Бір айда көркемсурет галереясына екі рет барды
14.04.2017
1633
0

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындала салысымен көпке созбай-ақ Жансейіт Түймебаев өзін өнерге жақын, өнер саласында жүрген қызметкерлердің мұң-мұқтажына бүйрегі бұратын әкім екенін байқатып үлгерді.

Өңір басшысының бір айда Шымкенттегі  Көркемсурет галереясына екі рет ат басын бұруы осының айғағы. Кездесуге Қа­зақ­с­танға  еңбегі сіңірген өнер қайраткері, Сальвадор Дали атын­дағы Халықаралық жүлде мен «Тарлан» сыйлығының ие­гері, Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның Құрметті азаматы, дарабоз дарын иесі Ерболат Төлеп­­бай­дың қатысуы да «болар істің басына, жақсы келер қа­сына» деген халық даналығын ойға оралтты. «Өзім көптен бері Алматыда тұрамын.  Соңғы 25 жылда әкімдердің тек сурет­ші­лермен арнайы кездесу өткізгенін естіген емеспін», – деді ол облыс­тың жаңа әкімінің  қада­мына айрық­ша ризашы­лы­ғын білдіре отырып. Бұған дейін өңір­дің зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгіме құрып, сол жолы қыл­қалам шеберлерінің сөзіне құлақ түрген Жансейіт Қансейіт­ұлы  атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетуді атап айтты.
– Суретшілердің жаны қан­дай нәзік болса, олардың сурет­тері де сондай нәзік. Күтімді талап етеді. Яғни қылқалам ше­­бер­­лерін  алақанға салып кү­туі­міз керек.  Сондықтан  Оң­түс­тікте Көркемсурет галереясына арнап заманауи жаңа ғимарат салу жан-жақты қарас­ты­рылуда. Маманданған жаңа ғи­марат салынған соң, күн тәрті­бін­­дегі мәселелер өз ретімен ше­шімін табады деп ойлаймын, – деп суретшілердің мерейін бір көтеріп қойды.
Оңтүстік – бейнелеу өнерінің кені десек, артық айтқанымыз емес. Бір ғана Төле би ауданынан КСРО Суретшілер одағына мүше 19 қылқалам шеберінің шыққаны уақтысында ауызға жиі алынатын. Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай, қос өнердің тарланы Бексейіт Түлкиев, Құлагердің тағдырын құшқан Құрасбек Тыныбеков, қай-қайсысын алсаңыз қазақ бейнелеу өнерінің майталмандары есептеледі. Осы жиын барысында бейнелеу саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге талпыныс жасалғаны байқалды. Бұған дейін Оңтүстікте сурет­ші­лер­­дің жағдайын жасауға бағыт­талған бірқатар жобалар қолға алынғанымен, бұдан бейнелеу өнерінің биікке көтеріліп кеткені шамалы екендігі ащы да болса ақиқат. Одақ кезінде қылқалам шеберлерінің құтты мекеніне ай­налған Суретшілер үйі қаңы­рап,  ақыр аяғында сатылып кет­ті. Суретшілердің әлеуметтік мә­­селесі де өзекті. Кездесуде осын­дай маңызды мәселелер тал­қыға түсті.  Облыс басшысы  алдағы уақытта суретшілердің  шеберханаларына арнайы барып,  шығармашылық жұмыстарымен танысуға уақыт табатынына уәде берді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан Суретшілер одағының мүшелі­гіне 88 қылқалам шебері қабыл­дан­ған болса, солардың әрқайсы­сына арнайы шығармашылық досье жасақталмақ. Түпкі мақсат – өңірдегі көркемсурет өнерінің деңгейін халықаралық дәрежеге көтеріп, шетелдік галереяларда шымкенттік шеберлердің туындыларын қою.  Сонымен бірге, Ерболат Төлепбай, Тоқболат Тоғыс­баевтай талантты суретші­лер­дің ізбасарларын даярлауға ерекше көңіл бөлінбек.  Бұл  ба­ғытта да әкім ұтымды ұсыныс­та­рын ортаға салды. Айталық, Шым­кентте республикалық су­рет­шілер конгресін өткізіп, ше­бер­лік сағаттарын ұйымдастыру ісі қолға алынбақ. Облыс орталы­ғындағы Көркемсурет коллед­жінде Ерболат Төлепбайдың арнайы сынып аудиториясын ашып, жас өрендерді шығарма­шы­лық­қа баулу бағытында да нақ­ты істер атқарылмақ. Айтпақ­шы, жиынға Түркияның Ынты­мақ­тастық және үйлестіру агент­ті­гінің еліміздегі өкілі Али Ихсан Чаглар мырза да қатысты. Кездесуде ол түркітілдес елдердің бауырластығын нығайту   мен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін сөз етті.
Оңтүстіктен түлеп ұшқан та­лант Ерболат Төлепбай да бірқа­тар құнды пікірімен бөлісіп, өнерді дамытудың жолдарына кеңірек тоқталды. Мәскеудегі әйгілі Третьяков галереясында жеке көрмесін ұйымдастырып, Орта Азия мен Қазақстанның қыл­қалам шеберлері үшін қиял саналған биікті бірінші болып бағындырған Е.Төлепбайдың толағай табыстарын тізбектеп айтып тауыса алмайсың. Кино саласындағы ең жоғарғы жетістік – «Оскарды» алу болса, көркем­су­рет саласының биік шыңы – Саль­вадор Дали атындағы
Халы­қ­аралық жүлде болып есеп­теледі. Айтпақшы, Ерболат Тө­лепбай мен қазақтың талантты қылқалам шебері Тоқболат Тоғыс­баев екеуі бір отбасында өрбіген ағалы-іні­лі екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Австралиялық сазгерлер Штраустар, неміс жазушылары Генрих пен Томас Манндар, голланд суретшілері Питер мен Ян Брейгелдер сияқты ғажайып құ­бы­лыс қазақтың да қанынан табылып, топырағынан жаралуы өмірлік оқшау фактілердің өзара ұқсас­тығы мен сабақтастығын, тамыр­ластығын танытады. Бас­қосуда облыстағы Көркемсурет галереясын Тоқболат Тоғыс-баев­тың атымен атау туралы ұсыныс айтылып, қолдау тапты.

Ғ. Қамытбекұлы.


Өнер дамып, өңір де өркендеп жатыр

«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дейді халық даналығы. Иә, расында да қу тіршіліктің, нан табудың қамымен ғана жүретін емес, өнерге жанашырлық танытатын, мәдениет қызметкерлерінің қасынан табылатын әкімі бар ел бақытты. Өнерге бүйрегі бұратын әкімнің бітім болмысы бөлек, өресі биік, абырой-беделі асқақ.

Мен ғұмыр бойы өнер саласында оқыту­шылық, басшылық  қызметпен айналысып келемін. Шымкент педагогикалық институ­тындағы сурет кафедрасының меңгерушісі, Иассауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлім­ше­сіндегі Өнер факультетінің деканы қызмет­тетін атқарып, 2007-2010 жылдары облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болдым. Бұдан кейінгі жылдары Шым­кенттегі қыл­қа­лам шеберлерінің қарашаңы­рағы атанған Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжіне жетекшілік жасадым. Мәслихат депутаты ретінде де елдің мұң-мұқтажын тыңдап, атқарушы билік­тегілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Өңірдегі кескіндеме өнерінің жай-күйі, осы саладағы азаматтардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы ма­ған жақсы таныс. Ал қылқалам шеберлері арасында мұң-мұқтаж дегеніңіз көп. Мұның бәрін шағын мақалада тізіп шығу мүмкін емес дүние.
Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскен бойда өнерге жақын азамат екендігін аңғартты. Бұған дейін де  зиялылығымен танылып жүрген азаматтың бұл пейіліне жалпы көп­шілік сүйсініп қалды. Жансейіт Қансейітұлы келген бойда зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың талап-тілегін, пікірін тыңдады. Бұдан кейін жергілікті және осы өңірде туып-өскен, халықаралық деңгейде танылған суретшілерді шақырып, еркін пікір алмасу өткізді. Екі арадағы әңгімеде қылқалам шеберлерінің әлеуметтік жағдайы мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, жергілікті суретшілердің туындыларын бейнелеу өнері музейінің қорына сатып алу жайында сөз қозғалды. Проблемаларға қанық болған аймақ басшысы облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын да жеткізді. Шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселесі де айтылды. Бұл тек өңірдегі Сурет­шілер одағына мүше 90-ға жуық қылқалам шеберінің  ғана емес, жалпы өңірдің өнер саласына көрсетілген құрмет деп білемін.
Жансейіт Түймебаев  соңғы апталарда ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлуде. Шаруашылықтарды кооперативтерге бірік­тіру үшін шаруалардың алдына барып, түсін­діру жұмыстарының басы-қасында жүр. Кәсіпкерлік, туризмді дамыту да ерекше назар алынуда. Әкім жуырда  жас кәсіпкерлер­мен кездесіп, олармен еркін пікір алмасты. Ер­кін пікір алмасу, елдің көкейіндегісін білу… Қай уақытта да ел басқарған әкімге қа­жетті ең басты қасиет осы емес пе? Өнер саласы дамып, өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­лық ахуалы да  өркендеп жатқаны қуантады.

Айдар Ниязов,
өнертану ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір