«Аты жоқ әңгіме» немесе айдың арғы беті
14.04.2017
1085
0

(Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Аты жоқ әңгіме» жинағы хақында)

Әдебиет деймін-ау… Әдебиет жер бетіне алғашқы адаммен бірге жаратылған. Отыра ғап жазу жазбаса да, оның қасіретті шағындағы зарлы гөй-гөйі, қуанғандағы айғайы, ыңырсып, ызыңдап баласын уатқаны – әдебиеттің алғашқы элементтері емес пе. Күллі адамзаттың өмірін, тарихын, тауқыметін, қасіреті мен қуанышын, сезімін жүк етіп арқалап келе жатқан әдебиет неткен киелі дүние! Неткен құдіретті дүние десеңізші! Кейде әдебиет маған бізге беймәлім ғасырлар қатпарынан шығып, тәкаппар маңып келе жатқан қазына артқан қара нар секілді. Әр заман, әр ұрпақ оған өз жүгін артып, бұйдасынан жетелеп, келер ұрпаққа аманат ететін секілді. Қандай сұрапыл сүргінді көрсе де, бұл көш тоқтаған жоқ, тоқтамайды да. Қайта сол қиракезік, қысталаң шақтар әдебиетті ширатып, шымырландырып, уақиғасын байыта түсті. Қасіретті жылдардың туындылары өтімді келетіні өтірік пе? Қазақта қашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туралы жазылған туынды бар еді…

Әдебиет көші Тәуелсіздік ал­ған­­нан кейін де тоқтап қалған жоқ. Тек сипаты, бағыты, стилі, әдісі жағынан өзгеріп келе жатқаны рас. Өзгеріске қаламгер де, оқырман да белгілі бір мақсатпен саналы түрде барып отырған жоқ. Қаламгерде бір-ақ ой. «Қайтсем жазғанымды ел оқиды? Қайтсем оқырманға ұнай­мын, қайткенде олардың тал­ға­мына, сұранысына сай дүние бере аламын? Міне, осы «Қазіргі оқыр­­манға ұнау, соларға түсінікті болу, солар сүйгенді сүю, солардың тілінде сөйлеу» синдромы жазу­шы­ны жылан арбаған торғайдай әлдебір «жат ағымға», «жат әдіске» топ еткізсе, таңдануға да болмас. Әрбір жаңалықты жатсына қабыл­дау қашанғы қазақы әдетіміз. Бол­маса әдебиеттегі әрбір өзгеріс – эволюциялық жолмен енген заңды құбылыс.

Дәл қазіргі әдебиеттегі өзгеріс неден көрінеді?

Біріншіден, ХХ ғасырда проза жетекші жанр болса, қазір поэзия көш бастап тұр. Қазіргі қазақ поэзиясы мазмұн, түр, форма жағынан да түрленіп, байып, молыға түсті. Қазіргі жас ақындар кешегі аға буынның, сонан соңғы орта буынның салған жолын, тік­кен туын жыққан жоқ. Керісін­ше, қазіргі жас ақындардағы шын­шыл­дық, өткірлік, жарқын бояу, тылсым сурет, құпия құбылыс мол (әрине, аздаған еліктеу, со­лық­тауды, әсіре жаңашылдықты қоспасақ).

Екіншіден, бұрын прозада же­тек­ші сала роман болса, қазір әң­гіме ағалап тұр.
Үшіншіден, көптеген қаламгер­лер, соның ішінде мүйізі қарағайдай аға жазушылар да, танылудың төте жолы драма деп танып, соған ке­те бастады. Бір көне ертегіде бар еді: «Бір жол бар – алыс та бол­са, жақын, бір жол бар жақын да болса, алыс» деген. Бір сәттік дү­рілдеген шапалақ па әлде әр заман, әр ғасыр алдыңнан айналып шыға берер өлмес, өміршең туынды ма? Қайсы­сы қымбат? Қаламгер өзі бағамдар…
Төртіншіден, әдебиетте бұрын қылаңдап бой көрсеткен пост­мо­дернистік ағым мен сюр­реалис­тік әдіс дәл қазір айқын басымдап, дендеп, анық енді. Шынында, модернизм жан шошитын жат ұғым ба? Неге сонша үрке қарадық? Оны соншалықты құнсыз, қасиетсіз етіп, оқыған адам жиіркенетіндей жағдайға жеткізіп отырған олақ қаламгерлер. Олар модернизмді жа­лаң бәдіктік, боғауыздық, вар­варизм мен жаргондар деп біледі.

Ал шынына келсек, модернизмнің ұятсыздық емес, тамаша көркем­дік-эстетикалық концепция еке­ніне көзімізді жеткізіп отырған екі мықты жазушы бар. Өткен ем­ес, кеткен емес, дәл осы кезең тудырған, замана жазушылары.

Олар – Дәутайұлы мен Отарбаев десем кім келісер, кім келіспес. Айттым ғой. Дәл қазір әңгіме жа­н­ры ағалап тұр десем, сол әңгімені заман тілінде сөйлетіп тұрған осы екі қаламгер. Дәлелдеп көрейік:
1. Демократия! деп қанша кү­пін­генімізбен әдебиеттегі демо­кратия енді ғана көрініс берді. Тілдегі тұсау, ойдағы құрсау сеңдей бұзылды. Қаламгер енді сынау үшін билік­тің құлауын, өкіметтің өлгенін күтпейді. Аталмыш екі жазушы да дәл қазіргі қоғамның, билік­тің күнгейін де, көлеңкесін де аймандай ашып беріп отыр. Аға буындағы жасқаншақтық, жал­таңкөздік, жағымпаздық, «рам­кадан шыға алмау» мүлде жоқ.
2. Осы күнге дейін біз әдебиетке өз көзімізбен емес, қоғамның көзімен қарадық.
Сондықтан да біз әдебиеттен адам­ды емес, өзіміздің де емес, қоғамның көргісі келген кейіпкерін ғана көріп келдік. Енді ғана біз кейіпкердің адам – пенде екенін көрдік. Оның қайғысын, қуанышын, сезімін, қызғанышын, ашкөздігін, екіжүзділігін, керек бол­са айуандығын… көрдік. Таби­ғат деген Ұлы Әміршінің адам еркінен тыс бет қаратпас шындығы, заңдылығы болатынын, оның алдында адам қашанда әлсіз екенін көрдік, мойындадық. Жоқ, біз оны бұрыннан да сезінетінбіз, әлдене жетпейтінін сезінетінбіз, үнемі мінсіздіктен, періште боп көрінуден мезі боп, әлдебір көз көрмес жа­панға жанұшыра қашқымыз келетін. Бір сәт пенде қалпымызға түсіп, алғашқы адамдай, не есі жоқ баладай, не ақылы кем адамдай күн кешкіміз келетін. Бір сәт болсын жасандылықтан құтылып, өзіміздің шын бейнемізбен бір кездесер ме едік… Бұрын да осыны сезінуші едік. Тек соны мойындауға жалған мораль, қатып қалған этикамыз жібермейтін.
3. Бұл екі жазушы да оқырман­ның қатып қалған заңдардан, идеологиялық ұрандардан, құлақ сарсытқан дидактика мен педагогтік тәрбиеден, мінсіз кейіпкерлерден, аты атап айтылмайтын мақтау мен жамандаулардан, макеттер мен стандарттардан, академизмнен шаршаған кезіне тап келді.
Айдың арғы беті демекші… Со­нау бір періште шағыңызда то­лықси жарқыраған толған айдың сан рет құбылған алтын сарғыш нұрына қарап, Сіз де сан рет құпия қуанышқа бөленген шығарсыз-ау. Тылсым сұлулық жаныңызды баурап, осы қазір ұшып кететіндей көкке алақан жайған шығарсыз. Кейін бірде әлдебір ғылыми хабар­дан айдың арғы бетін көріп, жаным құлазығанын айтпаңыз. Қап-қара қазан шұңқырлар, тау-тау күл үйінділері, топырақ па, тас па – әл­дене… Дәутайұлының «Аты жоқ әңгімесі» мен Отарбаевтың «Таңдамалысы» сол біздің Ай-Қоғамның арғы бетін ашып берген туындылар. Дәл қазіргі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның бейнесі. Осы уақытқа дейін малданып жүрген шындығыңыз, алқызыл әйнегіңіз күлдір етіп сынып түседі. Ішіңіз удай аши­ды… Бірақ мойындайсыз, мойын­датады.

Екі кітап – екі әлем. Екі жа­зу­шы – екі асу. Бір мақалаға қа­лай сыйсын. Әсіресе, Отарбаев тілі­нің кәркестелігіне, шұрайына, шө­гелдігіне таң қалдым. Тұнығынан жүзіп ішетін дүние екен. Мен Отарбаевты шетелге шығып, өзін-өзі жарнамалап жүрген желөкпе жазушы деп ойлағам. Қатты қателескенімді мойындаймын. Отарбаевты оқығанда Абайдың «Жасқа-жас, ойға-кәрі едің» дегені еске түсті.

«Аты жоқ әңгіме» (Н.Дәутай­ұлы). Неге аты жоқ? – дейсің де ту­ра сол әңгімеге шүйлігесің. Ат қою қиын ба? Осыншама шүйгін оқиғаларды еспелеп, төкпелеп отырған жазушы бір әңгімеге ат таба алмағаны ма? Олай болса мен-ақ ат қояйын. Ал әңгімені оқыған соң… мен ат таба алмадым. Жоқ, әңгімеге емес. «Адам» деп аталатын тіршілік иесінің айуандығына кей айуаның астар бола алмайды екен. Мен адам азғындығына ат таба алмадым. Тек өзі көрген сұмдықтан екі көзі көрмей қалған баланың «Құдай, енді менің екі құлағымды да естімейтін ет» деп жанұшыра шыңғырғаны құлағымнан кетпеді. Иә, ат таба алмадым.
Студент кезімде шетел әдебие­ті­нен сабақ берген ұстаз аса та­лап қойғыш еді. Түпнұсқаны оқы­майынша, баға қоймайтын. Бағымызға қарай ол кезде Семей­дің бір кезде Абай кітап алып оқитын көне кітапханасы өте бай еді. Кез келген шетел авторларын өз тілімізде оқуға мүмкін бола­тын. Тек бірде Теккерей мен Бок­качоны қазақ тілінде таба алмай, орысшасын сіңіре алмай қат­ты қиналғам. Бірақ бір есімнен кетпейтін сурет Теккерейдің «Даңқ жәрмеңкесі» былай басталатын:
– Тұла бойын қасірет құрсау­ла­ған Сайқымазақ сонау биіктен (жәрмеңкеге) қарап  отыр. Төменде ішкен мас, жеген тоқ, айғай-шу. Біреудің бақыттан басы айналған, біреу жылайды, біреу күледі. Біреу қайыр сұрайды, біреулер жаға жыртысып төбелесуде. Жалт-жұлт киінген мырзалар, полицейлер, қайыршылар, маскүнемдер, жезөк­шелер, ұрылар… Мен түсіне алмай ұстазымнан:
– Неге Сайқымазақ қасіретке ба­тады? Ол күліп, күлдіріп жүруі керек қой. Сонан соң автор неге бүкіл кейіпкерін жинап көрсетіп отыр, оқиға әлі басталған да жоқ қой? – деп сұрағам. Аса білімді, дана жүзді оқытушы әйел былай деген:
– Теккерей аса шебер жазушы. Қоғамды ашық айыптау мүмкін емес сол заманда ол бүкіл кейіп­ке­рін жәрмеңкеге жинау арқылы, соған сайқымазақтың көзімен қарату арқылы бүкіл қоғамның сипатын бере білген. Сайқымазақ – ол автор. Бүкіл қоғамның қасіретін жүрегінен өткізетін оның сайқымазақ қоғамда сайқымазақ болып жүрмеске амалы да жоқ. Кейіннен «Гулливердің саяхаты» да, Чеховтің «Шие бағы» да осы әдіспенен жазылғанын білдік. Ойыма бір ғажап салыстыру кел­ді. Егер Дәутайұлының барлық кейіпкерін тізіп шықсам ше?
Кешеден бастайық. Жалғыз Құдай – бірінші хатшы келесіде қай үйге қонаққа барады, оған қай әйелді дайындап қою керек, туған күніне қанша ақша беру керек деп басы қатып, бір-бі­рі­не звондап жатқан идеология бөлімінің басшысы, партком, оқу бөлімдерінің басшылары. Бір ауылға барғанда семіздіктен өздігінен түзге отыра алмаған 1-нің қолынан ұстап тұрып түзге отырғызған идеология бөлімінің бастығы. 3-лер ылғи кәрі қыздар. Ол да сол заманның сұрқия сая­саты екен. Алты ай қыста ау­дан орталығына бір рет келіп, аздап қызып алып, ат үстінде ән шырқаған шопанды жерден алып, жерге салып партиядан шығарып тұрған әлгі 3-қалың құйрық, кәрі қыз. Бір ауданға бір «герой» шығару саясаты тұсында өзге шопанның артық төлін қосып жазып, бір момындау міскінді қолдан герой жасап, оны киіндіріп, сөзін жаттатып, ештеңе түсініп жарытпаса да Кремльдің Съездері сарайына отырғызып қою. Қолдан қуыршақ жасау. Жалғандықтан мезі болған момын шопан қалғып отырып, анда-санда «бітті ме» деп сұрап қояды. Қасындағы жолбасшының жаны шығып барады. Ал малдың бар бейнетін көріп, бағып жүрген үйіндегі жарымжан туысы. Ал ана қолдан жасалған қуыршақ геройдың бар міндеті нөкерлердің қоршауында жиналысқа бару. Ол да бұл өміріне риза емес. Оған салсаңыз, сықиып киініп, съездер сарайында отырғаннан гөрі, кең даласында атқа мініп, отарын бағып жүргені әлдеқайда артық. Жалғандықтан жаны таза, табиғатынан аңқау, адал момын шопан өзінің мына күйіне күйініп, анда-санда терең күрсініп, «О, бігайт» деп қояды. Бірақ қайтсін, еркі өзінде емес, күн өтпей жатып, тағы да жасандырып, әлдебір жиналыстарға әкетеді. Сол шопанға көзі тірісінде алып ескерткіш орнатылады. Басына қарасаң, бөркің жерге түседі. Ежелден тұрған Абайдың кеуде мүсіні әлгі алыптың тасасынан көрінер емес. Осыны көрген жас журналист ызаға шыдамай қайда бармайды. Тек сөзі ешкімге өтпейді… Құдай-ау, таныс сурет, таныс адамдар, біз көрген адамдар ғой… Тіпті біздің адам ғой. Енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі егеменді еліміздің кейіпкерлері: дүние асты-үстіне келді. Кешегі – клуб, балабақша, кітапхана, музей, тіпті мектептер қысқарып кетті, жабылды, меншікке сатылды. Біреу бір-ақ күнде жер иесі алпауытқа айналды. Ауылды тұтас сатып алды. Сол ауылдың кедей-кепшігі сол алпауытқа жұмыс істей жүріп, қалай соның басыбайлы құл-күңіне айналғанын өздері де байқамай қалды. Жұмыссыздар. Сейфуллиндегі жігіттер. Саиндағы қыздар. Белсіз еркек, бедеу қатын, лақтырылған сәби. Көңілдестен тоқалға айналған қыздар. Ой – шорқақ, тіл – мақау мәңгүрт ұрпақ. Бір жезөкшені кезек пайдаланып отырған қасиетсіз әке мен қарғыс атқан ұл. Мал құлағы саңырау. Ба­ба­сының зиратын сырып тас­тап орнына ресторан салып жатқан бизнесмен. Әрқайсысы өз ата-бабасынан бір батыр не би шығарып, соған өз көшесінің атын беріп, ескерткіш орнатып жатқан ессіз тобыр. Қазір ескерткіште де құн қалмай барады. Қазақтың сай-саласы ескерткішке толды. Қазір не көп – жұмыссыз мүсінші көп. Ақшасын төлесең болды – бүкіл жанұяның мүсінін жасап беруге бар. Мен бір таңғалатыным – тарихта болған, болмағаны бел­гісіз аңыз кейіпкерге қандай түр береді, кімге ұқсатады? Өлсем де кітабымды шығарам деп, көрінген есікті жағалап, көрінгенді көкелеп жүрген дарынсыз жазушылар. Жо­ғарыдан үлкен кісі келеді деп 3-4 адамға сөз үйретіп жат­қан әкім-қаралар. Ашқан жаңалы­ғына ешкімді сендіре алмай, ақы­ры жынды атанып түрмеге отыр­ғызылған архитектор. Архитек­тор­дың ғылыми жаңалығы дәлел­денген кезде, ол түрмеде өліп кет­кен еді. Қас дарынның күні сол да… Жан бағам, күн көрем деп ауылдан қалаға ағылған аң­қау бозбалалар. Сөйтсе тәшкі айдаудың өзі үлкен блат екен. Ақыры алаяқтардың алдауына түсіп, бірінің ажалы жыланнан (жыланның уы үлкен бизнес екен), екіншісі тажал төбеттен, тағы бірі залым қатыннан болған аңқау, бейкүнә қазақ жігіттері. Парақорлар, жемсауын толтырып шетелге қашқан чиновниктер, байы – асқан бай, кедейі – асқан кедей. Қадірі кеткен мұғалім, сатып алған диплом, білімсіз дәрі­гер… Міне, Дәутайұлының кейіпкерлері. Ешбір оқиғасын оқымай-ақ. Кейіпкерлеріне көз салыңызшы. Біздің Егеменді еліміздің кейіпкерлері емес деп айта аласыз ба? Осы сұмдықтар дәл қазір сіз бен біздің қысқа күнде қырық көріп жүрген сұмдығымыз емес деп айта аласыз ба? О, жоқ.
Дәутайұлы батыл қадам жаса­ған (сол үшін де талай адамнан сөз естіген, ішінде мен де бар), та­ғы бір шындығы, Табиғаттың ұлы заңдылығы, әйел затының айналып өте алмас әлсіздігі, тән құш­тар­лығы… «Комсомолка, спортс­мен­ка, патриотка» кейіпкерге үйренген, ер мен әйелдің қатынасын «Жолдас Гүлжамал, маған келісім берсеңіз, советтік семья құрар едік» дегенмен өлшеп келген аға ұрпақ үшін бұл әсіресе сұмдық көрініп, ертоқымды бауырға алып тулағанымыз рас еді. Тулай отыра, келісуге тура келеді. Дәутайұлынан біз әйелдің қайда да, қашанда әйел екенін көрдік. Әйелге тән қасиетімен, әйел­ге тән әлсіздігімен, әйелге тән бағымен, сорымен көрдік, түсіндік, түйсіндік, қабылдадық. Егер бізді шамдандырған тән құш­тарлығы алдындағы әйел осалдығы болса, осы шынымен Дәутайұлынан басталып тұр ма? Ауыз әдебиетіне-ақ қарайықшы:
Ұмытпасам, Жүсіпбек қожа нұсқасында:
– Сұлуда мықын жоқ деген
Қыз Жібектің ыстаны
Сыпырылып қалыпты, –
десе, «Қозы-Көрпеште» ұйықтап жатқан Қозыны Баян өзі келіп оятпай ма. Шәкәрім Қажының «Еңлік-Кебегінде» ұйықтап жатқан Кебекті өзі келіп оятқан Еңлік:
– Ей, батыр, сен
жатырсың ұйқың қанбай.
Мен жүрген бір сорлымын
бағы жанбай, –
деп сөз салғаны қайда…
Әуезовтің алты жыл аңырап жоқтауын үзбеген қаралы сұлуы ақыры есігіндегі малай шалдың құша­ғына құлағанын қайда қоямыз?
Жас қыз бен алпыстағы ер­кек­тің төсек қатынасындағы сексуалдық сәйкессіздікті «Жас дене суынды да қызынды, кәрі дене қызынды да суынды» деген бір ғана сөйлеммен берген Ғабит ше?
Бір ғана әйелдік сезімі үшін неше еркекті ажал құштырған Го­рькийдің Изергилін қайда қоя­мыз? Ендеше, бұл өзі тіпті Дәу­тайұлы ашқан Америка емес. Ал Дәутайұлы не істеді ен­деше? Дәутайұлы әйелдің арсыздығының, айуандығының, ұятсыздығының (қазір әйелдерге тағылған айыптар) түбінде еркектің кінәсы жатқандығын аңғартқан аз жазушының бірі. Дәутайұлы әйелдерінің бейнесі терең пси­хологиялық жан күйзелісі, ішкі арпалыс үстінде ашылады. Үс­тірт бір оқығанда жеңілтек, нәпсіқұмар көрінген әйелдің ар жағына үңілсек, ол өзін ақтап алады. Бір ғана «көгілдір көйлекті әйелді» алайықшы. Жел жағына қорған, ой жағына орман болып, арқасын нық тіреп тұра алатын, ірілігі, тектілігі жойылмаған, керек десеңіз, жан құштарлығы ғана емес, тән құштарлығын да аяқ асты етпейтін, сезімін қорламайтын ер-азамат іздегелі қашан… «Текті азаматтан бір перзент сүйсем екен, сол үшін елдің өсегіне де, ғай­бат­тауына да шыдайын» деп ар-ұятын бәйгеге тіккен қазақ әйелі. Әттең, не керек, «асқар таудай аза­мат» сағатына қарап отырып, 2-3 минутта тез «еркектік міндетін» атқарып тастады да, әйел жасаған дастарханға мұрны шуылдай сұғына кірісті. Әйелдің көгілдір көйлекті арманы адыра қалды. Ол соншалықты биік, мөлдір, асқақ еді. Оның іздегені жан жылуы, жалын құша алмау, өзін бір сәт қорғансыз сезіну, өзінің әйел екенін, әдемі екенін, нәзік екенін сезіну еді ғой… Бәрінің құны осы-ақ болғаны ма? Шынымен бәрі осы бір айуандық қанағатқа келіп тіреле ме? Егер мақсат осы болса, одан оңай не бар? Қаншырдай қайратты және қорланулы жас әйелден қорық. Ол аһ ұрып, аж­даһа­дай қырық бүктелді. Көз жасы бітті, көңіл қалды. Ақыры бір сұмдыққа бел буды. «Жетесіз еркектен тексіз перзент сүйгенше, өз қолыммен отайын». Иә, солай. Баласын лақтырып кеткен әйел жөнінде бүкіл қоғам шулады. Бетке түкіру оңай. Оның іздегені нәпсі болса, бала көтермеуіне болушы еді. Көтерсе де өлтірмей өткізіп тастауына болар еді. Жоқ әдейі көтеріп, әдейі туып, әдейі өлтіруінің себебі неде деген жан бар ма? Кейде маған сол әйелдер өздерін жағаға атып жатқан көк киіттер тәрізді көрінеді. Бақсақ, түпкі себеп – әйелде емес, еркектің еркектік қасиетінің жоғалуында екен. Әйелді бұған апарып отыр­ған күн көре алмай қалам деген қорқыныш емес, қорлық пен на­мыс, жауапсыз сезім, не жан құма­рына, не тән құмарына қанағат таппай алдану. Дәутайұлы осыған жауап іздеді.

«Аты жоқ әңгіме» қайшылығы мол, қарсы пікірлердің астында қалатын кітап. Сөйте тұра оқыр­ман­ды неге тартады?

Біріншіден, жазушының өмір­ден көрген-түйгені көп. Багажы бай, қоржыны тоқ. Ол өзі де өмір­де кейіпкерлерімен қоян-қол­тық араласып жүреді. Кейде ол маған Горькийше жалғанның жартысын жаяу аралап, сонау малшы ауылынан, егіс даласынан, жылқышы қосынан келгендей.
Екіншіден, Дәутайұлы өз кейіп­керін ешуақытта жоғарыдан, байлықтан, биліктен іздемейді. Тұлғадан, лидерден, геройдан іздемейді. Оның кейіпкерлері – «кішкене адамдар». Добролюбов бір кезде Достоевскийді «Кішкене адамдарды жазу арқылы үлкен мәселе көтере білген» деп мақтаса керек.
Үшіншіден, өзі көрген-білген оқиғаны оқырманға да сәл сондай ғып елестетіп бере алар ойының образдылығында, қиялының ұш­қырлығында, ішкі түйсігінің елестету, қайта жаңғырту қуатының молдығында.
Төртіншіден және бұл ең ма­ң­ыз­дысы. Тілінің құнарлы, қуатты, шұрайлы, жарқын бояуында. Жазушы әр кейіпкерді өз тілінде ғана сөйлетеді. Автордың тілі мен ойын оған зорлап таңбайды. Сон­дықтан да әсіре шешендікке ұрынбайды.
Бесіншіден, біздің көзіміз үйрен­ген кейіпкерлер әрекет адам­дары еді. Олар ерлік жасап соғысып не жауды бұзып, тасты жарып жасампаз еңбекпен өз бақытына жетуші еді. Дәутайұлы кейіпкерлері «сөйтіп мұратына жетіпті» деген кейіпкерлер емес. Өйткені, оған біздің қоғам әлі дайын емес, сай емес. Карл Маркстің сөзі бар, «Типтік кейіпкер жасау үшін типтік орта, қоғам, атмосфера болу керек» деген. Ал бізде типтік орта жоқ. Сондықтан да жазушы өз кейіпкерлерінің сырт­қ­ы әрекетінен гөрі ішкі жан-дүниесінің арпалысына, психо­ло­гиялық күйзелісіне баса назар аударады. Сіз адам деп аталатын құдіретті тіршілік иесінің жұдырықтай жүрегіндегі алапат тасқынды, адамдық пен айуандықтың, азғындық пен адамгершіліктің, ашкөздік пен тәубашылдықтың мәңгілік майданын көресіз. Осы жерде жазушы өз кейіпкерін қоғамнан әлде заңнан әділеттік тауып, бақытқа жетіп кетті десе, нанымды ма? Сондықтан да Дәутайұлы кейіпкерлері қоғамнан гөрі өз жүрегінің әміріне, жаратылыстың ұлы құпиясына, Жаратушының үкіміне, құдіретіне көбірек бой ұрып, көмекті әлдебір тылсымнан күтеді. Ол келеді де…
Әлдене кеудесіне нұр құяды, әлдене көзін ашады, әлдене жол көрсетіп, бағыт сілтейді. Кенеттен енеден жаңа туғандай тазарып, Жаратқанға жанымен жақындай түседі. Бұл – сюрреализм әдісі. Жазушының «Қанқызыл жалқын», «Айғыр кісі», «Кісі иесі», «Құмға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме» – осы әдіспен жазылған.

Қалай десек те, оқырманды қалам­гердің қандай әдіс, қан­дай ағымда жазып жатқаны қызықтырмайды. Оқырманға оқиғаның нанымдылығы, ой, тіл көркемдігі керек.
Дей тұрғанмен… Кемшіліксіз бе? Бойға сыйғанмен ойға сыймай тұрған жерлері жоқ па? Мысалы, мен мынаған келіспес едім:
1. Қай жағынан да толысқан жазушыға біреудің бір сөйлемі түгіл, бір сөзін қайталау – әбес­тік. Мысалы, 70 жылдары қа­зақ қауымын дүр сілкінтіп, оқыр­ман­ның бетін шымшытқан «Кө­делі жері құндыздайды» несіне қайталап отырсыз. Онсыз да түр­пі­дей сөз өзіңізде де жетерлік қой. Сондай-ақ, «Тырли» сөзі. Мейлі, сіздің жақтың диалектісі-ақ шығар. Сіздің де қолдануға хақыңыз бар. Дегенмен де осы сөздің Нұрпейісовтің имиджі се­кілденіп, Қарақатынға ғана жа­расатын секілденіп оқырман көкейіне сіңіп кеткелі қашан…
2. Рас, оқиға ортақ. Бірақ ажы­рас­­қан еркек пен әйелдің арасында сізде ақ күшік, Отарбаевта қара күшік жүгіреді де жүреді. Сізде де, онда да бір қызыл жалқын түлкі бұлаңдайды да жүреді.
Хақ иесі кім?
3. Сонан соң «бедеу» және «бел­сіз» сөздері. Екеуі екі басқа. Бедеу – бесплодие.
Белсіз – импотенция. Бедеу адам болсын, мал болсын – ұрға­шы­сына қатысты айтылады. Ал еркектің ұрпақсыздығын ертеде «қара қаптал» дейді екен. Бірақ қазір бедеуді еркек-әйелге бірдей қолданып жүр. Осындайды сіз бен біз түземесек кім түзейді.
4. Енді әйелдерге қатысты айтылға әнтек тұжырымдарыңызға келейік: сіз, Бексұлтан Нұржеке екеуіңіз, мынаны айттыңыздар:
– Табиғаттың ұлы заңдылығын тап-таза қалпында қабылдап, Жаратушының өзі бір-біріне мәңгі жұп етіп жаратқан еркек пен әйелді бір-біріне қандай құдірет байлап тұр? Ең ғажап жаратылыс – адамның мәңгі суы­мас құштарлығының көзі неде? Махаббат дейміз. Айналып кел­генде сол махаббаттың келер жері не? Неге біз оны жиіркенішті арам нәрседей қараймыз? Күллі тіршіліктің өсіп-өнуінің қайнар көзі – ер-әйел қатынасының ұлы құпиясын білуді неге қылмыс санаймыз? Неге одан оқырман бе­тін басып қашуы керек? Хош, келістік. Сіздердің көз жаста­рыңызды Құдай көрді ме, әйтеу эротикасыз кино мен кітапты тұзсыз астай көретін оқырман мен көрермен көбейіп келеді.
Бірақ… Бірақ бұл сіздерге күл­лі әйел затын нәпсіден басқаны ойламайтын жалмаңдаған жал­ма­уыз етіп суреттеуге право бермейді.
Жазушы мырза, сіз тыңдаңыз­шы, кез келген жазушыда өз кейіп­керіне деген бір махаббат, жылулық, жан тарту сезімі болушы еді. Өйткені, әр кейіпкер сіздің бір бөлшегіңіз. Әр баласына әкенің қаны мен қасиеті қалай берілсе, әр кейіпкерге жазушының сөлі мен нәрі беріледі. Толстойдың Аннаны жағымсыз етіп жазбақ болғанын, бірақ жаза келе өзі де байқамай жағымдыға айналдырып алғанын, романның аяғында «Анна өліп қалды ғой, қайтейін» деп жылағанын сіз де білесіз. Ал сізде әйел кейіпкерлеріңізге деген титтей мейірім, аяу, аялау бар ма өзі? Егер бар болса, оларға неге ылғи түрпідей сүйкімсіз сөздерді қолданасыз? Мысалы, әңірейді, сәңірейді, әңкиді, мәңкиді, молиді, бұты, көтендігі, шонданайы, құймышағы, күйледі, қаншық, жырқылдады, т.б. Осы сөздеріңізге қарап сізде  әйелдерге  деген бір ұлы өштік бар ма деп қалғандаймыз.
– Сонан соң сіз «күйлеу» сө­з­ін әйелдерге қатысты орын­сыз қолданасыз. Бұл сөз  хай­уа­нат­қа ­қатысты айтылады, адамға емес. Хайуандар жылдың белгілі бір уағында ғана жұптасуды қажет етеді. Яғни күйіті келгенде ғана. Одан басқа уақытта оларда «мынау бір кездегі ғашығым еді-ау» деген сезім болмайды. Қаншық ит төбетті қауып тастайды, сиыр бұқаны сүзіп жібереді. Ал адам – ерекше жаратылыс. Адам сезімі жылдың бір-ақ мезгілінде болмайды. Ерлі-зайыптылар қырық жыл бірге тұрса да, зайыптық қатынаста болады.
– Сіздіңше «бала көтергісі келген әйел төсек қатынасын іздей­ді». Өтірік айтасыз.
Бала көтеру мен құштарлықтың түк қатысы жоқ. Жұбайы бар, мезгілді жұбайлық қатынастағы әйел баланы қай күні көтеріп қалғанын өзі де байқамайды.
– «Қатынас кезіндегі мидан құйылатын ыстық ағын». Мұныңыз да өтірік. Мидың  секске түк қаты­насы жоқ, жүрек болса бір жөн. Жалпы – «40 жастан асқан соң әйелдің еркекке қажеті шамалы». Мұныңыз да шикі тұжырым. Керісінше, 20-30 жас аралығы әйел­дің ұрпақ әкелу кезеңі. Бұл кезеңде әйелдің бар мейірі бауы­рын­дағы баласына ауып және үнемі ұйқысы қанбағандықтан, (бала үшін) жан тыныштығын, демалуды қалап тұрады. Тіпті «ме­ні жөніме қалдыршы» деп безініп те тұрады. Ал 40 жаста әйелдің барлық жағынан толысып, дене мүшелері айқындалып, жұбайлық қатынастың да қадірін біліп, жұбайына да бар махаббаты мен уақытын бөлетін, өзіне де уақыт бөліп, қыздай түрленетін кезі. 2-жастығы басталатын кез.
– Бір әңгімеңізде қараса адам қорқатын жалғыз көзді диюдай бір қашқын  (соғыстан қашып ұзақ уақыт иен далада жүріп, жабайыға айналған) айдалада мал бағып отырған кемпір-шалдың қолындағы 12-13 жастағы мылқау қызды зорлап кетеді. Қай жағынан қарасаңыз да (анатомиялық, психологиялық) кемпір-шалдан басқа адам көрмеген бейшара қыз қорқыныш пен ауырсынудан есінен танар еді ғой… Ал сіз «екі бетіне қан жүгіріп, гүл-гүл жайнап кетті» дейсіз. Сұмдық қой бұныңыз…
– Ең соңғы айтарым – суреттер. Өткен ғасырда Батыстың, орыстың махаббат немесе рыцарлық романдарында суреттің болғанын білеміз. Бірақ сол сурет мазмұнды ашып немесе кейіпкердің сипатын ашып тұруы керек қой. Ал мұндағы суреттер бір-бірінен аумайды. Су­рет­шінің әңгіме мазмұнын, кейіп­кердің сипатын жете білетініне күдігім бар. Хемингуэй не деп еді?
– «Если только художник не такой же мастер своего дела, как писатель – своего, ничто не может быть ужаснее для писателя, чем видеть живые в его памяти места, людей изображенными на бумаге кем-то, кто ничего этого не знает».
Қорыта келе, Тынымбай аға­ны, Дәутайұлы мен Отарбаевты оқыған соң, «Бейімбетіміз жоқ» деп жылаудың да қажеті жоқ сияқты. Бұлар өз заманымыздың Бейімбеттері.

Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!