БҰРЫН АУДАРМАНЫҢ ҒАЖАП МЕКТЕБІ БОЛАТЫН
14.04.2017
2122
0

«Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған  адам – азамат» депті  Расул  Ғамзатов. Араға уақыт салып, жастанып оқитын авар ақынының жерлесімен әңгіме өрбітеміз деп кім ойлаған. Ол да – ақын. Ол да – азамат. Қазақ­стан Жазушылар одағының ескі ғимаратында Дағыстан Жазушылар одағының төрағасы, авардың халық ақыны Магомед Ахмедовты кездестіріп, әде­биет жайлы әңгімелескен едік.


Магомед Ахмедов,

Дағыстан Жазушылар одағының төрағасы, авардың халық ақыны


– Кезінде әдеби ортада мызғымас достық орнап, шығармашылық адамдары бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі. Әде­биет айдынындағы интеграция турасында айтып өтсеңіз.
– КСРО Жазушылар одағына кірген қа­ламгерлердің барлығы да өздерін бекем дос­тық негізінде бірлескен ұйым деп сезі­ніп, ортақ съездер мен пленумдарда Мә­с­ке­уге жиналатын. Кеңес кезінде шыққан кі­таптар Мәскеуде басылып, одақтас рес­публикалардың барлығына жететін. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы шыққанда ең алыс ауылдардағы кітапханаларға дейін бар­ды. Оны барша халық сүйіп оқыды. Өйт­кені, бұл романда қазақтардың өткені, тұр­мыс-тіршілігі, өмір сүру салты керемет су­реттелген еді. Ондағы сезім сырлары адам­затқа ортақ құпиялылықты айшықтап тұра­тындай әсер берді. Сол үшін де ол бә­рінің жанына жақын болды. Олжас Сү­лей­меновтің «АЗиЯ» кітабын да барша халық жоғары деңгейде қабылдады. Осылайша ортақ әдебиеттік процесс бізге көп нәрсе берген болатын. Сондай-ақ, әдебиет күндері съездерде, пленумда кездескен жекелеген жазушылар көп дүние қалдырды. Мәселен, Расул Ғамзатов кез келген уақытта Алматыға ұшып келіп, кездесу ұйымдастыра алатын. Сөйтіп жүріп ол қазақтың заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин секілді тұлғалармен дос­тық қарым-қатынаста болды. Жеке байланыстар шығармашылық биіктікке дейін кө­терілді. Бір-біріне арнаған кітаптар мен ау­дармалар шығып жатты. Халықтардың бі­рін-бірі әдебиет арқылы тану процесі осы­лайша жүріп жатты. Сондықтан барлығы әдебиетті жақсы түсінді. Олар ортақ отбасы секілді болатын. Қазақстан, Гүржістан, Дағыстан, Беларусь, Қырғызстан әдебиеті айдынында не болып жатқанын бәрі біліп отыратын. Ол кезде көп аударма жасалып, баспадан мыңдаған кітап шығып жататын. Мәселен, Расул Ғамзатовты білмейтін, жырларын сүйіп оқымайтын адам болмайтын. Тек республикалар арасында ғана емес, қарапайым оқырмандардың да пікір ал­масулары болып тұрды. Ортақ одақта бір-бірін жіпсіз байлаған көзге көрінбейтін ру­хани жіп болды. Бірақ кеңестер құла­ғаннан соң бәрі өзін-өзі жоғалтып алғандай еді. Әдебиеттің өзі қарын қамын күйттейтін сұрықсыз кейіпке ене бастады. Ал Кеңес ке­зінде аударманың үлкен мектебі қалып­тасты. Ол әлем бойынша ең үздік мектеп бо­латын. Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Қайсын Құлиев, Расул Ғамзатов, Тұрсын Заде сынды талантты ақын-жазушылардың шығармаларын жаппай аударды. Олардың шығармалары арқы­лы сол елдің өзін де таныды. Егер бір республикада талантты жазушы пайда болса ол бүкіл одаққа танылатын. Ал қазір болса ау­дарма деп аталатын осы ғажайып дәстүр атаулы тұралап қалғаны себепті сіздерде бар ақын-жазушыларды мен оқи алмауым мүм­кін. Сіздер де менің шығармашылы­ғым­мен таныс болмауыңыз ғажап емес. Бұрын
Е.Евтушенко, Б.Ахмадулина, А.Вознесенс­кий, Р.Рождественский сынды керемет ақын­дар болды. Міне, осылардың барлы­ғының шығармалары аударылып «Халықтар достығы» журналында басылды. Бұл көрі­ністер халықтардың бірін-бірі тануының жарқын үлгісі болатын. Мәселен, жас кү­нім­де оқыған «Абай жолы» романындағы кейбір картиналар әлі күнге көз алдымда. Өйткені, ол шығарма Шолоховтың «Тынық Доны» секілді болатын. Ол – понорама. Лео­нид Соболевтың ғажап аудармасы бола­тын. Ал қазір осының бәрі өзгергеніне қа­рап біз басқаша жол ұстауымыз керек пе еді деген ойға қаламын. Бүгінде ана тіліміздің өзіне үлкен қауіп төніп тұрғандай. Аударма мектебі түгелдей құлдырады. Кеңес кезінде жазушының статусы жоғары болатын. Ха­лық оларды ізгілік пен халықтық мүдденің қор­ғаушылары деп білді. Материалдық жа­ғынан да жағдайлары жақсы болды.
– Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыс­та­ным» шығармасын аудармадан оқыдық. Ал қа­зіргі әдеби кеңістік, қазіргі Дағыстан қан­дай?
– Дағыстанды табиғатына қарай ақын­дар елі деп атайды. Бізде әр кезеңде мықты ақындар болды. Біздің халықта поэзия Құ­дайға құлшылық ету секілді ерекше орын алды. Мәселен, Дағыстанның классик ақы­ны Батырайды айтуға болады. Шындықты айт­қаны үшін оған өлең айтуға тыйым сал­ды. Егер өлең айтқанын көрсе салық ре­тін­де өгіз төлеуге міндеттелді. Бірақ халық оны естігісі келгенде өгізді өздері төлеп: «Өлең айт, Батырай! Біз сенің әніңді естігіміз ке­леді» деді. Дағыстанның классикалық поэзиясы тек қана халықпен бірге болды. Расул Ғамзатов та осындай болатын. Ол үнемі ха­лықпен бірге болып, барынша өз ұлтына қыз­мет етті. «Менің Дағыстаным» да халық­тық фольклор, классикалық дәстүр, халық даналығы негізінде жазылды. Расул Ғам­за­товтың өзі айтқанындай егер аударма бол­мағанында ол тек бір ауылда ғана қалып қой­ған болар еді. Дағыстан поэзиясы осындай халықтық бағытынан ешқашан тай­маған. Дағыстан ақыны талантты, ұлы, тіп­ті талантсыз да болуы мүмкін. Осыған қа­рамай, олар ақын болып қала береді. Оның бойында сөзге деген сенімнің күш­тілігі сондай, егер ол өлең оқыса әлемді өз­герте алатын құдіретке ие болып көрінеді. Ол мейлі талантсыз ақын болсын, өлең оқып тұрғанда өз-өзінен бөлек әлемге саяхат жасайды. Ол поэзияны Құдайдан беріл­ген қасиетке балайды. Кез келген ауыл ақ­сақалы Расул Ғамзатовтың жырын оқып-ақ талай мықтыны өз жайына қоя алады. Сөзге деген халықтың адалдығы болар, бір рет дүние қызығына сатылғанды халық жадында сақтап қалады. Ол енді қайтып ешқашан бұл әлемге бас сұға алмақ емес. Сондықтан ру­хани тазалық ақынның жүрегінде сақ­талмаса оған халық сенуден қалады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір