ҚАЛАМГЕР ПАРЫЗЫ
14.04.2017
3766
0

Ежелгі Египет пирамидаларын тұрғызар алдында жұмысшылар тіреуіш (рычаг) қолданған деседі. Соның көмегімен ауыр тастарды көтеріп, адамзат тарихының куәгері – алып үшбұрыштың іргетасын тұрғызды. Адам ақылы бойламас үйлесіммен қаланған пирамида секілді шебер жазушылар да сөз құдіретімен халықтың тағдыр талайындағы бастан өткізген дәуір шындығының суретін салып, ғасырлар бұрын ұмытылып кеткен қиссаларды қайта-қайта санамызда жаңғыртып отырады. Бейнебір жадыдағы тонналаған ақпаратты електен өткізіп, әр адамның жүрек тамырларына жеткізген түрде баба рухымен сусындаған таным мұнарасының кірпіштерін қаласатын тіреуіштердей. Ұлттың қасиеті, тарихы, тағдыры жазушы қаламында оқырманды тұңғиықтың түбіне тереңдете түседі. Ұлттық қасиеттің тіреуіші болуға жарай алған жазушы – халықтың өткенін білу мақсатында тарихтың түбінен сыр суыртпақтап, дәстүрін тереңдеп ұғыну үшін ел кезген, көзі тірі данагөйлердің ақылын тыңдап, қағазда жандандырған асыл сөздің иесі.

Төскейіне табиғаттың көркем сипаты сіңіскен сайын даланың сұлулығын, оқ жетпес қияндағы тау биіктігін, тіпті жапан дала, құла дүздердің өзін көз алдыңа әкелгенде үйлесіммен жаралған мекенге таң­дай қақтыратын суреткерлері болмаса сол өңірді мойындай қояр ма едік? Мойындармыз-ау, бірақ ол жердің тау-тасы, аң-құсы мен сылдырап аққан бұлақ сулары кірлеген жүрегімізді жуа алмас еді. Байлап қойса тірі жан тұрмас Бетпақдаланың өзі Сәкен қаламында жанданып, шөлді аймаққа барсам сол баяғы жәудір көз ақсақ киікті кездестіріп қалар ма екем деген жасырын үміт әр қазақтың ішкі сезімін бір сипап өткен болса керек.Қалам құдіретінің сыры тұмса табиғатпен астасқанда, беймәлім беткейлерді ой-санамызда жандандырып, бағзыда ұмытылған үннің өзін құлаққа еміс-еміс естіртіп жататыны бар. Ол үнді түсінбесек те, сондай бір тазалықпен баяндалған симфонияларға қайта-қайта құлақ құрышымызды қандырғымыз келеді. Содан болар, француз Луи Арагон «Абай жолын» оқығаннан кейін: «Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасыр­дағы ең үздік шығармалардың бірі» деп тегін айтпаған шығар. Өздерін өркениеттің ең жоғарғы жасампаздары санап, бір кездері көшпелі елдің халқына варварлар ретінде қараған ұлттың өкілі киіз үйдің ішінде күн өткізіп, жайлаудан қыстауға көшіп жүрген көшпенді қазақтың шынайы болмысын суреттеген қаламгер шығармасын сонша­лық биік бағалағанының сыры неде? Мұны оған мойындатқан Мұхтар Әуезов қаламы­ның қасиеті мен құдіреті емес пе? Бір ұлтты мойындату үшін оны жақсы көріп қана қой­май, өзгеге де жақсы көргізе алудан артық қаламгер үшін бақыт болмаса керек.
Заманның ағымына мойын бұрмай, ке­лешек ұрпағының тағдырын уақытша қы­зығушылықтардан биік санағанынан болар «Өз ұлтының мүддесін қозғамаған жазушы бұл атқа лайық емес. Оны рухани өмірден сы­зып тастау керек» депті Лев Толстой. Ру­хани өмірден сызылған жазушы енді қайтып қолына қалам ұстай алар ма екен? Әсілінде, бұл Толстойдың ғана емес, бүкіл халықтың «жазушыға» шығарған ең қатал, бірақ әді­летті үкімі секілденеді.
Жазу – ең әуелі, болған жайды баяндау, ал әріге жеткізер қабілет болса – уақиғаны су­реттеу. Халықты күйбең тіршіліктен бір сәт­ке алшақтатып, шындықтың түсін түс­теп, ақиқаттың иісін сездіретін де жазушылар секілді көрінеді. Шығарманы оқығанда, ең әуелі суреттеу шеберлігіне, көркемдік композицияларына қарап құлай кететінің де жасырын болмаса керек. Содан болар, қандай да бір роман немесе әңгімені оқи бас­тағанда алғашқы парақтағаннан-ақ оқырманның өз ішіндегі «цензураға» тап болатыны бар. Суреткердің тілі неғұрлым шынайы әрі жұмсақ болып, шығармасында кездесетін мекеннің шың-құзын, өзен-көлін, тіпті күшігінің атын да жатқа білуі оны өзгеден ерекшелеп тұратын негізгі артықшылық секілді көрінеді. Уақыт пен кеңістікте орын алған қандай өзгерістер болсын, халықты одан хабардар етіп, ұлтқа келер қауіп болса соған даярлайтын да жазушылар емес пе? Әйтсе де қазір өзін осы қатардан санайтындардың арасында ұлт  деп аталатын ұлы бәйтеректің тамырына те­реңдеместен бұрын, көкжиегіне көтерілуге бейім тұратындары да бар екенін көргенде олардың жазған жазбаларын қиялыңның қия шыңында салыстыруға кірісіп кетесің. Жазушының табиғаты ерте көктемде бүр жаратын бәйшешектен басқашалау болуы керектей көрінеді. Бәйшешек қанша сұлу болғанымен ғұмыры сондай қысқа. Гүл атаулының арасында бірінші болып ашылатыны да – бәйшешек. Шығармашылық адамдарының жүрегі гүлдей нәзік бол­ғандықтан көпшілігі уақыт желіне шыдас бермей, өткелден өтер кезінде арнасы бөлек ағынмен кері кетіп бара жататынына та­лайғы тарих куәгер. Бәйтеректей биіктік пен бекемдікке ұмтылған қазақ ұлтының өт­кенінде сырлы сөзге құлақ түріп, мәң­гілікке ұмтылған қаншама қаламгерлер болса да соның санаулыларына ғана ұлттық әдебиетіміз төрін ұсыныпты.Мұндай ұстаным тек қазақ халқында ғана бар емес екен. Көрші отырған орыстар да жазушының қаламында ұлт тақырыбы қалай көрініс тапқанына қарап, сол қаламгердің халық тарихына енуіне құқығын айқындайтын көрінеді. Егер өзге емес өз ұлтыңның өткен тарихын, табиғи танымын таразылай алмасаң ұлттық жазушы қатарына енуге ешқандай мүмкіндігің қалмайтындай. Ал ұлттық жазушы бола алмасаң қолыңа не үшін қалам алып, кім үшін жаздың деген қағиданы орыстар қатты ұстанатын секілді. Ұлттық танымға беріктігінен болар, Достоевский «Біз бәріміз гогольдық шинельден шықтық» депті. Н.Гогольдің «Мертвые души» мен «Ревизор» атты шығармасы нағыз орыстың сол кездегі өмірін, әділетсіз адамдардың бейнесін ащы сарказммен бүкіл әлемге әйгіледі. Суреткердің өмір сүріп отырған кезеңді шынайы суреттеуі қазақтың әңгіме жанрының шебері Бейімбет Майлиннің де «Мырқымбай» секілді шығармаларында көрініс тауып отырды.Кейіннен, зерттеушілер кезінде кеңес өкіметін дәріптеді делінген жазушының шығармаларына тереңдей бойлағанда, оның кеңестік кезеңді мазақ еткен туындылар болып шыққанын айтады.
Ал 1921-1922 жылдардағы аштықты бейнелеген «Күлпаш» әңгімесі Бейімбеттің халықтық өмірді сырттай емес, осы кезең­де­гі оқиғаларға өзі де араласып, сезіне біл­генін аңғартып тұрғандай. Сол дәуірде өмір сүріп, ұлттың басына үйірілген бұлтты қанатымен қағуға тырысқан қарлығаштай шарқ ұрған жазушының жан шырылы көрпеге оранып, бүк түсіп жатқан бала Қали­дың айта алмаған ішкі сыры болып құлаққа естіледі. Енді бірде Күлпаштың жүрегіндегі жүктей ауыр тиіп жатады. «Күл­паштың көңілсіздікке түсіп жүрген күн­дерінің бірі еді…Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр…». Әңгіме желісінен бір от­ба­сының бейнесінде баяндалған ұлттың тағдыр талайын танисың. Аштық халық болмысына қалай әсер етіп, мінезіне нендей өзгеріс әкелгенін мынадай жолдардан байқаймыз: «…Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпік шешендей жиырылатынды шығарды. Мұ­ны, әсіресе, Күлпаш сезеді…». Адамның ішкі таласын суреттеуге келгенде Бейімбет қызғаныштық танытпапты.
«…Күлпаш үн­демей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, та­мағым тоқ, көйлегім көк болар еді… Қали­жанды да ашықтырмауға болар еді…» деп ойлайды; «Жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлайды. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отырған Күлпаштың басын одан жаман қатырады…». Әңгімені оқып отырып, өмірде жиі ұшырасатын тағдыр сынағына оңай дес бермейтін Күлпашты осындай екіұшты ойға тұншықтырған туған сіңлісі Раушан­дарға налисың. Содан болар, Күл­паштың өзі де соңында: «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деп, отбасын ойлап, орны толмас өкінішке ұрынады. Бірақ малы бар Жұмағазыға тисем ұлымды аштықтан құтқарам деген ойы да орындалмады. Өйткені, аурушаң баласы мен күйеуі үйін тәрк еткен жылудың енді қайта оралмасын біліп, қайғыға малтығып қай­тыс болды. Әңгімеге бойлағанда Бейімбеттің ұлт­тық қасіретті қилы тағдырлар қайғы­сымен реалистік тұрғыда шебер жеткізгенін көресің.
Қазақ әдебиетінің көркемдік жағынан өсу кезеңі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы­ның» өмірге келуімен тығыз байланысты. Одан бөлек «Қараш-қараш оқиғасы», «Қор­ғансыздың күні», «Көксерек» әңгімелерінде қа­зақтың сол дәуірдегі өмірі, тағдыры су­реттелді. Суреткердің әр шығармасында қа­зақ ұлты бірде Ғазизадай қорғансыздың кейпінде келсе, бірде Бақтығұл болып әді­леттілікті іздеген, енді бірде азуы қанға боял­са да Көксерек болып азаттыққа ұмты­лып жатады. Мұхтар Әуезовті суреткер деп атаудың себебін қалам шеберінің бір сөзді қайталамай, тізілген маржандай үйлесіммен жазуынан іздедік. Оның қаламында тірілген қазақтың рухы мәңгілік тасқа бедерленіп, халыққа мұра болған Орхон-Енисей жазбаларындай, ғасырлар бойы ұлттық құндылық ретінде оқыған қазақтың жүрегінде жандана түсетін-ді.
Заман алмасқан сайын әдебиет те, жазушылар да жаңарып отыратындай. Ұлттық тақырып Оралхан Бөкейдің шығармасында да өзінше суреттелген еді. Көркемдік жағын айтпағанда, оқиғаларының өзгеше өрілуі Оралхан шығармашылығының ерекшелі­гіндей көрінеді.
Адам жанының қатпар қыртысының түкпіріне тереңдеп, осынау беймәлім бол­мыстың сырына қанықтым дегеніңде қарсы алдыңнан тағы да бір таңданыс деп аталатын тау шыға келмесіне кім кепілдік бере алады? «…Жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады…». Оралхан қаламында жан­данған Нүрке кемпірдің осы сөзі естеріңізде ме? Ендеше жадыңызға салғанды жөн санадық. Бұл Оралхан Бөкейдің «Атау кересіндегі» (келесі бір аты «Қауіпті будан») басты төрт кейіпкердің бірі Нюра Фадеев­наның (қазақша аты Нүрке) ұлына айтқан өсиеті. Бір қарағанда ол ата-анасының қар­сылығына қарамастан қазақ жігітіне тұр­мысқа шыққан, сонау теңіздің арғы түк­п­і­рі­нен шаруашылық қылып баю мақ­­са­тында аралар шоғырын әкеліп, одан жергілікті жердегі аралармен араласқанда жан шошытар қауіпті буданның пайда болуының кінәлісі, өз перзенті Еріктің әрекетіне налыған, оған қоса ұлының құл­дықта ұстау ниетімен ертіп келген Таған­ның Алтайды аузына қаратқан әйгілі Ма­қажан ақынның немересі, текті атаның ұрпағы екендігін білісімен, оған жанашыр­лықпен қарауды өтел­меген парызы санаған аяулы жар, әді­летті ана, мейірімді әйел. Бірақ… Бірақ қа­зақ шаңырағына келін болып түскен күн­нен-ақ мұсылмандықты қабылдап, бес уа­қыт намазын қаза қылмай келген Нүрке, дұрысы Нюра Фадеевнаның өмірінің соңғы сәттерінде саусақтарын біріктіріп шоқынуға бет алуы нені аңғартады? Бізді автор неден сақтандырғысы келді екен? «…Өз ғұмырында ұйықтауды білмейтін, шыбын руынан шық­қан осынау құйтақандай ғана араның сана-сезімі, түйсігі-түсінігі болмаса да, табиғат жаратқан, біздер үшін беймәлім әрекеті әрқашанда адамдар ақыл-ойынан асып кетеді; өмір сүру, ұрпақ қалдыру ұра­нына «конструкциясына» қылау түсірмей, өңдеп-өзгертпей, қатып қалған заңын бұзақыланып бұзбай, ғасырдан-ғасырға ұлас­тыруы қайран қалдырар еді. …«Ой-сана, салт-дәстүрін» бір жұп-жалғыз арнаға түсі­ріп алған аралар мемлекетінен адам­дардың үйренері ұлан-ғайыр еді…».
Болашаққа бағытталған қызықты пайымдаулар. Мұның иесі де өзге емес, Оралхан Бөкейдің өзі. Шығармада жиі ұшыраса­тын «Неге біз осы…» деген жолдарды сауал ре­тін­де алсақ, «біз» деген сөзге салмақ түсе­ді. Оны тек бір ғана адамға телімей, тұтас бір ұлттық көлемде қарастырсақ автордың кейіпкер аузына «Неге біз осы…» сөзін салып беру арқылы «біздің» астарында қа­зақтың тағдырына, болашағына алаңдап, түп-тамырдан ажыраудың салдары қандай болатынын көрсеткісі келгендігін аңғара­сың. Өйткені, оның осы шығармасы дүниеге келген тұс елімізге нарықтық заманның ен­телей енген кезеңі еді. Жазушы жаңадан келген нарықтық дәуірде қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалудың жалғыз жолы әркімнің өз жері мен дәстүрін қорғап, қо­ғамда әділеттілік орнатуға барлығы бір кісі­дей атсалысуы керек деп түйіндейді. Оның түпкі ойы кейіпкер Тағанның тілінде жанданып, бізге де сауал тастайды. Бұл тәуел­сіздіктен кейінгі қазақ өміріндегі өз­герістерді жанды баяндаған жан тол­ға­ны­сындай.
Қазіргі әдебиетімізге қалам тербеген­дердің арасында ұлттық жазушы деп кімді атай аламыз? Олардың шығармаларында қазақ өмірі көркем суретпен көз алдымызға елестей қояр ма? Осындай сауалдарға жауап іздеп жүргенде алдымыздан жас жазушы Есболат Айдабосынның «Сүлікқарасы» шыға келді. «Сүлікқара» әңгімесінде қа­зақы ауыл, ондағы қарапайым адамдар келбеті және ең негізгі желісі қазақтың байлығы саналатын жылқы жайы баяндалады. Жазушының суреттеуінен қазақтың көбі бір кездері басынан өткізген ауылдағы тіршілікті көреміз. «…Бетормал. Терлеген кез­де маңдайын, біз бырқырап жүрсек мұр­нымызды сүртеді мұнымен. Жаздыкүні та­лай рет төрт бұрышын түйіп тақия жасап кидік кезекпен. Тіпті бірер рет ештеме табылмай қалғанда қойдың желінін тазалап, ауызданбаған қозының басындағы жел­бір­шектерін де осы беторамалымен сүртіп тастағанын көргенмін атамның…». Кейіпкер баланың ойындағы осы көріністер қия­лы­мызға қазақтың ауыл­дық өмірінің кей­пін келтіргендей болды. Тағы да бір ай­тарлық дүние, әңгіме­дегі қарапайым қария­ның тек ауылда жүрген қара шал емес, қам­шыұстар қазаққа бағзыдан мұра боп, бүгін­де көптің санасынан ұмытылып бара жат­қан аттың сынын дәл тапқан атбегі, көк­­парға ат баптаудың шебері екендігі. «…Ал­мабек ара-тұра келіп заманында ат жүгірткен атамнан ақыл-кеңес алып тұрды. Алғашқы күні Сүлік­қараны айналып-толғанып қараған атам: «Сүйегі терең жаратылған екен жануардың, мін таппадым. Бабын көрейін, бәйгеге қалай дайындайсың, тура солай мейіздей қатырып әкелші» – деп, қайырып жіберді. Бір апта өткесін, «Ал, мінекей» – деп Алмабек келіп тұр. Шал не дер екен дегендей маған қарап көзін қысып қояды. Атам әуелі жабуын сыпырып, алды-артын қарады. Әр жерін бір ұстап, әлдене деп күбірлеп жүр. «Енді ары-бері жетелеңдер» деді. Бақшаны үш айналдырғаннан Сүлік­қара боқ тастады. Атам бәрін бағып отыр екен, тезегін түгел алдыртты. Санады, сегіз құмалақ, алақанына салып мыжып көрді. Жоңышқа берген-ау, шамасы, жап-жасыл cөлі қарға тамды. Сосын атам біреуді жақ­тырмағандағы әдетінше көзін сығырайта Алмабекке қарады. – Бәйгеде аты зорығып өліп жататын ноқайлар болады, білесің бе? Анау әңгіменің мәнісін түсінбей қалды. Тү­сінбесе де, «білем ғой» деп ыржылақтай бе­ріп еді, «ендеше, сен соның нақ өзі екен­сің» деді. Атамның бір көтерілсе басылмайтын әдеті. Ал кеп ұрыссын. «Дарақы, боқ­мұрын­сыңдар» дейді.
«Шәріпбайдың тырнағына татымай жүріп, тайталаспақшысыңдар. Осы күйінде бәйгеге қоссаң, Көкдауыл тұрмақ көтерем тайлардың тезегін теріп жолда қаласыңдар» дей­ді. «Айналайын-ау, мына түріңмен қы­зыл май қылып өлтіресің ғой, кемінде үш суытылуы кемшін, қарнын қарашы дұрыс тартылмаған» деп, қаратайдың қарнын алақанымен жұмарлап-жұмарлап жіберді. «Әрі, аштан өлетіндей тойдырып қойыпсың. Бәйгеге шабар ат екі-үш құмалақтан артық тастамау керек, әрі қиы қағаз секілді құрғақ болу керек, ал сенікі шылқылдап тұр» деп күйіп-пісті. Ақыры сабасына түсіп, екі ағам бар, төртеумізді тұрғызып қойып, Алмабек жі­берген қателіктерді түсіндірді…». Жазу­шының ауылдағы тұрмыс-тіршілікті өзі де басынан өткізгенін аңғару қиын емес. Сү­лікқара – жазушы қаламында жанданған жүй­рік жылқы образы. Әңгімені оқи отырып, Шерхан Мұртазаның атақты шығар­масындағы тұлпар – Қызыл жебе көз алды­м­ыз­ға елестейді. Ол да жүйрік, ол да қатар­дағы жай жылқы емес, киелі жануар. Бір айырмашылығы – Қызыл жебені мерт қылған қастандық пен көреалмаушылық болса, Сүлікқараға тағдырдың өз жазғаны бар екен. Бір жағынан Сүлікқара секілді жүй­рік жылқыны иттің (мейлі ол құтырған болса да) тістей алуы тура мағынасында кішкене қисынға келіңкіремейтіндей. Өйткені, үлкендердің айтуынша, жылқы малы қасқырдың өзін жанына жолатпай, арлан шабуылдаса темірдей тұяғымен тебініп, үйірін қорғап қалатын көрінеді. Бі­рақ  жазушының  астарлап айтпақ болғаны жүй­ріктерді талайтындар қай жерде де табылатындығын, оның зияны көпке келе­тіндігін меңзегені болса керек. Суреттеу жағы да бұрынғы дәстүрлі қазақ жазу­шы­ларының ізімен келіпті. Есболат Айдабосын өз шығармалары туралы бір сұхбатында: «Ұлттық арнада «Дарабоз» деген реалити-шоу болған. Бір күні соны қарап отырсам, бағдарламаға қатысқан жігіттер аттың мінер жағы мен қамшылар жағын ажырата алмай дағдарып қалды, ақыры біреуі атқа те­рісінен міне жаздады. Асық туралы, ат пен қамшы жайлы әңгімелерге осы бір кө­рі­ніс түрткі болды. Шынымен, біз бірсыпыра дүниені ұмыттық, қазір менің ауылыма бар­саңыз, жабағы үйреткен, тайға мініп, жа­­рысып жүрген балаларды таппайсыз. Бар­лығының қолында бір-бір айфон, смар­т­фон, телефон. Осы қаптаған «фондардың» тасасында біздің қазақы қалпымыз жұтылып ба­­рады. Не істеуіміз керек, осылай кете бе­реміз бе, әлде бір қарекет қыламыз ба? Жауап біреу – біз өзіміздің ұлттық құнды­лық­­тарымызды әдебиет, телеарна, газет ар­қылы түсіндіре білсек, ұтамыз. Ал оны қа­­лай түсін­діреміз?» дейді.
Жазушының соңғы сұрағына жауапты оның өз шығармалары беріп тұрғандай. Ұлт­тық бағыттағы әдебиетті жасайтын әр дәуір­дің өз қаламгерлері болады. Кеңестегі маз­мұны – социалистік, түрі – ұлттық «со­циалистік реализм» бағыты белең алған ке­зеңнің өзінде қазақ қаламгерлерінің ұлт­қа мұра болып қаларлық туындыларды жа­­зып қалдыруы олардың халықтық қа­сиет­ке қаншалықты беріктігін көрсет­кен­дей. Ал азаттықтың ақ таңы атқан қазіргі дәуір әдебиетімізде ұлттық қаламгер болу үшін ұлттың сезімінде сүрленіп, төзімінде қырлана білу де керек секілді. Бұл – өз ұлты­мен тағдырын жалғауға ниеттенген әр қа­ламгердің жүрегіне артылған жүк, қа­сиетті парыз.

Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір