қызмет  атқар­ғаны баршаға белгілі, демек бұл саладағы ше­ші­мін табуы тиіс күрделі мә­се­ле­лерді жақсы білетіні айтпаса да түсінікті.
Сабақты ине сәтімен демек­ші, бір күні Мақтааралдан Шымкентке бара жатқан жолда «Шал­­қар» радиосынан әуе тол­қы­нына тараған драматург Сая Қасымбек шығармасының радио нұсқасын тыңдадым. Осы сәтте жоспарыма жан біткендей күй кештім. Хабар біте салысымен, бірден Сая Қасымбекті сұр­ас­тырып, аудандағы театр басшысы Бақыт ағаға хабарлас­тым. Сая Қасымбек жайлы сұрап, телефонын алып, тілдес­тім. Кейін іздеп барып, жолы­ғып, санамда жүрген идеяны алдына жайып салдым. Идея қолдау тауып, «Қол» атты әпсана дүниеге келді. Оны сахналап, аудандағы бүкіл педагог қауым­ға көрсетуге  тырыстым. Сөзбен айту бөлек қой, ал театрдан жем­қорлықтың жиіркенішті еке­нін көрген адамның санасында сәуле пайда болып, көз­қарасы өзгеретіні анық. Міне, театрдың  құдіреттілігі де осында. Өмір тоқтамайды, бүгінгі мұғалім ертең директор болуы мүмкін, сол кезде креслосына қо­лы таза барсын деген мақсат менікі, – дейді ол ағынан жарылып.

Ш.Қожамжар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір