ГӘККУ: кітаптан үзінді
14.04.2017
2236
0

«ГАККУ: фрагмент романа» / «GAKKU: the part of the book»

(Ғаламның толық бірыңғай теориясы туралы)

Дидар АМАНТАЙ


Памяти  факультета,
которого больше нет…

1
Әуелі, сөз – нүкте болды. Уақыт шексіз сығымдалған қара ноқатты қапылыста жарып шықты. The Big Bang, жоқтың бейтаныс жүзіне, шұ­ғыл үлкейіп келе жатқан құйрықты алабөтен дақ салды. Әлем таңға­жайып уақиғалар алдында тұрды. Он сегіз мың ғалам күрт үлкейіп, ақ­ыл-ойға сыймайтын, белгісіз, шек­сіз аласапыран көлемге жетті.
Кейін, сөздің түйіні байланып, шежіре аяқталып, уақиға біткенде, ғарыш қайыра оймақталған нүктеге айналатыны,түзіліп келе жатқан есеп­тің құрамынан көрінді. Бүкіл әлем, шайырдың кітабындағыдай, дән қауызына сыйып кетеді. Тегінде, жалыны сөніп, қызуы қайтып, содан, жылуы таусылған құбылыстың артынан тозаңы бұрқырап күл, әлде қоламта, мүмкін, қозға көмілген шоқ қалады.
Сыңарынан айырылған аққу – сұңқылдап қоштасу әніне салған күйі, зады, екпіндей ұшып шырқау көкке көтеріліп алады да, өзін зау биік­тен төмен қарай тастап жібереді. Көк аспанды қақ айырардай төмен құлдилай сорғалап келіп, қара жерге ақ төсімен бар пәрменімен келіп соғылады, сөйтіп, құсадан ба, әлде баян­сыз тіршіліктің қайғы-шері, уайымынан ба – әйтеуір, сойы асыл жән­дік қапылыста, арманда түпсіз тұң­ғиық зеңгір көктен құлап өледі.The Universe тынысы аққудың гәкку жырына – ақырғы  жан ышқынысына ұқсайды.
Бірде ол, бір нүктеден шыққан әлем қайта айналып сол нүктеге ке­ле­ді,  деді төсекте, шаңыраққа қарап жатқан ойлы, қападар қалпы. Соны­мен қатар, аласапыран ғалам ұл­ғайып бара жатып,  тосын қалт тоқ­­тап, кенет – жарылып кетіп, сосын, сөніп, лезде өшіп қалуы да мүм­кін. Бірақ жұлдыздар шоғырын жарат­қан адасқақ, жалқы қара ноқат алдында не болды, оны ешкім білмейді, адамзат ақыл-ойы уақыт бастауын таба ала ма, тапса, тануға қарым-қа­біле­ті жете ме, жоқ па, тиянақсыз сауал әлемді шарлап, мүмкін, ға­рыш­ты аралап, кезіп жүретіні ертеден, ескі заман, ежелгі дәуірден анық еді. Сәруар бес миллиард жылдан соң, Күн де жылуын сарқып, тұрған биігінен құлайды, деді.
– Ертеде, – дедім мен, – рақат еді, қашан өлетініңді білмейсің, қандай рақат.
– Иә, тамаша. Аристотель, Жер – әлемнің кіндігі, деп түсінді, кіта­бын­да  оны қозғалмайтындай етіп, бей­нелеп айтқанда, ағаш мәткеге таңып, бар жаратылыстың ортасына байлап тастады.
– Сөйтіп, Птолемейді адастырды.
– Шәкірті Жер шарын өзін қос­қан­да сегіз сфера қоршап тұр деген  қорытындыға тоқтады, ежелгі грек заманындағы белгілі Меркурий, Венера, Марс, Юпитер, Сатурн және Күн мен Ай төңіректеп айналып жүреді деп ойлады.
– Жоқ, сегізінші жолақ қозғал­май­тын жұлдыздар көкжиегі болатын.
– Шіркеудің Птолемей ұстаны­мын қолдағанын білесің бе?
– Білемін. Ал бүгін ислам Стивен Хокингті қабылдай ала ма?
Сәруар тосылып қалды.
– Мәселе сен өзің Тәңір жарат­ты­ға, Құдайға сенесің бе, жоқ, әлде  жаратылысты сомдаған Құдіретке иланбайсың ба, сонда. Нүктеге дейін Кімнің құзыры жүрді, Не бізді тылсымнан басқарды, соған қарай сенің де көңіл-күйің өзгереді. Меніңше, бұл – әр адамның жеке танымындағы қасірет, беймаза толғақ, мына дүние мың құбылады, сен де берекесіз шыр ай­налып, бүкіл ғарышпен қосыла, дөңгелене жүзіп, қандай мұратқа жол тартып, нендей сапарға аттанға­ныңды ешқашан ұға алмайсың.
– Бірақ та, Шіркеу Николай Ко­перниктің жасырын уағыздаған жүйе­сіне  қарсы шықты ғой.
– Иә, тентек ойшыл тең ортаға жар­қыратып Күнді әкеліп қойды.
Есіңде шығар, Сәруар Күнді шексіз жақсы көретін….
– Иоганн Кеплер мен Галилео Галилей, – деді ол, – Аристотель мен Птолемейдің сөзіне нүкте қойды.
– Сосын Ньютон ойды түйіндеп, ашқан жаңалықтарымен заңдылық­тарды бекітті.
– Ньютон өтірік айтты, – деді ке­нет түсі өзгеріп, – тартылыс күш­те­рін  абайсызда басына құлаған ал­ма ағашының жемісі ашқан жоқ, олар­ды алдымен, бәрінен бұрын, зеңбіректерден алғаш байқаған Галилео Галилей болатын.
– Десек те, Ньютонның тартылыс күші туралы заңы бір орында  тап­жылмай тұрған Әлем түсінігін жоққа шығарады. Алайда, ұлғайып келе жатқан Ғалам туралы ой ешкім­нің басына да келген жоқ.
– Иә. Бірақ Аристотель дүниені Құдай жаратты деген идеяға қарсы  болды, адамзат пен қоршаған орта мәңгілік өмір сүрген және сүре бермек деп есептеді.
– Сосын, тасқындар мен апаттар өркениетті дамудың  алғашқы  бас­палдақтарына қайта апарып тастайды, кері шегіндіреді  деген тұжы­рымға келді.
– Ал пәлсапашы Иммануил Кант 1781 жылғы «Анық ақыл-ой сы­ны» атты еңбегінде Бүкіл Әлем бел­гілі бір кезде пайда болды ма және кеңістікте шегі бар ма деген сауалдарды шешілмейтін қайшы­лық­тар – антиномияларға жат­қызды. Яғни белгілі бір уақытта өз бетімен жаралды, не қолдан жасалды, жоқ, Ғалам – мәңгілік, деген сауалдарға ақыл-ой жауап бере алмайтынын қадап айтты.
Ол бірде Алапат Жарылысқа де­й­ін, яғни Сені көрген аласапыран  сәт­ке ­дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Дегенмен, 1929 жылы Эдвин Хаббл көк жүзіне қай жақтан – қай тұсына қара­саң да, барлық жер мойны қа­шық галактикалар бізден суыт алыстап, ұзап бара жатқанын ашты, сондықтан мен Інжуіме қаншалықты ғашық болсам да, оның құшағымнан сытылып шығып, құтыла сала, дедектей қашып, дүрбімен қарағандағы шалғай жұлдыздардай қара ноқат­та­нып, кішірейіп, суып бара жатқанын аңғарамын, деп қалды, дүниеде бү­кіл зат, бар құбылыс, түгел жан бір-бірінен түбінде, бәрібір, тегіс ажырайды.
Қандай кесім туралы айтып
от­ыр, тағдырдың сыйы ма, жазасы ма, оны тек Құдай ғана біледі емес пе: кез келген пікір тұрақты заңға айналмас бұрын, дәлелсіз болған­дықтан, әуелі болжам күйінде, жорамал қалпында өмір сүреді.

2.
Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруар­дың қайда екенін білесің. Ол уақыт кешіп, түнгі бар-ресторандардан бақытын іздеп жүріп, аяқастынан көзден ғайып болды. Ізденіс оны үлкен ғимаратты тонауға алып келді. Үкідей желкілдеп, гүлдей құлпырып, алтындай жарқырап алдымыздан Сен көрінгенде, мүмкін, асыл жанды беймезгіл уақыт шайтан түртті. Есімде, ол Алматы шаһарын қатты сүйді. Сондықтан оның басқа қа­ла­ға біржола көшіп кеткеніне аса сене қоймаймын, Сәруар Алматыда жүр, алайда, неге екені белгісіз, екеуміз­бен хабарласпайды. Меніңше, бекзат ұл, жігіттің сұлтаны арамыздан ба­қы­тын таппай кетті. Бірақ Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің.
Тастақ көшелерде серуен құрып, жалғыздыққа ұрынған, қамырық құшағында адасып жүрген біз шал­қалап жоғары, көк жүзіне телміріп қараймыз. Аспанда, тым биікте әуе­леп алты аққу тізіліп ұшып барады. Ұшқан аққулар соңынан із қалады. Рас, іздеген адам, қашанда, жоғалтып алған өмір ізін беймаза жүрегінен табады.
Кенет, автомобиль тоқтап, салон есігі ашылды, сосын машина орнынан баяу қозғалды. Өзегімді күйініш – өкініш күйігі, ғашықтық дерті жарды. Түсінбеймін, Інжу, достығы­мыз жарасқан кезде, көңілді бұзып, көкіректі өртеп Сен қайдан келдің, алғаш көргенде, екеуміздің де ойы­мыз­ға үрей түнеді. Қай жақтан қы­лаң бердің, сүмбіл шаш, жазық маң­­дай, пісте мұрын, оймақ ауыз, алма мойын, лұһлу иек, қаз омырау – жан қалқа. Сәруар бұлыңғырланып кенет туған қайғыдан ақырындап біздің мөлдір сағынышымызға айналды. Дүниеде тыныштықтың аб­солют­тік эталоны жоқ. Сондық­тан  екі түрлі уақытта жүрген қос уақиға кеңістіктің бір жерінде өтті ме, жоқ па, оны ешқашан біле алмайсың.
Содан кейін, араға бір-екі жыл тастап, Сәруар ұшты-күйлі жоғалды. Бірақ Інжу, Сен, тек Сен ғана Сә­-
р­уар­­дың қайда екенін білесің. Ол бірде Алапат Жарылысқа дейін, яғни Сені көрген аласапыран сәтке дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Неге Сәруар соншалықты жазмышына өштесті – әлі күнге шейін түсіне алар емес­пін.
Бағыт-бағдарынан адасқан Сә­р­уар қол созым жерде, мүмкін, елсіз далада, қадау-қадау орнатылған, желі байланған тоқ бағаналарындай күңі­реніп, жалғыздық көкірегін қарс айырып, содан соң, зады, таң­ның атысы, кештің батысы саяқ жүр­ген қадірлі дос, расында, кейбір сәт қа­мырықтан шаршайтын сияқты көрінеді. Күбірлеп есімін атасам, дәл іргемнен әдемі қоңыр дауысы күңгір-күңгір жаңғырығып сөйлеп шыға келетін тәрізді көрінеді. Ол қараңғы түндерде екеуміздің тіл қатқан үні­мізді күтіп, елегізіп ұйықтай алмай, мазасызданып, торығып, тоқырап жүрген секілді көрінеді.
Қазіргі шақта Ғаламды нақ бейнелеп, сандық өрнекте анық кейіпте­ген, дербес, егіз есеп-қисап– қос та­ным ­бар екені белгілі: салыстырма­лы жалпылама теория мен таңға­жа­йып кванттық механика. Екеуі де, тегінде, биік өре, терең ақыл-ой, асқақ зияткерлік көрінісі.
Әуелгі  теория – сандық өрнекте, грави­тация­лық қарым-қатынас пен әлемнің ірі масштабты құрылы­мын ­мейлінше дәл бейнелеп, шексіз кеңіс­тіктер ғұмыр кешетін қажетті шартты нақ тауып, қарапайым да күрделі теңдеуін әсем құрастырған, піл сауырлы қара Жердің өзіндей алып тұжырымдама. Бірақ бұл таным-түсініктің шамасы – ғарыш­тың адам қарым-қабілеті бақылап  қадағалай алатын бөлігін ғана – түсін­діруге жетеді. Алайда, есебін ықшамдап, санын дөңгелетіп, ортақ мәнге келтіріп, ұғымын жеңілдетіп көрсек: бірнеше километрден бас­тап, жиырма нөлдің басын құраған бірлік  аралығындағы кеңістікті қам­ти­ды.
Кванттық механика пәні – сантиметрдің миллиондық бөлігі­н ұса­қтап тағы бөлгенде, бүтін сарқы­ты, тең жартының бірін зерттейтін, тегі, көлемі шағын, десек те, терең өлшемді, жалпы, танымы жүйрік ғылыми-категориялық жүйе. Өкі­ніш­ке қарай, ғаламат шексіздіктің өзара тіл табыса алмаған сыңарын, жұпсыз, парсыз екі тарабын танып, сырын ашуға, жұмбағын шешіп, сандық өрнегін формулада түзуге, қадір-қасиеттерін айшықтап ­кейіп­­теуге талпынған ниеттің еш­қан­дай болашағы жоқ, себебі, екеуін қосып, біріктіріп қарастырғанда, бір уақыт өлшемінде, теңдеулер, неге екені белгі­сіз, қалыптасқан жалпы физи­ка­лық заңдылықтардан жаңы­лы­сады.
Ізденістердің мақсаты – өрнек құрғанда, екі тараптың қарама-қар­сылығын, керісінше, тоқайлас­тырып, қайшылығын жойып, таби­ға­тынан ортақ негіз, жарастық, сәйкестік  тауып, сөйтіп, гравитация­ның кванттық теориясын қалыптас­тыру еді. Егер біз Бүкіл Әлем кездей­соқ емес, белгілі бір заңдылықтан жаралып,  қалыптасып, дамып ке­леді  десек, онда өз алдына дербес қос теорияны Бүкіл Әлемдегі бар құбы­лыс­ты тұтас қамтып, бірдей сипаттай алатын толық бірыңғай теорияға біріктіруімізге мүмкіндік туады. Бір­ақ жасампаз, ізгі ойларымыз, өкінішке қарай, бір күрделі һәм ұлы ке­дергіге тіреліп тұр: егер бірың­ғай теория, шынымен, бар болса, сонымен қатар, біздің бақылаула­ры­мызға,  мүмкін, іс-әрекеттерімізге оң немесе теріс әсер ететін құбылыс болса, онда, кешіріңіз, қалайша біз, тегінде, бірыңғай теорияның аясында, бүтін жартысы, толықтың бөлігі бола тұрып, төл зерттеулеріміздің нәтижесін оның нақ өзінен таба аламыз. Қалайша бұл теория, біздің объектіміз, тегінде, субъектіге айналып, өзіміз жайындағы танымдық ізденістеріміздің түйінін шешіп, қорытындысын шығарады.
Иә, қайтіп, алдын ала біздің та­бысқа жететінімізге оң жағдай ту­ғыза алады. Тап сондай іс-әрекет ­нелік­тен бізді жалған пассаж, ке­шенді қателік, жиынтық теріс санға әкеп соқтырмайды. Тіпті, еш­қандай мұратқа жете алмауымыз да мүмкін емес пе. Десек те,  ұзақ жүрген табиғи іріктелу, сұрыпталу барысында, піл сауырлы қара Жер бетіне кең тараған мақұлықтар ішінде ақыл-ой иесі, кемел зият, биік өре, дамыған санасы бар сұңғыла жаратылыс тек адам ғана деген жасық алданыш, әлсіз үміт, Құдайға тәубе, көксеген арма­нымызға же­те­лейтін бірде нық сенім, бірде екіұдай көңіл тәрізді көрінеді. Алайда, Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын табу жолындағы ізденіс біздің құрып кетпеуімізге ешқандай кепіл бола алмайды. Яғни іздеп жүрген теория­мыздың қорғансыз тіршілік, таңға­жайып жарық дүниеге ешқандай қатысы жоқ. Әу бастағы мұрат пен­де ри­зығын тауып, бұйрығын күткен ғұмырындағы күрделі түсінік мәсе­лесі, Бүкіл Әлемді толық сипаттап шығу ғана болатын.
Сондықтан таулы қырат, тасты жота сілемінен көз жазып, жалғыз аяқ сүрлеуінен тосын адасқан ескі дос елін тауып, үйіне қайта айналып ­соқса да, ошақ қасынан ана, от ба­сынан сүйген жар көрмейді, шаңыра­ғына қайғы қаптайды, себебі, тар­қамайтын қуаныш, таусылмайтын қызық жоқ, дүние жарықтың кем­дігі айтылған киіз кітаптар уа­қыт ­сана түсінігі екенін растайды. Шынымен, арман-тілегіміз орын­да­лып, ойымыз жүзеге аса қалған жағ­дай­да, уақыттың бізге керегі шамалы.
Оның теңдігіне үміт артқан есебі теріс боп шықты. Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын адамзат ақыл-ойы таба ала ма, Інжу, білмей­мін. Меніңше, адам бақыты осы ізденістердің нәтижесіне байланыс­ты сияқты көрінеді, біз, қалай десек те, адамзаттың тағдыр-талайы кім­нің, ненің қолында екенін білетін боламыз: бақытты іздеуіміз керек пе, жоқ па, мүмкін, қажет  те емес шығар, біздің еңбегіміз еш, тұзымыз сор, күш-қайратымыз рәсуа болып кетпей ме, оны бір Құдайға тапсыр­дық.
Қазір аяулы жан, абыз тұлғаның жаңа өсиетін бәрі ұмытты. Ел есінде, тіпті, Сәруардың өзі бар ма десеңізші, кейде, неге екені белгісіз, көз алдыма оның ғұмыр кешкен жылдары тізіліп келе қалады, бірақ ол дүние салды, қаза тапты деген суық хабарды естіген емеспіз, аман-есен, тірі жүр деген сөз де құлаққа шалынған жоқ.Біз Сәруарды ешқашан іздеп таппайтын да шығармыз… қара құр­дымға түсіп кеткендей із-түссіз, ізім-қайым жоғалды. Көрінбейтін қара материяның ауыр салмағы жас аспан денелерін өзіне күшпен тартып, жолынан қалдырып, мұратынан адастырғанда, Сәруарды табу мүмкін еместігін анық, нақтылы түсінеміз.
Задында, Ғаламның толық бі­рың­ғай теориясын бейнелейтін есепті аңсап шарқ  ұрған адам баласы оны ешқашан таба алмайды, себебі дү­ниеде мұндай әмбебап формула  жоқ.

Алматы,
2007-2017 жылдар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір